Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 13.12.2018

Арғын Алтай Аралбай батыр
1674 жылы Алтай өлкесінде туып, 1755 жылы Тобыл өзенінен Ертіске құяр тұсында, желтоқсан айының ортасында 81 жасында дүние салған Аралбай батырдың тарихта есімі ерекше аталады. Аруақты ата жайлы ақсақалдардан алып қалғанымызды бүгін кәдеге жаратпасақ, ертең кеш болуы мүмкін.
Сүйегі өзінің өсиеті бойынша Арғанаты тауының етегіндегі шағын өзеннің жағасына жерленген, ғұмырының 63 жылы басқыншы жаумен шайқаста өткен батырдың шыққан әулетін шежірелей тектесек: Орта жүз, Арғын, Қотан тойшы, Дайырқожа (Ақжол би), Қарақожа батыр, Мейрамсопы, Қуандық, Алтай, Мойын, Рақпанқұл, Әлібек, Аралбай болып тарқатылады.
Атақты Бұланты шайқасында қалмақ әскеріне Найман Апыр батыр екеуінің жа­са­ғы тұтқиылдан шабуылдап, Аралбай ба­тырдың жау қолбасшысына шалма тастап сүйретіп өлтіргені туралы ақсақалдар жыр ­ғып  айтып отыратын.
Сайдалы Аталық Нияз батырдың бата­гөйі, тарақты Байғозы,  тағы басқа да Арқа өңірінің көптеген жас жолбарыстары әуелде Аралбай батыр бабамыздың қосынында болған, майданда батырдың баптауымен әбден пісіп-қатқан соң барып, әрқайсысы жеке-дара жасақ құрып, кейін жеңімпаз қолбасшы дәрежесінде даңққа бөленген.
Бірде 1731 жылдан 1741 жылға дейін ел қарасын көрмей дұшпанмен арпалысқан Аралбай батырдың жоқтығын пайдаланған қалмақтың шолғыншы жасағы Айбике (Кежек – Қанжығалы Бөгенбай батырдың туған қарындасы) ауылына бес рет шабуыл  жасайды. Тоқалы Айбике анамыз ауыл жігіттерін бастап, жаудың барлық шабуылына ерлікпен тойтарыс  бергенімен, қарбаласта бес жас­та­ғы Өмір басқыншыларға олжа болады. Жеті жыл жоңғарлардың қолында тұтқында жүрген Өмірді 1754 жылы қазақ-қалмақ бітіміне қатысқан Сайдалы Аталық Нияз батыр өзінің батагөй бапкері Аралбай батырдың тапсыруымен елге аман-есен алып қайтқан. Бұл кезде қаһарман баһадүрдің 80 жасқа келіп, сырқаты дендеп, қару суытып, аттан түскен кезді еді. Өсе келе Өмір жау­рыны жерге тимеген балуандығымен, ба­тыр­лығымен танылған. Оның тұқымынан  Балуан Шолақтан кейін Арқаға әйгілі болған Битабар балуан Елбайұлы шыққан. Жазушы Сафуан Шаймерденов оның өмірінен «Жыл құсы» деген повесть, Өмірдің ұрпағы белгілі журналист, жазушы Асан Жұмаділдин «Битабар балуан» деген хикая жазған. Үш жүзге аты мәлім ғұлама дінтанушы  Шаққан қажы Әділбайұлы  Ахмет Өмірдің ұрпағы. Үлкендердің айтуына қарағанда Ахметті он үш жасында  оған ерекше ұғымталдық қабілет дарыған. 1897 жылы Сайдалы Қаңтарбай байдың Исасымен бірге Меккеге қажылыққа бар­ғанда Медине медресесіне сырттай тір­келіп  қайтады. Меккеге екінші рет Сайдалы Берлібай қажымен бірге барып, Каир медресесіне сырттай оқуға түседі. Қаржы тапшылығынан үшінші рет Меккеге бара  алмайтынын түсінген ол Тройцскіге жетіп, Зейнолла хазретке қол тапсырады, оның терең жан-жақты біліміне  қайран  қалған хазрет сөзге келмей Ахметке Тройцск медресесінің қатыршатын (диплом) берген.
