Топайкөгі еді-ау газеттің... - Тұлға - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Топайкөгі еді-ау газеттің...
Бұл дүниеге ертелі-кеш келіп-кететін әр адамның өмірде өз орны бар. Өзінше өмір сүреді. Өзіндік із қалдырады. Өз биігіне шығады. Асқақ армандарына ұмтылады. Бақытын табады. Мұратына жетеді. Мен үшін сондай ерекше жанның бірі – аймаққа белгілі көсемсөзші, ақын, әріптес, ғибратты ғұмырының соңғы күніне дейін облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде  жемісті еңбек еткен Ғабекең – Ғаббас Смағұлов.
Ғабекеңнің де фәни дүниеден бақилыққа аттанғанына үш айдай мерзімнен соң он жыл болады екен. Қайран зымырап бара жатқан, көрген түстей уақыт-ай десеңізші. Санаулы ғана айлар демекші, Ғабекең екеуіміздің туған күніміз бір күн – 1 сәуір болатын. Көзі тірі болса дәл сол күні Ғабекең 70-ке, мен – 60-қа келер едік. Оны айтып отырғаным, Ғабекеңмен бірге бес жылдан аса, сексенінші жылдардың соңы мен тоқсаныншы жылдың басында, Қазыбек би (Егіндібұлақ)  аудандық «Балқантау» («Ленин туы») газетінде бірге қызмет істедік. Ғабекең – редактордың орынбасары, мен – бөлім меңгерушісі. Туған күнімізді ұжымда ылғи бірге атап өтетінбіз. Сондықтан да, ол күн – біз үшін асыға күтетін әрі ыстық, ерекше ұмытылмайтын.
Ғабекең аса еңбекқор еді. «Ертеден салса кешке озған» деп батырлар жырында айтылатындай, осы жылдар ішінде бір шаршап-шалдыққанын көрмеппін. Қаламы қимылдаса, айыз қандыратын. Ғабекеңнің жұмыс бөлмесіне кірсеңіз, өзі әрең көрініп, көк мұнар түтін басып тұрар еді. Шылымды жиі тартатыны сонша, бірінің тұқылын күлсалғышқа тастай салып, екіншісін жалма-жан тұтатып жататын. Жазуға құштарлығы  соншалықты, алдындағы аткөпір қағаздарды жеңінің ұшымен тіркес тұрған қосымша  кішкене үстелге сыпырып-сиыра салып, шылымын будақтатқан қалпы тоқтамай әрі қарай жаза беретін.
Ғабекең алуан тақырыпта жазатын еді. Ізденісте жүретін. Аудандық газеттің ат төбеліндей аз ғана қызметкерлері сан салаға қалам тартар еді десек те, Ғабекеңнің жөні бір басқа еді. Қай тақырыпқа жазса да қаламына қамшы салдырмайтын, мақаланың майын тамызып жазатын. Ғабекең суреткер де еді. Очерк, суреттемелері көркем әңгімелерге бергісіз болатын. Төгіліп тұратын тілімен сөзбен сурет салу, образ жасау қолына қалам ұстаған екі журналистің бірінің қолынан келе бермес шаруа екенін сол мамандықты серік етіп, оның суығы мен қиындығын көре біліп, жан-тәнімен түсінгендер ғана жақсы біледі.
Кәнігі журналистің соншама уақытты қалай табатынына, қажымас қайрат-жігеріне таң қалар едік. Ғабекең сол кездері облыстық «Орталық Қазақстан» газетіне де төпеп жазып жататын және жазғандары жиі, тоқтаусыз шығып та жататын.
Ғабекең достыққа адал, берік еді. Бірбеткей. Мінезді. Үлкенге іні, кішіге аға бола білетін. Жүрегі елім деп соққан. Бойында қазақы намыс қайралған. Өз кәсібіне берілген және жанындай сүйетін. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, тәлімді тәрбие берген, Зипадай адал, түсінетін жары бар, бақытты отбасы еді.
Қырық жылға жуық сынақтан көз ашпаған Семей ядролық сынақ полигоны салдарынан бір кезде жабылып қалған бұрынғы Семей облысындағы туған ауданы Абыралы қайта ашылғанда, бөркін аспанға атып, балаша қуанған Ғабекеңді көріп едік. Айдың, күннің аманында жабылып қалып, қырық жыл бойы тоз-тозы шығып, халқы болса бытырап, тарыдай шашылып кеткен ауданды, өзіміз көтермесек, өзіміз өркендетпесек, кім өркендетеді деген Ғабекең жайлы орнын суытып, тоқсаныншы жылдардың басында алғашқылардың бірі болып, қайыра ашылған Абыралы ауданына қоныс аударып, алғашында аудандық басылымда қызмет атқарса, кейін облыстық «Семей таңы» газетінің Абыралы, Абай, Шұбартау аудандарындағы меншікті тілшісі болып, аудан орталығы Қайнарда қамсыз жатқан. Әттең-ай десеңші, тағы да аудан жабылып, жұмыссыздық белең алып, «тұрымтай тұсына» деп әркім әр жаққа көше бастады. Ғабекең болса өзі үйренген, бір кездері жоғары оқу орнын бітіріп, жолдамамен келген Қарағанды облысының Шахтинск қаласына, уақыт өте келе облыс орталығына қоныс аударды. Осы кезден бастап өзі бір кездері үзбей жазып тұратын облыстық «Орталық Қазақстан» газетімен өмірін біте байланыстырды. Газеттің Шет, Абай аудандарындағы меншікті тілшісі ретінде үнемі жол үстінде жүретін. Жаңалық десе жарғақ құлағы жастыққа тимейтін. Облыстық газеттен Ғабекеңнің  жазғандарын қадағалап оқып жататынбыз. Екінші тынысы ашылғандай көрінетін, өндірте жазатын. Соқталы-соқталы журналистік зерттеу, проблемалық мақалаларымен, очерк, суреттемелерімен, тартымды сұхбаттарымен жиі қуантатын.
