Теңдеу һәм тағдыр - Тұлға - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 04.12.2016

Теңдеу һәм тағдыр
Ерсін МҰСАБЕК,
«Орталық Қазақстан»


Әбдірахман Игіліков. Арқа атырабына таныс есім. Ғылымдар патшасы – математиканың маманы. Ғылым кандидаты. Профессор. Ғибратты ғұмырының 40 жылдан астамын ғылымға арнаған. Ұлағатты ұстаз. Абыройлы азамат. Ардақты әке. Асыл жар. Немерелерінің мейірімді атасы. Болмысы – боямасыз. Ары – адал.
Күні ертең сексеннің сеңгіріне қадам басқалы отырған ғалым аға жайлы әпсанама осы жерден нүкте қоя салуға әбден болады. Оныма Әбең риза болмаса, ренжімейді де. Өйткені, қанындағы қарапайымдылықпен шынайы қал­пын сомдаған қадірлі аға асыра мақтағанды қаламайды. Десек те, дарынды ғалымның 80 жасқа толған мерейтойында мерейін асырмасақ, елдігіміз қане?
...Әбдірахман Игілікұлының ғұмыр бойы шұқшия зерттеген тақырыбы – теңдеу. Небір күрделі теңдеулердің шешімін тапты. Ғылыми тұрғыдан дәлелдеді. Ғалым ретінде мақсатына жетті. Мойындалды. Әріптестерінің, тіпті, кезіндегі ордалы Одақ ғалымдарының ықыласына кенелді. Ғылыми ортаның лайықты бағасын, мәртебелі органның лайықты атағын алды. Нағыз «инемен құдық қазғандай» күрделі ғылым жолын таңдаған жан үшін осыдан артық не бар дерсіз... Бірақ, Әбеңнің азамат ретіндегі адами қанағаты ше?
Әбең үнемі таразының екі басына теңдеу мен теңсіздіктерді қоятын. Математикалық теңдеудің шешуін дәл тапсаңыз, теңдік белгісінің (=) екі жағындағы амалды теңестіресіз. Ал, қоғамдағы теңсіздік – ғұмыры формуласы жасалмайтын амал. Міне, қомағай қоғамның теңсіздігі Әбеңнің де санасына салмақ салып, жүрегіне жүк артты. Әлі іздеп келеді шешу жолын. Таба алар емес. Өйткені, қоғам теңсіздігі – математикалық амал емес, талай ғұламаны теңселдіріп жіберген кесел.
Үнемі әділдікті жақтап келген, адалдықтан аттап көрмеген Әбең осыны ойлайды да, қамығады. Шешпеген теңдеуі, дәледемеген амалы жоқ ғалым үшін ең ауыр әрі күрделі есеп – қоғамның теңсіздігі.
Теңдеулер мен теңсіздіктер тақырыбын мақаламыздың түйініне қалдыра тұрып, Әбеңнің өмірдегі өнегелі жолына, ғылымдағы ізденіс соқпағына шолу жасап көрсек, қайтеді...