1926 жылы Сәкен Сейфуллин Ахмет қажының Жалғызағаштағы мешітіне келіп, бір жұма жатып, оның аузынан араб тарихы мен мәдениеті, әдебиеті, философиясы, өнері, т.б. туралы көптеген деректерді жа­зып алған. Ахмет қажы бай болмаса да 1928 жылы тәркіленіп, Ақтөбеге отбасы­мен жер аударылған. 1932 жылы Әулиеатаға (Тараз) көшіп барып, 1934 жылы сонда  ауырып  қайтыс болған. Жалғыз ұлы Мазхарға 16 жа­сында «халық жауы» деген  жала жабылып, ұсталып, 1942 жылы Долинкада азапталу үстінде жан тапсырған. Қызы Үнзила нағашысы Жұмағұлдың тегін алып, ҚазМУ-ды бітіріп, химия пәнінен ұзақ жыл сабақ бер­ген.1997 жылы қайтыс болды.
Ахмет Әділбайұлы Сталинге  халықтың ауыр жағдайы, әділет жөнінде хат жазған тұңғыш қазақ. Хат 1928 жылы 17 желтоқсанда жолданған.
Басқа әйелдері жөнінде де деректер жоқ емес. Бәйбішесі Айса –Төле бидің аталас інісінің қызы, руы – Үйсіннің Дулатынан тарайтын Сиқым – Жаныс. Одан Құттыбай, Жоламан, Тоты туады.Тотыдан тұқым жоқ. Құттыбай мен Жоламанның есімдері әнші-күйші, серілікпен, бапкерлікпен, саяткер­лікпен ерекшеленген. Құттыбайдың Есен-аманының баласы Қисық дарынды қо­быз­шы, домбырашы, сырнайшы, компози­тор болған. Оның «Көш тоқтатқан» атты қобыз күйі ел арасына кеңінен тарағанымен, оны бі­летіндер аштық пен қуғын-сүргін, Ұлы Отан соғысы жылдары опат болып, күй бүгінде ұмытылып кеткен.
Айбике-Кежектен туған Өмірдің ұрпақ­тары  жоғарыда баяндалғандай. Темір бесік­те  өлген, Өмір рулы ел; екінші тоқалы соғыс­та өлген Төлестің әйелі, әмеңгерлік жолмен алған.Төлестен  Барақ  атты ұл қалған, ол бозбола кезінде қайтқан. Әмеңгерінен батыр бабамыз Тайлақ атты ұл көрген. Ботақан аталып кеткен оның ұрпақтары да өз алдына бір ру болып отыр; үшінші тоқалы Таңсұлу (Құтбике) таманың рубасының қызы, 16 жастағы Таңсұлуды батыр 56 жасында алған. Сұлулығымен, биік ақыл парасатымен, өнерпаздығымен, шаруақорлығымен, көркеммінезімен, имандылығымен, тапқыр, көргендігімен ел құрметіне бөленген тұлға. Одан Байтоқа би, Бәйтелі батыр, Жабағы, Сеңкібай, Жабық туады, бәрінен ұрпақ өрбіген, әрқайсы бір-бір ру.
Таңсұлудан туған Байтоқа (Бабық) үш жүзге әйгілі билердің бірі, оның шешендігі мен тапқырлығын Абылай хан да жоғары бағалаған. Байтоқа би он жасынан әкесінің інісі Бекшенің ұлы Байдалы бидің тәрбиесінде болған. Байтоқа би ділмар шешендігімен бірге айтулы ақын болған адам. Сайдалы Ақтайлақ бимен үзеңгілес жолдас болған дара тұлға. Оның ұрпақтарынан тегіне тартып ағайынды Қосыбай би мен Өтебай би, Қосыбай биден әйгілі Кеттебек би, Өтебай биден Құтжан, Елшібай, Ойықбай билер туған. Өтебайдың Ерденбайы заман ағымын ерте түсініп, баласы Құсайынды орысша оқытқан, Құсайын әуелі Ақмоланың приходская школасында оқып, Омбы гимназиясын алтын медальмен бітірген, Қазан университетінің заң факультетін тәмамдаған, онда оқып жүр­ген­де Владимир Ульяновпен танысып, ұлт саясаты жөнінде пікірлескен. Ақмола уездік сотында қызмет істеген, Алашорда партия­сының белсенді мүшелерінің бірі.
