Қазыналы қариялардың ұлағатты ұрпақтары - Таным - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 10.12.2016

Қазыналы  қариялардың  ұлағатты ұрпақтары
Бәрімізге белгілі, дана халқымыз саналы ғұмырында туған жеріне, елге жақсылық жасап, артына айтарлықтай із қалдырсам-ау деп армандайды. Сондай жандардың бірі, Ұлы Отан соғысының ардагері ауданымыздың  ақылгөй ақсақалы, кезінде білімді білгір басшы болған, талайды тәрбиелеп тәлімгерлік танытып, ұрпақтарының білім алып, өсіп өнуіне қамқоршы болған, бүгінде мәңгілік мекеніне тұрақтаған бүгінгі жолдардың басты кейіпкері Жамантай Темірбекұлы ақсақалдың отбасы туралы жерлестеріме жеткізуді жөн санадым.
Ол кісі 1919 жылы нұрлы Нұра өзенінің бойында дүниеге келіп, қазақ ұлтының тайқы маңдайына шоқпар болып тиген жиырмасыншы ғасырдың өшпес қасіреттерін жүрек сүзгісінен өткізген сол кездегі азаматтардың бірі. 1939 жылы әскер қатарына алынып, 1941 жылдың маусым айының аяғына қарай, қан майданның алғы шебінен бір-ақ шығады. Ит тұмсығы батпайтын Брянск орманында сұрапыл соғысқа қатысып, әрі қарай соғысты тарихта аты қалған Курск иініндегі алапат шайқастардың ден ортасында болып, алған жарақаты салдарынан ес-түссіз қалып, дала госпиталіне түседі. Ұлы Отан соғысында жанқиярлық көрсеткен ерліктері мен Жәмкеңнің омырауына таққан ордендері мен медальдары бір сержанттың бойына жетерліктей екенін ақпарат құралдарында бұрын жарияланған болатын. Не керек, 1947 жылы Жәмкең жездей ауыр жарақаттан кейін  елге аман-есен оралып, ауылдың соғыстан кейінгі еңсесін тезірек тіктеуіне іскер ұйымдастыру қабілетімен, жалынды сөзімен халқына қалтқысыз қызмет көрсетеді. Аудан көлемінде бірталай лауазымды қызметтерді атқарып, аудандық партия комитетінің екінші хатшысына дейін көтеріліп, қажырлы еңбек атқарады.
Жәмкең 1948 жылы Күлбибі апамызбен отбасын құрады.
Күлбибі апай 1948 жылдан 1986 жылдары аудан өңіріндегі мектептерде кейіннен аудан орталығындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебінде бастауыш сыныптың мұғалімі болып, сол жерден зейнеткерлікке  шығады. Апай бірнеше дүркін республиканың, облыстың және ауданның білім орындарының Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарымен марапатталған. «Қазақ КСР ағарту ісінің озық қызметкері». Отбасында дүниеге 8 перзент әкеліп, «Алтын алқа» алқасымен марапатталған. Күлбибі апай кенже баласы Нұрбек пен келіні Айнагүлдің қолында. Бүгінгі күні 90 жасқа келіп, Гүлім, Нұрбол, Нұртілеу атты немерелерінің сүйікті әжесі атанып, жаймашуақ, мамыражай өмір кешуде.
Әрі қарай сөз желісін Жәмкең мен апайдың ұрпақтарына бағыттасам. Отбасындағы үлкені Төлбасы, одан кейін Мара, Бақыткүл, Майра, Жаңыл өмірге келген. Олардың соңынан Өмірбек сынды азамат ереді. Өмірбектің қарындасы Мая және інісі Нұрбектерде іле-шала өмірдің есігін ашады. Қарияларымыздың барша балалары жоғары дәрежелі  білімдері бар, үйлі-баранды. Астана, Ақтау, Қарағанды, Сәтбаев қалаларында әр түрлі салада қызметтер атқарып, еліне еңбек етіп жатқан жайлары бар.
Ауданымыздың Абай атындағы көшесіндегі №19 үйде Жәмкеңнің Өмірбегі мен келін Үмітжанның отбасы да, тектіден тараған абыройсыз қалмас дегендей бүгінгі күні заманының талабына сай сәнді де мәнді тұрмыс-тіршіліктерін бастарынан өткізуде.
