Үзілмеген ән-ғұмыр композитор Марат Түсіпбеков жайлы сыр - Тұлға - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

Үзілмеген

ән-ғұмыр

композитор Марат Түсіпбеков жайлы сыр

Уақыт деген – қас-қағым.Таң атады, күн батады, тіршілік тоқтамайды. Біртіндеп болса да, уақыт көз ілеспейтін жылдамдықпен қызығыңды да, шыжығынды да ұрлап жатады. Оны өзің байқамай да қаласың. Өмірдің заңы солай. Уақыттың ырқына бағынбайтын ешкім жоқ.Жылдар жылыстап, алыстай береді. Еріксіз самайды сипайсың. Ақ қырау шалған алпыстың шаңқай түсі енді бесінге ауып барады. Күні кеше ғана сияқты еді. Бір жағынан аға, бір жағынан дос болып, тонның ішкі бауындай сыйласып жүрген жезқазғандық композитор Марат Түсіпбековтің бұл дүниеден озғанына мінеки, аттай сегіз жыл өтіпті. Арамызда болғанда осы көктемде, яғни, сәуірдің соңына таман Мәкеңнің 70 жасқа толғанын тойлаған болар едік. Бірақ, ол бұл күнге жете алмай кетті. Мәкеңнің артында сырлы да, сазды әндері қалды. Оның ән-ғұмыры үзілмеген екен. Көңілге медеті – осы.

Әлі есімде, Мәкеңді ел, халық болып ақтық сапарға шығарып салған 2008 жылдың 17 қаңтарында Арқаның ақтүтек бораны ұйытқи соғып тұрды. Алпыс екі жасында бақилық болған композитордың қаралы жиынына халық көп жиналды. Мәкеңмен қоштасып қалуға сонда ел ақсақалдары, өзі көп жыл еңбек еткен С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған Қазақ музыкалы драма театры артистері, зиялы қауым өкілдері, дос-жарандары, туыс, жұрағаттары ағылып келіп жатты. Ақ түтек боран көпке дейін басылмады. Аяулы жанды өлімге қимаған көңілдер толқып кетті. Сұм ажалға шара бар ма?!

Иә, Марат Әбілдаұлы жаратылысы бөлек, біртоға, бұйығы өскен, бірақ, жан сарайы сұлу, ішкі иірімдері бай, ән өнеріне құлай берілген, шығармашылық қуаты мен ізденісі мол, жаны таза, жүрегі кең, жайсаң мінезді азаматтың бірі де, бірегейі болатын. Осы естелікті жазарда менің қолыма композитор Марат Түсіпбековтің 2005 жылы Астанадағы «Фолиант» баспасынан жарық көрген «Сарыарқадан соққан самал» атты әндер жинағы түскен еді. Кітаптың алғысөзі «Талғам мен дарын тоғысса» деген тақырыппен көрнекті композитор, КСРО Халық артисі Еркеғали Рахмадиевтің шағын лебізімен басталыпты. Онда әйгілі композитор Марат інісінің әндеріне ықыластана және сүйіспеншілік сезіммен қызыға қарайтынын, оның қай шығармасын алса да, нағыз шебердің қолынан шыққанын, өзінің майталман сазгер екендігін ағынан жарыла айтыпты. Одан әрі Е.Рахмадиев: «Марат композитор ретінде Жезқазған өңіріне кеңінен танылған. Ол кенді өлкедегі Серке Қожамқұлов атындағы қазақ музыкалы-драма театрында музыка бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарады. Жоғары кәсіби білімі бар маман бұған дейін де өнер саласында жемісті еңбек еткен екен. Ән жазумен ертеден айналысқан. Марат қазіргі кезде талғамына дарыны сай шебер сазгер болып қалыптасқан.Оның Мұқағали Мақатаев, Тұманбай Молдағалиев, Кәкімбек Салықов, Марфуға Айтқожина, Ақұштап Бақтыгереева, Юрий Грунин, Қуаныш Ахметов, Ибрагим Исаев және тағы басқа ақындардың сөзіне жазған әндері әртүрлі аймақтық және республикалық байқауларда жүлдеге ие болды. Ол Жезқазған театры үшін көптеген қойылымдардың музыкасын жазды. Бішкек қаласында өткен алыс және жақын шетелдерден таңдаулы театрлар қатысқан Халықаралық фестивальда Ш.Айтматовтың «Арманым-Әселім» спектакліне жазған музыкасы үшін байқаудың Бас жүлдесін жеңіп алғандығының өзі – сазгердің нағыз толысқан дарын екендігін білдірсе керек» деп ойын қорытқан екен.

