Ызыңнан-ұлы сарынға - Тұлға - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

Адам баласының артық қасиеттері – ақыл-ой, сана-сезімі сыртқа әуелі дауыс, үн, сөз арқылы естіледі. Аллаға деген мінәжаты да осы арқылы жетпек. Тәңірінің кісіге қиған теңдессіз сыйы – дауысты сөз. Оны басқалардың сана-сезімін қозғайтын ән мен жырға айналдырып, адамзат игілігіне жаратушы таланттар тарихта некен-саяқ. Саусақпен санарлықтай сирек. Солардың бірі һәм бірегейі – Қасымхан АСАНОВТЫ қазір екі қазақтың бірі біле бермейді.

 

Алғаш Қарағандыға келіп, Серік Ақсұңқарұлы ағаммен танысып, туған жерімді айтқанымда, «ә-ә, Сәкеннің елі ғой, Қасымхан Асановты білесің бе?», – дегені бар-тын. Енді ойлап отырсам, ерен ұлдың елеусіз қалып бара жатқанын емеурін еткені екен ғой. Қазақ ән қоржынын «Қарамашы, қадамашы көзіңді» сияқты қомақты туындылармен толықтырған сол Қасымханның туғанына биыл – 80 жыл. Кеншілер шаһарымен тете композитордың Қарағанды өнері былай тұрсын, қазақ ән өнерінде өзіндік қолтаңбасы қалған соң, орны да болуы керек еді. Тірісінде Тәңірі берген өнерін өзі де, бір ән жазса жарнамалай жөнелетін қазіргілердің де біліп, бағалап жатқаны шамалы. Әйтпесе, кезінде күллі қазақ даласын тербеген «Қарамашы, қадамашы көзіңді» әні авторының аты аспандар шақ баяғыда туған. Тегін автордың әндері әуелі Жүсіпбек Елебековтің репертуарынан орын алып, халыққа Қайрат Байбосыновтың орындауында жете ме? Бір кездері қазақ қыз-жігіттерінің бір-біріне деген мөлдір махаббатының арқауына айналған бұл ән Қазақ радиосының «Алтын қорына» Мақпал Жүнісованың орындауында жазылса керек-ті. Көзіқарақты елге осыны көлденең тартқан Қазақ радиосының әйгілі дикторы Сауық Жақанова Қасекеңнің тағы бір ғажап әні «Қаракөздің» «Алтын қорда» Әбілахат Еспаевтың есіміне жазылып кеткенін айтып қынжылады. Анығында, Қасымхан Асановтың «Қаракөзі» мен Әбілахат Еспаевтың «Қаракөзі» екеуі – екі бөлек ән. Шатыстыратын себебі – екеуі де Оспанхан Әубәкіровтың өлеңіне жазылған. Әбілахат Еспаевтың әні сәл жылдамырақ айтылса, Қасекеңнің «Қаракөзі» сырлы сазбен баяу есіледі. Мұны маған алғаш айтып, екі әннің ара жігін ашып, айырмашылығын жіліктеп жеткізуші – белгілі әнші Сейіл Аяғанов. Қ.Асановтың көзі тірісінде қасында жүріп, шығармаларының денін қағазға түсіріп алып, ұрпаққа аманаттаушы – танымал әнші, белгілі өнертанушы Ерлан Төлеутай бұл ән төңірегінде былай дейді: «Қасымхан заманы – ащы судың сәнге айналған кезі. Әсіресе, өнерпаз қауымның жаппай бас қойған уақыты осы 60-70 жылдар. Қасымхан ағаның өз аузынан естіген «Қаракөз» әнінің қысқаша тарихы былай. Бірде Мұқағали, Шәмші, Оспанхан, Әбілахат, Қасымхан – бесеуі біраз күн тоқтамай сілтеңкіреп қойып, ертеңіне бәрі түксіз қалыпты. Ол заманда бас жазу деген бұлжымас дәстүр бар. Не істеу керек? Бас сынып, тіл ауызға сыймай барады. Қалтада соқыр тиын жоқ. Мұндайда араларындағы ең пысығы, қиыннан қиыстырып амал табатын Оспанхан Әубәкіров екен. Бұл жолы да аяқ астынан амал табады: «Мен, міне, көрдіңдер ме, табан астынан әнге сұранып тұрған мынау қатқан өлең жаздым. Осыған ән жазып бере қойсаңдар, радиоға апарып, қолма-қол қаламақы аламыз» деп, сиясы кеппеген «Қаракөздің» сөзін басы ауырып отырған «бөтелкелестеріне» оқып береді. Бұған алдымен Әбілахат ұшқырлық танытады. Қысқасы «Қаракөздің» Әбілахат жазған нұсқасы «Қазақ радиосының» ән қоржынына бірінші түседі. 70 сом қаламақы жоғарыда аты аталған бестіктің тағы да бірнеше күнгі думанына еркін жетеді. Өзіне-өзі әрең келген Қасымхан ағамыз болса, әнге бірнеше күннен кейін оралады. Әннің әбден бабын келтірген соң, Оспанханға көрсетеді. Ән Оспанханға ұнайды. Бірақ, әннің сөзін өзгертіп жіберіпсің деп дау шығарады. Сөйтсе Қасымхан аға «Тырналар ұшып келгенде, Түседі-ау еске бала кез» деген жолдарды «Қарлығаш ұшып келгенде, Түседі-ау еске бала кез» деп өзгерткен екен. Бұған Қаскең «Біздің жақта тырна деген бір қадірсіз құс, Арқаның қазағы үшін сидиған тырнаға қарағанда үйінің шаңырағына ұя салатын қарлығаш әлдеқайда қасиетті» деп дау айтады. Ақыры бұл уәжге тоқтаған Оспанхан аға жоғарыда аттары аталған достарына бұл әнді де бірнеше күн қатарынан жуған екен. Қасымханның «Қаракөзі» осылайша дүниеге келеді. Таяуда Қасымхан ағаның «Қаракөз» әні туралы тағы бір келеңсіздіктің куәсі болдым. Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде әйгілі мәдениеттанушы, жазушы, дәулескер күйші Таласбек Әсемқұловтың домбырасын тапсыру салтанаты болып жатқан еді. Марқұмның көзін көргендер естелік айтты, ән шырқалып, күйлер тартылды. Бір кезде сахнаға Семейден келген жерлестері көтерілді. Ұмытпасам әнші Гүлшат Еруова ғой деймін, сахнаға көтерілген екі әйелдің бірі осы «Қаракөзді» Садық Кәрімбаевтың әні деп шырқай жөнелгені. Сәлден соң дастархан басында бас қосқанда Семейден келген әнші апама «Қаракөздің» Қасымхан Асановтың әні екенін ұзақ дәлелдеуіме тура келді. Сөйтсем, ол кісі ұзақ жылдар бойы бұл әнді Садық Кәрімбаевтың әні деп айтып келеді екен. Түзеуге уәде берді».