Құтжанның Иманмұсасы би болған, аса білімді, орыс тілінде еркін сөйлеген «Ояз ыққан» атанған, көмекейі бүлкілдеген шешен. Таңсұлу анамыздан көрген екінші ұлы – Бәйтелі батыр Аралбай батыр бабамыздың 68 жасында туған. Бәйтелі батыр 13 жасында Алтай-Қарпық жігіттерінен құрылған 300 сарбаздан тұратын жасағымен «Шаңды жорықта» Арқаға ішкерілей өтіп кеткен 500 қалмақ қосынымен Иманақ шо­қы­сының түбінде соғысып, жауды күй­рете жеңген. Жекпе-жекте қалмақтың қол­басшысы, батыры Айманақты  өлтірген. Қал­­мақтардың тағы бір қосынын Оқкөмген тауы­ның маңында талқандаған. Жаудың бір­неше зеңбірегі қолға түскенімен, оғы (ядро) табылмаған, қашқан жау зеңбірек оғын жасырып көміп кеткен таудың аты Оқкөмген аталып кеткен.
Бәйтелі батыр ерліктерін «Шаңды жо­рықта» жанталасқан қалмақтармен және қы­тай әскерімен болған соғыстарда жасаған. Біртуар саңлақ қолына емен келтектен басқа қару ұстамаған. Емен келтектің бір шетіндегі тесікке байлаған қыларқанның екінші ұшын оң бөлігіне байлаған, ұрыста келтекті жауына серпе сілтеп, одан соң арқанды кейін серпіп келтекті қағып алып, қайта лақтырып, тура келген дұшпанға қырғидай тиген.
Таңсұлу анамыздан туған Жабағы (Та­наң) батыр бабамыздың 70 жасында туған, балуан, мінезі мәрт, жаны жомарт әрі он саусағынан өнер тамған жан-жақты шебер, шаруақор, қияпат пен харамдыққа қаны қас, жаны жат көпшіл адам екен.
Батырдың 72 жасында дүниеге келген Сеңкібай (Шанаң) мінезі біртоға, шаруа бақ­қан, Әлібек бабасына тартқан қарапайым, адалдықты қадірлеген қайырымды адам болыпты.
Ал 74 жасында көрген кенжесі Жабық (Бөпең) ақындығымен, әнші-күйшілігімен, жан-жақты шеберлігімен, батылдығымен әрі шаруаға пысықтығымен, тілмарлығымен, көр­­­кем мінезі, ешкімді жатсынбайтын жайда­ры жарқын, мейірімді пейілімен жұртқа жақ­қан.
Аралбай батыр бабамыз дүниеден қай­тар алдында Алтай – Қарпық  Ертіс пен Тобыл бойынан Ұлытау, Арғанаты өңіріне көшсін, ол жақта тұрақтай алмаса, Шу өңі­ріне, Қаратау жаққа қоныс аударсын, одан береке кетсе, Ақтау, Ортау, Қызылтауды қыстау етіп, Сарысу, Есен, Нұра, Есілді жай­ласын деп өсиет еткен. Батыр елден ынтымақ пен бірліктің берекесі кеткенін, күні ертең орыстардың елді отарлайтынын, елде оларға қарсы тұрарлық қауқар қалмағанын білген.
Таңсұлу анамыз батыр бабамыздың жылын өткерген соң, Алтай-Қарпықтың игі жақ­сыларының басын қосып, батырдың көшу туралы өсиетін жеткізген.
1757 жылдың көктемінде Аралбай батыр бабамыздың ауылы бас болып, Алтай – Қарпық жұрты Ұлытау, Арғанаты өңіріне тік көтеріле көшкен. Алтай – Қарпық батыр бабамыздың өсиетін мүлтіксіз орындаған.