Қолы қалт еткенде  жасы үлкен де болса жұмысқа өзі арнайы іздеп келіп, бір кездегі бір ұжымда еңбек еткен шақтарды еске түсіріп, бір жасап қалатынбыз. Бірде, өзі және Тілеуқабыл ағаның (Байтұрсынов) маған жазған Қазақстан Журналистер одағына мүшелікке өту жөніндегі кепілдемені алып келіп, «құжаттарыңды, газеттерге шыққан материалдарыңды жинап, тапсырып, мүшелікке өтіп ал, осы сендер құнтсызсыңдар» деп жанашырлығын білдіріп еді.                    
Ғабекеңнің өзін тағы бір бөлектеп тұратын ерекшелігі – газеттің қай жанры, тіпті, шағын заметка болсын,  ұсақ-түйек деп қарамай, оқырманға қызықты, дәмді, тартымды етіп жеткізуге мән беретін.
Еңбегі бағаланып, облыс әкімінің арнайы жүлдесін де алды осы жылдары.
Кітаптарын шығарып, оқырмандарының қолына тигізді...
Ғабекең бірыңғай ақындық жолды қалап, бүтіндей серік етпегенімен, жазған өлеңдері ойлы, салмақты шығатын, өзіндік қалпы бар ақын да еді. Сирек болса да өлеңдері басылымдарда жарық көріп тұратын. «Керуен-күн» деген өлеңінде:
«Керуен-күннің бар шапағын жиып ап,
Сығалайды әйнегімнен таң ғашық», – дейді.
Екінің бірінің аузына түсе бермес келісті, әдемі сурет.
Махаббатты жазбаған, жырламаған ақын бар ма екен, сірә?! Ғабекең де жырлады:
«Омар Хайям ғазалдары есімде,
Оқығаным жаздың тәтті кешінде.
Шарап емес, жырдан басым айналып,
Құлап жатты хордың қызы төсімде».
Енді бірде:
«Абайсызда қолдан түскен кеседей,
Үміт сынса, мен де бір күн құлармын», – деп алдағы күндерге үміт артады, арманын үкілейді, «өз тағдырынан ешкім тайқи алмайды» деп Шота Руставели айтқандай:
«Жер бетінде сүрлеу салып келемін,
Құзырында тағдыр  деген ұстаның», – деп,  жалған дүниенің мәңгілік еместігін еске салғандай, мұңды жолдарға ырық береді.
Сөйткен Ғабекең осыдан он жылдай бұрын алқынбай алпыс деген асқарға шығып,  тал түсін тойлап,  өзінің сүйікті «Орталық Қазақстан» газетінің атаулы жиырма мыңыншы  санын дайындауға қатысып, туған шаңырағы ортасында кенеттен... иә кенеттен тағдыры солай болып,  фәниден бақиға аттанып кете барды. Жазу, дәм-тұз солай болған шығар.Түбі бір келетінін білсек те, онсыз да қамшының сабындай шолақ өмірде, ажалдың кейде мезгілсіз, тым ерте келетіні,  тым тосын келетіні қасіретті, тым өкінішті-ақ. Ғабекеңнің де алпыс деген арғымақты ерттеп мініп,  әлі қамшы салдырмай талай жерді шалатын, шолатын жөні бар-ақ еді. Тағдыр деп айтамыз, солай болды. Шақтап берген өмірінде ғибратты ғұмыр кешті.
Ұлы һәкім Абай өзінің қырық төртінші сөзінде: «Адам баласы өзі қай жолда, қай майданда жүрсе, сол майдандағы кісімен сырлас болады. ...Өзге жолдағылардан «бәрекелдіні» оңды күтпейді. Маған «бәрекелді» десе, осы өзімменен серіктес, сырлас осылар «бәрекелді» дер» дейді. Мен де, Ғабекеңмен аз күн дәмдес, сырлас болып,  бір салада, бір кезде, бірге еңбек еткен әріптес рухани інісі ретінде, өзі тірі болғанда 70-ке  келер, өмірінің соңғы күніне дейін еңбек еткен, сүйікті газеті облыстық «Орталық Қазақстанның»   85 жылдығы тойланар тұста көңіл күнделігінен ептеп сыр тартып,  естелік айтқанды, «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, жақсы қасиеттерін ауызға алғанды парыз санадым.
Иә, тірі болса  мешін жылы сәуірдің бірінде 70-ке  келетін Ғабекең, айтып-айтпай не керек, топайкөгі еді-ау газеттің.

Бекәділ СЕМҚҰЛ.
ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 240
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px