Алаштың арысы, қазақтың намысы - Тарих - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 10.12.2016

Зеңгір көкке көз салып көп отырдым. Қараған сайын әуе кеңістігінде сайран салған қазақ батырлары есіме түсіп, ойым еселене берді. Жаны намыстан жаралған жандардың жанкешті ерліктері, қазақтың қайсар баласының ғарышты бағындыруы бәрі-бәрі көңілімді көлдей толқытты. Қазақ болып мына жарық жалғанның есігін ашқаным үшін Аллаға да сан шүкіршілік айтып күбірледім.

 

Маған әлі күнге дейін қыран қазақ 70 жыл бұғауда болған қазақтың еркін ел атануына ғарыш кемесімен бұзып-жарып жол ашып бергендей көрінеді. Естеліктерді парақтасақ, парықтасақ Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы ғарышқа ұшуына екі рет ұсыныс тастапты. Бір қызығы екінші ұсынысында Елбасы теледидардан Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшуға дайындалып жатыр деген мәлімдеме жасаған. Бұл жаңалықты батыр Шымбұлақта демалып жүргенде танысы телефон арқылы жеткізіп таңдандырыпты. Сыртынан шешім қабылдағандарға ашу шақырып тұрған шағында президенттің қабылдауына ертеңгілік келуін өтінген хабар алыпты. Қабылдауға барған бойда ғарышқа ұшудан бас тартқанымен қазақтың намысы үшін шешім қабылдауға тура келген. Өйткені, Нұрсұлтан Әбішұлының «Біздің жерден біздің ғарышкер қашан шығады» деген туған халқыңның басты арманынан қалай бас тартпақсың деген сөзі батырдың намысын жаныса керек. Сөзге тоқтаған батыр, барлық қатерге басын тігуге дайын екендігін айтыпты. 1991 жылдың 21-інші қаңтарында Тоқтар Әубәкіровтің ұшу жөніндегі ұсынысы жедел бекітіліп, небары 4 айдың ішінде барлық сынақтан сүрінбей өткен. Осылайша қазақтың намысын, арын биік ұстап қиыры шексіз аспанға аттанғалы тұрғанда баянатты өз тілінде жасап «Мен қазақпын! Мен ұшуға дайынмын! Қазақ халқы үшін!» деген Тоқтармен бірге барлық қазақ ұшып бара жатқандай сезім болған екен. Расында, барша қазақ Тоқтармен бірге көкке көтерілгені ақиқат. Тіпті, Тоқтар баһадүрдің «Халқым, сен үшін отқа да, суға да түсуге дайынмын!» деген сөзі таспада жазылып қалыпты. Не деген намыс, ұлтына деген сүйіспеншілік, кіршіксіз махаббат?! Қазақстандық бағдарлама бойынша 2-10 қазан аралығында ғарышты бағындырған қазақтың қыраны ғарышкер-зерттеуші қызметін мінсіз атқарды. Адамзатты алаңдатқан Аралды ғарыштан суретке түсіріп, қауіпі мен салдарын анықтады.

Ғарыштан оралғаннан кейін ғарыштық даярлығын зерттеулердің негізін қалауға, еліміздің Қарулы Күштердің әскери даярлығын жетілдіруге, әскери патриоттық тәрбие жұмысын жолға қоюға, жалпы отандық қорғанысты нығайтуға күш салды. 1992-1993 жылы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары, 1993-1994 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық аэроғарыштық агенттігінің бас директоры-Ғылым және жаңа технология министрінің орынбасары, 1994-95 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты-Қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы болғандығы бізге мәлім. 1996 жылдан Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі. 2001 жылы 44 Қызылорда сайлау округі бойынша Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісіне депутат болып сайланғанда Байқоңырдан түскен батырға тізесін батырғысы келгендер өз туған жерінен неге түспеді деп жолын кесуге қам жасаған көрінеді. Сонда батыр:

– Айналайын, халайық! Менің туған жерім, кіндік қаным тамған жер Қарағанды облысы екені рас. Бірақ, мен ғарышқа осы жерден, мынау Байқоңырдан ұштым ғой. Менің жаңа паспортым бар! Менің мекенім – ғарыш, тұрағым – Қазақстан, туған жерім – Байқоңыр. Мен аспанға ұшып, аман-есен оралғанда табаным осы жерге тиді. Ана жаққа барып қайтқан адам жаңадан туған сәбидей емес пе?!. Сонда менің бұл жерге жаттығым қайсы? Біле білсек, қазаққа осы қазақтың жерінің бәрі – туған жер емес пе?! – деп жүрек сөзін жеткізіпті. Бұл сөзі ел ішін аралап кетті. Расында батырға ел де, жер де ортақ. Бүйректей бөле жару әбестік екендігі анық. Қазақтың бағына туған батыр көп ұзамай Қызылорда қаласының Құрметті азаматы атанды. Мұны батырға жасалған лайықты құрметке баладық.

Техника ғылымдарының докторы, профессор, академик, авиация генерал-майоры, нағыз Халық қалаулысы, қаһарманы, Құрметті азаматы, жүрегі түкті батыры Тоқтар Әубәкіров. Мұны балталаса да ешкім бұза алмайды. Себебі, Тоқтар Оңғарбайұлының бір бойындағы парасаттылықтың белгісін ешкім жоққа шығара алмайды. Мен аспан әлеміне көз тіккенімде мазалаған осы ой еді. Мұны қағазға түсіруді жөн санадым. Газетке жариялап, ойлы оқырманға ұсынуға бел будым. Батыр жайлы әлі талай естеліктер жазылары сөзсіз. Ертең қазақ қыраны 70 жасқа толады. Қазақтың тұңғыш ғарышкерінің мерейлі жасы құтты болсын, ағайын!

 

Нұрдос КӘРІМ.

БАЛҚАШ қаласы.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 5960
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1095
count 88x31px