Марат көмірлі қалада туып өссе де, атажұрты – Ұлытаудың бөктеріндегі Қаракеңгірге бүйрегін үнемі бұрып жүретін. Кейіннен «Атыңнан айналайын, Ұлытауым» атты әнін де осы өлкегеге бағыштаған болатын. Мәкең өз ғұмырында қарапайым, биязы, жұмсақ мінезінен айнымай, елдің алдына да түспей, елдің артында да қалмай, қоңыр тірлік кешті. Оның күнделікті өмірде біреуге бірауыз артық сөз айтқанан немесе шекіскенін жанында қанша жүрсек те естіп, көрген де емеспіз. Темекісін борп-борп сорып, миығынан күліп жүретін абзал аға, аяулы достың момақан бейнесі көз алдымнан кетпейді. Соңғы рет кездескенімде ол маған: «Бір ән мазалап жүр. Соның сөзі керек еді» деп сыр ашқаны бар. Мен оның жүрек дертінен қиналып жүргенін байқап: «Мәке, ән ешқайда қашпайды ғой, денсаулығыңызды жөндеп алсаңызшы» деп алдаусыратқан болдым. Ол басын изеген бойы миығынан бір күлді де қойды. Ол әннің жайын содан соң сөз еткен жоқ.Мәкең шынында, жұмбағы көп қызық адам еді. Сол жұмбақ күйінде ақтүтек боранда ақ кебінге оранған бойы өмірден озып кетті.

Марат Әбілдаұлының арғы атасы Түсіпбек Ұлытауды жайлаған елге сыйлы отауызды, орақ тілді ділмарлығымен көзге түскен, ауыл-аймаққа билік айтып, елдің бірауызды бірлігіне өз үлесін қосқан ақсақалдың бірі болған. Ал, өз әкесі Әбілда Түсіпбеков болса, Жезқазған облыс болып алғаш құрылған кезден бастап облыстық ішкі істер басқармасы тергеу бөлімінің бастығы болып, осы салада ұзақ жыл жемісті қызмет атқарған соң зейнеткерлікке полковник шенінде шыққан ардагерлердің бірі еді. Әкесінің осы қиын да, шым-шытырық оқиғаларға толы ғұмырнамасын баяндайтын "Өмір өткелдері” атты кітабын кейіннен Мараттың Жезқазған «Полиграфия» баспаханасынан жарық көруіне үлкен еңбек сіңіргенін біз жақсы білетінбіз. Әке аманатына адал ұрпақтың «Жан әке» атты әнінің де эфирге жол тартқаны сол тұс болатын.

Әкесі кезінде баласының үлкені Мараттан үлкен үміт күтіп, оны заңгерлік оқуға түсіп оқуын қалады. Бірақ, ол кісінің бұл ойлағаны бола қоймады. Марат Қарағандыда орыс мектебінде оқыды. Осындағы достарына еліктеп, әдепкіде мандолин, гитар тартуға машықтанады. Ыңылдап ән де айта алмайтын ұлының бұл қылығына әкесі де таң қалушы еді. Ақыры көп сөйлемейтін Мараттың ауызынан: «Мен музыкант боламын. Басқа ешқандай оқуға бармаймын» деген кесімді сөзді естіген соң, әкесі де оны заңгер етемін деген ойының бос әурешілік екенін ұққандай болды. Сөйтіп, Марат орыс мектебінің сегізінші сыныбын тәмамдаған бойдан Қарағанды музыкалық училищесінің табалдырығынан аттайды. Осы оқу орнында оқып жүріп Марат қобызбен бірге домбыра тартуды да үйреніп шығады.

Бір күні Марат жұрттың бәрін тіпті таң-тамаша қалдырады. Орысшаға жетік, қазақшаға шорқақтау жасөспірім жігіт республикалық басылымдардың бірінде жарық көрген көрнекті қазақ ақыны Кәкімбек Салықовтың бір өлеңіне ән жазуға аңсары ауады. Өлеңнің тақырыбы «Ғашық деген бар болса» екен. Өзінің де жастықтың буымен алабұртып, сиқырлы бір сезімнің жетегінде жүрген кезі. Өлеңнің мәтіні сол көңіл-күйіне дөп келген сыңайлы. Жүрегін бір сиқырлы сезім баурап алғандай болады. Дауыс жоқ, тек тіл ұшына бір әдемі саз оралғандай болады. Ол үзік-үзік сол ән саздарын біресе гитараға, біресе домбыраға қосып, сан рет қайталап, сан рет нотаға түсіріп бақты. Дүниеге жаңа ән келді, тұңғыш ән! Өзіне-өзі сенбейді. Қуанғаннан бұл әнді үй ішіндегілерге тыңдатып көрді. Анасы Файза мен тәтесі Мәк мәз-мейрам. Әкесі де оқшырая қарап, басын шайқай береді. Мәк тәтесі қанша дегенмен, әнші ғой. Әннің әуенін қағып алып, шырқай жөнелсін. Сөйтіп, тұңғыш әннің тұсауы да кесілді. Сол бір жетпісінші жылдардың ортасында Мәкеңнің осы әні Қарағанды жастары арасында ауыздан ауызға тез тарап кеткен еді. Эфирде талай шырқалып та жүрді.

