Мың айдан да қадірлі - Таным - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 10.12.2016

Күллі мұсылманға қуаныш сыйлаған берекелі ай – Рамазан да аяқталуға шақ қалды. Рамазан айының нығметін көруді, оның ішінде қасиетті Қадір түніне аман-есен жеткізген Раббымызға сансыз мақтаулар, елшісі Мұхаммедке салауаттар мен сәлемі болсын! Раббысынан үміт етіп, бір Алланың разылығы үшін Ораза ұстаған жандарға Жаратушы Иеміз жар болып, сауаптардан жазғай!

Ләйла-туль Қадр – дұғалар екі етілмейтін, сауаптар еселеніп, ырыс-несібе артатын қасиетті түн. Қадір түні – ең алдымен Алланың сөзі, күллі әлемге шырақ болған Құранның түсуімен қасиетті. Сол қасиетті Кітапта осынау түн туралы былай делінеді: “Негізінен, Құранды Қадір түнінде түсірдік. Қадір түні мың айдан қайырлы. Періштелер және Жебрейіл (Ғ.С.) ол кеште Раббыларының рұқсаты бойынша барлық іс үшін түседі. Ол бейбітшілік кеші, таң рауандағанға дейін жалғасады” (Қадір сүресі 1-5 аят).

Бұл түні жасалған ғибадат амалдар мың айы бойы үздіксіз құлшылық еткеннен әлде қайда қайырлы. Осы түні оқылған намаз, мың ай бойы намаз оқығанмен тең. Құлшылықтарымыз 83 жыл жасалған мінәжәттің сауабына татиды. Кей ғалымдарымыз араб тілінде «1000» саны «өте көп» деген мағынаны білдіреді дегенді алға тартып, сауаптар мыңнан да көп болуы мүмкін дейді. Қасиетті түнді Құран оқымай өткізуге болмас. Ойлап қарасаңыз, жайшылықта Құранның бір әрпіне он сауап жазса, қасиетті түні оқитын болсаңыз, мың ай бойы Құран хатым еткенмен тең келесіз. Дәл осы түні жер бетіне түскен періштелер жер бетіндегі майда тастардан да көп болады. Имам Хамд ибн Ахмад: «Бұл түні жер бетіне түскен періштелердің көптігі сонша – жер бетіне періштелер сыймай кетеді» деген. Бұл түні жер бетінде ерекше тыныштық орнап, таң атқанға дейін Алланың құлдары қорғауда болады. Қадір түні – тағдыр түні. Қадір түнінде тағдыр тақтасына құлшылықтағы құлдардың тілектері тоқылып, алдағы бір жылға қатысты үкімдер бекітіледі.

Биыл Қадір түнін еліміздің барлық мешіттерінде шілденің 1-інен 2-сіне қараған түні қарсы алады.

Қадір түнінің кешіне аман-есен жетіп, құлшылығы мен ықыласы сол түнге сай келген адамның бағы бес елі болмақ. Себебі, Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кім Қадір түнін Аллаһқа иман келтірген және сауабынан үміт еткен күйде намаз оқып өткізсе, оның алдынғы күнәлары кешіріледі» деген (әл-Бұхари 38, Муслим 760).

Айша анамыздың (Алла оған разы болсын) Пайғамбарымыздан (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Уа, Аллаһтың елшісі, егер мен Қадір түнінің басталғаны туралы білсем, не айтуым керек?»  деп сұрағаны риуаят етіледі. Бұған Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ия, Алла, расында, Сен – Кешірімдісің, кешіруді жақсы көресің. Мені кешіре гөр! /Аллаһуммә иннәкә ъафуун, тухиббуль-ъафуа фаъфу-ъанни/» ‒ деп айт» деп жауап берген (әт-Тирмизи, Ибн Мәжаһ, әл-Хаким).

Осы хадистерді атаған Хафиз Ибн Ражаб: «Суфьян әс-Саури: «Қадір түні дұға ету мен үшін намаз оқудан да сүйіктірек» дейтін. Суфьянның айтпақшы болғаны: «Көп дұға ету ‒ дұғасы жиі айтылмайтын намаздан артық. Алайда, егер адам Құранды оқып, дұға ететін болса, онда, әрине, бұл жақсырақ. Рамазан айында түнгі намаздарды оқығанда, Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Құранды ырғақтап оқитын және мейірім туралы аят оқыса, оны тілейтін, азап туралы аят оқыса, одан Аллаға сиынып, пана сұрайтын. Осылайша ол намаз бен Құранды, дұға мен зікірді бірге жинаған! Бұл Рамазан айының соңғы он түнінде және басқа түндері жасалатын ең жақсы әрі ең кемел іс болып табылады» дейді. (“Ләтаифул-мә’ариф” 204).

Алла Тағала баршамыздың ұстаған Оразамыз, дұға-тілектерімізді қабыл етсін! Әмин!

 

Ысқақ Абдрахманов,

Қарағанды облыстық орталық мешітінің наиб имамы.

 

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 817
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1095
count 88x31px