Ән қанатында - Таным - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Ән қанатында
Былай қарасаң, қарапайым, ұшып-қонба мінезі жоқ, бар ынтасымен жұмысқа берілген, сөйлесе келсең ашыла кететін, ойын анық айтатын, жаны жайсаң адамдарды кездестіргеніңде адамның көңілі бір сергіп қалатыны бар. Елбекпен кездескенде осындай күйде боламын.
Елбек туралы алғаш рет Қалиақпар досымнан естіп едім. Кейін өзімен таныстырды. Алдында Елбектің әкесі Мұқажан Жұмажановтың 100 жылдық мерейтойына орай жазылған Тұрсынбек Кәкішевтің, Кәмали Дүйсенбек-овтің, Дмитрий Черновтың, Константин Ботовтың, Қалиақпар Әбілдиннің, Ермек Оразалинның, Қазкен Мүсілім-овтің естеліктері жинақталған «Өшпес ізің» атты кітапты оқып шығып едім. Содан болар, Елбекпен бірнеше мәрте кездесіп жүргенімде, Қалиақпардың «Елбек әкесінің көшірмесі, жоқ, көшірмесі емес, әкесінің көзі, нағыз өзі» дейтіні есіме түседі.
Елбектің атасы – Жұмажан ақсақал да елге сыйлы, ешкімді жатырқамайтын, көпшіл, сауықшыл, домбыра мен сырнайда да еркін ойнай білген, қоңырлатқан әнімен елді ұйыта білген қадірлі қазыналы ел ағасы болыпты. Ол кісінің бәйбішесі де Байдалы бидің ұрпағынан тараса керек. Осындай шаңырақта дүниеге келген Мұқажан ағамыз осал болмаған. Жастайынан әкесінен домбыра шертуді, сырнай тартуды, ән салуды үйреніп өскен Мұқаң топ бастайтын сері болып өскен. Алақұйын заманның, кәмпескенің басталар тұсында шаңырақ көтерген Мұқаңның сүйіп қосылған жары, атақты қанжығалы Бөгенбайдың ұрпағы Мәмен шешей де қазақы дәстүрді берік ұстанған, тектіліктің үлгі-өнегесін балаларының бойына сіңіре білген, өнерден құр алақан емес, он бір бала көтерген батыр ана, ардақты әже, абзал жан. Ал, Мұқаң болса, Ақмола, Егіндібұлақ, Ұлытау, Жаңаарқа өңірлерінде партия-совет органдарында қызмет істеп, шаруашылықтың ірі ұйымдастырушысы ретінде қалыптасып, ел экономикасының өсуіне айрықша үлес қосты. Осы шаңырақта 22 наурыз күні дүние есігін ашқан Елбектің өмірге көзқарасы, ұстанымы басқаша болуы мүмкін емес екендігі белгілі. «Тектіден текті туады» дегенге сенбей көр. Әкенің қанымен жаралып, ананың ақ сүтіне тойынып өскен Елбек – осы асылдардың ұрпағы. Әкенің бүкіл қадір-қасиетін, елге деген құрметін көріп өсті, әкесін көргендерден естіп өсті. Естігендері аңызбен толықты. Тірісінде аңызға айналған әкесінің мейірбандығы, мырзалығы, қолының ашықтығы, бар болмысы, кісілік келбеті Елбекке ауысқандай. Елбек осындай. Елбек әке шыққан биігіне қылау түсірмей келеді. Тіл факультетін бітірген Елбек он бес жылдан астам мектеп мұғалімі, директоры болып жүріп, балаларын қалада оқыту мақсатымен көшіп келіп, бүгінгі күні Қарағандыдағы автобекет басшылығында қызмет етуде. Бірақ, өнерден қол үзген емес. Баласының өнерге, өлеңге үйірлігін жас кезінде байқаған әкесі «Балам, қандай әнді айтсаң да, мейлі орысша болсын, мейлі қазақша болсын, мазмұнын түсініп, сезініп айт» деген екен. Бұл қағидатты Елбек есінен бір сәтте шығарған емес.
