«Атымды адам қойған соң...» - Таным - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 07.12.2016

«Атымды адам қойған соң...»
Абайдың «Атымды адам қойған соң, қайтіп надан болайын...»  атты өлең жолдарындағы ойға көңіл бөлсеңіз, ақыл иесінің өзіне ғана һас мүліктей санайтын атауының өзін оған біреу сөзбен белгілеп берген аты екендігі анық көрініп тұр.
Ендігі мәселе – бұл атау қайдан, қашан, қалай, қандай қажеттіліктен туғанын анықтау.  Ол үшін адамзатта бар тіл теориясы мен тіл қорына сүйене отырып, сөздің өзін сөйлету керек.  
«Сөз» дегеніміз – дыбыс, қимыл, іс-әрекет, тербеліс, толқын, себеп. Бар материяның болмысы – қимыл, қозғалыс. «Әріп» – сол дыбысқа мұқым адам баласына ортақ еркін келісім негізінде берілген шартты таңба.  
Мысалы, латын тілінде қос сөзден тұратын «адам» терминіндегі алғы түбір сөз «ad» – «ұқсастық» ұғымын береді. Ұқсату үшін әр нәрсенің ретін тану, әр істің өлшеуін білер, бар сөздің орнын тауып қиыннан қиыстырар, ақылмен біліп, көзбен көріп, жүрекпен сезер  кемел келісімді шеберлік қажеттілігін қазақтың: «Дауды шешен шешпейді, шебер шешеді» деген дайыр сөзі байқатады.
Ғалымдардың айтуы бойынша адам сөзіндегі «ad» түбіріндегі «а» дыбысы «келісім» мағынасын берсе, «d» жұрнағы бірінші «а» түбірдегі көзделген қимылдың нәтижесін береді: «Келіс». Этрускаларда «aд» таңбасы «болу, бар» ұғымы. Сонда «адам» сөзінде –  «келісімшіл, бітімгер». Қазақтың «ады» сөзі «текті» ұғымын берсе, «текті» терминінде «тура өзі емес, ұқсас» деген мағына тұр.
«Ада» – орындау, бітіру. Адақ – соңғы. А+дақ. А – келісім. Дақ – ой. «Йад» – жад, естелік. Madr. Мадияр. Адару – қормал, адал. Скандинавтік эпостарда пайданылған «аðаl», «еðеl» сөздері – текті, игі – жақсы. Түркінің көне сөзі «адыр» – айыра білу деген ұғым: танып білу, ажырату, анықтау; сырын ұғу, түсіну. Түсіну, ұғу адамға тән болғандықтан, «адыр»-дағы «ад» – адам, кісі деген мағына болса, «ыр» – рас, шын ұғымы. «Ыр/ар» – «ары» – адам. «Арқа» – ұрпақ, тайпа, ру. Араб тіліндегі «Акабир» – жасы үлкендер, белді адамдар.  
Қазақтың билер жүйесінде бала би және төбе бимен қатар, «Ара би»  дәрежесі бізге  «адамшылық қасиет, намыс, ұят» деп қарастырып жүрген  «Ар» ұғымына белгі болған «Ар» бөрлі сөзі адам баласының жер бетіндегі өмірінің мән-мақсатын анықтайтын негізді білдіреді.
«Ар» дегеніміз – Ақиқат: табиғат пен қоғамдағы санадан тыс және одан тәуелсіз өмір сүретін заттар мен құбылыстардың адам танымының тәжірибеде тексерілген анық бейнесі. Туралық, шындық, даусыз, дәл, айқын анық. «Ара» – іздеу, іздеу салушы, іздеуші. «Ара ағайын» –   реттеуші, үйлестіруші. «Ар»– рас, анық, шын. Қазақтың «Малым – жанымның садақасы, жаным – арымның садақасы» деген өмір сүру формуласындағы «ар» – шын, рас, анық, ақиқат. «Ар» – сөзде атқарылатын қызметті нұсқаушы, мына  «Ар-ұят»  тіркесінде «ар» шындық  «ұят» сөзінің атқаратын қызметін растайды.
