Алашқа адалдық - Тарих - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 04.12.2016

Мен ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Дихан Қамзабек­ұлын 1990 жылдан бастап білемін. Ол осы жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогика институтын бітіріп, Қазақ ССР Ғылым академиясы М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтына кіші ғылыми қызметкер болып орналасты. Өте сезімтал, алғыр, адамның айтайын деген ойын қас-қабағынан түсінетін кішіпейіл жігіт екен. Оның да себебі болуы керек, бәрі де ата-анасынан, отбасынан. Әкесі – Қамзабек кезінде Әлімхан Ермековтен дәріс тыңдаған екен. Анасы Үрзада балаларын өте тәрбиелі, еңбекқор, әдепті қылып өсірген.

Диханның Академияға келуі Алаш қайраткерлерінің ақталып, мұраларының зерттеле, зерделене бастаған шағына тура келді. Институт директоры академик Серік Қирабаев, орналасқан бөлімінің басшысы мемлекет және қоғам қайраткері Мүслім Базарбаев жас талапқа зор сенім артып, Алаш қайраткерлерінің еңбегі сақталған Мәскеу, Санкт-Петербор, Орынбор, Ташкент, Қазан, Уфа қалаларындағы архивтерге жұмсады. Ізденгіш Д.Қамзабекұлы төте жазуды жақсы білді. Ол Алаш қайраткерлерінің мұрасын жан-тәнімен жинады, жүйеледі, зерттеді. Сөйтіп, Мүсекең басқарған ХХ ғасырдың бас ширегіндегі әдебиет тарихын жаңаша бажайлау монографиясына (ұжымдық) автор ретінде қатысты. Алғашқы ғылыми мақалаларын жаза бастады. Жаңылыспасам, қазақ білімпаздарының тұңғыш съезі туралы үлкен мақаласы 1990 жылы желтоқсан соңында «Өркен» газетінде жарияланды.

Әрине, қай кезде де ХХ ғасыр басында шыққан қазақ газет-журналдарын іздеу, табу, бүгінгі харіпке көшіру, тақырыпқа қарай топтастыру оңай жұмыс емес. Диханның ерен еңбегі мен қарт ҚазПИ-де жәдит жазуынан мағлұмат берген ұстаздарының тәлімі арқасында күннен-күнге, айдан-айға, жылдан-жылға тың дерек, беймәлім оқиға, тұлға ізін таба берді. Бірде осы ізденісіне Алаш жолындағы ұлт-азаттық «ЕСЕП» партиясы қатарында қуғындалған бекзат ғалым Бүркіт Ысқақовтың риза болғаны да есте.

1990 жылы біздің М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында «Қазақ тілі» қоғамының бастауыш ұйымы құрылды. Оның төрағасына академик Рахманқұл Бердібай, хатшысына Дихан Қамзабекұлы сайланды. Дәлірек айтсақ, Рахаң жас, талапты жігітті өзі таңдап алып еді. Осы кезде оның қоғамдық жұмыстағы еңбегі айрықша байқалды.

Осы жылы 22 наурызда елімізде тұңғыш рет «Ана тілі» газеті ашылды. Ол ә дегеннен А.Байтұрсынұлы бастаған Алаш зиялыларының мұрасын, ой-пікірлерін жариялай бастады. Академияға тақау тұрған осы газетте Дихан қосымша қызмет істеді. Академиядағы жалақы мардымсыз. Сондықтан ол сол 90-жылдардың басында Құрманғазы атындағы Қазақ консерваториясының тіл және әдебиет кафедрасында, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика тарихы кафедрасында қосымша сабақ берді. Р.Бердібай басқаратын М.Әуезов музейіндегі Халық университетінде бірер жыл ғалым-хатшы болды.

Алматының қазақ мектептерімен де байланысын үзген жоқ. Өзі ҚазПИ-де жүргенде практикадан өткен №2 қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектеп-интернатпен қатынасып тұрды. Осындағы өрендерден ақыл-кеңесін аямады. Соның бірі –Түркі академиясының президенті болған тарих ғылымдарының докторы, "Егемен Қазақстан" газетінің төрағасы Дархан Қыдырәлі.

Құлыншақтай кезінен бастап елге, жұртқа, ортасына жақсылық жасау – Диханның бойына, жанына сіңісті болса, ол күні бүгінге дейін сол шабысынан танбай келе жатыр. Өз басым осы азаматты 26 жылдай жақсы танысам, осы уақыт ішінде бір адам туралы бір жаман пікір айтқанын естімеппін. Бір адамның аузынан ол туралы теріс ой шыққанын да естігенім жоқ. Себебі, оның бүкіл ойы да, сезімі де, қиялы да, жүрегі де, қимыл-әрекеті де – адам баласына тек жақсылық жасау.

