Дариға-дәурен - Таным - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Дариға-дәурен
(Бір үзік сыр)
Құлағыма домбыраның күмбірлеген үні қайта-қайта келе береді. Оған әсем сазды әуез қосылып, бір сәтте қара бұлт торлаған аспанды жарып, қайтсем де жерге нұрымды төгем деп ентелеген күн тәрізді бір бейне пайда болады. Бұл бейне бірте-бірте айқындалып, жадырап, жаныңа жақындай түседі. Бірақ, әттең, елес қана. Жаныңды сыздатып, көңіліңді тебірентіп, сағымдай болып ұстатпай кете береді. Сағыныш пен арманға толы бұл елес маған маза бермей қойды. Елеске ой тізбектеліп, ақыры, қолыма қалам алдым.
...Ол кезде Ерлан не екінші, не үшінші сыныпта оқиды. Мектептен келіп, тамағын ішісімен, төрде тұратын әкемнің домбырасын алып, сабалай бастайды. Домбыраны құшақтап  алып,  біресе тұрады, біресе отырады, біресе бірдеме түсінетіндей, тиегін алып қозғап-қозғап  қояды. Даңғыр-дұңғыр, даңғыр-дұңғыр... Мен де ол кезде оқушымын, 4 жастай үлкендігім бар, сосын ұрсамын:  “Тасташы, даңғырлата бермей”, - деп. Кейде домбырасын тартып аламын да, басынан домбырамен бір қойып: “Бар далаға ойна!”, - деп қуып жіберемін. Шіркін, балалық-ай! Сосын ол домбыраны менен тығылып, басқа бөлмеге барып ойнайтын болды. Бір күні құлағымды тіксем, біреу домбыраны әп-әдемі шертіп отыр. Барсам – Ерлан. Ақанның “Балқадишасы”. Әкемнің сүйікті әні еді. Ерлан маған қарап жымиып: “Үйреніп алдым” - деді. Содан домбырадан бір елі ажыраған емес. Дауысы домбырадай сазды, жүрегі назды болатын. Назды деген қыз балаға ғана тән теңеу десеңіз, қателесесіз, Ерланның жүрегі назды еді. Келгенде еркелеп келетін.
Әлі есімде, мен ҚарМУ-де, сіңілім Ғалия кооператив институтында оқимыз. Бір күні Ерлан келіп тұр.Үстінде бозғұлт сұр костюмі бар. Керемет жарасады. “Жаңаарқадағы СПТУ-ды қызылға бітірдім. Алматыдағы политехникалық институтқа жолдама алдым”, - деді жүзі бал-бұл жанып. Ол СПТУ-дың да тарихы бар. Әкем Игілік Түгіскенде мектеп директоры болып жүргенде, мектеп оқушыларын “СПТУ-ға түсіп, ауыл шаруашылығы мамандығын игеріңдер”, - деп үгіттейді. Сонда «Менің балам Ерлан да барады», - деген  ғой. Сөйтіп, Ерлан үлгі боп, мектептің тамаша-тамаша оқушылары  Жаңаарқадағы СПТУ-ға түседі.
Сөйтіп, сол жылы Ерлан Қазақ политехникалық институтының студенті атанды. Бұл оның алғашқы жеңістерінің бірі еді.
Бірде жол түсіп, Алматыға бардым. Алмағайып  90-шы жылдар. Содан інімді әуре қылмайын деп, Мұқан Төлебаев көшесінің бойындағы универсамға іздеп бардым. Себебі, сабақтан бос кезінде дүкенде жұмыс істейді. Ерланды сұрастырып, іздеп жүрмін. Біреу анда дейді, біреу мында дейді. Жан-жағымды барлап қарап тұрсам, бір талдырмаш бойлы жас жігіт арба сүйретіп бара жатыр. Көйлегі малмандай су, денесіне жабысып қалған. Ерланды сұрайыншы деп қасына жүгіріп барсам – Ерлан! Ой, тоба, борша-борша терге малынып, құлшынып жұмыс істеп жүр. «Құдай-ау, мал да бар, жағдай да бар, мұның не?!» демеймін бе жанашырлық танытып... Сонда Ерлан күлімсіреп тұрып “Қайтем, папам мен мамама салмақ салып, үйде үш студентпіз ғой, ештеңе етпейді, түк қиындығы жоқ”, - деді. Содан жолдасы Мұрат екеуі Алматының ең әсем жерлеріне қыдыртып, түнгі Алматыда серуендетті.
