Ұлы Дала ойыны - Таным - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

Ұлы Дала ойыны
«Қазақ хандығының 550 жылдық мерекесіне орай, хан ордасының қазу жұмысында, ең алдымен асық табылды» деген хабарды естігенде елең ете қалдым. Жастайымнан асық ойынының ұңғыл-шұңғылына дейін қанық болған мен үшін асық ойынының орны бөлек еді.

Қазақ елінің байтақ даласында бұл ойын әр өңірде, әр түрі қалыптасқан.  Менің ойымша, асық ойынын үй ішінде ойналатын түрі – хан ойыны, ханталапай, асық қаршу, асық ұтысу, ашық жарыстыру және тағы да басқа түрлері бар. Екінші далаға, яғни, көшеге ойналатын түрі – бұған асықты  сақамен ойнап ұтысу, шеңбер, үш табан, сақа атысу сияқты ойындардың түрін жатқызуға болады. Сақа демекші, осы күнде асық ойынын көрсетіп жүрген азаматтар мен «Үш табан», «Шеңбер» ойындарын асықты асықпен атып көрсетіп жүр. Бұл осы ойынның көнеріп қалғандығын, бұл ойынды әлі де жете меңгере алмай жатқандығымыздың дәлелі.  Халқымыздың сөздік қорында,  «сақадай сай, сақа жігіттер», «қолға ықшамды, оңқай сақадай екен» дегендей сақаға байланысты тәмсіл сөздер өте көп.  «Шеңбер» немесе «Табан» ойындарында асықты атуға сақа қолданылған.
Сақа – қара малдың асығы, көлемі кесек. Кей кезде арқар, құлжа, таутекенің асығы да қолданылады.  Олардың асығының көлемі қой, ешкі асығынан үлкендеу болып келеді.
 Мен өзім ойнап өскен, сақамен шеңбер атудың бір түріне тоқталып көрмекпін. Бұл ойынға қатысушы әр сақасы үшін ойнаушылардың талабына сай, асықты ұтысқа салады.  Ойыншылардың саны асығының көп, аз болуына байланысты (бір сақаға бір немесе 2-3 асық ұтысқа түседі). Бірақ, ойынға қатысушы әр сақаға бірдей асық, ойыншылардың ортақ пікіріне сай, сызылған шеңберге тігіледі. Шеңбер төрт бұрышты, дөңгелек болуы мүмкін. Шеңбердің дәл ортасына асық топталып, көп, азына байланысты бір-екі немесе үш, одан да көп қабат болып тізіледі. Ендігі кезек сақаның атылатын кезегі анықталады. Кім бірінші, кім екінші дегендей... Ол үшін барлық сақаны қосып иіреді. Басқамен қатарласпай, алғашқы алшы түскені бірінші болады. Бірінші сақа, тек, алшымен анықталады. Бұған сирек кездесетін «оңқы» да кезек-кезегімен кіреді. Екінші, үшіншіні содан кейінгі тәйкі, алшы түскендері иеленеді. Сондықтан, сақаны соңына дейін қайта-қайта иіреді. Көп сақа қолға симаған жағдайда білекке дейін салып иіру сияқты түрлі амалдар қолданылады. Ал сақаның реттік саны анықталған соң, бірінші сақаның иесінің талғамына сай, белгілі қашықтыққа лақтырылады. Одан екінші, үшінші дегендей... Бірінші сақа иесі асықты жақсы ойнайтын ойыншы болса, неғұрлым ұзағырақ жібереді сақасын. Бұл шеңбердің қасындағы белгіленген бір межеден лақтырады. Ұзатып лақтырудың себебі, бірінші болып лақтырған сақаны ұзақ болсада, екінші сақа иесі дәлдейді. Тигізген жағдайда бір асық ұтып алады. Егер, жақынырақ лақтырса, кейінгі сақа иелері бәріне дәл тигізіп, барлық асық ұтысқа түсіп кетуі әбден мүмкін. Сол себепті, кейінгі сақалар бір-біріне неғұрлым аз тисе, алғашқы сақа иесінің, соғұрлым көп асық ұтып алуына септігін тигізеді. Барлық сақа лақтырылып болған соң, енді кері қарай ойын басталады.
Енді, алғашқы сақа иесі асық тігілген шеңберге қарай сақаны лақтырады. Мұнда негізгі мақсат – ойыншы сақаны неғұрлым асық тігілген шеңберге қанша жақын болса, асықты шеңберден атып шығару соншалықты оңай болмақ. Барлық сақалар реттік саны бойынша кері айналады. Осы жолы да кейінгі сақалар қайбір сақаға болсын, не шеңбердегі асыққа болсын тигізсе бір асықтан ұтады. Егер, ұзақ қашықтықтан шеңбердегі асықты дәл көздеп, түгелдей асық шеңберден шығып жатса, асықты сол ойыншы ұтады. Бірақ, мұндай жағдай сирек кездеседі. Барлық сақаның кері ойнағанда жатқан жері сызылып белгіленеді.
