Келте ғұмыр немесе жиенім Әмірге деген сағыныш! - Таным - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 04.12.2016

Келте ғұмыр немесе жиенім  Әмірге деген сағыныш!
Өрен еді, өзгеше өрт еді бір...
Құлағымнан кетпейді ерке-күбір.
Биіктен көрінер деп, біз жүргенде,
Кеселден кесілгені-ай, келте ғұмыр...
2013 жылдың қара күзі. Туған қарындасым Мақпал мен күйеу балам Дарханның 5 жастағы  жалғыз ұлдары Әмір сырқаттанып қалды. Сырқатының түрі сол, аяғы бастырмай қақсайды. Алғашқыда аяғы қақсағанына мән бермей, біраз күн өткен соң аудан орталығындағы травматолог маманға көрсеткенде, баланың аяқ сүйектері өскендіктен, буынға салмақ түседі деген тоқтамға келді. Бірақ, арада біраз уақыт өткен кезде аяғы қақсағанымен қоймай, тамаққа тәбеті жоғалып, түн баласы ұйықтағанда қара терге шомылып, өңі бозарып, күннен-күнге осы жағдай үдей түсті. Баланың мазасы кетіп болмаған соң облыс орталығында томографиялық тексерістен өткізгенде, жүрек пен өкпенің арасында көлемі жұдырықтай ісік барын анықтап, жедел түрде ота жасау керек деген тоқтамға келді. Сол жылдың 28 желтоқсан күні облыстық балалар ауруханасында үш жарым сағатқа созылған ота жасалды. Осы бір үш жарым сағат мен үшін тап бір үш жарым жылдай көрініп, бір орында байыз таппай, Жаратқаннан қолдау сұрап, аурухананы айналып жүре беріппін. Өмір мен өлім арпалысқа түскен осындай уақытта адам баласына қайбір жақсы ойлар келуші еді, қандай да бір жағдай болса әке-шешесінің күні не болады деген сұрақ санама маза бермеді. Кейде тіршілік болған соң, пендешілік оймен біреуге өкпелейсің, бірде жетіп, бірде жетпей жататын жағдай да біреуге мін артасың, біреуге кінә тағасың... Соның бәрі осындай сын сағатта түкке тұрмайтын опасыз дүние екенін, тіршіліктің бар мәні денсаулық пен аман-сау жүргенімізде, бір-бірімізге деген сыйластығымызда ғана екендігін түсінесің. Ақыры не керек, тағат таптырмай күткен ота да аяқталды-ау. Дәрігерлер отаның сәтті өткенін, баланың біраз өз-өзіне келгенше жан сақтау бөлімінде болатынын айтты. Сондағы қуанғаным-ай, тап бір өзімді осы дүниедегі бақытты адамдай сезініп, жақындарымды құшақтай бердім.
Арада біраз күндер өтті. Жиенімнің дене қызуы көтеріліп, ауруханаға қайта келді. Екінші мәрте, томографиялық тексерістен өткізген кезде дертінің қатерлі ісік болғандығын анықтады. Отбасымыздың сүйіктісіне айналған  алтын асықтай ұлдың, осы бір атың өшкір дертке шалдыққанын естігенде не істерімізді білмей абдырап, есіміз шықты. Тез арада құжаттарын әзірлеп, Астанадағы «Ана мен бала» орталығына жолға дайындадық. 2014 жылдың 4 ақпан күні облыстық балалар ауруханасының жедел-жәрдем көлігімен жиенімді алып кететін болды. Бәріміз ауруханаға шығарып салуға жиналдық. Осы кезде мына бір жайтты айтпай кетуге болмас. Әмір, жедел-жәрдем көлігіне отырып жатқан сәтте, апамның 7 жастағы ұлы Нұрдәулет: «Бауырым, аман-есен жазылып, ортамызға кел» деген риясыз шын көңілден айтылған екі ауыз сөзі көзімізге жас алдырды. Періште ғой, тілегі қабыл болар дедік. Астанада қайтадан жан-жақты тексеруден өткізгенде баланың бойына дерттің жайылып кеткенін, оны тоқтатудың жалғыз жолы химиотерапия қабылдау керектігін айтты. Содан не керек, бір жарым жыл уақыттың аралығында жиенім, 2 рет отадан өтіп, 13 курс химиотерапия қабылдады. Осы бір жарым жыл біздер үшін ауыр болды. Әсіресе, ана үшін: «баланың бар-жоғы бірер жылдай өмірі қалды» деген дәрігер сөзін естігеннен ауыр ештеңе жоқ шығар. Тек, бір Алладан үміт күттік. Осындай қиын күндерде бізге демеу болған туған-туыстарға, бірге жұмыс істейтін әріптестерге, көрші-қолаңға ризашылығымыз шексіз.
2015 жылдың көктемінің соңына қарай жиенім ауруханадан шықты. Дәрігерлер біз қолымыздан келгенді жасадық, қалғанын Алладан күтесіздер деп, шығарып салды. Біраз адамдар, көрші Қытай мемлекетінде жақсы емдейді деген соң, сол жаққа да апармақшы болдық. Бірақ, ол жақтағы мамандар бала дертінің тым ауырлығын айтып, қабылдамады. Кейін, ел арасындағы емшілерге де апардық, дегенмен ешқайсысынан көмек болмады. Сонда да күдіктен гөрі, үмітіміз басым болды.
