Елім деген жүректің лүпілі - Таным - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 08.12.2016

Елім деген жүректің лүпілі
Дөңгеленген дүние  қазыққа байланған аттай  ақпараттық технологияны шыр айналған бүгінгі күні кітап шығарып ешкімді таң қалдыра алмайсыз. Бұрын «Түгеншекеңнің кітабы шығыпты» дегенді бір-біріне сүйіншілеп тарататын әдемі үрдістің арқауы үзілгелі қашан. Талантты Жазушы кеміп, саны көп, сапасы аз кітап шығарушы көбейгеннен соң шығар.
Қызғалдақ АЙТЖАНОВА,
«Орталық Қазақстан»

Қазіргі шығып жатқан кітаптар екіге бөлінеді екен. Біріншісі – көркем әдебиетте есіме елге етене болған ақын-жазушыларымыздың шығармаларын жарыққа шығаруға мемлекеттің өзі мүдделі болып, мемлекеттік тапсырыспен шыққан кітаптар. Екіншісі – әркімнің әлі жеткенше, қалтасы көтергенше шығарған кітаптар. Алғашқысының аты айтып тұрғандай, бәсі  жоғары. Мәні-маңызы да зор. Ішіндегі  дүниесі де  сүбелі. Демек, бұлар құнды туындылар. Қазаққа қажет танылған шығармалар. Ондай кітаптарға атүсті қарау мүмкін емес. Ол жай ғана кітап емес. Көркем дүние.  
Жақында Арқаға ғана емес,  Алматы, Алтайға танымал жазушы Кәмел Жүністегінің  су жаңа кітабы жарқ ете қалды. Мемлекеттік тапсырыспен. Атауы – «Көне арнаның ізі қайда?» Атауының өзі арнамыздан адасып, жаңылып бара жатқанымызды мегзеп тұр.  «Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ» (Абай) екенін  ашына айтқаны емес пе? Тура солай.
Саналы ғұмырын қазақтың жоғын түгендеп, іздеумен өткізген Жоқшы жазушының жинағы деректі хикаят, әңгімелерден тұрады екен. «Қазақпарат» баспасынан жарық көрген кітапта заман құбылысы, дәуір тынысы сезіліп тұр.
Кәмекеңнің көкірек көрігінде қорытылған ой дерекке толы хикаят пен  ақиқатты арқау еткен әңгімелер күйінде шығыпты. Кешегі тарихтан тамыр тартқан, бүгінгі замананың ауанын тап басқан шығармалар арқылы жазушы қоғамдағы құбылыс-оқиғаларды алдыңызға жайып салады. Жақсысын бойыңа жи да, жаманынан безін деп тұр.
Көптің көкейінде жүрген ел мен жердің тағдыр-тарихы да кітаптан орын алған. Кешегі күннің елесі емес, айқын суреті көз алдыңызға келе қалады. Сол оқиғаның ортасында жүргендей, тап өзіңіз қасында тұрғандай етіп суреттеуі де жазушының айрықша суреткерлігінде.
Толғаныстары да  бей-жай қалдырмайды. Түбінде күйттегені -  көптің қамы. Елдің елдігі, бірлігі, түтінінің түзу ұшуы.  Оқып отырып, ойға қаласыз. «Солай екен-ау!» дейсіз.  Ойланып отырып, оның тұңғиығына бойлайсыз. «Бәсе!» дейсіз. Өзіміз көріп жүрген, бірақ, соған  мән бермеген жайттардың астарында елдің, жердің, халықтың тағдыры жатыр. Жазушы соны айтады, соны жазады...
Негізі, кітап – жан азығы. Кітап оқуға қол тимейтін қазіргі уақытта «кітап оқымайды» деп кімді кінәлайсыз?  Мұрша бермейтін тірлікті ме?  Детектеткен тұрмыстың жетегінде кеткен өзіңізді ме? Не десек те, барлығы өз қолымызда. Кітап оқығанның кем болғанын көргеміз жоқ осы күнге дейін. Ал, бұдан былай кітап оқымайтындардың не боларын білмейміз.
Алайда, Кәмел Жүністегінің бұл жаңа кітабы қолына тигендердің  оның ішіне үңіліп, тереңіне сүңгірі сөзсіз. Алғашқы парағынан-ақ соңына дейін оқуға жетелейді де тұрады. Оқиғаның өрбуі, шиеленісуі, шарықтау шегі, түйіні оқушысын жалықтырмайды. Қайта алға ұмсындырып отырады.
Ең бастысы, кітапта бұл күні шам алып іздейтін, әйткенмен, таба алмай  жиі әуре-сарсаңға түсетін – адами құндылықтың бәрі бар.  Шыншылдық, сенім, турашылдық, ел мүддесі...  
Ең негізгісі,   елім деген ердің жүрек лү­пілі сезіледі. Оқып көріңіз...

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 330
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px