Өсиетте айтылған орысқа бодандықты көздерімен көріп, бастарынан кешірді. Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық көтеріліске бел­сене қатысты. Қазан төңкересі, Ұлы тәр­кілеу, зорлықпен ұжымдастыру, аштық пен репрессиялық қуғын-сүргінді, Ұлы Отан соғысының қан майданы мен барлық ауырт­палығын, бүкіл КСРО дәуірін өткеріп, еліміз тәуелсіздік алған бүгінгі нұрлы өміріміздің алтын табалдырығынан да аттады. Отан игілігі, үшін кемелді еңбек етіп, салиқалы тірліктің өнегесін үлгілі істерімен жалғастыруда.
Айса анамыз жүз жасаған. Сүйегі Өспен аулының маңындаға өз атымен Айса аталып кеткен шағын өзеннің жағасына қойылған. Айбике (Кежек) анамыз да ұзақ жасап, Шет ауданына қарасты есімін алған Кежек өзенінің жағасына қойылған. Таңсұлу анамыз 1804 жылы 90 жасында Шуға құятын өзеннің бойына жерленген. Жағасына бейіті салынған өзен анамыздың есімімен Таңсұлу өзені атанған.
Аралбай батыр бабамыз дүниеден қай­тарында баласы Байтоқа биге жеті жасар кенжесі Жабықты қамқорлығына алуды қат­ты тапсырған. Өле-өлгенше еншілерің бө­­­­лінбесін, іргелерің сөгілмесін, ахиретте се­нен сұрайтыным Жабығымның тағдыры деген.
Көздері жұмылғанша ауылдары Бабық – Жабық ауылы атанған. Байтоқа (Бабық) мен Жабық (Бөпеңнің) бейіті Жаңаарқа ау­данының Сәкен ауылынан солтүстікке қарай 50 шақырым жерде, Құланөтпес өзені­нің жағасында.
2010 жылы Аралбай  батыр бабамыздың ұрпақтары басына мазар тұрғызып, Қазақ­стан Республикасының еңбек сіңірген мә­дениет қызметкері, Жаңаарқа ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің игері, облыстық мәслихаттың депутаты Ғазым Жарылғапұлы Ұлытау – Арғанаты өңірінің жұршылығына құдайы дәм беріп, баба руына хатым-құран бағышталды. Асқа Аралбай батыр бабамыздың ұрпағы Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, белгілі қаламгер Алдан Зейнуллаұлы Смайыл бастаған ұлт зиялылары, батырдың ұрпақтары қатысты.
2011 жылдың қыркүйек айында Жаңа­арқа ауданының орталығы Атасу кентіне жақын жердегі Қарауылтөбеде батыр баба­мызға ас берілді. Асқа қазақтың тұңғыш ға­рышкері Тоқтар Әубәкіров бастаған қоғам мен мемлекет, мәдениет қайраткерлеріне, ақын-жазушылар, атақты өнерпаздарға елуден астам үй тігіліп, 5000 адамға құдайы дәм тартылды.
Алдан Смайылдың «Аралбай батыр» атты кітабы шығып, Жаңаарқа ауданының  орталығы Атасу кентіндегі жаңа көшеге Аралбай батыр Әлібекұлы бабамыздың аты берілді.
Ұрпақтары Аралбай батыр бабалары­ның тектілігін тектілікпен жалғастырып ке­леді.
