Жаңалыққа жаны құмар жаңашыл редактор - Тұлға - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

(Газетіміздің 70-жылдардағы

редакторы Рамазан Сағымбековті еске алу)

 

Биыл шыға бастағанына 85 жыл толғалы отырған   «Орталық Қазақ­стан»  газетінің шежіресінде өткен ғасырдың 70-жылдары редакторы болған, талай шәкірттер мен ізбасарларын даярлаған журналист ағамыз, тарих ғылымдарының кандидаты, қарымды қаламгер Рамазан Сағымбековтің есімін ілтипатпен еске алу – парызымыз.  Өзгесін былай қойғанда ол  Қазақ  радиосының тарихына арналған  «Алматыдан сөйлеп тұрмыз» атты мнографиясымен-ақ  қазақ журналистикасының тарихына алтын әріптермен енді. Кандидаттық диссертация қорғады. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде осы күнгі мүйізі қарағайдай редакторлар мен қаламы жүйрік қаламгерлердің ұлағатты ұстазы болды. 

2012 жылы Рахаңның (ұстазымызды осылай атаушы едік)  80 жылдығын атап өтіп, құрметіне газетте айқарма бет арнап, «Редакторлардың редакторы» атты жинақ құрастырып шыққанбыз. Кітапқа  ғалымның бірталай тарихи очерктері мен  замандастарының, шәкірттерінің естеліктері енді. Салтанатты жиында, сол айқарма мен кітаптың алғысөзінде Рахаңның шығармашылығына мынадай баға беріппіз:

– Біз Рахаңның білімдарлығына, ізденімпаздығына, еңбекқорлығына, тіпті, жанкештілігіне тәнті болып, таң қалушы едік. 1989 жылы, яғни, егемендіктің елең-алаңында ол «Орталық Қазақстан» газетінде «Мирас» деп аталатын тарихи-өлкетану мүйісін (бет) ашып, қазақ халқының  ұмытылып бара жатқан арыстары  мен ардақтыларының  аттарын қайта жаңғыртып, халқына қайтарды.

– Алматының, Мәскеу мен Санкт-Петербургтің кітапханалары мен архивтерінен халқымыздың  сан ғасырлық тарихына қатысты небір беймәлім деректерді тауып алып,  арыстарымыздың ашаршылық, саяси қуғын-сүргін жылдары тоз-тоз болып кеткен ұрпақтарын іздестіріп, олармен хат жазысып, мақалаларын, естеліктерін жариялап жүрді. Онымен де қоймай 1991 жылы, еліміз егемендікке енді ғана ие болып, қабырғасы қатып, буыны бекімеген тұста тек демеушілердің күшімен шығатын «Қарқаралы» әдеби-көркем және тарихи-публицистикалық  журналын ұйымдастырды.

– Осы жолда ол өзін тәжірибелі Журналист, жалынды публицист, ізденімпаз тарихшы-ғалым, сөз өнерін бойына сіңірген Әдебиет зерттеушісі, халық мұраларын қастерлеп жинай білген Фольклоршы, тіпті кейіпкерінің ойын  көркем тілде кестелеп жеткізе білген Жазушы ретінде  сан қырынан жарқырай көрсетті.

Осы бағамыз – баға. «Қарқаралы» журналының алғашқы саны  қазақ халқының кемеңгер биі Қаз дауысты Қазыбек би туралы мақаласымен ашылды. Рахаң бұл тақырыпқа бірнеше рет оралып, би қайтыс болған жерді анықтап, денесі қыс бойы сақталған сөре тастар орнына озық елдердің дәстүрімен ескерткіш белгі қою мәселесін көтерді. Би ұрпақтары бұл өсиетін орындады да.   Қуғын-сүргін жылдары жазықсыз жапа шеккен арыстарымыз Ақбайдың Жақыбы, Әлихан Бөкейханов, Әлімхан Ермеков, Абдолла Асылбеков, Нығмет Нұрмақов туралы құнды да деректі мақалалар жариялады.

Әдебиет зерттеушісі ретінде Рахаң Нарманбетті халқына қайра таныстырып, Әсеттің беймәлім болып келген  поэмасын тауып, Шортанбайдың, Шөженің, одан бертіндегі Қасымның, Жұматтың,  Ғабдиманның, Әлжаппардың шығармашылығына  кәсіби тұрғыда шолу жасады. Нұркеннің өшпес ерлігі мен Мұстапа Шоқайдың соғыс тұтқындарын қорғап қалмақ болған асыл арманын жыр қылып жазды. Қазыбектің «Жеті жарғысына» ғылыми талдау жасап, баталарды, Тоқсан бидің, Құлсаттың хиқаяларын ел аузынан жинап, бастырды. Жинаққа  соның біразын іріктеп беріп, тараудың атын «Арқа ардақтылары» деп атадық.