Ендігі кезек асықты сақамен атып, түгелдей шеңберден шығару. Бірінші сақадан басталады. Егер, бірінші ойыншы асықты түгелімен шеңберден шығарса, асықты сол ойыншы ұтып алады. Қалғандары ұтылып құр алақан қалады. Егер шығара алмаса, сақаның ретті бойынша соңғы сақаға дейін ойын жалғасады. Соңғы сақа кей жағдайда асықты атпай-ақ ұтып алады. Немесе бірінші сақадан бастап қайта-қайта шеңберден шығару әрекеті жалғасады. Ойыншылардың келісімі бойынша, соңғы сақа асықты толығымен ұта ма, қайта жалғастыра ма, оны ойынның басында келісіп алады. Сақа неғұрлым ауыр болса, солғұрлым тиімді. Сол үшін сақаға қорғасын құю, қолға ықшамды етіп жону сияқты түрлі амалдар қолданылған.
Осымен, ойынның бірінші пар­тиясы аяқталып, екінші партия қайта жалғасады. Осылайша, ойынға қатысу­шылар уақытына сәйкес, асығының соңы ұтылғанша, ойын жалғасады. Ойынға келген жаңа ойыншылар бір партия аяқталған соң, ойынға қосыла береді. Көбінесе, ойынның соңында ойнаушылардың саны көбейіп, ойын қыза түседі. Асығынан айырылғандар көрермен болып қала бермек. Кей жағдайда тура 3 немесе 5 қадам жерден асықты шеңберден шығару ойыны басталуы да мүмкін. Бұл асық ойнайтын алаңның қандай орын болуына немесе ойыншылардың көпшілігінің қызығушылығына бай­ланысты шеші­леді.   
Мен сақамен асық ойнаудың бір ғана түрін қал-қадірімше тәптіштеп жаздым. Енді, осы ойынның қыр-сырына тоқталып көрелік.
Халқымыздың сөздік қорында «оңқай сақадай қолға ықшамды» деген сөз тіркесі бар. Мұның себебі, асықты шеңберден шығару үшін сақаны шиырып атады. Егер, сақаны жақсы шиырмаса, шеңберден асықтың барлығы шығуы екіталай. Мінекей, асықты шеңберден шығарып ойнау көп уақытты, жаттығуды талап етеді. Менің негізгі айтпағым, осы сақаны шиырып ату арқылы адам баласы көп тәлім алған. Сақа қаншалықты жақсы шиырылса, шеңбердегі асық, солғұрлым ұзақ шашырайды. Мысалы, садақты бастапқыда жай ғана атты, ол оқ нысанаға әлсіз тиді. Ал, садақтың оғы неғұрлым шиырылған сайын, нысанаға әлді жетті. Нысананы бұзып-жаруы солғұрлым тиімді болды. Ендеше, осы тәсіл асық ойынынан бастау алған жоқ па екен деген ой еріксіз санамызға оралады.
«Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар» деген сөз, бұл ойынның қызығына әбден түсіп, қорадағы қой бағылмай қалғанда айтылған болуы  керек. Мұнан бөлек, асық ойыны бал  ашуға да қажетті құрал бола білген. Асықты жілік сый қонаққа, әсіресе, жол жүріп келе жатқан құдайы қонақтың, келін, күйеу баланың кәделі сыбағасы болып есептеледі. Олар астан кейін асықты жақсылап мүжіп (тазалап), иіріп көретін салт бар. Егер асық алшы түссе, жолы болады. Сүйінші хабар күтіледі деп есептелінген. Тәйкі түссе, Алла жолын оңғарады. Бүк түссе, тағдырдың жазғаны болады делінген. Шік түссе, асықты қайта иіруге мәжбүр болған. Осылайша, халқымыздың салт-дәстүрінен де асықтың алар орны ерекше. Бабаларымыз қазіргі кездегі «жеребе» тарту дегенді де асық ойнаумен шешіп келген. Айта берсек, асық ойынының қыр-сыры көп-ақ. Бұл ойын көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан халқымыздың қанына әбден сіңген. Нағыз Ұлы даланың ойыны екені айдан анық.

Мұратбек ШАҚАНТАЙ.
ОСАКАРОВ ауданы.

Сурет ғаламтордан алынды.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 298
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px