Замандас - Таным - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 04.12.2016

Замандас
Сағынышқа, іңкәрлікке толы жас жүрегі туған ауылының табиғатын ерекше қастерлеп, сүйетін. Алайда, алыс-шалғай арман жетегіне еріп, гүлді қала Алматыға жолы түсті. Жыл он екі ай ішінде өзіндік сұлу келбеті бар Ақсораңның етегіндегі кербез ауылы артта қалды. Өзіне сабақ беретін ұстаздардың ізгілікті қимылына, сабақ түсіндірудегі мәнеріне қызыға қарайтын. Бәлкім, ұстаздық мамандыққа деген сүйіспеншілігі де сол кезде оянған болар.
Оралбек ЖҮНІСҰЛЫ,                                                      
«Орталық Қазақстан»                                                               

Сол жылы көктем кеш шықты. Айгүл Жұмажанова 1972 жылы орта мектепті бітірген құрбыларымен бірге арман қуды, білім қуды. Сәті түсіп, 1973 жылы Алматыдағы Қыздар педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне қабылданып, оны 1977 жылы ойдағыдай аяқтап шығады. Туған ауылдың құшағы неткен ыстық еді. Кешегі шәкірт – бүгінде жас маман Айгүлді жатсынған жоқ. Тіпті, өзіне сабақ берген ұстаздармен қатар еңбек жолын бастап, біртіндеп тәжірибе жинақтай бастайды. Шындығында институтта алған білімді іс жүзінде тәжірибелі мұғалімдермен ақылдаса, кеңесін ала отырып, ұштастыру қандай ғанибет. Қырық жылға тарта ұстаздық еткен Айгүлдің педагогика саласындағы тәжірибесі әбден толықсып, пісіп, енді өзі де шәкірттер тәрбиелей бастады. Біліктілігі бар, жоғары санатты ұстаз.
Ұстаз – қашан да ізденгіш. Айгүл бұл жолы да аянбай тер төкті. ҚР мемлекеттік сыйлығының иегері, филология ғылымдарының докторы, профессор Әсет Болғанбайұлының 80 жылдық мерейтойына орай «Әркім өзі өскен ортасының жемісі» тақырыбындағы конференцияда Айгүлдің шәкірттері аса белсенділік танытты. Алғыр, қойылған сұрақтарға мүдірмей жауап береді. Жауаптары қандай салмақты, салиқалы шәкірттердің. Осы жетістігі үшін тиісті орындардың Алғыс хатымен марапатталды. Орталық Қазақстан жас зерттеушілердің шағын академиясы, «Атамекен» ұлттық орталықтың ұйымдастырумен «Туған ел – тұғырың», «Туған тіл – қадірің» атты этно-педогогикадан ғылыми-зерттеу жұмысы бойынша қатысқан шәкірті А.Қожахмет жүлделі үшінші орын алды. Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі, облыстық білім беру басқармалары, балалар мен жеткіншектер сарайы ұйымдастырған әртүрлі тақырыптардағы байқауда Айгүлдің шәкірттері маңдайы жарқырап, білім саласында олжа салып жүрді. Бұл – ұстаз еңбегінің нәтижесі, тынымсыз еңбегінің жарқын көрінісі. Ал, енді облыстық пәндік олимпиадаға қазақ тілі мен әдебиеті бойынша бірнеше шәкірттері қатысып, жүлделі орыннан көрінді. «Болашақ» университеті өткізген «Жас филолог» байқауында шәкірті Ақбота Ерғазықызы қатысып, бірінші орынды иемденді. Сөйтіп, университет грантын жеңіп алды. Қарағанды облысы ішкі саясат басқармасы өткізген «Саған арнап ән саламын, Атамекен» шығармашылық байқауына 4 оқушысы бірдей қатысып, мәреден көрінді. Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылған «Мен қазақпын!» жалпы облыстық жастар байқауында бірнеше оқушысы қатысып, Алғыс хатпен марапатталды.
Айгүл Жұмажанова тағы бірде аудандық семинарда «Жаңа технологияның тиімділігі» тақырыбында баяндама жасады. Баяндама көпшілік көңілінен шықты. Мына ұшқыр заманда әлемдік технологияны барынша игерудің мәнісі зор. Оқушының білім беру көкжиегін кеңейтуде жаңаның тиімділігін тәжірибелі, көреген ұстаздар ғана байқай алады. Айгүлдің тақырыбы осы тұрғыдан алып қарағанда жемісті, айтары бар болса керек. Облыстық «Өзгеріс» газетінде «Грамматиканы оқытудағы кейбір әдіс-тәсілдердің танымдық практикалық маңызы» атты мақаласы жарық көрді. Білім саласында ғылым қашан да жаңалыққа толы, дамиды, игілікке қарай оң өзгерістер болып тұрады. Айгүлдің газет бетіне шыққан тартымды мақаласы да оқырманды, оның ішінде әріптестерін бей-жай қалдырмады. Көбісінің оқу құралына айналды.
Айгүл поэзияны жанындай жақсы көреді. Сондықтан, талабы бар жастарды шығарма, өлең жазуға тартып, қаламын ұштай біледі. Қарағандыдағы «Болашақ» баспасынан шыққан жыр жинағына бірнеше шәкіртінің өлеңдері енген. Ол мектептегі «Қазақ тілі» қоғамының жетекшісі, тіл жанашыры. Облыстық білім департаментінің Құрмет грамотасымен марапатталуы да Айгүл еңбегінің бағаланғаны деп білеміз. «Нұр Отан» партиясының мүшесі. Құрметті демалысқа шықса да өзінің өмірлік тәжірибесін, білім саласындағы инемен құдық қазғандай жиған-тергенін жас ұстаздарға жеткізіп, ұдайы пікір бөлісіп отырады.
Отбасы – береке-бірліктің, бақытты ғұмырдың бастауы. Жолдасы Мұрат Қасымов  Шабанбай би ауылындағы Әлімхан Ермеков атындағы орта мектептің директоры, аудандық мәслихаттың депутаты. Айтпақшы, Айгүл осы Шабанбай бидің тікелей ұрпағы болып келеді. Бес бала тәрбиелеп, өсірді. Оның үшеуі ата-анасының жолымен ұстаздық қызмет жасауда, бір баласы химия ғылымдарының кандидаты, ғылым жолына ден қойып жүр.
      
***

Көктемнің нұрлы мерекесі Сіздің де жан дүниеңізді жадыратып, арман сапарына жетелей берсін. Адам баласының арманы таусылған ба? Гүл жауған жасампаз мерекеңіз құтты болсын, замандас!  
                                                                                                        
АҚТОҒАЙ ауданы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 254
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px