Қазақта «ұят» сөзінің айтылуы «ұйат». Якут тілінде «ыйыт», чуваш тілінде «ыйт» қазақтағы «сұрау» ұғымында қолданылады. Жетісу қазақтарында «сұрау» сөзін «ел билеу» ұғымы ретінде жұмсаған. Қазақтың «Судың да сұрауы бар» дегені – адам өзіне берілген өмір үшін жауапты. Су – тіршілік көзі және ақпарат сақтаушы зат, құбылыс. Абайдың сөзі бойынша адамның өз бойындағы адамшылығы – ұят. Сөгіс қылу. Сөгіс – қатені түзету үшін кінәлап, бетке айтылатын ауыр сөз. «Сөгін» – өзін-өзі іштей кінәлау. «Өлімнен ұят күшті». «Ұят кімде болса – иман сонда». Ұят – иманның бір мүшесі, шыққан тегі: рет, жөн, өлшем, шек.
Алға жетелер дүние – ой. Мал ортақ емес, ой – ортақ. «Ар мен ұят ойланбай, тән асырап, Ертеңі жоқ, бүгінгіге болған құмар». Арын төкті, жер болды, ұятқа қалды. Бұрынғы түркіде «ар-ұят» ұғымы «ир» пішінінде таңбаланған. Ұяттың алды-арты біреу-ақ, ол – ой.  Көне ағылшын тілінде «йот»  сөзі сот деген ұғымды білдіреді. «Йётап» – соттау, ойлау. Окскі тілінде «tangino» – ой, ес. Тәңір. Ой соты: өзінен-өзі жауап алуы, өз пиғылын, қылығын шындық тезіне салуы, нәпсіні жеңуі, шындыққа жету, іздеу, табу. Сот – шындық, ақиқат. Адамшылық соты – шындық. Ар – шын. «Аршындау»  жоғары көтерілу, биік. Шын. Шындық. Шығыс. Күншығыс. Қазақта «күн» дегеніміз «адам» ұғымы ретінде жүрген. Абайдың бірінші қара сөзінде бар емес пе: «Ғылым бағу? Жоқ, ғылым бағарға да ғылым сөзін сөйлесер адам жоқ. Білгеніңді кімге үйретерсің, білмегеніңді кімнен сұрарсың? Елсіз- күнсізде кездемені жайып салып, қолына кезін алып отырғанның не пайдасы бар? Мұңдасып шер тарқатысар кісі болмаған соң, ғылым өзі – бір тез қартайтатұғын күйік». Абайдың «Елсіз-күнсізде» деуі – ой бөлісерлік адам жоқтығы. «Сөзімді ұғар Елім жоқ» дегені де ел-жұртпен адам арасындағы қарым-қатынастың үзілуі  туралы.  «Күнге табынушы» деген пікір «күн» сөзінің сүйегін, төркін-тегін, бой-сойын ұмытқаннан туған. «Күн» – адам, шын. Күндес. Дес. «desoí» оңға зат есімнен «des-sel» «оң бағыт», дәстүрге сай «орайлы бағыт»,  орыста – «посолонь», күн бағытымен шығыстан – батысқа.  Заңның аты – заң. Саңырау құрдың өзі таң бозында күншығысқа  басын бұрып, күнге мадақ айтып, ән салып, би билейді: «Көрүгмә күн теңрі, сіз біз-ні көз эдің». Көріп тұрған Күн тәңірі бізді сақтай гөр», – деп бата тілейді.
Көне славянда «десна» – оң қол. Абай: «Өзім де басқа шауып, төске өрледім, Қазақта қара сөзге дес бермедім. Еңбегіңді білерлік еш адам жоқ, Түбінде тыныш жүргенді теріс көрмедім». Абай сияқты сөзге де, әдет-ғұрыпқа да, ғылымға да жүйрік адамның айтқаны оң болған.
«Күн» сөзінің бұрынғы бір фонетикалық пішіні – «Ғұн/ ғын». «Арғын» атауы әріден, Аттилла бері аталады. Арғұн – «нағыз адам», Абай айтқан толық адам. Уинстон Черчилль екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі жазған екі  хатында алмания халқын һұн деп атайды да, бұл атауды жақша ішіне алмаған, мүмкін ол Европаны ертеде қоныс еткен халықтың бәрі Азиядан шыққанын ескерген шығар.