Әнге ғашық жүрек Мәкеңді училищеден кейін Қарағанды педагогикалық институтына әкелді. Ол осы оқу орнының «Музыка және ән сабағы» факультетіне түсіп оқып, одан дирижер мамандығын алып шығады. Институттан соң Қарағанды радиотеледидар арнасында дыбыс режиссері қызметін атқарады. Мұнда ол әртүрлі хабарларды музыкамен көркемдеуге, әр хабарға жаңаша түр, соны леп беруге шығармашылық ізденіспен лайықты үлесін қоса біледі. Сан түрлі музыкалық аспапта ойнайтын, өзі ән шығаратын қабілеті бар жас өнерпаздың бұдан кейінгі еңбек жолы Никольский (қазіргі Сәтбаев) қаласындағы мәдени-ағарту училищесінде жалғасады. Ол мұнда жас ұрпаққа музыкадан дәріс беріп, көркемөнерпаздықты дамытуға белсене атсалысады. Кейіннен белгілі кенші, білікті басшы, ақын Садық Асатовтың шақыруымен Жәйрем кен-металлургия комбинатына барып, осындағы кеншілер Мәдениет сарайының көркемөнерпаздарына жетекшілік етеді. Осы тұста Марат Түсіпбековтің композиторлық қырлары кеңінен ашыла түседі.Кеншілермен етене араласып жүрген Кәкімбек Салықов, Садық Асатов ағаларымен бірлесіп көптеген жаңа әндерді дүниеге әкеледі.

Мараттың бір ерекше қасиеті-өнерде жүрген азаматтарды ерекше бағалайтын. Оларға қызғанышпен емес, аса бір терең құрметпен қарайтын еді. Мысалы, ол өзінен бұрын ерте танылған әйгілі композитор, өнер тарланы Жақсыкелді Сейіловпен бірге Жезқазғанда жүрген кездері «Қаракөз» ансамблінің құрамында талай жерлерге гастрольдық сапарға бірге шығып, онымен аса сыйлас, сырлас, жақсы дос болғандығын жұрттың бәрі бірдей біле бермейтін. Жақсыкелді өте сыпайы, кішіпейіл, елгезек мінезді азамат еді ғой. Ол кішілігін сақтап, Мәкеңді аға тұтты. Мәкеңнің шығарған әндеріне үнемі ілтипатпен қарап, сүйсініп отыратын. Оның музыканттығын, композиторлығын жоғары бағалады. Өнердегі осындай сыйластық, өзара түсіністік қазір кейінгі толқындардың арасында жалғасып жатса қандай ғанибет!

Композитор Марат Түсіпбеков кезінде өлең мәтініне аса үлкен талғаммен қарады. Өзі орыс мектебінде оқыса да, ол кейіннен өзінше ізденіп, қазақ ақындарының өлеңдерін көп оқуға дағдыланды. Өзінің ана тілін құрметтеген композитордың бұл еңбегі текке кеткен жоқ. Кейіннен жауһар әндер дүниеге көп келе бастады. Қазақта «Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» деген бір әдемі сөз бар. Мәкеңнің сүйікті авторларының бірі – көрнекті ақын Кәкімбек Салықов еді. Кәкеңнің өлеңдері композитор інісіне үлкен шабыт сыйлады. Аға мен інінің шығармашылық байланысы ұзақ жылдар бойы бір үзілген емес. Соның нәтижесінде Кәкеңнің сөзіне жазылған «Элегия», «Ақ тырналар», «Жезқазғаным – Қаныштың жан жүрегі», «Астана – Бас қала», т.б. әндер бірінен соң бірі дүниеге келді.Мәкеңнің қазақтың ақын қызы Марфуға Айтқожинамен шығармашылық қарым-қатынасы айтуға тұрарлықтай болды. Нәзік сезімді, сыршыл ақын Марфуғаның «Сағыныштың моншақтары»,«Құм суреті», «Қайда сол кездер»,т.б. өлеңдеріне жазған әндері жұртшылыққа кеңінен танымал. Сондай-ақ, Мәкеңнің кезінде Жезқазған өңірінде Қуаныш Ахметов, Зинаида Чумаковамен және осы жолдардың авторымен көбірек шығармашылық байланыста болғаны елге белгілі.