Бесіктен белі шыға домбыра тартып, мандалинада ойнаған Қасымхан Асановқа саз өнері сүйегіне туа біткенге ұқсайды. Мектептегі өнер үйірмелерін басқарып, соғыстан кейінгі елдің көңілін көтеру мақсатында шағын көріністер ұйымдастыратыны – өз алдына бөлек әңгіме. Жиырма жасқа енді аяқ басқан жігіттің әндерін ел аузынан естіген астаналық композиторлар ауылына іздеп келіп, Алматыға алып кеткен. Содан өле-өлгенше тек қазақтың әні мен өнеріне ғана қызмет еткен бұл жарықтық. Дүние, мансап қумаған. Жыр сүлейі Жұматайша (Жақыпбаев) айтқанда,

«Тууы да – ән, Моцарттың құруы да – ән,

Татып көрсең ол ішкен бір уынан.

Сальери – дарынсыздар тайпасының,

Ең итжанды, ең надан руынан».

Заманында Сальерилер Қасымханға да табылған. Ішкіш, маскүнем деп қаралаған. Бірақ, қазақ ән өнерінің қоржынын байытып, олар емес – Қасымхан Асанов қалған! Сөйткен Қасекеңді халықтың есіне түсіріп қоятын әнінен басқа ештеңе жоқ соңында. Әндерінің өзі эстрадалық ессіз шала туындылармен әуес ұрпақтың құлағына жетпей жатады. Қаражартас, Сарысу, Жаңаарқасынан бастап Қарағанды, Астанасын түгел әнге қосқан Қасымхан Асанов есімін елемеу – әуелі бізге, қарағандылықтарға сын.