Д.Қамзабекұлы ғылыми дәрежесіне де, қызмет лауазымына да еңбекпен, маңдай термен жетті. Ғылымда «мәтін әзірлеу» деген қара жұмыс бар. Ғалым «даяр асқа – тік қасық» болмай, өз зерттеу нысанасын өзі тапты, өз мәтінін өзі даярлады. Тіпті, талайларға азық болатын мәтін жариялады. Атап айтсақ, Д.Қамзабекұлының құрастыруымен, ғылыми комментарийлерімен Смағұл Сәдуақасұлының 3 томы, Қошке Кемеңгер­ұлының 3 томы, Жүсіпбек Аймауыт-­­ ұлының 5 томы, Хайретдин Болғанбайдың 1 томы, Садуақас Ғылманидың 1 томы және «Омбының Алаш дәптері» атты жинақ жарық көрді. Ол Алаш сөзін, сөйлемін, тіркесін, стилін қапысыз таниды. Ғылыми айналымда жүрген Алаш зиялылары хаттарының біразын Дихан ҰҚК архивінен тауып, жариялаған. Ұлт зиялыларының, алашшыл ақын-жазушылардың басын қосқан «Алқа» әдеби ұйымы бағдарламасының түпнұсқа мәтінін де даярлап, жариялады.

Астана немесе Ақмола – Д.Қамзабекұлы өміріндегі ерекше қала. Елорда болар алдында Л.Гумилев атындағы Еуразия университетіне Алматыдан қызметке қабылданған бірінші ғалым да – Дихан. Оның мұнда қай күні келгенін дәл білемін – 1996 жылдың 10 маусымы. Университет ашылғаннан кейін тура 17 күннен кейін. Сондықтан да ЕҰУ-дың қалыптасу тарихында Д.Қамзабекұлының орны ерекше.

Мен Еуразия университетіне 1997 жылдың 1 сәуірінде келдім. Сол кездегі ректор Амангелді Құсайыновтың бұйрығымен қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі болып тағайындалдым. Дихан – қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі. Сөйтіп, талай жауапты шақты әріптес ретінде бірге атқарыстық.

Алғашқы астана болу, ғылыми орта қалыптастыру, астаналықтар менталитетін орнықтыру оңай шаруа емес. 1998 жылы Елбасы ұйғарымымен Қазақстанның астанасы «Астана қаласы» болып өзгерді. Рухани сала, әдеби ұғым бойынша «астана – Астана» деп тұру құлаққа түрпідей тиеді. «Енді қалай деуіміз керек?». Бәріміз бас қатырдық. Газеттердің сауалнамасы да болды. Сонда Дихан «байырғы ұғымды жаңғыртып, «байтақ» дейік, жалпыға түсінікті болу үшін «бас қала» дейік» деп ұсынысын айтты. Ақыры «Қазақстанның байтағы», «Қазақстанның бас қаласы», «Қазақстанның бас шаһары», «Қазақстанның елордасы» деген тіркестер Ақмола мен Астананың ұлт санасында табиғи қалпында сіңуіне әсер етті.

«Руханият» деген атаудың иесі де – Д.Қамзабекұлы. 1997 жылы Алматыдан оның «Руханият» атты кітабы шықты. Бұған дейін бұл ұғым «рухани», «рухани жәдігер», «рухани мұра», «рухани тұлғалар», т.б. тіркесте қолданылып, терминдік деңгейге жетпей тұрды.

Дихан Алаш қайраткерлерін, олар­дың мұрасын зерттей, зерделей, қорыта келе, осы «руханият» деген сөзді қолданды және оған алғаш рет анықтама берді. Бүгінде халық осы сөз қайдан келгеніне мән бермей, жаппай пайдаланады. Сөйтіп, Д.Қамзабекұлының ұлттық сөздік қорға қосқан үлесі табиғи болып кетті.

Бүгінгі «Қазақстан халқы ассамблеясы», жаңылыспасам, 2007 жылға дейін «Қазақстан халықтары ассамблеясы» болып айтылып, жазылып келді. «Қазақстан халқы – бір, сондықтан көптік жалғау керек емес» деп ұсыныс енгізген, сол орынды ұсынысты қабылдатуға биліктің де, Ассамблея басшыларының да көзін жеткізген – Дихан. Оның «ұлыс», «қоңырау», т.б. сөздер мен ұғымдарға байланысты ойлы, зерделі ұсыныстары бар. Түбі олар да зиялылар тарапынан дұрыс қабылданып, қателік түзетіледі деген ойымыз бар.