КСРО және Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлықтарының иегері, әлем­ге әйгілі өнертапқыш Махмұт Ақбиев, да­рынды қаламгер Алдан Смайыл, атақ­ты лингвист – терминолог, ұлттың тіл бай­лығына 5000 жаңа сөз сыйлаған ке­мең­гер сөзжасам шебері, ғалым Ісләм  Жарылғапов, Қазақстан Республикасының бокс өнерінің негізін салушылардың бір­егейі, халқымыздың ардақты ұлы Ғалым Жарылғапов,  Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, бокстан спорт шебері Нұрғазы Жарылғапов, бокстан спорт шебері, Ригада бокстан өткен Бүкілодақтық турнирдің күміс жүлдегері Болат Жарылғапұлы, Дзюдо күресінің спорт шебері, белгілі балуан Бахи Жарылғапұлы, атақты шахтер, спорт шебері Бақыт Жа­рыл­ғапұлы, Ы.Алтынсарин медалінің, «Құр­мет» орденінің игері, «Балалық шақ» үйін ұйымдастырған талантты педагог Мәруа Құлышева, белгілі жазушы-журналист, ақын Бұқпа Әшімов, көрнекті жазушы-журналист, этнограф,  16 кітаптың авторы Асан Жұмаділдин, белгілі журналист-жазушы, баспагер Бақтыбай Жұмаділдин, қазақтан шыққан тұңғыш психолог, тұңғыш қазақша «Психология» оқулығының авторы Сәлкен Балаубаев, қазақтан шыққан тұңғыш жур­налистердің бірі, қоғам мен мәдениет қай­раткері Жұмабай Орманбаев, экономика ғылымының докторы, профессор, ғалым-педагог Алтай Орманбаев, филология ғы­лымының докторы, профессор, академик, шәкәрімтанушы Балтабай Әбдіғазиев, техника ғылымының докторы, Еуразия уни­вер­ситетінің профессоры Бағылан  Тоғыз­баева, биология ғылымының докторы, профессор, әйгілі селекция маманы Еламан Шаханов, филология ғылымының докторы, профессор, атақты айтыскер ақын Аманжол Әлтаев, Қазақстанның еңбек сі­ңір­ген әртісі, сәкентанушы, этнограф-ға­лым Серік Оспанов, ақын, композитор, «Бір келіншек», «Бір бала» сынды көптеген әндердің авторы Мұқамедия Жантыбайұлы, атақты күйші-композитор Алпысбай Тұр­сынбеков, Қазақстанның еңбек сіңірген әр­тісі, «Гауһартас» фильміндегі Салтанат бейнесін сомдағаны үшін Бүкілодақтық кинофестивальдің «Үздік рөл» номинациясы жүлдесін алған, талантты киноактриса Жанна (Жаннат) Қуанышева, Ш.Қалдаяқов әндерінің тұңғыш өткізілген халықаралық байқауының дипломанты, сазгер әрі музыкант Әсемгүл Жұмаділдина, үш монография, екі оқулықтың авторы, техника ғы­лымының кандидаты, ғалым-ұстаз Ба­қыт Құрмашева, «Ұлытау үні», «Айна­лайын» фестивальдерінің лауреаты, ха­лық­аралық «Бозторғай» ән байқауының бас жүлдегері Ақнұр Әбдіғазымова, белгілі әнші Ж.Елебеков атындағы байқаудың лауреаты Марат Казенов, генералдар  – Зәкария Жексенов, Хамит Бекішев, Нақып Қаппасов, Ұлы Отан соғысына жауынгер болып кіріп, полковник болып қайтқан, «Жау­ынгерлік Даңқ» орденінің толық ие­гері, «Александр Невский», «Қызыл Ту», бірінші, екінші дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» ордендерінің иегері Нүркежан Ахметжанұлы, Қауіпсіздік коми­те­тінің полковниктері Шәкіжан Қуанышұлы, Ақсұлтан Әлин, қоғам қайраткерлері – Хамзе Сәтжанов, Әбсалам Яхин, бі­лім беру саласының  қайраткері Рахат Зәрубайұлы, Мағаз Абдығазымұлы, шаруа­­шылық қайраткерлері Жұмабай Бал­мағамбетов, Дулат Смайылов, Мәнсүр Аб­дығалымовтар, белгілі кәсіпкерлер Жан­сұлтан Қасымбеков, Бағдат Бекежанова, Рымкеш Әлтаева, ішкі істер қызметінің қайраткері Рзық Жарылғапқызы, аудандық жер бөлімінің бастығы Шолпан Қошанқызы – Аралбай батырдың ұрпақтары.
Аралбай батыр бабамыздың елге еңбегі сіңген зиялы ұрпақтарын тізе берсек, томдаған кітаптар жазуға болады.
Ел-жұртының бостандығы, жерінің бү­тіндігі, қазақ хандығының мемлекеттігі, ұрпақтардың жарқын болашағы үшін саналы ғұмыры жаумен шайқаста өткен Аралбай батыр сынды қаһарман текті ба­баларымыздың руһы жас жеткіншектерді жасампаздыққа жігерлендіріп, желеп-жебей берсін!
Қалкен СМАЙЫЛ,
Қазақстан Журналистер одағы мен
Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 1875
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1267
count 88x31px