Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 17.06.2019
Балалар базарлығы – «Балауса» лагері
Нілді аулының Сәкен орта мектебі жанынан «Балауса» сауықтыру лагері ашылғалы көп бола қойған жоқ. Әрі кетсе, үш-төрт жылдың жүзі болды. Ауылдағы азын-аулақ баланың аң­сарын алып, көңілін аулауға жарап-ақ тұр. 
Алғашында «тоғыз айда таң сәріден көретіні осы мектеп, қызыға қоймас балалар» деген ойдың жетегінде жүргеніміз де жасырын емес-ті. Олай болмай шықты. Керісінше, күннен-күнге арта түсті келермендер саны. Аз ғана уақыт ішінде «Балауса» лагері бүлдіршіндердің қимас қонысы, құтты мекеніне айналды. 
Аталмыш орында биыл екі маусым бойынша қырық бала дем алды. Әрине, ауылдағы көп балалы отбасылар мен әлеуметтік жағдайы аз қамтылған тұрғындардың балалары болды негізінен. Бір-біріне етене бауыр басып қалған бір ауылдың балалары ғой. Орталары бірден ойын-күлкі, думанға айналып кете барды. Бұндай ойын-сауық түрлерін ұйымдастыруға себепші болған тәрбиешілер Төлеу Қасымова, Қызыл­гүл Күзембаева және Әлия Нұр­маған­овалардың да еңбегін баса айту керек. Балалар жетекшілерінің ұйымдастыруымен бір күндерін ауыл жанындағы саябақ саясында өткізсе, енді бір күндерін Сәкен мұражайын тамашалауға арнады. Таңғы жаттығулары «Қара жорға» биімен көмкеріліп, ұлттық айшық тапты десе болғандай. Сондай-ақ, балаларды өнерге баулу мақсатында, «Жеті лақ», «Қасқыр», «Түймеқыз» сияқты ертегілерден көрініс, «Ақымақ түлкі» атты қуыршақ театрынан қойылым қойылды. 
Бұдан басқа да шахмат, дойбы ойындары балалардың бір мезгіл ермегіне айналды. Ашық-жарқын күлкі, азан-қазан шу мен шадыманға ұласқан лагерь тірлігі бүлдіршіндердің балдай тәтті күндерінің арқауына айналып қала берді.
Кәмшат ҚАСЫМОВА,
Сәкен орта мектебінің тәлімгері.
ШЕТ ауданы.        
 Пікірлер: 0
 Оқылған: 1380
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1287
count 88x31px