Бала деп соққан жүрегі... - Таным - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Бала деп соққан жүрегі...
Рауан ҚАБИДОЛДИН,
«Орталық Қазақстан»

«Өмірімнің отыз төрт жылын ұстаздыққа арнадым...» деп бастады әңгімесін. Ойланып қалдым. Жасы жиырма алтыдан енді асқан өзімді бейне бір ұлы хәкімнің алдында отырғандай елестеттім. Расымен солай ғой. Бұл кісінің адамгершілігі мен аналық кең жүрегі, талай шәкірт түлеткен ұстаздығы жайлы бұрыннан естуші едім. Ақыры іздеп бардым. Екі тілді еркін меңгеріп (орыс, қазақ), екі бірдей халықтың бар әдеби мұрасын бойына сіңірген мұғаліммен таныс болыңыз, есімі Нұргүл Көшкімбайқызы ӘБІЛДИНА.

Шет ауданының Қайрақты кентінде дүниеге келіп, Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-ды аяқтаған жас маман еңбек жолын 1982 жылы Ақсу-Аюлы ауылындағы Ы.Алтынсарин атындағы мектепте орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі болып бастайды. Бірден бұл жолды неге таңдағанын сұрадым. Сөйтсем, әңгімені әріден бастаған кейіпкерім әулетімен ұстаз болып шықты. Әкесі Көшкінбай Әбілдин заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтен дәріс алған, он бес жыл бойы Шет ауданында аудандық оқу бөлімін басқарған қазақ тілі пәнінің мұғалімі болған болса, шешесі Мағжан Біләлова Баянауылға аты шыққан Біләл молданың (хазірет) немересі. Ұзақ жыл орыс тілі пәнінен сабақ берген. Талантын танып, тегіне үңілдік. Әкенің қанымен, шешенің сүтімен келген қасиеттен қайда қашып құтылсын? Құтылмады.
Құтылмағаны былай тұрсын, аудан орталығында сегіз жыл серпінді еңбек еткен Нұргүл Көшкімбайқызы 1990 жылы Қарағанды қаласына қоныс аударып, №86 мектепке қызметке орналасады. Онымен қоса, орыс тілімен тоқталмай, білімін жетілдіріп, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын да игерді. Сөйтіп, бүгінгі күні төрт пәннен де сабақ беріп келеді.
Мектеп қабырғасынан ұзағаныңа қанша жыл болмасын, үнемі араласып, сағынысып, сыр ақтарысып тұратын бір ұстазың болады. Нұргүл Әбілдинаны сондай ұстаздардың қатарына қояр едім. Сыныбындағы түрлі естелік суреттер мен жазылған хаттар соның дәлелі. Оқушылары – олимпиада, конкурс, сайыс, байқау жүлдегерлері. Өзі де 2011 жылы «Жыл мұғалімі» байқауына қатысып, жүлдегер атанды. Өткен жылы «Жылдың ең үздік сабағы» аталымы бойынша қалалық білім бөлімінің мақтау қағазымен марапатталды. Жоғары санатты мұғалім көп жылдық еңбегі үшін облыстық білім басқармасы мен қалалық білім бөлімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. 2015-2016 оқу жылының қазан айында «11 сынып оқушыларын ҰБТ-ға дайындау ерекшеліктері» тақырыбында қазақ тілінің мұғалімдеріне арналған қалалық семинар да өткізді.
Болмысынан сыпайы, тумысынан текті ұстаз үнемі өзіне сын көзбен қарайды. Тіпті, «көшеде көлік болмаса да, бағдаршамда қызыл жанып тұрғанда жолдан өтпеймін. Ұстаз әрдайым оқушыға үлгі бола білу керек. Олар менің айтқанымды ғана емес, істеген ісімді де қайталайтынын білемін. Ал, сабақ беру кезінде шәкірттерім мені тез қабылдау, тез түсіну үшін барынша шынайы болуға тырысамын. Ең таза жүрек – балаларда. Жалған айтқаныңды олар бірден сезеді. Олар әрқашан әділдік іздейді. Соларға қарап мен де шындықтың ауылын іздеген адаммын» дейді. Өмірі өнегеге айналған деген осы болар.
Кітап оқитын жастардың азайып бара жатқанына кейіген ұстаз мінді баладан іздеуден аулақ. «Бала күнімде ата-анамыз «кітап оқы» деп айтпайтын. Өздері оқитын. Оларға қарап біз де оқыдық» дейді сөз арасында. Кітап оқуды жанына серік еткені соншалық, кейінгі кезде аударма әлеміне де жол салып жүрген жайы бар екен. Шындықты іздеп, Шыңғыстаудың шайыры Абайға жолықты. Сөйтіп, ақын өлеңдерін орыс тіліне тәржімалай бастады.
Ел келешегіне немқұрайлы қарамайтын адаммен әңгімелесудің өзі бір ғанибет. Еңселі ұстаздың еңбегіне жеміс тілеп, мектептен ұзай бердім. Ұзаған сайын мектеппен бірге лүпілдеген алып жүректің соғысын сезінгендей болдым. Бала деп соққан жүрегі...

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 436
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px