Дихан Қамзабекұлы Еуразия университетіне бірден тонның ішкі бауындай болып кетті. Белгілі себеппен біраз уақыт Астанадағы Ұлттық музыка академиясының тіл және әдебиет кафедрасын басқарған да кезі бар. Осында қосымша «Руханият» атты академия газетін шығарысты.

Сосын қайтып келіп, университетімізде институт директоры, декан, проректор болды. Өзі бетегеден биік, жусаннан аласа болғаннан кейін, еңбегін айтпайды, жарнамаға жоқ. Талай кесек-кесек еңбек жазса да, бірде-біріне де тұсаукесер өткізіп көрген емес. Улатып-шулатқанды ұнатпайды. Мәнсіз кітаптарға, сұйық еңбектерге, өтірік мақтауларға жаны қас. Даңғойлық, менменсу Диханда болған емес. Бұл да – сабақ алатын мінез, қасиет. Іргелі ғылым жолындағы адам өткінші нәрселермен айналыспайды. Өйткені, оның бар мақсаты – ұлтқа қызмет ету.

Қазақ әдебиеттану ғылымы қандай дәрежеде дейтін әңгімеге ойыссақ, ол жөнінде біз кенжеміз. Себебі, әдебиеттану, гуманитарлық ғылымдар бойынша диссертациялық кеңестер өз дәрежесінде жұмыс істей алған жоқ. Диссертациялық кеңестер төрағаларының орашолақтығынан, өз ісін дұрыс білмегендіктен, жұмысына үстірт қарағандықтан жабылды немесе бейшара күйге түсті. Бұрынғыша (кеңестік) қорғау 2010 жылдың аяғына дейін жүрді. Диссертациялық кеңес жабылар алдында сол кездегі ЖАК төрағасы «қорғататын кеңестер жабылады, қорғайтындар қорғап қалыңдар» деп, жұртты дүрліктірді. Халтура осы кезде қатты кетті. Мысалы, ЕҰУ-дың бір Ғылыми кеңесінде 260 диссертацияның тақырыбы бекітілгеніне куәгермін. Сөйтіп әдебиеттану ғылымын құлдыратып алдық.

Енді «Әдебиеттануыңда кімдер бар? Дәстүр, тарихи сабақтастық сақталды ма?» деп сұраса, біз күмілжиміз. Біздің жасымыз 70-ке жақындап қалды, қатарластарым ғылымға өзінің беретіндерін берді, енді ештеңе бер алмайды. Бізден кейінгі толқын – «50-дегілердің қатарында кімдер бар?» дегенде, Диханның қатарынан Амантай Шәріп, Бауыржан Омарұлы, Сұлтанхан Аққұлұлы секілді 4-5 жігіттің ғана аты аталынады. Бұл – аз.

Ал кезінде Ғ.Мүсірепов өз қатарластарын «алыптар тобы» деді. Сенгеннен кейін айтты. М. Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мұстафин, Ғ.Мүсірепов – ХХІ ғасыр көзімен қарағанда, «көсемдер тобы». А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Қ.Жұбанов, С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров, М.Жолдыбайұлы, Т.Шонанұлы, М.Жұмабайұлы, Ж.Аймауытұлы, С.Сәдуақасұлы, Қ.Кемеңгерұлы, т.б. – көсемдер немесе көшбасшылар. Бұлар репрессияға ұшырағаннан кейін кім қалды дегенде, 50-жылдары жарқырап үлкен топ шықты. Ол топ –- кейінгі әдебиеттану алыптары: С.Қирабаев, М.Базарбаев, З.Қабдолов, А.Нұрқатов, Т.Кәкішев, Р.Бердібай, З.Ахметов, т.б. Оның сыртында Б.Сахариев, Ш.Сәтбаева, Ә.Дербісәлин, С.Ордалиев, Б.Уахатовтар бар. Әдебиеттану ғылымын дамытқан – осылар. Бұлармен салыстырғанда, қазіргілердің айырмашылығы – жер мен көктей. Бүгінде әдебиеттану маман тұрғысынан тоқырап тұр. Өзіміздің замандастарымыздың қартая бастағанын, Дихандардың қатарының аз екенін байқап, қам жейтініміз сондықтан.