Араласып жүріп, өлең жазатынын, әуенін де өзі жазатынын білдім. «Досыма», «Анама», «Сағыныш» деген әндері де, сөздері де сезімге толы екен. Естіп таң қалдым. Бұрын жариялап жүрген ештеңесі жоқ сияқты еді. Жастықтың буымен таңды-таңға атырып, достарымен кең даланы әнге бөлегені болмаса, басқасынан хабарым жоқ болатын. Бірде маған бір топ өлеңдерін оқып шықтым. «Құрылыс материалдарың жаман емес екен» деп, Қалағаң (Қалиақпар) айтушы еді, Сізге қалай көрінді?» – деп сұрады. Ақын екенсің, көрініп тұр десем, «Шын ақынға жету қайда? Өлең де, әуен де кейде буындырып жүреді, сонда туып қалады» – дейді  сыпайылық танытып. Соңына түссе, композитор да, ақын да, әнші де болайын деп тұрғанын байқадым. Композитор Есмұқановпен дос екен, содан үйреніп жүргенін айтты. «Досыма» деген өлеңін оқып көрдім:
««Тамшылармен» туған елге
                                              танылдың,
Достарыңа ақ жүрекпен жарылдың.
Сен шырқаған әндеріңді шуақты,
Білсең досым, төзім жетпей
                                           сағындым.
Сен жастықты, махаббатты
                                              жырладың,
Аштың талай қыз-жігіттің
                                            сырларын,
Сол әніңмен боз даланы
                                         жаңғыртқан,
Мен де өзіңдей махаббатты
                                              жырладым.
Талай-талай күндер өтті бір жүрген,
Қанша сезім тербеліпті кім білген.
Әндеріңнің қанатында бірге ұшқан,
Кетті арманы арулардың білдірген.
Жайлап Есіл талайларға сыр қақты,
Арамызда сағындырған жыл жатты.
Бірге жүрген күндерімнің куәсі,
Досым менің, қабылда осы
                                                ырғақты».
«Әннен өз жан-дүниесінің бейнесін көре алатын, оны тыңдай алатын, одан сусындап ләзат алатын, басындағы жәйттерді әнмен, сазбен жеткізе білетін халықпыз ғой. Осындай халықтың перзенті, осы халықтың құрметіне бөленген әкемнің ұрпағы екендігімді мақтан етемін» – дейді Елбек. Сондай-ақ, Елбектің «Жаңаарқа», «Еркемай», «Аққу», «Бәйтерек бұтағы», «Твоя дорога», «Снежинка», «Не грусти», «Батыр аға» сияқты, әзірге он төрт өлеңі жас орындаушылар арқылы ел арасына таралып, айтылып жүр. Елбектің ғұмырнамасынан байқағаным, біріншіден, оның өнерге жақындығы ата-ананың әсері болса, екінші жағынан, жетпісінші жылдардың басында Жаңаарқада құрылған «Сарыарқа» вокалдық аспаптар ансамблін ұйымдастырушылардың бірі және белсенді мүшесі бола жүріп, рухани мол байлық жинағанын көресің. Әннің тууы туралы Елбектің айтатыны «Оңай емес екен, қиналып, толғатып жүресің. Өткенді еске аласың. Әннің сөзі келгенмен, әуені келмей жатады, әуені келсе, сөзі келмей жатады. Кейбір әндерім көп тебіреніспен шықты. Көңілім толды. Ол әнімді орындаушылардан естігенімде жүрегімнің сыры ашылып, көңіл-күйім әлемге паш етіліп жатқандай сезімде боламын. Мұндайда шабытыма шабыт қосылып жатқандай күйде боламын. Кеудем ән-әуенге толығады, әредік жарқ етіп, ұшқын шашып қалатыны бар» – дейді. Міне, солардың қайнауы жеткен болар. Өмірге бірінің артынан бірі жолдама алып кетіп жатқаны.
«Ештен кеш жақсы», шалажансар дүниеден абырой таппайтының белгілі.
Жаны ән қанатындағы азаматқа айтарымыз – алшысынан түскен алпыстың арқасына мініп, тербеліп жүр...

Ошақбай СУХАНБЕРЛИН.
Қарағанды қаласы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 217
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px