Алаш арыстарының бірі - Тарих - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Қазақ халқының қастерлі тарихында саяси жағынан пісіп-жетілген ұлт-азаттық қозғалыстың бірі – Алаш идеясы мен Алаш қозғалысы. Ал, осы қозғалыстың негізінде құрылған Алашорда үкіметі саяси қайнауы жеткен, дербес мемлекет ретінде дараланудың басы еді. Бұл қозғалыстың басы-қасында жүрген әрбір арыс, асыл ерлеріміздің есімдері ешқашан ұмытылмауы тиіс һәм ұрпақ соларға қарап бой түзесе – құба-құп. Алайда, олардың көбісінің еткен ісі, өмір жолы былай тұрсын, кезінде аты-жөні ұмыттырылып, ақтаңдақ беттері енді-енді ашылып келеді. Солардың бірі – Имам Әлімбеков.

Имам Әлімбеков – Қарқаралының тумасы. 1885 жылы Қарқаралы уезі, Ақсары болысы, Уақ қыстағында дүниеге келген. Әкесі Әлімбек – еліне елеулі, бір руға беделді би болған адам. Кезінде ғұлама Мәшһүр Жүсіп Көпейұлынан сабақ алған.

Кімнің қас, кімнің дос екенін айырғысыз алмағайып заманда халқының азаттығы мен бостандығын көксеп, Кеңестік империя үстемдігіне қарсы әрекет еткен Имекең бірден қамауға алынады. 1918, 1919, 1920 жылдары «Алаш» партиясы ыдырап, оның белсенді мүшелері Қарқаралы, Кереку сияқты жерлерге тарап кетеді. Деректерге сүйенсек, Имекең Керекуде тұрғанда А.Байтұрсыновпен байланыста болған. С.Сейфуллин «Тар жол, тайғақ кешу» кітабының 75-бетінде: «Алаш» партиясының Семейде уақытша областной комитеті ашылды. Комитетке кірген кісілер: Әлімхан Ермекұлы, Рақымжан Мәскенұлы, Имам Әлімбекұлы, Тұрағұл Құнанбайұлы, тағы басқалары», – деген деректер табылды.

Имекең 1930 жылы Мағжан Жұмабаевтың шақыртуымен Петропавлға көшіп барып, ондағы ауыл шаруашылығы техникумына оқытушы болып орналасады. Бұл жайлы ол кісінің келіні Ақсия Сафарованың қолындағы құжаттар куәландырады. Онда: «Петропавл мемлекеттік ауыл шаруашылық техникумында, қазақ тілі пәнінің мұғалімі», – делінген. Төменгі жағында «іс-жүргізуші К.Бугаенко» деп қол қойылған.

1933 жылы Имекең де, Мағжан да он жылға сотталып, Кольск жарты аралындағы Медвежьегорский лагеріне айдалып кеткен. Мағжанның әйелі Мәскеудегі Қызыл Крестте істейтін А.Горькийдің әйеліне қайта-қайта барып, 1935 жылы Мағжанды да, Имамды да босаттырып алғаны белгілі. Бұл жайлы облыстық газеттің «Ауыл мектебі аймақ тірлігінің тірегі» атты мақалада жазылған болатын.

Имам Әлімбековтің немере туысы О.Қалиевтің айтуынша, Имекең Семей жағында жүргенде «Алаш» партиясында болған. «Алаш» партиясының белсенді ұйымдастырушыларының бірі – Абайдың Тұрағұлымен бірге атты әскер полкын ұйымдастырған. Кейін «Алаш» партиясы үшін «ұлтшыл» деген жала жабылған.

Имам Әлімбековтің жерлесі, облыстық «Қазақстан-Қарағанды» телеарнасының журналисі Г.Бұхарбаева Имамның немересі Г.Сафаровамен бірлесіп «Имам Әлімбеков – қайта оралған есім» атты мақалалар жинағын жарыққа шығарды (2005ж.). Осы кітаптың алғысөзінде немересі Г.Сафарова (Алимбекова) былай дейді: «...Для меня он – легендарная личность, человек, который расплатился своей жизнью, семьей, благополучением во имя высоких идеалов, во имя народа. У него была трудная, но необычная судьба... ».

Бұл кітапта И.Әлімбековтің келіні Ақсия Сафарованың да естелігі жазылған. Қазір Қарағандыда тұрады. Ол кісі өз сөзінде: «30 жылдары болу керек, Имекең Қарқаралының уездік оқу бөлімінің (УОНО) бастығы болған. Ә.Ермеков ол кісінің қол астында математикадан сабақ береді екен. Әлекең (Ермеков), тұңғыш қазақ заңгері Жақып Ақбаев, ағайынды Мұсылманбек, Асылбек Сейітовтер (дәрігер), Итбаевтармен (заңгер) пікірлес, жақын жолдастар болған. Бұл кісілердің бәрі де сол кездегі саясаттың құрығынан құтылмай, репрессияға ұшырап кетті. Имекең үй басынан тері-терсек жинап, үкіметке өткізіп, содан түскен қаржыға Бесоба, Қызылтауға мектеп үйін салғызған. Ауыл балаларын оқуға тартып, өзі сол мектепте сабақ берген», – деп еске алады.

Осы жайлы Әлимаш Имамқызы былай дей­ді: «Әкем әлде Керекуге айдалды ма, әлде түрмеден босап, Керекуге келді ме, есімде жоқ. Ол кезде бар болғаны 7-8 жаста едім. Әйтеуір, Керекуден «еліме, жеріме, барам» деген соң, Бесобаға көшіп келдік. Ауырып бір жыл үйде болды. Келесі жылы мектеп салғызып, бала жинап, оқу оқытты. Тарихтан болуы керек жоғары класстарға сабақ берді».

Имамның бірінші әйелі Казинадан (белгілі әнші Жүсіпбек Елебековтің қарындасы) Мейрам деген ұл туған. Екінші әйелі Бәдрисадан Елена деген қыз туған. Үшінші әйелі Қатипадан төрт бала: Мақсұт, Оркен, Рашида, Әлимаш. Мейрамнан – Марат, Болат, Гүлдана. Мараттан – Жанна, Болаттан – Альфия, Оркеннен – Орал, Асқар, Оралдан – Данияр, Қатипа. Асқардан – Олжас, Нұрсұлтан. Бұл тізбекті жазып отырған себебім – кезінде «Халық жауы» болып небары 52 жасында жазықсыз жаладан мерт болған Имамның соңында ұрпағы қалғанын дәлелдеу. Туған елінің бақытты болашағы үшін жанын пида еткен арыстарға деген құрметіміз ортаймасын.

 

Мәдина ЖАҚЫПБЕК.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 381
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px