Мамырдың бал қымызы - Таным - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 04.12.2016

Мамырдың бал қымызы
Дала қазағы үшін жаз айының бір қызығы бие байлап, күбі пісіп, қымыз ішумен ерекшеленеді. «Жылқы – жаным, қымыз – қаным» деген екен Ақтайлақ би. Қазір шүкіршілік, қастерлі сусын ауылдан асып, қала қазағына да жеткен кез. Әсіресе, уылжыған мамыр айындағы уыз қымызға не жетсін?! Шипалы сусынды аңсап, жексенбі күні базар жағалайтын әдетіміз бар.
Амандық РАХҰЛЫ,
«Орталық Қазақстан»

Шағын шаһар Жезқазғанның өзінде үш базар дүрілдеп тұр. Қазір оларға қымыз көптеп келіп жатыр. Осыдан жаз бойы үзілмейді. Сауда жүріп тұрған нарық заманы ғой. Әркім әрқалай сатады. Біреу сауда орындарына өткізіп кетеді, біреу машинасының жүк тиегішіне қойып сатады дегендей. Осы жексенбіде коммуналдық базардың екі-үш сөресіне қымыз сатушылар қатар жайғасыпты. «Қымыз алыңыз, Ұлытаудікі, Жаңаарқадан бүгін әкелдік» десіп, шара толы бетіне майы кілкіген ақты тоқтаусыз сапырып, жамыраса жарнамалап тұрғандарға жақындаса барып, жөн сұрасып жатырмыз. «Алғабастың қымызы» деген әйелге «ондағы қай үйдікі?» деп ежіктей түсеміз, бүкіл ауылды білетін жанға ұқсап. Өйткені, қымызды таңдап ішетіндер айтып жүреді. «Ұлытаудағы Жақияның қымызы, Алғабастан келетін Әбдәлінің қымызы тәуір, Жаңаарқаның Ақтүбегінен Кенжеқараның, Ералиев аулындағы Берденнің қымызы балдай» деген сыңайдағы мақтауын жеткізгендердің сөзі құлағымызда қалған ғой. Иә, «күбісіне сай піспегі» демекші, дәмді қымыз баптауына, одан қалды сабасына байланысты. Күбінің дәмі шықпау керек. Ол – ағашына қарай. Түбін аршадан, қайыңнан жасайтын ел ішіндегі шеберлер азайып қалған сияқты. Құнан қымыз, дөнен қымызын баптай білген асыл аналарымыздың күбісін таза ұстап, ішін айналдыра майлап, күрең тобылғымен ыстауға дейінгі ежелгі дәстүрін жалғастырып, қыруар шараны бұлжытпай атқаратын үйдің қымызы керемет болатындығын көріп жүрміз.
Басқа облыстарды қайдам, Қарағанды, Жезқазған өңірі, былайша айтқанда, Сарыарқа даласын ен жайлап отырған ауылдар сапалы да шипалы қымыз дайындау дәстүрін тамаша сақтап отыр десек, қателеспейміз. Бал татыған сары қымыздың шипалық қасиетін басқа білмесе де, қазекем жақсы біледі. Кезінде өкпе ауруларын қымызбен емдейтін шипажайлар Қазақстанның біраз жерлерінде жұмыс істегені белгілі. Қазір қасиетті қымызға неміс те, жапон да, румын да қызыға құмартуда. Бұл күндері елімізде академик, Қазақ Тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шарманов шипалы сусынның қасиетін кеңінен насихаттап, одан заманауи технологиямен өнім өндіру бағытында жемісті істер атқарып жүргенін білеміз. Академикпен өткен жылы Жезқазғанға келген бір сапарында аз-кем әңгімелесіп қалғанымызда қымыздың өкпе ауруларына аса дауа екендігіне тоқтала келіп, асқазан дімкәсіне шалдыққан жандардың бие саумалын ішіп сауыққаны, ағзаның тотығуына қарсы элемент саналатын С дәруменінің мөлшері жағынан қымыздың қуаты ерекше екені туралы көптеген дәйекті мысалдар айтқан еді.
Осы ойлардың жетегімен аралай жүріп, қымыз сатушылардың біразымен сұхбаттастық. Литрі қазірде 700-900 теңге аралығында сатылуда. «Кейін төмен түседі ғой, бұл мамырдың қымызы болған соң қымбат болып тұрғаны» дейді олардың бірі ойымызды дәл ұққандай. Жалпы, өтімі жақсы сияқты. Литрлеп алуға қымбатсынсаңыз, кеселеп ішуге де ұсынады. Бірен-саран жандар ішіп те жатыр жарықтықты. Алдан осындайда тағы қылаңдап санитарлық тазалық мәселесі шығады. Ыдыс жуатын орын, келіп тұрған суы жоқ. Әйтеуір, қасиетті сусынға деген құрметпен ауыз тиетін тәрізді жұрт. Негізінде, ауыл бүгінде қымыздың қасиетін де, қалтаға қаржы түсіретін пайдасын да жақсы біледі. Алайда, шипалы сусынымызды бабын бұзбай, халыққа ұқсатып ұсыну жағы кемшін соғуда. Мәселен, Жезқазғанда базар сөрелерінде тұрғаны болмаса, бірде-бір арнайы қымыз сататын павильон жоқ. Ал, есесіне сыра сататын мұндай орындар жеткілікті. Іргедегі Талап аулының қымыз сатушылары қаланың бір-екі жерінен киіз үй тігіп, «Қымызхана» құрған болып жүр. Бірақ, оларда да текті сусынды қастерлеп сатуға толық жағдай жасалмаған. Қай жерден көрсеңіз де шипалы сусын пластик шөлмектермен ұсынылады. Алыс ауылдан да солай жеткізіледі. Ал, жылып кеткен қымыздың мұндай ыдыста құрамы бұзылатыны белгілі.
Талай мыңжылдық тарихы бар ата-бабамыздың қасиетті сусынының бүгінге дейін жетіп, қоры үзілмегенінің өзі неге тұрады. Далада да, қалада да емге дауа шипалы сары қымыз сапырылып жатыр. Мамырдың бал қымызын жұртшылық таңдай қағып, тамсана сімірсе қандай ғанибет?!
ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 432
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px