Қуанәлиев пен Иманәлиев - Тұлға - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 05.12.2016

Бұл 2012 жылдың жазы болатын. Кірген бетте бізді журналистің жұбайы Антонина Ивановна қарсы алып, төрге оздырды. Амандық-саулықтан соң Жұмекең төсек тартып жатқан ұстазын бас салып құшақтап, екеуі де көз жастарына ерік беріп, біразға дейін солықтарын баса алмады. Едәуір уақыттан кейін басын жастықтан сәл көтерген Қуанәлиевтің бетіне қан жүгіріп, бой жасағандай, желпініп шыға келді. Сол күні бірталай әңгіменің басы қайырылып, өткен-кеткеннің қаншама қызықты кезеңдері туралы талай сыр шертіліп, естеліктер айтылды.

Солардан аңғарып, түсінгенім, жоғарыда айтқанымдай, Астрахань облысының Басқұншақ станциясында туып-өскен Артур орта мектепті бітріп, әскер қатарынан оралған соң, Алматыдағы С.Киров атындағы ҚазМУ журналистика факультетінің орыс бөліміне 1963 жылы оқуға түседі. Сонда жүріп өзінің курстасы, қарағандылық ару Антонина Ивановна Третьяковамен дәм-тұзы жарасып, отбасын құрады. Үшінші курста өзі есімдес тұңғышы Артур дүниеге келеді. «Сәбиімізді жатақханадағы студенттер қолдан-қолға түсірмей бағып-қақты» дейді сол күндерді сағынышпен еске алған Тоня апайымыз.

Ерлі-зайыпты жас мамандар 1967 жылы аталған жоғары оқу орнын ойдағыдай аяқтап, дипломдарын қолдарына алысымен арнайы жолдамамен Батыс Қазақстан облысы, Чапаев аудандық «Труд» газетіне жіберіледі. Мұнда еңбек еткен үш жылында қаламгерлік қарымын танытқан Қуанәлиев қатардағы тілшіден редактордың орынбасарлығына, Третьякова бөлім меңгерушілігіне дейінгі жолдан өтеді. Осы басылымдағы айналдырған бір ғана ауыл шаруашылығы бөлімін шырқ үйірген жұбайлар сол уақытта чапаевтықтардың тыныс-тіршілігі хақында публицистика жанрында қаншама мазмұнды мақалалар, көркем суреттемелер, көлемді очерктер жазып, жариялады десеңші.

Дәм тартты ма, осында үш жыл ысылып, тәжірибе жинақтаған қос журналист Қарағанды облысының Мичурин (қазіргі Абай) ауданына қоныс аударады. Арекең бұл жерде партия-кеңес органдарына жұмысқа қабылданып, Антонина Ивановнаның қалап алған журналистикасынан қол үзіп, бірінен соң бірі өмірге келген үш баласы Артуры мен Динасы, Ингасының және кейіннен баурына басып, қамқорлығына алған Галясының тәрбиесімен айналысуына тура келеді. Одан қалды Қарағанды қаласындағы педагогикалық курсты тәмамдаған ол 1970 жылдан қашан демалысқа шыққан 2008 жылға дейін Топар кентіндегі Бауыржан Момышұлы атындағы № 16 жалпы білім беретін орта мектепте орыс тілі мен әдебиеті, тарих пәндерінен сабақ беріп, бүгінде немерелерінің ортасындағы бақытты әжө.

Ал расында, асау басы ноқта-жүгенге сыймайтын Артур ағамыз содан 1980 жылға дейін атқарған Абай қалалық партия комитеті үлгі-насихат нұсқаушысы, Мичурин аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі қызметтерін місе тұтпай, өзіне етене төл ісіне қайта оралады. Ақты ақ, қараны қара деп жазатын қаламы жүйрік азаматтың турашылдығы мен нық ұстанымы 1980-1987 жылдар аралығында сол тұстағы Мичурин аудандық «За коммунистический труд» газеті редакторының орынбасары болғанында жарқырай көрінді. Жұмысына жан-тәнімен берілген оның қаламынан ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын сипаттайтын, шаруашылықтар мен еңбек адамдарының жеткен жетістіктері мен табыстарын жарқырата көрсеткен түрлі жанрдағы сан алуан туындылары қазірде «Абай-Ақиқат» газетінің 42 жылдық шежіресінің жарқын беттеріндей. Артур Қәрімұлы абайлықтардың бағасын тірлігінде алып үлгерген. Ол туралы кімнен сұрасаңыз да, «Нағыз журналист, нағыз азамт еді ғой» дейді риясыз көңілмен. Нағыз журналистігі, өз мамандығына адалдығы шығар, аудандық азаматтық қорғаныс штабының бастығы, ішкі саясат меңгерушісі, Топар кенті әкімінің орынбасары тәрізді нешеме лауазымды қызметтің құлағынан ұстаған Қуанәлиев сонда да қаламын қолынан тастамаған күйінде қара шаңырағы «Абай-Ақиқаттың» редакциясынан 2011 жылы зейнет демалысына шығыпты. Алайда, сұм ажал оған бейнеттің зейнетін ұзақ көруді жазбай, біз жолығып, жүздескеннен бір апта өткенде үлкен жүрек соғуын тоқтатты. Ағасындай болған Арекеңнің ауыр қазасына көзінің жасын көлдей төгіп жеткен Жұмабегі оны соңғы сапарына жөнелтісіп, қабіріне топырақ салысып қайтты. Рас-ау қырық жыл бойы бір туғандай болып араласып, біте-қайнасып кеткен оның өліміне Жұмабек жыламағанда кім жыламақ, оны Жұмабек жоқтамағанда кім жоқтамақ?! Өйткені Иманәлиевтің өзі бүгінгі шыққан биігі мен алған асуларында Қуанәлиевтің де үлесі мол екенін мойындайды. Содан бергі мезгіл ішінде ол да облысқа танымал фототілші атанып, басқа марапаттарын айтпағанда, Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі, еліміздің құрметті журналисі, облыс әкімінің «Алтын сұңқар» сыйлығының лауреаты болып, пайғамбар жасына келіп, зейнет демалысына шықты. Артурдай ұстазының ақ батасын алып, шапағаты тиген ол сүйікті ісін әлі жалғастыруда.

...Міне, «Абай-Ақиқат» газетінің іргетасын қаласып, өркендеуіне еңбегі сіңген қаламгерлер қатарында айырылмас достығы мен шығармашылық ынтымағы жарасқан үлгі-өнегесімен Қуанәлиев пен Иманәлиев есімдері бөле жармай, бірге аталуы тиіс!

 

 

Ержан Имашев.

Абай ауданы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 752
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1089
count 88x31px