Рахаң оқытқан, тәрбиелеген  талай азаматтар   республикалық, облыстық, аудандық газеттерді, радио-телеканалдарды басқарып жүр. Астанадан Сауытбек Абдрахманов, Ержұман Смайыл, Жанболат Аупбаев, Көпен Әмірбеков, Шымкенттен Оразхан, Тараздан Мақұлбек, Қостанайдан Жайберген, Маңғыстаудан Маңдайлы, Қарағандыдан Мағауия сынды қаламгерлердің  аттарын атасақ да жеткілікті. Сондықтан оған арналған кітапқа «Редакторлардың редакторы»  деген ат бердік.

Рахаң осы өзіміздің Қарағандыда да  ұстаздық мектебін құрды деуге болады. Әсіресе, жастарды  жақын тарта білді, әрі мектебінен өткізіп, тәрбиеледі. Қаламгер ретіндегі қайратын, ұйымдастырушылық қарымын, кісілік мінезін де көрсетті. Жаңалыққа жаны құмар жаңашыл редактор еді. Соның әсерінен 70-жылдардың ортасында газетіміз  дүр сілкініп, қарға аунаған түлкідей  құлпырып шыға келді. Бұрын қол жетпес армандай болып келген бірнеше одақтық және республикалық жүлделерге ие болдық. Осы Мағауия және Базарбай  Мұстафин ағамызбен бірге мен де Қазақ КСР-інің 60 жылдығы құрметіне жазған «Алпыс жылдыққа – 60 репортаж» циклы үшін Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты атанып, кейде осы бір лауазыммен өмірімдегі ең жоғары награда ретінде қол қоямын. Газет Еңбек Қызық Ту орденімен марапатталды.

Рахаңмен бірге қызмет еткендер арасынан  Зарқын Тайшыбай, Ораз Сағынаев  кандидаттық диссертация қорғап, ғылым жолына түсті, Ақселеу шырқау биікке көтерілді. Қанат Жойқынбеков жазушы болып шықты, атақты Шоң би туралы трилогия жазды,  Ермағамбет Лұқпан бірнеше кітаптың авторы атанды. Алматыда өзі оқытқан шәкірттері арасынан  Шайхан Жандаев, Дүйсенбек Ысқақов, Дәулетбек Мақашев республикалық «Лениншіл жас»,  «Социалистік Қазақстан», «Халық кеңесі» газеттеріне ауысты, Самат Жүнісов Қарқаралы, Талды аудандық газеттерінің тізгінін ұстады, Тілеуқабыл Байтұрсын, Серік Сексенұлы облыстық газет редакторының орынбасарына дейін көтеріліп, зейнетке шықты. Рахаңның шарапатын  бұл күндері зейнеткер Серік Ақсұңқарұлы, Сүйіндік Жанысбай, Жұмабек Иманәлиев және осы жолдардың авторы сияқты газеттің бұрынғы   қызметкерлері де көп көрдік. Ол туралы газетте және  «Редакторлардың редакторы» атты жинақта кезінде жазғанбыз. Оның талапты шәкірттері қатарына  телевизия мен радио саласында жемісті еңбек еткен Сағат Батырхан, Раушан Нұрша, басқа да  бұқаралық ақпарат саласы қызметкерлерін қосуға болады.

Шәкірттері де өз тараптарынан ұстазының еліне, халқына сіңірген еңбегін мәңгі есте қалдыру шараларын ойластырды. Соның бірі – жоғарыда аталған жинақ.  Ал 2000 жылы сол кездегі облыс басшылары, ұлтжанды азаматтар Камалтин Мұхамеджанов пен Қасымбек Медиевтердің қолдауымен редакция ұсынысы қабыл болып, Үкімет қаулысымен  Қарқаралы ауданындағы туған Аппаз аулындағы орта мектепке журналист – ғалым  Рамазан Сағымбековтің есімі берілді.  Газеттің бас редакторының шешімімен  жыл сайын осы мектептің бір үздік  бітірушісіне газеттің арнайы стипендиясы тапсырылып жүр.

Өзінің туған өлкесі Қарқаралы мен Қарағандысына  қалтқысыз қызмет еткен  қаламгер Рамазан аға  1996 жылдың мамыр айында ауыр науқастан қайтыс болды. Міне, оған да 20 жыл уақыт болып қалған екен.  Бұрынғы редакторымыздың өмірлік серігі, асыл жары Роза тәте Ыбырайханқызы мен туған-туысқандары   ас беріп, рухына құран бағыштамақшы екен. Ниеттеріңіз қабыл болсын! Рахаңның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын дейміз.

Аман ЖАНҒОЖИН,

Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 210
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1094
count 88x31px