♦ ♦ ♦

Әбдірахман Игіліков 1936 жылы 1 сәуірде Жаңаарқа ауданы, Жарық ауылдық кеңесінде (қазіргі Ералиев ауылы) дүниеге келіпті. Әкесі Игілік пен анасы Базаркүл адал еңбектерімен нәпақа айырған қарапайым колхозшылар еді.
Жасынан зерек те, зерделі болып өскен Әбең орта мектепті 1954 жылы бітіріп, «Қызылтау» ауылының мектебінде бір жыл математикадан сабақ береді. 1955 жылы Қарағанды педагогикалық институтының математика факультетіне түсіп, оны 1960 жылы үздік бітірген. Сол жылы аталмыш институттың математика кафедрасына оқытушылық қызметке қалдырылады. Математика ғылымының сан-мың құпиясына терең бойлап, отандық ғылымға өз үлесімді қоссам деген бала арманы орындалған жас ғалым бірден ізденіске ден қойып, теңдеулер сырына терең үңілді. Алайда, 1961 жылы Кеңес Әскері қатарына шақырылып, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге тура келген. 1963 жылға дейін міндетті әскери борышын өтеген Әбдірахман Игілікұлы үш­ін бұл екі жыл ғасырдай болып өтті. Үзіліс тағатын тауысып, ғылымға шөлір­кеді. Әрине, арлы азамат үшін азаматтық борышын өтеу – парыз. Аңсары ғылымға әбден ауып алған талантты жас әскери киімді шешкен күні екі жылда ізі көмескілене қоймаған ізденіс жолына қайта түсті.
1964 жылы Новосибирск мемлекеттік университетіне тағы­лымгер-зерттеуші болып қабыл­данады. Бұл жерде академик Илья Векуадан дәріс алып, көрнекті Совет ғалымының назарын өзіне аудартады. Одаққа даңқы жайылған академик шынашақтай қазақ баласының арқасынан қағып:
– Жарайсың! Түбі сенен үлкен ғалым шығады, – дегенін қалай ұмытсын?! Бұл – ғұлама ғалым­ның құрғақ мақтауы емес, зор жауап­кершілік екенін сол сәтте-ақ түсінген еді зерделі жігіт. Осы университетте сол кездегі СССР-дің саңлақ математиктері Я.Лапатинский, С.Базалия, И.Щевченко, Н.Скрипник секілді ғұламалардан (бұлардың барлығы кейін СССР Ғылым академиясының академиктері болды) дәріс алып, семинарларына қатысты.
Әркімнің таңдаған жолы – асыл мұраттың  жолы. Әбең  де сол мұрат жолында елден жырақ кетіп, 1965 жылы Донецк ғылым академиясының есептеу орталығындағы аспиран­тураға түсті.  1968 жылы аспирантураны үз­дік бітіріп, 1969 жылы академик И.Данилюктің жетекшлігімен кандидаттық диссертациясын сәтті қорғайды.
1971 жылы Қарағанды педаго­гикалық институты математи­калық талдау кафедрасының доцен­ті атанды. Сол жылы осы оқу ор­ны­ның дифференциялық және интегралдық теңдеу кафедрасының меңгерушілігіне тағайындалды.   1972 жылы Қарағанды мемлекеттік университеті математика факуль­тетінің деканы болып, бұл лауазымды 1979 жылға дейін абыроймен атқарды. Ал, 1979-1987 жылдары жоғары математика кафедрасының меңгерушісі болды.
Кафедра меңгерушісі, декан болу деген – әкімшілік жұмысқа жегілу. Бірақ, біздің Әбең ғылымнан қол үзген жоқ. Екі тізгін, бір шылбырды тең ұстап, ғылыми жұмысын да, әкімшілік әбігерді де ақсатпады. Әйтпесе, ғылымнан саяқ кеткен адам Свердловск университетінің шақыртуымен (1990 ж.) барып, студенттерге дифференциялық және интегралдық теңдеулер курсынан лекция оқи ма?! Айтқандай-ақ, 1989 жылы Қарағанды кооперативтік институтының проректоры лауазымына да аттай қалап шақырып алған Әбеңді. Бұл қызметті 1992 жылға дейін атқарып, осы жылы Қарағанды мемлекеттік университетінің математика факультетіне конкурстық негізде декан болып қайта сайланды. Сондай-ақ, өзінің дифференциялық-интегралдық кафедрасының мең­герушілігін қоса атқарды.
1990 жылы СССР Жоғары аттес­тациялық комиссиясының ше­шімімен Әбдірахман Игілікұлына профессор ғылыми атағы берілді. Қазір не көп, кандидат пен доктор көп. Тас лақтырсаң, доцент пен профессордың маңдайына тиеді. Ал, Әбең бағындырған биіктің әрқайсысы – өлшеусіз еңбекпен, ілкімді ізденіспен келген абырой. Ойлаңыз, жетпіс жыл бойы желкемізден қысып, қырғи қабақ болмасақ та, қырын қарап келген Мәскеуді мойындату, мәскеулік ғұламалардың қолынан профессор атағын алу – бүгінгі академик атанумен пара-пар дүние.
Әбең зейнеткерлікке 2007 жылы шықты. Екі жылғы әскери қызметін алып тастағанда, табаны күректей 45 жыл теңдеулер құпиясына телмірді. Еңбегі еш кеткен жоқ. Бір монографиясы, отыздан астам ғылыми, оқу-әдістемелік еңбектері жарық көрді. Омырауы марапатқа, жүрегі шарапатқа толды.

♦ ♦ ♦

Үзеңгілес достары әлі дәріс оқып жүр. Әбең неге кетті? Тағы да қоғамдағы теңсіздік.
Әбдірахман Игілікұлының ұс­танымы тест дегенге мүлде қарсы.
– Өзім дәріс беріп жүрген студентімнің білім деңгейін білемін ғой. Кейбіреуіне көтермелеп қойғанда «үш» қоятынмын. Ал, осы тест деген сынақ формасы енгелі әлгі үштің өзін күшпен тартып жүргендер оқу озаты бола бастады. Тестілеуден кілең 4 пен 5 алып. Мен осы жүйеге түбегейлі  қарсылығымды зейнеткерлікке бір­жола кетіп қана таныттым, – дейді теңсіздік түйінін шеше алмаған теңдеуші-ғалым.
...Әбеңнің өресі теңдеу шешумен ғана шектелмейді. Тарихқа жүйрік. Осы тақырыпты бастап берсеңіз, анау-мынау тарихшыңызды шатастырып, шаң қаптыратын шамасы бар.
Домбырамен ән салғанда ше? Пәлі! Дәстүрлі әнді кәсіпқойлардан бір мысқал төмен орындайды демесеңіз, әуесқойларды әудемжерде қал­дырады. Күй шерткенде де – тап солай. Студент шағында институттың домбыра оркестрінде ойнаған Әбең ұстаздық еткен жылдарында да оқу орнының намысын қазақтың қара домбырасымен қорғап жүрді.
...Математикалық теңдеулер шешілді. Осы Әбең тағдыр теңдеуін шеше алды ма? Оны да шешкен. Зайыбы Қырмызы шешеміз екеуі екі қыздан өрбіген немерелерден шөбере сүйіп, ұрпақ қызығына кенеліп отыр. Әбең шешпеген бір ғана күрмеу бар. Ол – қоғамдағы теңсіздік. Әділетсіздік атаулымен жұлдызы қарсы адамның жүрегі дертті болады екен. Әбең де осы теңсіздіктің түйінін шешемін деп, екі рет инсульт алды.
– Миымның толықтығынан аман қалдым-ау деймін. Басқа шапқан қан менің миымды толық жайлай алмаған болуы керек, – деп қалжыратып-ақ тастаған кеселдің өзін әжуалайды.
Иә, Сіздің жасыңызда таяқ­қа сүйеніп, әрең жүр кейбір заман­дастарыңыз. Сіз аппақ Арыңызға арқа сүйеп, нарыңызға бергісіз қайрат танытып келесіз. Ал, әлгі теңсіздіктен теңдеу жасау деген дүние жеті жұрттың ілімін тауысқандардың да қолынан келмеген. Оған бола қамығудың қажеті жоқ.
Алла бойыңызға қуат, ойыңызға сергектік берсін, Аға!

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 208
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px