Шіркін, Ерлан, еңбексіз бос жүре алмайтын! Спорты өз алдына, өнердің жолында жанын беретін. Бір күні сол Алматыда концертке билет алдық. Ерлан маған: “Мен концертке бара алмаймын,  Мұрат екеуің барыңдар”, - деді. Мен мұңайып: “Қойшы, бірге барайықшы”, - деп  ем, «Менде домбыра оркестрінің дайындығы бар», - деді. Сөйтсем, өзі студент боп жүріп, домбыра үйірмесін жүргізеді екен. “Бір жолы бармай-ақ қойсаң қайтеді? – дедім мен жалынып. «Жоқ, студенттерім күтеді ғой, әрі сол үшін 30 сом төлейді, ұят болады” - деді. Бұл оның жас та болса, жауапкершілігінің молдығын танытып еді.
...Ерланның жайдары жүзі мен асыл бейнесі көз алдымнан мөлдіреп, кететін емес. Сағыныш пен өкініш жүрегімді сыздатып, ойға шомып отырғанымда, радиодан әсем әуен төгіп қоя берді. Ой, Рамазан ғой мынау! Сырға толы мақпал дауыс біресе толқытып, біресе үзілтіп, бойымды шымырлатып, әуелеп барып тоқтады. Тоқтады да тағы да ойға жетеледі.
...Біздің Ерлан әнді жақсы айтушы еді. Бірде қонақта домбырасын шертіп жіберіп: “Жаңа ән үйрендім, «Дариға-дәурен» деген, Рамазан Стамғазиевтың репертуарынан” - деді. Сол жолы Ерланның орындауындағы осы ән құдды Рамазанның өзі орындағандай әсерге бөлеп еді мені.
Ол үнемі ән айтып жүретін. Домбырасын да жанынан бір елі тастамайтын. “Ерлан, осы сен неге әнші болмайсың? Дауысың да тамаша, үлкен сахнада ән айтуға әбден лайықсың”,  - дегенімде, маған күліп: “Мамама әнші болайыншы» деп едім, “Қой қарағым, болмай-ақ қой, маған әкеңнің әншілігі жетеді”, - деді, сосын ол ойымнан қайттым. Қайтем, бәрібір әкемдей әнші бола алмаймын ғой», - деді ағынан жарылып. Әйтсе де, ол әнді тамаша орындайтын. Бірде Ерлан ауылда біраз көсілтіп ән шырқады. Онда әкеміз Игілік те бар еді, 70-тен асып, ауру меңдеген кезі. Бір кезде Ерлан жіберді әнді шырқатып... Осы “Дариға-дәурен”. Бұл ән, шіркін, әні де, сөзі де үндесін тапқан керемет ән ғой. Тыңдаушылардың бәрі ойға батып, ән тыңдап отыр. Әкемнің көзінен бір тамшы жас әннің соңғы иірімімен бірге үзіліп түсті. Иығы дірілдеп отыр екен.  “Папа” - деп қасына барып, құшақтадым. Ерланның әншілік шеберлігі мен әннің құдіретіне сонда бір бас иіп едік.
Ерлан, Ерлан, қайран Ерлан!.. Бүгінде сен жоқсың  арамызда. Сен ірі едің, мәрт едің, романтик едің. Бізбен сенің ғазиз жүрегің, әдемі әндерің, жарқын бейнең, артыңда қалдырған естелігің – балаларың қалды...
Небәрі 45 жаста кілт тоқтаған дариға-дәурен, Ерлан-дәурен...
Бәтима ОМАРОВА.
ҚАРАҒАНДЫ қаласы.
 Ерлан Игілікұлы ОМАРОВТЫҢ аруағын анасы, жары, балалары, бауырлары сағынышпен еске ала отырып,  Ерланның аруағына бағышталған ас 2016 жылы наурыздың 23 күні сағат 13.00-де Қарағанды қаласындағы жаңа мешітте берілетінін хабарлайды. Асқа ағайын-туыс, құда-жекжат, Ерланның қатар жүрген жора-жолдастарын шақырамыз.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 281
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1094
count 88x31px