Мұраты биіктің – мұрасы мол - Таным - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Мұраты биіктің – мұрасы мол
Мирас АСАН,
«Орталық Қазақстан»


Әр аймақта еңбегімен еліне танылып, ерекше ілтипатқа ие, отбасымен ұлтқа ұстаздық еңбек жасап өткен жандар болады. Ақтоғай өңіріндегі сондай адамдардың бірі – Ағдарбек МҰҚАТАЕВ пен Зәрукеш ЖҰМАНБЕКОВА еді. Өмірлерінің үштен екісін ұрпақ тәрбиесіне, ұстаздыққа арнаған Ағдарбекті үлкен де, кіші де «Ахаң мұғалім» деп ізетпен атайтын.  «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, балаларының көпшілігі әкесі мен шешесінің жолын қуып, педагог мамандығын таңдаған.
Сол мұраты биік жақсылардың мол мұрасы – ұрпағы. Бүгінгі таңда білікті ұстаз, білімді азамат – Айдос АҒДАРБЕКҰЛЫН айтайық, онда. Қырықтың қырқасына шығып, биік белестерге арман қанатын қомдаған жанды жақын тани жүргеніміз бізге – парыз, оған – құрмет.

Салиқалы отбасында дүниеге келіп, 1992 жылы Ақтоғай ауданының Қ.Нұржанов атындағы орта мектепті алтын медальмен бітірген Айдостың білім баспалдағы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің тарих факультеті болады. 2005 жылы аталмыш университетке шақыртылып, практик-мұғалім ретінде жинаған тәжірибесін болашақ мұғалімдермен бөлісе бастайды. Осы жерде 2013 жылға дейін оқытушы, доцент, деканның орынбасары, декан қызметтерін атқарған талапты жас, университетте ғылыми зерттеулерін әрі қарай жалғастырып, 2007 жылы инновациялық мектептердегі бейіндік саралау мәселесі бойынша диссертациясын сәтті қорғап, педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін иеленеді. Бұл жерде ғылыми жетекшілері профессор Серғали Каргин мен доцент Саят Омаровтардың еңбегін атап өткен жөн.
Жалпы ғылыми-зерттеу, оқу-әдістемелік жұмыстар жүргізу барысында 3 монография (2-і авторлық бірлестікте), 2 оқу құралы (авторлық бірлестікте), 5 электронды оқулық, бірнеше әдістемелік нұсқаулар, 50-ден астам мақала мен оқу-әдістемелік басылым дайындаған. Соның нәтижесінде 2008-2010 жылдары ҚР дарынды жас ғалымдарына арналған мемлекеттік стипендиясына, 2011 жылы доцент ғылыми атағына ие болды.
2013 жылдан бастап «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ Қарағанды облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты директорының оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметінде абыройлы қызмет атқарып келеді.
2014 жылы аймақтың қоғамдық-саяси өміріне белсене қатысқаны үшін Қарағанды облысы әкімінің Алғыс хатымен, 2015 жылы ҚР білім беру қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының Құрмет грамотасымен марапатталған Айдос Ағдарбекұлының алар асулары, бағындырар биіктері алда екені айқын.
Әрине, адамның белгілі бір жетістікке жетуіне, оның өз биігіне көтерілуіне айналасындағылар, әріптестері, ең бастысы – отбасы ықпалы ерекше. Жұбайы Айгүл банк саласында қызметкер. Аружан мен Айхан атты қос балапанын тәрбиелеп жатыр.
Жақсының алдын көрген талапты Айдостың өмірлік ұстаным қалыптастыруына Н.Фарфутдинов, Т.Әбжанов, М.Хасенов, М.Иманбеков, С.Жауымбаев, Н.Бейсенбекова, Р.Жұмашев сынды ұстаздардың берген тәлімі атап айтарлық.
Бүгінгі күні тізе қосып еңбек етіп отырған, білім саласында өзіндік ерекшеліктерімен танылған Қарағанды облыстық біліктілікті арттыру институты ұжымы туралы айтпай кетуге болмас. Жалпы, Айдос қызмет атқарып жатқан институт республика институттары арасында рейтингілік жүйе бойынша бірнеше жыл қатарынан бірінші орында келе жатқан ордалы қара шаңырақ болса, сол ұжымның сыйы артық, сипаты бөлек сегіз қырлы, бір сырлы Айдостың адами сипаты осы. Жеті өнерін жақын тануға алтын уақыт араға арқау болар деген сенім мол.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 230
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1094
count 88x31px