«Анашым – шырылдаган серік кусым!» - Таным - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

«Анашым –
шырылдаган серік кусым!»
Ана! Бұдан қасиетті, бұдан көркем сөз жоқ шығар, сірә?! Ана туралы ой толғап, сөз қозғау қиынның-қиыны екенін қолға қалам алғанда ғана анық сезінеді екенсің.
Осындайда алдыңғы толқын ағалардың айтқан аталы сөздері көкейіңе оралып, тіліңнің ұшына келеді. Сонда бір қиыннан қиыстырып жол тапқандай, алдыңнан айқын бағыт-бағдар көрінгендей болады.
Бүгін мен де анам туралы сыр толғап, өткен өміріне үңіле қарап, қиын да қысталаң күндерден қалай өткені, бүгінгі күнге қалай жеткені жайында айтсам деймін. Ананың өмір жолын, үлгі-өнегеге толы ұрпақтан-ұрпаққа ұлағатын айтып жеткізу – бізге парыз.
Менің анам – Күлзада Жақыпқызы 1929 жылы 8 наурызда Қарқаралы ауданы, Ленин атындағы колхозда (қазіргі Бақты ауылы) дүниеге келген. Әкесі – Жақып Бибабаұлы еті тірі, ширақ, қайырымды, мейірімді жан болған екен. Шешеміздің жастық шағы жетіспеушілік пен жоқшылық кезеңіне тап келген. 1928-1930 жылдар бағдарында болған атышулы кәмпескенің арты 1932 жылғы жаппай ашаршылыққа тап келген ғой. Жұрт түгел дерлік босқыншылыққа ұрынып, ел ауып, тентіреп кеткен кезең еді, тағы...
Сол шақта ешқайда кете алмай, ауылында қалған кәрі-құртаң, шиеттей бала-шағаны асырау кімге де болса оңайға соқпағаны анық. Шешемнің әкесі Жақып атам қиыннан жол тауып, жанын қатерге тіге отырып, бір қауым елді, бала-шағаны асырап-сақтау үшін күн-түн демей, дамылсыз еңбек етеді. Елдің қолында қалған тері-терсек, қол-құлақтарындағы білезік, сақина-сырғаларын, әшекей бұйымдарын Семейге апарып өткізіп, айырбастап, әлгі дүниелерге тамақ, киім-кешек алып, ауылдас­тарына тасып отырған. Ондай адамдарды бақалшы десе керек. Бірақ, іс-әрекеті, пейіл-пиғылы адал, қолдағы барды ұқсатып, елді ашаршылықтың құрсауынан алып шығуды ғана ойлаған. 1933 жылы Қазақстан билігі ауысып, билікке Мирзоян келгенде ел оны «Мырзажан» атап кетеді. Себебі, әбден аштықтан есеңгіреп қалған елге азық-түлік таратыла бастайды. Шешеміздің әкесі Жақып ата бірінші болып сол іске араласады.  Күн-түн демей елге азық-түлік таратумен айналысады. Сондай бір қиын-қыстау күндерде ниеті бұзық, ауылдас ағайындардың бірі жол тосып, Исайын Керімханов деген кісімен қоса, нағашы атам Жақып Бибабаұлын қастандықпен өлтіріп, кіре тартып жүрген аттарын алып кетеді. Артынша олар ұсталып, жазаларын алса керек...
Міне, сол күндерден бастап, 4 жаста жетім қалған шешем – Күлзаданың тауқыметті тірлігі басталады. Бірінен кейін бірі келген зобалаң – 1937-1938 жылдардағы репрессия, 1941-1945 жылғы Отан соғысы жылдарының ауыртпашылығы елде қалған тағы да кәрі-құртаң мен шиеттей жас өскіндерді иығына артып еді. Жасынан еңбекпен көз ашқан шешем жұмыстың ең ауырын істеп, өзінен кейінгі сіңлі-бауырларын шешесімен қоса асыраған. Соғыс жылдарында тылдағы еңбекте тынымсыз еңбек етіп, бейбіт күнде Соғыс ардагерлерімен теңестірілді. Сондай бір кезеңдерде туған бауыры Зәрубай нағашым: «Әкем де – тәтем, тәтем де – тәтем» дейтіні сол болса керек.
Ауыр күндерді көзімен көрген үлкендер: «Күлзада ер-азаматтың істегенінен артық еңбек істеуші еді. Ол көтерген сырғыны екі жігіт зорға көтеретін...» деп күні бүгінге дейін жыр қылып айтып отырады.
Сондай бір кезеңдерде 1947 жылы менің әкем – Тәңірберген Асанұлымен атасып, шаңырақ көтереді. Өз сөзімен айтар болсақ, «Әкелеріңмен 14 жыл жолдас болдым, бір ауыз сөзге келіп, қабақ шытысқан емеспіз. Әкең қандай ауыр жұмыстан шаршап келсе де, үйге күліп кіруші еді. Шайын іше отырып, домбырасын шертіп, үйді дуылдатып, думандатып отырар еді...» деп сағынышпен өткен күндерін еске алады.
Сөйткен аяулы ата-ана 3 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірді. Үлкені – Бақыт 14 жаста, кішісі – мен екі жаста қалсақ керек. Әкем тұрмыстың ауыр тауқыметін арқалап, 40-тан асар-аспастан қайтыс болыпты. Бала-шаға өсірудің бар міндеті шешеміздің мойнында қалса керек.
Бірінші Алла жар болып, екінші өзінің қажыр-қайратының арқасында біздерді ел қатарлы өсіріп, жұрт қатарына қосты. Бәріміз де жоғары білім алдық.
Ағатайым – Бақыт Тәңірбергенұлы 43 жыл ұстаз болды. Ұрпақ өсірді, еңбегі жанды. ҚР Білім беру ісінің үздігі атанды. Екінші ағам – Бағдат  ғалым-агроном мамандығын алып, ауыл шаруашылығында елеулі еңбек етті. Бас агроном, парторг, кеңшар директоры лауазымдарын абыройлы атқарып, қазір құрметті зейнеткер. Үлкен апайым – Гүлшат Қазақстан Ұлттық кітап палатасының шежіре бөлімінде редактор болып еңбек етіп, Құрметті демалысқа шықты. ҚР мәдениет қайраткері құрметті атағын иеленді. Одан кейінгі апайым – Күлайым жоғары санатты ұстаздық жолда ұрпаққа ізгілік нұрын сеуіп, саналы ғұмырын ағартушылыққа арнады. Құрметті демалысқа шығып, халықтың ықыласына кенеліп отыр. Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері атағын алған даңғайыр ұстаз. Өзім болсам, жоғары санаттағы мұғаліммін. Еңбегім ел тарапынан еленіп, ҚР Білім беру ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері атандым.
Қазіргі таңда сексеннің сеңгірінен  ұрпақтарына, немере-шөберелерінің қызық-қуанышына тәуба айтып отырған әзиз анам жайында бір лебіз – осы.
Келіндерін қыздай, ұлдарын құздай көретін анамды айтып мақтан етемін!