Ал, енді, жиенім Әмірдің жеке басына тоқталатын болсам, туғаннан қолды-аяққа тұрмайтын ерекше бала болды. Бір жасқа жетпей жүріп, екі жасқа келгенде тілі таза шықты. Үш жасқа жетер-жетпестен сен мен сізді айырып, екі тілде еркін сөйледі. Өзі тентектеу болды, бірақ ақылды тентек. Адамның қас-қабағына қарап әрекет жасайтын. Бала болса да, армандары асқақ, талғамы жоғары еді. Құлаайғырдағы біздің үйге жиі келетін. Менің шешемді «үкіш» (үлкен мама деген сөзі ғой) дейтін: «Мен сені бұлай ауылда тұрғызбаймын, сен Астанада тұрасың, мен саған үлкен үй салып беремін» деп жиі айтатын. Өзі қандай таза болса, жүрегі де сондай кіршіксіз таза еді. Дерті қаншалықты ауыр болса да, көзінің жасын көрсетпей, өмірінің соңына дейін мойындамай табандылық танытты. Өзі «мен бәрібір бұл ауруды жеңемін» деп жиі айтатын. Осының бәрі өмірге деген құштарлығының ерекшелігінде еді. Мені «ағай» деп атайтын. Ботақаным, өмірінің тым қысқа болатынын сезді ме білмеймін, бәріне де үлгеріп қалғысы келді.
2015 жылдың жаз айының ортасына қарай жиенімнің түрі өзгеріп, ауруханада жатқандағыдай емес, бұрынғы қалпына келе бастады. Бәріміз қуандық. Мектепке баратын уақыты да таяп қалған. Барымды балаларымның қызығына жұмсасам дейтін халық емеспіз бе, әке-шешесі ағайын-туғанның басын қосып, тілашар тойын жасады.
1 қыркүйек күні аудан орталығындағы дана Абайдың есімін иеленген №5 мектеп-гимназиясының табалдырығын аттады. Осы күнге жеткізген Аллаға мың шүкір дедік. Бірақ, қуанышымыз ұзаққа созылмады. Жиенім, мектепке бар-жоғы бір жарым ай ғана уақыт барды. Дерті күшті болған екен. Мектеп үйінің жанына таяу болса да, жүріп барғанға ентігіп, үй тапсырмасын орындаған кезде анасына  «мама, мен шаршадым, қалғанын өзің жаза салшы» дейді екен. Кейінгі үш айдан астам уақыт үйінде болды. Ақыры, осы жылдың 6 ақпан күні кешке, тәтті ұйқының құшағында, ата-анасының көз алдында ана өмірге кете барды. Әке-шеше үшін жалғыз балаларын жоғалтқаннан артық қайғы, одан ауыр қасірет жоқ шығар. Бәріміз жыладық, жоқтадық, басқа қолдан келер не шара бар?!... Жақын, танитын адамдардың бәрі сенің жазылып кетуіңе тілекші болды, тіпті, жатқан жері жайлы болғыр, осы жылдың басында ғана өмірден өткен нағашы атамыздың өзі, хал үстінде жатса да жиі телефон соғып, жағдайыңды сұрап, жазылуыңды тілеп еді ғой...
Есіміңе келбетің жарасып, жайқалып келе жатқаныңда көз тиді ме, қайдан білейін, ата-анаңды аңыратып кете бардың.
Әмірді, соңғы сапарға шығарып саларда, қайғымызды бөлісіп келген жақын адамдардың қарасы да мол болды. Сол күні табиғат Ана да сәл түнеріп, бізбен бірге мұңайып, өзінің күнәсіз пәк таза періштесімен еріксіз қоштасқандай кейіп танытты.
Сөйтіп, жеті жыл ғана өмір сүріп, оның жартысына жуығы ауруханада өткен сүйікті жиенімді, барлығымыздың барар  мәңгілік мекеніміз қара жердің қойнына қимастықпен тапсырдық.
Жақындау еді Әмірге ел,                                     
Өтті ме елес, өмір-жел.                                        
Мақпал мен Дархан ата-анаң,                             
Сынаған Алла, сабыр бер!                             

Ойнаған ойыншық, киімің...
Өксіктің шешіп түйінін.
Сөздерден кермек дәм шығып,
Көздердің жасы құйылып...

Тілеулес апаң, болды атаң...
Дұғамды жырмен жолдасам.
Мәңгіге енді сен жоқсың,
Жұмаққа кеткен жан ботам!

Сөз соңында Әмірдің ата-анасына айтарым, Алланың арнап келген ауруына кім тосқауыл бола алған. Қазіргідей алмағайып заманда біреудің ажалы оттан, біреудікі судан болып жатса, енді бірі қанішер бұзақының қолынан кетіп жатыр, Алла сондайдан сақтасын де. Өмір болған соң күнгейі мен көлеңкесі қатар жүретіні секілді, әр кештің артынан, арайланып таңның ататынын ұмытпаңдар!

Нағашың – Жасұлан Рахметов. Абай ауданы, Құлаайғыр ауылы.
№107.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 269
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px