Тел өскен төл едік - Тұлға - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Тел өскен төл едік
Марқұм Назымбек Мұха­меджанұлы Боқаев екеуміз жастайымыздан бір­ге өстік. Жаңаарқа ауданының ор­талығы – Атасуда үйіміз көрші тұрды. Әкесі Мұхамеджан ауданда ең алғаш тракторға отырған механизаторлардың бірі болатын. Жауырыны жерге тимеген балуан еді. Анасы Бәтеш өте балажан болатын. Ата-аналарымыз жақсы араласты. Екі үйге кезек қонатын сәттеріміз де болатын. Бірімізді-бірімізден бөл­меді.
Назымбек екеуміз оразамызды ашар-ашпастан өзен жағалап, балық аулауға кетеміз. Бәтеш апай ұстаған балығымызды ерінбей-жалықпай қу­ырып беретін. Қала берді ауладағы балалармен асық ойнаймыз, кешке дейін доп қуамыз. Ойын арасында Қорабай ағамызға еліктеп, гитара тартуды үйреніп алдық.
1970 жылы Назымбек аудан ор­та­лығындағы орыс мектебін, мен қазақ мектебін бітірдік. Оқуға бар­ғанда көмегі болады деген соң жол пайдалану мекемесінде бір жылға жуық жұмыс істедік. Келесі жылы Назымбек Алматыдағы пе­да­гогикалық институттың  фило­ло­гия факультетіне түсті. Мен Қарағандыдағы Кооператив институтына құжаттарымды тапсырдым.
Назымбек оқып жүргенде жан-жақты өнерімен көзге түсті. Көркем­өнерпаздар үйірмесіне қатысты, студенттер кеңесінің төр­ағалығына сайланды. Қатарынан үш жыл студенттік құрылыс отрядының командирі болды.
Назымбек институтты бітірген бойда Жаңаарқа аудандық комсомол комитетіне нұсқаушы, көп ұзамай ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. Содан кейін аудандық тұтынушылар одағында қатардағы товаровед болып жүрген мені аудандық комсомол комитетіне нұсқаушылыққа шақырды. Сол тұста аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Қадыр Иманбаев есімді азамат еді. Еңбек жолындағы алғашқы ұстазымыз болды. Үнемі ақыл-кеңесін беріп отырды. Бізді інісіндей көрді.
Екі жылдан кейін мен Жезқазған облыстық комсомол комитетіне ауыстым. 1977 жылы мені Мәскеудегі жоғары комсомол мектебіне оқуға жіберді. Оқуды бітіріп келгеннен кейін облыстық комсомол комитетінің үгіт-насихат бөліміне меңгерушілікке тағай­ындады. Ол кезде Назымбек аудан­дық комсомол комиттетінің бірінші хатшысы болып жүрді.
Мен қызмет атқарған жылдары Жез­қазған облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып Марат Қартжанов, Қасымхан Ахметов, ұйымдастыру бөлімінің меңгерушілері болып Қадырбек Әбдіров, Марат Елубаевтар істеді. Осы ағалардың қамқорлығы ар­қасында комсомол жұмысына ысылдым, өмірлік тәжірибе жинақ­тадым.
Шамалы уақыттан кейін Назымбек облыстық комсомол комитетінің хатшысы болып ауысты да мен оның орнына аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшылығына сайландым.
1982 жылдың шілде айында мені республика комсомолы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Серік Әбдірахманов жауапты ұйымдастырушылық қызметке шақырды. Ал, Назымбек сол жылы желтоқсан айында Орталық Коми­теттің мәдениет бөліміне меңгеруші болып келді.
Екеуміз Орталық Комитеттің қарамағындағы «Молодежный» қо­нақ үйінде бірге тұрдық.
1983 жылдың қыркүйегінде Серік Әбдірахманов мені ауыл жастары бөлімінің меңгерушілігіне тағайындады. Мұның өзі үлкен әңгіме туғызды. «Республикада үш жүзге жуық аудан бар. Орталық Комитетте он төрт бөлім бар. Соның екеуінің меңгерушісі Жаңаарқа ауданынан. Бұл қалай?» деген тұрғыда.
1984 жылдың желтоқсан айында маған үш бөлмелі пәтер берді. Назымбек үш айдан кейін алды. Соған дейін зайыбы Мағиямен, екі баласымен біздің үйде тұрды.
«Сегіз қырлы, бір сырлы» деуге әбден лайық жігіт еді. Күй де шертетін, ән де салатын, спортқа да жақын болды. Ал, гитара тартуды бірге үйрендік деп жоғарыда айттым. Ұйымдастырушылық қабі­леті өз алдына. Аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып жүргенде аудан шаруа­шылықтарында бірнеше комсомол-жастар шопандар бригадасы ұйым­дастырылды, жастар спортқа, соның ішінде, күреске көптеп тартылды.