Ғалымдардың пікіріне сай герман тілі грек тіліне қарағанда көне және де грек тіліндегі кейбір сөздер басқа тілден енген, оның бірі – «элегия» термині. Өнердегі жанр – елегзу, аңсау, сағыну. Тағы бір сөз «номад – далалық дейді, түбі «нем» – айырушы.  «Этрускілердің» өз аты – «rasenna», «Raçna, Raçne – Ara Şin ‘i. Мағынасы: «Ақиқатты, анықты, расты іздеуші, айырушы, ара ағайын».         
Ұрымдық ағайынның ел-атауы Абайдың: «Алланың өзі де рас, сөзі де рас, Рас сөз ешуақытта жалған болмас» ойына сай. Рас – анықты іздеуші. Ара ағайын. Ара би. Хан бимен кеңесіп жарлық қылса, ара би хан мен би арасындағы дауды қараған. Мемлекеттік тәрбие: тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесі. «Arani» – от табушы ағаш. «Ar» – реттеу, орнына қою, ыңғайына келтіру, ебін табу. Ар – аман-есен, саламат, сау. «Жасық пышақ өтпейді жанысаң да, Жаман ар ма демейді таныса да...». «Қара қылды қақ жарған» – шындықты анықтаушы, іздеуші. Абхаз тілінде «ar» – еркек, әскер деген ұғымдар мен «кеңес» мағынасы бар. Кеңесу – адам баласы кеңістікте өмір сүрген соң өрісі өсу үшін ел-жұртпен кеңесуі қажет. Кең болсаң, кем болмайсың.
Қазақтың белгілі сөзі: «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би». «Түгел» кірігіп кеткен екі сөзден тұрады. «Түк»+«ел». Шағатай тілінде «Түк» – ашын, рас, анық, ақиқат. Қазақта адам ұғымын білдіретін «Ел-күн»  сөзі  барын айтқан едік, мына «Ел» сөзі – шын, рас, ақиқат. Абайдың: «Лай суға май бітпес, қой өткенге, Күлеміз қасқыр жалап, дәметкенге. Сол қасқырша алақтап, түк таппадым, Көңілдің жайлауынан ел кеткен бе?» сөзіндегі «Түк» – шынның жоқтығы, «Ел» – ашын, рас.
«Майқы би» тек қана бір адамның есімімен шектелмейді, бұл сөздің шығу тегі, нәті – терең. Әр адамда анасы болғандықтан,  қытайлықтар «ана» және «адам» деген  екі иероглифтен мағынасы «әркім» деген бір иероглиф құраған, оның айтылуы – «Май». «Мay, mejie, meie» –  қолдан келу, «mei» – бірге. «Би» термині айтылымы «бій» – өмір, қан, ауыл. Сонда «Майқы би» дегеніміз – әр адамнан, әркімнен түзілген адамзат, адам. «Бір» – шартты түрде алынған жаратылыс заңы, ақиқат.  «Май» – ән, сөз, көз жасы, су, өзен, ой. «Би» (етістік) – көріну, болу, барлық, ғұмыр, ақиқат. Би – өмір, су, от, жаратушы, сый. Ханты тілінде «Сый» – дыбыс. Чаадаев құдайды «Сый» деп таныған. Қырғызда «сыймық» – бақыт құсы. «Сыйын» – Құдайға құлшылық ету. Сый – Жаратушы.  «Әуел бастан сыйындым бір өзіңе Патша Құдай». Абай сөзі.
«Манас» эпосында адам рухы, бой-болмысы, ділі, діні, тілі, сөзі бүкіл жаратылыспен бір мезетте жасалған, бар дыбыс, жарық, от, су, жел алпыс екі тамырында, сүйекте екендігі кемел, көркем сипатталған.    
Құранда да «адамды әуенді саздан жараттық» деген сөз – ұғым-метафора арқылы адамның жаратылыспен бір, бүтін екендігін білдіретін ғылыми дерек. Інжілде «Құдай Адам ата мен Хауа ананы жерге жөнелтерде тері, былғарыдан киім кигізді» деген бейнелі сөз арқылы адам баласының көзге көрінер, білінер материялық ахуалға ауысуын суреттеген. Інжілдегі: «Бірінші сөз болды. Сөз Құдайда болды. Сөз – Құдай» дегені – дыбыс, қозғалыс, тербеліс. Інжілдегі «сөз» лексикалық бірлік ретінде қарастырылуға жатпайды. Бұл «сөз» – жұмбақтың шешуі – жаратылыс заңында.  Абайдың: «Мен бір жұмбақ адамы» – ғалами ғылымда –  «жұмбақ» – ғаламның сөздік бейнесі.
