Бақиға қимас қайран дос! - Таным - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 07.12.2016

Бақиға қимас қайран дос!
«Сағыныш толы
     Кеудені кернеп жыр-көшкін,
Достықтың келді
       сазына әнмен үн қосқым.
Өтермін мынау
          өлшеулі ғана тірліктен,
Биіктен сайлап, орынын адал,
                              шын достың».
Иә,  өмір өрінің соқтықпалы-соқпақсыз сілемінде  бірге жүрген Ерлан досымызды еске түсіріп, көңілімізге қаяу, жанымызға мұң ұялатқан ән шумағы еді – бұл.
«Тумақ – хақ, өлмек – хақ» екендігін пенделерге сезіндіріп, «мына дүниенің қызығына кенелмеді-ау» деп өкіндіріп, сарала сағымға айналған, сартап сағынышқа бөлеп, мәңгілік мекеннен жай тапқан қимас жандар бар. Жасындай ғұмыры жарқ етіп өткен осындай асыл азамат – Ерлан Игілікұлы Омаров адами болмысымен, достарына адалдығымен жан-жағына қадірлі болған  досымыз еді. Досымыздың қауырсын-ғұмыры көк жүзіне қалықтап кеткелі жыл жуықтап қалыпты. Зырылдаған уақыт! Зырғып өткен өмір!
Ерлан досымыз төрт түлігін түлеткен, түгі өскен Түгіскен топырағынан қанаттанған абзал азаматтардың бірегейі еді. Біз, 86-ның түлектері, туған жер топырағында бірге түлеп, бірге өрлеп, балдырған балалық шақтың, жалынды жастық жылдардың бақытты сәттерін бірге бөліскен,  татулығы жарасқан достар едік. Ұйымшылдығымыз, ұйым-бірлігіміз – шүкірлік. Досқа деген дархан пейілді досымыз Ерлан сол бірлігіміздің ұйытқысы еді. Бас қосқан думанды кештеріміздің көркі болатын. Амал не, қара ормандай қатарымыз ойсырап, Ерландай досымыздан тағдыр жазуымен көз жазып қалдық. Алланың ісіне не шара?!
Мектепте жақсы оқыған  досымыз сегізінші кластан кейін аудан орталығындағы СПТУ-да оқыды. Қатарынан озық  болды. Арман-қиялын талап-тілегімен ұштастырып, Алматы қаласындағы политехникалық институттың студенті атанды. Қай жерде жүрсе де, бірге оқыған, бірге жүрген достарынан ажыраған емес.
Ер-азаматтық тұлғасымен танылған Ерлан әскери саладағы қызметін адал атқарып, іскерлігімен, қызметіне деген кәсіби шеберлігімен дараланды.  Спортта да өзінің салған сара жолы болды. Спорт  шебері атанды. Қай салаға түрен салса да, жан-жақтылығын танытты.
Әуелеген әні қандай еді, сыпайы мінезді сәні қандай еді?!  Өнер көгінде ерек даусымен елімізге танымал Игілік әкесінің ән құдіреті қонған ұланы Ерлан болатын.  Дәстүрлі әнді нақышына келтіре орындайтын. Амал нешік, «қазақ өнерінің бір дарыны жанбай жатып сөнді-ау» деген өкініш кернейді өзекті. Досымыздың  дара дауысы, әуезді үні қайтқан құстың әуенімен алыстап кете барғандай...      
Туған-туыстарының, бауырларының, қызметтестерінің  сый-құрметіне бөленген  Ерлан біздің арамызда да дос қадірін білетін, орны бөлек азаматтың бірі еді. Қашан көрсең  жүзі нұрланып, көзі күлімдеп, жымия қауышатын досымыздың кең құшағын қалай аңсамасқа?! Қалай сағынбасқа?!
Жарқын ғұмырын жұртына арнаған азамат отбасының тірегі, балаларының арқасүйері, зайыбының серігі, шаңырағының көрігі болатын. Балалығымыз, жастығымыз бірге өтті, енді, балаларымыздың қызығын бірге көрсек деп жүргенде, ақ қанат арманын арқалап кете барды.
«Өлместі Құдай жаратпайды, сынбасты, тозбасты ұста соқпайды» дейді дана халқымыз.  Алла бұйрығы, тағдыр талайы!...
«Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы...» деген пайым осы болар, бәлкім! Досымыздың артында жақсы аты, берекелі отбасы қалды. Аруана анасы, аяулы жары, бауыр еті балалары, бір ұялас  бауырлары, жан достары  барда  досымыздың  өмір көші жалғасады.
Қуаныш-қайғысымен, мұң-сырымен өрілген өмір соқпағында  саналы  ғұмыр кешкен  Ерлан Игілікұлының жарқын болмысы, нұрлы бейнесі мәңгілік есте жаңғырады.
«Толтырар  бірге
       көңілдің отын достарым,
Қатемді түзеп,
       жол тапсам дұрыс қостадың.
Қиналған шақта
         бөлісіп жүрек жылуын,
Жүріңдер, сендер қолтықтан
                    демеп, достарым!»
Иә, өлшеулі дем бітерін сезгенде осы бір шумақ ойыңа оралып, достарыңа, отбасыңа, жан-жарыңа, боталарыңа қарайласып жүруді жанарыңмен ұқтырғың келді ме екен?! Біз отбасыңмен біргеміз! Достық жылуымыз сөнбейді. Досқа адалдық – рухқа адалдық! Көзден кетсең де, көңілдесің, қайран дос!
Жаратқан Иеміз отбасыңа, анаңа, бауырларыңа амандық, денсаулық, ұзақ ғұмыр жазсын деп тілейміз.

Еске алушылар: Түгіскендік достары.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 397
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px