Жан ана, шуағымсың тамған Айдан,
Жан ана, қуатымсың, ерік-күшім.
Айсыз түн жол көрсеткен, болған айнам,
Анашым – шырылдаған серік құсым!

Жеткіздің, мәпеледің, асқақ қылып,
Сол артқан сеніміңді ақтап көрем.
Жамандық атаулыны жасқап тұрып,
Сен айтқан бесік жырын жаттап келем.

Ұлды – Ер, қызды – Арлы бақтың анам,
Сен барда, белгілі ұрпақ сүрінбесі.
Кеудеме үміт-арман жақтың анам,
Лаулаған шабыт-шырақ бүгінгі осы.

Арқаңда атым ірі көпке менің,
Мақтансақ Ананы айтып мақтанайық.
Анашым, бір өзіңсің деп келемін,
«Бір елдің анасы» дер атқа лайық!

Жан анам, аман-есен жүзге жеткін,
Сен – ана, мен – баламын,
                                         көңіл сыры – ем.
Кеудеме бақыт гүлін іздеп ектің,
Сол гүлің солмау үшін – өмір сүрем!

Болат ТӘҢІРБЕРГЕНҰЛЫ,
ҚР Білім беру ісінің үздігі.

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.
СУРЕТТЕ: Күлзада ана немересі Нұртаспен.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 252
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px