1936 жылдың 26 ақпанында (құжатында 1937 жылы деп жазылып кеткен) дүниеге келген Қасымхан Асановтың туған жері – Шет ауданы, Өспен ауылдық округіне қарасты Қаражартас, қазіргі Еркіндік ауылы. Өзінің «Сарысу әуеніне» арқау еткен жақсы Сарысу өзенінің жағасында. Қасқайып «Қасымханның ән төбесі де» осында тұр. Сазгердің алғаш «Тәңірінің берген өнерін» (Абай) хатқа түсірген жері бүгінде «Қасымханның ән төбесі» аталады. Алғашқы туындылары жайлы автор өзі «әуелі қалықтап көтерілгені – «Қарамашы, қадамашы көзіңді» атты әнім еді. Сосын шарықтап ұшқаны – «Шәрбанға» деп есіне алыпты. Екеуінің де сөзі Жұмағали Сайындікі. Осы төбеде туған үшінші әні – Ә.Сәтмағанбетовтің «Ойна, балам» сөзіне жазылған. Сонда Қасымханның жасы небары 19-да ғана. Алматыдағы ауыл шаруашылық институтының агробөліміне оқуға түсіп, бірінші семестрден соң денсаулығы сыр беріп, қатарынан 3 рет жасалған отадан кейін ауылда демалып жатқан кезі. Осы үш әнімен аты шыға бастаған сазгерді 1957 жылы Қаражартасқа Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, белгілі сазгер Садық Кәрімбаев іздеп келеді. Сол кісінің нұсқауымен Алматы консерваториясының актерлік факультетіне оқуға түседі. Мұнда Қасекең атақты Тоқпановтың «тоқпағынан» өтіп, екі жыл М.Әуезов атындағы драма театрының әртісі болады. Отбасы жағдайымен Қарағандыға келген соң С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрының әртісі әрі сазгері қызметін 15 жылдай атқарады. Мұнда сазгер Б.Майлиннің «Шұғаның белгісі» спектакліне және «Отыз тиын штраф» атты комедияға музыка жазды. 1973 жылы Жезқазғанда «халық шығармашылығын өркендету» үйінде директорлық қызмет атқарып жүріп, Жақсыкелді Сейіловпен бірге «Қаракөз» ансамблін құрысқанын біреу білсе, біреу біле бермейді.

2000 жылы Әлімжан Құтжановқа берген сұхбатында сазгер былай депті: «Ән – табиғи құбылыс, тосыннан келетін құдірет. Ол көбіне ұйықтап жатқанда адамның түсіне енеді. Әрине, өңінде жазатындар да жиі кездеседі. Әуелі әннің тақырыбы түске кіруі мүмкін. Біздің тілде мұны «әннің ызыңы» деп атайды. Әлгі «ызың» тура шағатын маса сияқты мазаңды алады. Жанды жеп, өзіңді қоярға жер таппайсың. Негізінде, әсем ән, мәңгілік әуендер сондай қатты қиналыстан кейін дүниеге келеді. Олардың өмірі өте ұзақ, тіпті, мәңгілік өлмейді деуге болады. Оған мысал ретінде Шәмші әндерінің кез келгенін айтсақ та жеткілікті. Сұлу әнді түсінде толғатқан адам, ондай сәтте ұйқыдан атып тұрып, қолма-қол нотаға түсіргені абзал. Егерде ертеңіне есіне түсіре алмаса, ол ән құс құсап ұшып кетеді де, соңында айырылып қалған сазгер өмір бойы өкініп өтеді».

Ызыңнан ұлы сарын шығарып, ұлт қазынасына үлес қосқан сазгердің өкініші осы ғана. Дүниеуи тірліктен ада. Біз соның мұрасын байыптап, сол көрген алыстың көкжиегіне жетпесек те, 80 жылдық мерейтойында ұлықтай алсақ, жарады.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 2490
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px