Өмірбек жоғары білім алғаннан соң біраз жылдар аудан орталығындағы кәсіптік-техникалық училищесінде, одан кейін ауданның ішкі істер мекемесінде жауапты қызмет атқарып, майор шенінде зейнеткерлікке шықаннан кейін аудандық агротехникалық колледжінде мұғалім болып жемісті еңбек етуде. Жұбайы Үмітжан болса көп жылдар бойы осы оқу орнының директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарады.
Өмірбектің отбасында төрт перзент өсіп, өніп әр салада қызмет атқаруда. Үлкені – Ләззат 2005 жылы Қарағанды мемлекеттік университетін қызыл дипломға бітірген, мамандығы экономист-бухгалтер. Екінші баласы Гүлзат та осы университетті қызыл дипломмен тәмамдап, қазір аудандық сотта бас маман болып қызмет атқарады. Айжанаттың мамандығы заңгер, Қарағанды политехникалық университетін қызыл дипломмен бітірген, Қарағанды қаласында Халыққа қызмет көрсету орталығында қызмет істейді.
Отбасының кенжесі Жамантаев Бекжан Өмірбекұлы Ж.Ақылбаев атындағы тірек мектеп - гимназиясының түлегі. Мектеп бітірушілердің білім сынағы – Ұлттық бірыңғай тестілеуде осы жылдың 5 маусым күні 11 жыл бойы жинаған білімін, ұстаздардың еңбегі мен ата-ананың үмітін ақтап 121 балл алып, «Алтын белгі» иеленіп туған-туыстарын қуантты.
Бұл жерде айта кету керек «үйдің жақсысы ағашынан, жігіттің жақсысы нағашысынан» дегендей Бекжанның нағашы атасы ортаға белгілі, өте сыйлы, замандас, дос-жарандарынан оқ бойы озық тұратын Нестай ағамыз бен Зәуре жеңгемізден тәлім-тәрбие алған Үмітжан қызымыз да кезінде Ы.Алтынсарин атындағы он жылдық мектепті «Алтын белгімен» тәмамдаған-ды. Міне, сол үрдіс-бастама балаларына да дарыды десем, артық айтпағаным.
Зер салып қарасақ аудан көлемінде талай жастарды тәрбиелеп, еңбек етуге, өмірге бағытталған Жәмкең мен Күлбибі апамыздың ерен еңбектері зая кетпеген екен. Балалары мен немерелерінің баршасы да жоғары білім алып, отбасын құрып, қажырлы еңбек атқарып, еліміздің дамуына өздерінің сүбелі үлестерін қосуда.
Биылғы мектеп бітірушілердің ҰБТ-дан сынақ өткен оқушылардың көрсеткіштері көңіл қуантарлықтай деңгейде болғаны біріншіден, мұғалімдердің, одан соң ата-аналардың сапалы жүргізілген тәрбиелері мен жұмыстарының нәтижесі деп бағалаймыз.
Аудан бойынша бес үміткер «Алтын белгі» иегерлері атанды. Солардың ішінен ең жоғары 121 балл жинаған Ж.Ақылбаев атындағы мектеп-гимназиясының түлегі Бекжан Жамантаев. Бұл көрсеткіш білім саласында ҰБТ қолданысқа кіргеннен бастап, биылғы жылға дейін аудан көлемінде болмаған баға.
«Көп тілеуі, көл дейді» дана халқымыз, сүйікті жиенім Бекжан Тәуелсіз еліміздің алдыңғы қатарлы абыройлы азаматы болып қалыптасуына ақ жол тілеймін!
Ғұламалардың, «әрбір адам өмір бойы оқуға, жаңа білім мен ғылым биіктеріне жете беруге жалықпай еңбек етуге талпын» деген қағидатты сөзін Бекжан есте ұста.
Сөз соңында, өткен ғасырдың кеңес заманының ауыртпашылығы мен қиындықтарын бастан кешкен қазыналы қарияларымыз Жамантай жездеміз бен Күлбибі апамыздың салып берген сара жолдарымен, ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып жатқан бүгінгі күннің ұлағатты ұрпақтары ел ортасында өсіп, өркендеп ауылдың сыйлы азаматтары атанып, үлгілі отбасының бірі ретінде Өмірбек пен Үмітжанға тілейтініміз балапандарыңның қуаныштары мен шуақты күндері молынан болсын. Бекжанның шыққан тауы биік болып, келешегі кемел, ғұмыры ұзақ болсын!


Боранбай ЖҰМКЕҰЛЫ,
Шет ауданының   Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 493
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1095
count 88x31px