Д.Қамзабекұлының кандидаттық диссертациясы қазақтың бір керемет өрен тұлғасы С.Сәдуақасұлының шығармашылығына арналған. Смағұл, менің пайымдауымша, Шоқандай «аққан жұлдыз». 33 жыл өмір сүріп, артына өлшеусіз мұра қалдырды. Дихан оның М.Әуезов архивінде сақталған «Сәрсенбек» романын тауып, жариялады. 200 беті өшіп кеткен. Сол романда бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан болашағы керемет сипаттаған. «Бар қазақ Сарыарқаның төріне жиналады, қазақтың театры болады, шойын жол салынады, зауыт-фабрик тұрғызылады, бүкіл дала қыбырлаған малға толады, ішінде жыбырлаған жан жүреді. Астана да осы жерге орнайды» деп, көрегендікпен жазады. Ол әлгі романын 1921 жылы бастаған. Міне, сол себепті С.Сәдуақасұлы бойында Фарабидің тұңғиық тереңдігі де, Аттиланың өжет қолбасшылығы бар. Диханның Смағұлға сіңірген еңбегі көп айтылды. Қазір конференция сайын ғалымдар қайраткердің Астанадағы бейітіне барып, мінәжат етеді. Оның рухы елордаға келіп, елімізге ой салып тұр: «Бүгінгі қазағым қандай? Мемлекетке, Алаш жолына адал ма?..» деп.

«Руханият» атты еңбегі тың дерекке толы, «Алаш және әдебиет» атты кесек монографиясы ішінде зиялыларға байланысты мағлұмат пен тұжырымның бәрі бар. «Пайым» деген еңбегі – Тәуелсіздіктен кейінгі қоғамның әдеби, тарихи, аналитикалық пайымы. «Жұрт» атты қызық эсселерден тұратын жинағы бүгінгі талай оқиғаларға, мінездерге тарих көзімен қарайды. Өзі көрген, көңілге түйген, естіген құбылыстар, заман туралы ойлар, толғаныстар оқырманды баурап, егілтіп отырады.

2007 жылы Алаш автономиясының құрылғанына 90 жыл толды. Осы жылы Д.Қамзабекұлының қолынан Алаш мұрасы жөнінде 90-ға жуық мақала туды. Бұл бір адамға аз ба? Осы Астана қаласындағы мектеп, колледж, университеттерде Алаш мұрасы жөнінде әңгімелер айтылды. Бұл – Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының басшысы О.Асанғазы мен ЕҰУ «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры Д.Қамзабекұлының бірлескен жобасы еді.

Қоғамдық, проректорлық жұмыс оның қаншалықты көп уақытын алса да, тәуліктің белгілі бір сағаттарын ғылымға арнайды. Бұл – еңбекқорлығының арқасы.

Еуразия университетінің тағдыры дегеніміз – оның алғашқы қарлығашы Д.Қамзабекұлының тағдыры. Д.Қамзабекұлының тағдыры – университет тағдыры. Бар білімін, білігін, шығармашылық әлеуетін, қайраткерлік ісін осы университетке тікелей байланыстырған жігіт осында көрінді, осында танылды, осында абырой жинады. Гуманитарлық ғылымдар институтының (филология факультетінде) Ол – ЕҰУ-ды басқарған барлық ректордың тірегі. Ректордың саясатын жүргізуші. Осы университеттің мәртебесі үшін, дәрежесі үшін, аянбай қызмет етіп келе жатқаны ұжымға да, республикаға да мәлім. Бүкіл шаралар, форумдар, конференциялар, дөңгелек үстелдер, олардың бағдарламалары, жинақ-материалдары Д.Қамзабекұлынсыз бітпейді. Ол өте тәжірибелі, біліп істейді. Сондықтан, оны университетіміздің «тұғырлы тұлғасы» деу қажет.

Алаш мұрасы өте байтақ, бай әлем. 1988 жылдан бастап репрессияланған тұлғалар рухани тұрғыдан ақталды. Олардың мұрасын жариялау, жүйелеу, зерттеу, сіңіру – мыңжылдықтармен есептелетін құбылыс.

2017 жылы Алаш үкіметінің құрылғанына 100 жыл толады. Биыл Ә.Бөкейхановтың 150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтіп жатыр. Әдебиеттанудың маманы аз болса, алаштанудың да маманы саусақпен санарлық. Алаш мұрасын «Мәңгілік Ел» идеясы аясында дамыта зерттеп, ұлт зиялыларын – «Ұлы дала елі» қайраткерлері ретінде әлемге танытуымыз қажет. Ағылшын тілі деп жиі айтып жатырмыз, енді осылардың мұрасын жинақтап әрқайсысын 1 том етіп ағылшын, неміс, француз, испан, қытай, араб тілдеріне аудармақ ләзім.

Қазақ мемлекеттілігінің іргетасы, негізі Алаш идеясы болу керек. Бұл идеяны темірқазық етсек, адаспаймыз. Алаш мұрасында халқымыздың тағдыры, дүниетанымы, тілі, ділі, дәстүрі – барлық қазынасы бар.

Алаш мұрасы – қазақтың игілігі, адамзаттың құндылығы. Оны елге, әсіресе, жас толқынға түсіндіру жолында Д.Қамзабекұлының еңбегі керек деп есептеймін.

Серік НЕГИМОВ,

филология ғылымдарының докторы, профессор

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 2315
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px