Ауданда атқарылып жат­қан игі­лікті істер туралы сол тұстағы «Лениншіл жас» газетінің Қарағанды об­лыс­ындағы меншікті тілшісі Айқын Несіпбаев талай-талай тұщымды мақалалар жазды.
Ал Орталық Комитетте мәде­ниет бөлімінің меңгерушісі болып жүргенде қазақ өнерінің өркендеуіне елеулі үлес қосты. Консерваторияның сол тұстағы ректоры Дүйсен Қасейінов екеуі тізе қосып, көптеген игілікті шараларды жүзеге асырды. Қазақстанның бауырлас республикалармен мәдени байланысы нығая түсті.
Мамандығы филолог бол­ғандықтан, әдебиетке бүйрегі бұрып тұратын. Көркем аударма жасайтын, баспасөзде жарияланбаса да өлең жазумен шұғылданатын. Есениннің өлеңдерін жатқа оқитын. Евтушенкомен, Мұхтар Шахановпен тығыз достық қарым-қатынаста болды. Соның әсері шығар, Қазақстан Жазушылар одағында біраз жыл жұмыс істегені.
Алматыдағы Пионерлер са­райының тұңғыш директоры ретінде тындырған шаруалары да аз емес.
Назымбек екеуміз Жаңа­арқада комсомол қызметінде жүргенімізде әр саланың тізгінін ұстап отырған Хамзе Сәтжанов, Өмір Кішенов, Қазкен Мүсілімов, Нұрғали Кенжетаев, Тоққұлы Әбішев, Игілік Омаров, Отаншыл Түсіпбеков, Баян Күжікенов, Диханбай Биткөзов, Ғазым Жарылғапов, Елекен Адамов, Рахат Зәрубаев, Сайын Омаров, Сағынай Ордабаев, Меркеш Өскенбеков, Алпыс Тайгөков, Жетпісбай Әлиев, Көкаман Әлхамин, Қорабай Есенов, іргелес жатқан Шет ауданындағы Талды совхозының белгілі директоры Дулат Смайылов, маған жезде болып келетін Юсуп Кішенов есімді азаматтар бізді әр кез қолдап, тілектестік көңілдерін білдірді. Назымбек қашан келсе де Юсуп жездеміздің үйіндегі Райхан апамыздың дастарқаны жаюлы тұратын. Бүгінде көп­шілігі өмір­ден озған. Асыл азаматтардың қамқорлығын, әсте, ұмытпаймын.
Тағдырдың жазуымен Назымбек екі рет отау құрды. Алғашқы жары Мағиядан екі перзент көрді. Қазір тұңғыштары Гауһар «Хабар» агенттігінде істейді. Мағиямен отбасылық байланысымыз әлі үзілген жоқ. Екінші зайыбы республикамызға танымал биші Гүлжан Тал­пақовадан Айжан, Бақтияр есімді екі перзент сүйді. Ол балалар да бүгінде өз орындарын тапқан, әр салада қызмет істеп жүр.
Ауру мен ажал айтып келмейді. Назымбек 2010 жылы инсультке ұшыраған соң, Гүлжан өзінің туып-өскен жері Атырауға алып кетті. Назымбек содан оңалмады. Ақыры, былтыр мамыр айында туралап келген ажал алып тынды. Мәйітін Атыраудан жақындары алып келіп, Жаңа­арқадағы үлкен қорымға арулап жерледі. Топырақ салуға қызметтес болған достары, Алматыдан Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай келіп, қабір басында толғана тұрып, асыл азаматты еске алды.
Назымбектің екі ағасы бар. Үлкен ағасы Аманжан Ақтау совхозында тұрады. Қазы­бек есімді ағасы – Атасуда. Жеңгесінің есімі – Алтын. Назымбекті осы Қазыбектің шаңырағынан шығардық.
«Аллаға да жақсы адам керек» дейді. Аққан жұлдыздай жарқ етіп көрінді де, зейнет жасына жетпей көзден ғайып болды.
Топырағың мамық, жатқан жерің жарық болсын, абзал дос, аяулы азамат!
Батырхан ЖАНАТОВ,
«Қазақмыс»
корпорациясына» қарасты «Молодежный» көмір разрезі бас директорының кеңесшісі.

СУРЕТТЕ: Назымбек (оң жақта) екеуміздің соңғы бір жолыққанда түскен суретіміз.

 Пікірлер: 1
 Оқылған: 203
Барлық пікірлер: 1
Спам # 1
28.04.2016
Керемет!
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px