Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 17.06.2019

Мемлекеттік тілдің мәртебесі артуда

Көптеген проблемалы мәсе­лелер Елбасымыздың көреген саясатының арқасында соңғы жылдары шешімін тауып, игілікті істер жүзеге асырылып жатыр. Соның ішіндегі ең маңыздысы – тіл саясатына қатысты атқарылып жатқан шаралар.

Бүгінгі күні «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жыл­дарға арналған мемлекеттік бағ­дар­ламасы» негізінде бүкіл рес­пуб­лика бойынша тілдің қолданыс аясын кеңейтуге бағыт­талған ауқымды шаралар белгілен­іп, сол бойынша жүйелі әрі мақсат­ты жұмыстар жүргізілуде.

Осы мемлекеттік бағдарлама аясында Қарағанды қаласында да келелі істер атқарылып, бірқатар нәтижелерге қол жеткізілді.

Қала әкімдігі жанындағы «Қа­рағанды қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» мемлекеттік мекемесі Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында мәдени іс-шаралар легін ұйымдастырып, өткізіп тұрады. 2012 жылдың бірінші жарты жылдығында осы мақсатта бірқатар жұмыстар атқарылды. Бағдарламаны жүзеге асыруда бала­бақшадан бастап, мемлекеттік емес мекемелерге дейінгі барлық салалар қамтылған.

Бір қуанарлық жайт, қазақша тәрбие беретін балабақшалар желісі бүгінгі күні айтарлықтай кеңейді. Балабақшаларда тәрбиеленіп жатқан өзге ұлт бүлдіршіндері мем­лекеттік тілді жетік меңгеріп, еркін сөйлей алатынына бөлім ұйымдастырған «Қазақшаң қалай, балақай?» атты байқауды өткізу барысында көзіміз жетті. Ең бастысы, бүлдіршіндердің мемлекеттік тілді игеруге, қазақ халқының мәдениетін, салт-дәстүрлерін танып-білуге деген құлшыныстары артқан. Бұл, әрине, ең алдымен тәрбиешілердің, әдіскерлердің орасан еңбектерінің жемісі.

Өзге ұлт өкілдеріне мемлекеттік тілді оқыту жұмысы бойынша тәжірибе алмасу мақсатында «Қарағанды қаласының жоғары оқу орындары, колледждер, орта білім беру мекемелерінде мемлекеттік тілді оқытудың озық әдістемелері» атты семинар өткізіліп, аталған семинарға білім беру мекемелерінің тәрбиешілері, әдіскерлері, оқыту­шылары қатысып, өз ойларымен бөлісті, атқарып жатқан нақты жұмыстарымен, аталған бағытта қол жеткізген нәтижелерімен таныс­тырды.

Орта мектептердің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері арасында өткізілген «Халық ауыз әдебиеті әлеміне саяхат» байқауында ұстаздар қазақ халқы­ның салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын жетік білу бойынша жарысып, мақал-мәтел, жаңылтпаштар айтудан сайысты. Ұстаздың танымы зор, өрісі кең болуы ұрпағымыздың саналы, білімді, тәрбиелі болуына ықпалы мол екені сөзсіз.

Елбасымыздың «Тілдердің үштұғырлығы» мәдени жобасын жүзеге асыру мақсатында да бірқатар жұмыстар атқарылды. Атап айтсақ, банк қызметі саласының үш тілді (қазақ, орыс, ағылшын тілдерін) жетік меңгерген қызметкерлері арасында «Тілдарын» байқауы өткізілді. Бұл байқауды өткізу барысында да үш тілді еркін меңгерген қабілетті жастар саны жыл өткен сайын артып келе жатқанының куәсі боламыз. Алдағы уақытта мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің қатысуымен «Үздік аудармашы» байқауын өткізу жоспарланған.

Қазақ халқының қоғам қайрат­керлерінің, ағартушы­лары­ның, ақын-жазушыларының шығарма­шылықтарын, қазақ халқының дамып, өсіп-өркендеуіне, ұлт ретінде қалыптасуына сіңірген еңбектерін ұмыттырмау мақсатында өзге ұлт өкілдері арасында жыл сайын «Абай оқулары» байқауын және мектеп оқушылары арасында Мұқағали Мақатаев пен Оралхан Бөкей шығармашылықтарына арналған байқау өткізу дәстүрге айналған.

Мемлекеттік тілді игеру дәре­же­лерін анықтау мақсатында Мем­лекеттік мекеме қызметкерлері арасында да байқаулар өткізу дәстүрлі шараға айналған. Осы мақсатта «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» атты байқау өткізіліп, Қарағанды қаласы әкімдігінің мем­лекеттік тілді жетік меңгерген қыз­меткерлері облыс көлемінде жүлделі бірінші орынға ие болып, мекеме мәртебесін биіктетті.

Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, мемлекеттік тілдегі құжат айналымының сапасын көтеру және іс жүргізу барысында туындайтын тағы да басқа проблемалы мәселелерді талқылау мақсатында мемлекеттік мекемелер қызметкерлерімен «дөңгелек үстелдер», семинарлар жиі ұйым­дастырылады.

Бөлімнің ұйымдастыруымен қала көшелерінде орнатылған жарна­малардың сауатты толтырылуы, ҚР «Қазақстан Респуб­ликасындағы тіл туралы» заңының 21-бабы «Жарнама туралы» Заңы­ның талаптары сақталуын бақылау мақсатында Қарағанды қаласы­ның кәсіпкерлерімен семинар-кеңес өткізіліп, аталған семинарға қатысқан қала прокуратурасының қызметкерлері, «Қарағанды қала­сының сәулет және қала құрылысы» мемлекеттік мекемесінің қызмет­керлері нақты кеңестер беріп, құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Жалпы, жоғарыдағы шараларды ұйымдастырудағы басты мақсат - мемлекеттік тіл саясатын насихаттау, қоғамның әлеуметтік-саяси, мәдени өмірінде мемлекеттік тілдің кеңінен қолданылуын қамтамасыз ету, өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін игеруге деген құлшыныстарын туғызу, елі үшін қызмет ететін әрбір азаматтың мемлекеттік тіл мәртебесін нығайтуға мүдделілігін таныту.

Ең бастысы, қоғамдағы тіл саясатына, тілдерді дамыту мәселелеріне деген халықтың көзқарасы өзгерді. Елімізді мекендеген қай ұлттың өкілі болсын, Қазақстан Республикасы азаматы ретінде Елбасының, мемлекеттің жүргізіп отырған саясатын қолдап, барынша атсалысуының нәтижесінде елімізде тұрақтылық пен ынтымақтастық сақталып отыр.

Барша қазақстандықтардың басын біріктіретін мемлекеттік тілдің қоғам өмірінің барлық салаларында қолданысын қамтамасыз ету – ең бас­ты міндетіміз.

Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында әлі де талай іс-шаралар жоспарланған, аталған бағыттағы жұмыстар өз жалғасын таба бермек.

С.МҰҚАНОВ,

«Қарағанды қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» ММ бастығының міндетін атқарушы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 2046
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1287
count 88x31px