Жыл сайын жаңғыруда - Таным - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Жыл сайын жаңғыруда
Елімізде Наурыз мерекесі  бүкілхалықтық той ретінде 1926 жылдан бастап, 1988 жылға дейін тойланған жоқ. Ал, 1991 жылы Наурыз мерекесіне мемлекеттік мереке мәртебесі беріліп, 2009 жылдан бері жаңа жылды бірнеше күн тойлайтын болдық. Осы арқылы Шығыс халқы күн мен түннің теңелген күні ретінде тойлайтын айтулы мерекеге ерекше мән берілді. Бұл күнді көп ұлт тойлайды. Әрқайсысында тойлау салты әртүрлі.

Өткен ғасырдың 80-ші жылдары елімізде Наурыз мерекесі арнайы тойланбайтын. Алайда, осы күні өңірімізде облыстық, республикалық деңгейдегі ақ­ын­дар айтысы өтіп, оған өзге өңірлерден қатысушылар ке­луші еді. Бұл шара облыс орталығындағы одақаралық көркем­өнерпаздар үйінде өте­тұғын.
Ал, өткен ғасырдың тоқ­саныншы жылдарынан бас­тап Наурызды кеңінен тойлау қолға алынды. Қарағанды қаласының көшелерінен Наурыз мерекесінде елге ырыс-құт тілейтін жағымды кейіпкерлердің керуені өтіп, алтыбақандар құрылатын. Ол жастардың ық­ыласына бірден бөленген еді. Сондай-ақ, қолданбалы қолөнер бұйымдарының көрмесі, киіз үйлердің жанында ән-шашулар ұйымдастырылып, ұлттық ой­ындар ойнатылатын болды. Жыл сайын жаңғырған Наурыз мерекесі елдің түсінігін кеңейтті десек болады. Ендігі міндет атап өту ғана емес, барынша салт-дәстүрге сай етіп тойлау болатын. Осы орайда, Наурыз мерекесінің сценарийлерін жасауға зор мән берілді. Әдет-ғұрып, мерекелік ас мәзірі зерттеле бастады. Осының арқасында шығыстың жаңа жылы еліміздің қоғамдық өмірін жандандырған мерекеге айналды.
Қазір Наурыз мерекесі бізге көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын тамаша мейрамға айналды. Орталық алаңда жыл сайын болатын театрландырылған қойылымдар Наурыз мерекесінің мәнін жасқа да, кәріге де түсіндіреді. Әрі әдемі әсерге бөлейді. Қазір атаның батасын тыңдап, ел мен жерді пәле-жаладан аластау шарасын көргенде, іштей өз тілегіңді оқып тұрғаныңды аңғармай қаласың.
Мерекеде қауышқандар елі­­мізге қуанышты, сәттілікті, даналықты, денсаулықты, бай-қуаттылықты, өркендеуді ша­қырады. Ендеше, Жаңа жылда бір-бірімізге ақ көңілімізді көрсетейік.
Мереке күндері нарық заманын да ескере отырып, қаражатты шашпай-төкпей, жөнсіз шығынды шығармай, өскелең ұрпаққа тағылым-тәрбие беретіндей, ұлт­тық құндылықтарымызды әс­петтей алсақ игі еді. Тек қана ішіп-жеумен, арзан көңіл көтерумен шектелмегеніміз жөн.
Арайлап жеткен әз Наурыз мейрамы – жаңа жылымыз ырыс­ты болсын. Ежелден жаңару мен жасампаздықтың бастауы, бейбітшілік пен келісімнің арқауы болған ұлыстың ұлы күні отбасыларыңызға бақ-береке, еңбектеріңізге толағай табыстар әкелсін!
Әли қажы КЕНЖЕТАЙҰЛЫ,
тыл ардагері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 238
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1094
count 88x31px