Қазіргі лигнвистика ғылымында ұқсатуды, еліктеуді, үлгі алуды гректің «парадигма» деген сөзімен ұштастыруда. Парадигманың қазақы мағынасы – ұқсату, аумаған. Аума – тап өзі, айнымаған, тартқан. Бірақ, нақ өзі емес. Ұқсас – сәйкес, бейнелес, тәріздес. Қазақта «ұқсас» сөзімен бір мағыналы сөздер мыналар: «секілді», «тәріздес», «іспетті», «сияқты».
Қытайда бір иероглифтен тұратын «би» сөзі – қатарластырушы, салыстырушы. Сол сияқты Ли сөзі де сәйкестікті, үйлесімдікті білдіреді. Литература сөзінде Littera – сәйкес, үндес, үйлес сөздерді теру, байлау; бір-біріне лайық. Ағылшын тілінде like – ұқсастық, лайық;  затына аты, заты сай атау, пішін, заң. Теңдік – қандай да бір келісім түрі.
«Ұқсастық» ұғымы бар сөздер латын тілінен өзге тілдерде барлығы «ұқсас, ұса» мағына жалпы адамзаттық мәдениетке тән екенін айғақтайды. Қытай тіліндегі «an» сөзі – сәйкес, лайықты, үйлесімді, келісімді. Шағатай тілінде «мананд» – ұқсас. Ман+анд. Тең. «Тең азамат – анда, Текті ауыл – құда»  «Андар» – жолдас, дос.  Көне араб тілінде «Ка» көмекші сөзі «сияқты, секілді, тәрізді, ұқсас, «-дай, -дей» ұғымына сай келетіні бізге «Қазан» терминінің мән-мағынасын ашуға тірек болмақ. «Қазан» – ыдыс, пішіні ғалам бейнесіне ұқсас. Сол сияқты адамды да «сауыт», «ыдыс» деп ұққан, яғни, жан, рух сауыты. Жүрек – ақыл сауыты, мінез – ақыл сауыты. Тіл білгірі Н.Маррдың зерттеуі бойынша: «Қаз, сақ, көш, құс,  ғыз» – адам деген сөз. Қазақ «аққа құдай жақ» десе, «ақ» – адам, әркім, қазақ дегенің – шыншыл, ақ адам, аспан ұлы болып шықпай ма? Қазақ та адам баласы ғой.
Ұқсату үшін ұғу қажет. Ұқсас. Ұқса. Ұқс. Ұқ.  Екеуінің де түбірі – «ұқ» – ғылым. Түркі тілінде «ұқ» дегеніміз – түсіну, бағыну, мойынұсыну, ұқсау, соның соңында болу, оның өзі адамға өзіндік ғылым береді.
Абай айтқандай, «Алла Тағала адам баласынан махшарда сұрау алатұғын» себебі, адам –  ақыл иесі, ғадаләт ісінің алды-артын байқарлық білімі және бар, өз еркі өзінде, бостан жан. Алла сотының алдында адал болу амалы: мына дүниеде тура жолдан адаспау, алданбау, өзгені өзіңмен тең санау. Көне ирланд елінде тең адамдар тобын «aes dana» деп атаған, тура мәні: «дарын дарыған адамдар», ол топқа ақын мен сотты қосыпты. Ирланд халқының ой-өнегесімен Абай ойы үйлеседі: «Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы, Ол – ақынның білімсіз бишарасы». Ақынға білім қажет. Әр сөзді орнымен, ретімен қондыру, қиыннан қиыстырып, қызықты жеткізу. Білімсіз – бейшара, былғаныш. Билікке де ғылымсыз болмайтындығы жайлы айтқан тағы да Абай. Ғылым – Алланың сегіз сипатының бірі болса, сол сипатты Жаратушы адамға өз халінше бар қылып жаратқандықтан, ақыл үйренуге талпыну – ғалами ғылымға ұмтылған ынталы жүрек ісі.
Ендігі жерде ойлап қарасаңыз, адамның ғалым болмасқа амалы жоқ: «Атымды адам қойған соң, қайтіп надан болайын...».


Марат АЗБАНБАЕВ,
Қарағанды облыстық сотының судьясы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 238
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px