Аңыз бен дерек – ақиқаттың алды - Тарих - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Тарихшы Темірғали Аршабеков пен Нұрболат Алдабаевтың «Кенесары жорығы ізімен» атты ғылыми зерттеуі – қазақ даласын тұтас қамтыған ұлт-азаттық көтерілістің Орталық Қазақстандағы, яғни Орта жүздегі шежірелі баянынан сыр шертеді. Кенесары хан бастаған Алаш азаттығы жолындағы күрестің Арқадағы тарихы – өз алдына бір кітап. Кез келген тарихшы мен оқушыға таптырмас көмекші құрал. Өйткені, өлке тарихы тұрғысынан қарағанда дерегі мол. Соқталы тақырыпқа төтесінен бір-ақ қоясыз. Түптеп келгенде, тұтас монографияға жүк тарихи тақырыптың сол топырақтағы жергілікті тарихшы, өлкетанушылардың көзімен қайта қаралып, жергілікті шежірешілердің мәліметімен толықтырылып, зерделене түскені – оқиғалар желісін кеңітіп, тақырып арнасын ашып, ауқымын ұлғайтып, жаңа мүмкіндіктерге жол сілтейтіні белгілі. Бұл – ұлттық тарих қоржынын байытар орасан олжа болмаса да, белгілі бір деңгейде үлес болып қосылары сөзсіз. Оқиғалардың желісі неғұрлым молайып, деректер көбейген сайын соғұрлым шындыққа көз жете түседі. Аталған еңбекте авторлар осы үдеден шыға алғанға ұқсайды. Оны кітаптағы мына бір үзіндіден аңғаруға болады: «Ақмола қаласының тұрғыны Әбілда Жақыпұлы, Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданының тұрғындары – Қосан Ібірахымұлы, Бұралқы Сейітқазыұлы сияқты көнекөз қариялардан жазып алынған аңыз-естеліктерде Кенесарының Ақтау бекінісін алуы былай баяндалады. Ақтау тауларының ішінде, бекіністен 50 шақырымдай қашықтықта «Қорған» атты, жергілікті халық «Кенесары қорғаны» атап кеткен жер бар. Сол жерде Ағыбай мен Наурызбай батырлар қамалдың қақпа жақ бетінің үлгісін тастан тұрғызып, сарбаздарға бекіністі алудың айла-тәсілін үйреткен. Әсіресе, қақпадан кірген бетте қарсы тұрғызылған жалға арындап келген атты әскер соғылып қалмауы үшін жалт бұрылып, екінші қақпадан өтуге машықтанған».

Кенесары көтерілісінің шындығы дегенде тіл ұшына әуелі Ілияс Есенберлиннің «Қаһар» романы мен Ермұхан Бекмахановтың «XIX ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан» атты монографиясы оралады. Аты айтып тұрғандай, Е.Бекмаханов еңбегінде сол кездегі Қазақстан экономикасын екшей отырып, ұлт-азаттық көтерілісті алып шыққан. Советтік тоталитарлық жүйе қыспағынан. Биыл еліміздің түпкір-түпкірінде тұсауы кесілген Сатыпалды Нарымбетовтің «Аманат» фильмі тарихи шындықты тіптен тамаша сомдаған. Онда түсінгенге бүгінгінің де шындығы жүр қылаң беріп. Қолымыздағы «Кенесары жорығы ізімен» атты мына туынды осыларға қосымша дерек деп қабылдадық біз. Өлкетанушылық тұрғысынан, әрине. Арқадағы Кенесары хан жорығы сүрлеуімен жүрген авторлар мұнда Ақмола, Ақтау бекінісін алғандағы шабуылдары мен Ұлытау өңіріне жасаған жорықтары һәм сонда хан сайланғаны жөнінде барынша қаузап жазыпты. Сондай-ақ, бұл еңбектің бір артықшылығы – этноархеологиялық экспедиция материалдары мен мұрағаттық құжаттар және тарихи зерттеулерді фольклорлық туындылармен салыстыра отырып шындықтың бетін ашуға тырысқан. Аңыз бен дерек қатар өрбісе – ақиқат та алыс емес, ендеше.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 698
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px