Марат Түсіпбеков өзінің ән шығарғыштық қасиетімен ерте танылғандардың бірі болды.1993 жылы Алматы баспасынан жарық көрген «Жастық шақ әуендері» атты ұжымдық жинаққа оның төрт әні кірген еді. Содан бері талай әннің тұсауы кесілді. Кезінде Жезқазған, Қарағанды радиоларының фонотекасында жазылып қалған әндер қаншама?! Мәкең өзінің композиторлық қырының мықтылығын сан рет облыстық, республикалық ән байқауларында таныта білді. 2000 жылы ол «Жаңа ғасырға – жаңа ән» атты республикалық әндер байқауында Мұқағали Мақатаевтың «Ей, өмір» атты өлеңіне жазған әні үшін үздіктер қатарынан көрініп, арнайы дипломға ие болды. Қазіргі кезде композитор Марат Түсіпбековтің көптеген әндері «Караокеде» жиі орындалып жүр. Көзі тірісінде де, өмірден өзі өткеннен соң да белгілі композитор туралы Жезқазған, Қарағанды және республикалық телеарналардан бірнеше рет арнайы хабарлар берілді.Атап айтар болсақ, Жезқазғанда өтетін дәстүрлі «Ұлытау үні» фестивалі шеңберінде жергілікті композитордың бірнеше шығармашылық кештері ұйымдастырылса, 55 жасқа толған мерейтойы Қарағандыдағы «Шалқыма» концерт залында өтті. 2005 жылы Астана қаласында «Сарыарқадан соққан самал» атты әндер кітабының жарық көруіне орай Президент сарайында тұсаукесер салтанаты өткенін де жақсы білеміз. Сол кешке Қарағандыдан Тәттімбет атындағы халық аспаптар оркестрі (жетекшісі Дүйсен Үкібаев) арнайы барып, Мараттың әндерін сүйемелдеген болатын.

Марат Түсіпбеков Жезқазған, Қарағанды өңірлерінің өнері мен мәдениетінің ілгері өрлеуіне айрықша үлес қосқан өнер иесі еді. Оған белгілі композитордың өлмес мұрасы лирикалық сазды әсем әндерінің халық жүрегінде мәңгі ұялап қалғаны дәлел.Сонымен қатар, Мәкең Серке Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалы-драма театрының музыка бөліміне көп жылдар бойы жетекшілік етті. Театрдың бұрынғы бас режиссері, «Тарлан» сыйлығының иегері Жанат Хаджиев, қазіргі директоры әрі көркемдік жетекшісі, халық артисі Досжан Жанботаевпен шығармашылық байланыста өнімді еңбек етті. Театрдың республикалық және халықаралық театрлар фестивальдерінде жүлделі орыннан көрінуіне өзінің лайықты үлесін қосты. Соның бірі – театр ұжымының Бішкек қаласында өткен халықаралық театрлар фестивалінде жүлделі орын алуына Марат Түсіпбековтің жазған музыкасының үлкен септігі тигенді. Ол осы фестивальде қойылған Ш.Айматовтың «Арманым-Әселім» спектаклінің музыкасын жазғаны үшін «Соны музыкасы үшін» жүлдесін жеңіп алып, өз театры, өз облысы ғана емес, Қазақстанның абыройын асқақтатып қайтқан болатын.

Жақсының ізі өшпейді. Бұл көнеден келе жатқан қағида. Композитор Марат Түсіпбековтің ән-ғұмыры да соны дәлелдейді. Кенді өлкеде белгілі композитордың туғанына – 70 жыл толуы аталып өтіп жатса – құба-құп. Бұл шараның өтуіне мәдениет пен өнердің дамуына жанашыр азаматтардың тарапынан нақты қолдау болады деп ойлаймыз. Мәкеңнің жан жары – Алтын мен артында қалған ұл-қыздары да қазір осы бағытта жұмыс жасап жатқандарын айтады. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген халық даналығы тағы бар ғой.

Мәкеңнің үзілмеген ән-ғұмыры жалғаса береді деп сенеміз.

Ибрагим Бекмаханұлы,

Қазақстан Журналистер және

Жазушылар одағының мүшесі.

Алматы қаласы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 2340
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px