Жарқыраған жұлдыз ғұмыр - Таным - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 08.12.2016

Жарқыраған    жұлдыз ғұмыр
Жәнібек ӘЛИМАН,
«Орталық Қазақстан»

Әуелі Алланың қалауымен келген бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік саясатын құрушылардың басында  Елбасы Н.НАЗАРБАЕВ тұрса, оның өзегіне қан жүгіртіп, әрі қарай жандандыруға ат салысқан тұлғалар аз емес. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында олардың еңбегін елеп, елге үлгі ету мүмкіндігі туып отырғанының өзі – азаттықтың арқасы. Солардың бірі – осы Қарағандыдан түлеп ұшып, қазақстандық жастар саясатын жүргізуші серкелердің бірегейі –      Мәди БЕКСҰЛТАНОВ еді. Елім деп туған ер ерте кетсе де, ерлеп бақты заманында.

Жастайынан жастар идеясын қолдап шыққан Мәдидің аты да, заты да – Мәди деген есімінде тұр. Өмір жолын ақтарып отырып менің түйгенім – осы. Ойыма ақын Мәди Бапиұлының өлең жолдары оралды. «Немене, көрген қызық... көрмегендей, Жас дәурен – жауар бұлт өрлегендей. Жастық шақ – көк семсердің жүзі емес пе? Қайрап ап қалың жауға сермегендей!». Жігерлі жастық шақтың күллі болмысы осы бір шумақ өлеңде тұр. Өмірінің соңында Президент әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінде сектор меңгерушісі бола жүріп, 42 жасында кеткен оны ойлағанда бұл өлеңнің көкейге қона кетуі – ерте үзілген жігерлі ғұмырдың жалынын аңғартса керек-ті.
Ата-анасымен қатар әжесінің де тәрбиесін көріп өскен Мәди Бексұлтанов бала күнінде қиялшыл, биікке құмарта берсе керек. Әжесімен бірге қонаққа барғанды, әңгіме тыңдағанды ұнатады екен. Әкесі – 120-ға жуық әннің авторы, белгілі сазгер Қазыбек Бексұлтанов. Қарағандыдағы ата қазақтың бірі. Әжесі қоярда қоймай жүріп Мәдиді кезінде Қарағандыдағы қазақ тілінде оқытатын екі мектептің бірі – Н.Нұрмақов атындағы №2 мектеп-интернатқа берген. Аталған мектепті 1986 жылы күміс медальға бітіріп, Мәскеудегі халықаралық қатынастар институтына түскісі келген түлекті білім басқармасы Қазанның Ульянов-Ленин атындағы университетке жолдамамен жібереді. Кейіпкеріміз онда «Қазақстан – Татарстан» қоғамын құрып, өзі төраға сайланады. Бірінші курстан соң екі жыл әскери борышын өтеп келген студент 1990 жылдың желтоқсанында Алматыда өткен жастар активінің кездесуіне Қазан қаласындағы қазақ студенттерін бастап барып, Президент Н.Назарбаевпен кездесіп, көзге түседі. Мәдидің Отанға қызмет етуі осыдан басталып, өмірінің соңына дейін жалғасты.
Жоғарғы оқу орнын әлеуметтік-саяси пәндер оқытушысы мамандығымен бітірген ол Отанға деген қызметін Жастар саясатын жандандырудан бастады. Әуелі Қарағанды облыстық жастар ісі жөніндегі комитеттің маманынан – бөлім бастығы, кейін жастар ісі, туризм және спорт комитеті төрағасының орынбасары, қалалық әкімдіктің ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі болды. 1998 жылы «Қазақстанның болашағы үшін» атты республикалық жастар қозғалысының төрағасы кезінде Мәдидің маңдайы жарқырай түсті. «Парасыз сессия», «Рок – есірткіге қарсы», «Ұрпақтар бірлігі», «Патриот», тағы басқа республикалық шаралардың ұйытқысына айналды. Осы жылдары «Отан» партиясы саяси кеңесі бюросының мүшесі, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттығына кандидат болды. Сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің, ҚР үкіметі жанындағы жастар ісі кеңесінің, Президент жанындағы Ұлттық кеңес мүшесімен қатар, демократияландыру және азаматтық қоғамды одан әрі дамыту жөнінде ұсыныстар дайындайтын тұрақты жұмыс істейтін кеңестің де мүшелігіне сайланды. «Қазақстан Республикасында жалпыұлттық келісім саясатын жүзеге асыруда жастардың рөлі» атты диссертациясын 2006 жылы ойдағыдай қорғап, саяси ғылымдар кандидаты атанды. Қазақстандағы жастар саясатына қалдырған қолтаңбасы – осы еңбегі.
Жігерлі жас қызметтік жолда қарыштай берді. 2005 жылы ҚР Ғылым және білім министрлігі әкімшілік департаментінің директоры, министрдің кеңесшісі, 2008 жылы ҚР Сенаты аппаратының Әлеуметтік-мәдени даму комитетімен өзара іс-қимыл жөніндегі бөлімі меңгерушісінің орынбасары, кейінгі уақытта Президент Әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінде сектор меңгерушісі болып істеді. Осыған орай, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, Тәуелсіздіктің 10 жылдығына, ҚР Конституциясы мен Парламентінің 10 жылдығына арналған үш мерекелік медальмен, «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының 20 жылдығына шығарылған мерекелік медальмен марапатталды. Сүйікті жары – Альмирамен төрт бала сүйді.
Иә, Мәди Бексұлтановтың жарқыраған жұлдыз ғұмыры небары 42 жасында Алаш көгінен ағып түсті. Арттағыға қайыр тілегеннен басқа амал қайсы?!

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 301
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px