Қаратастағы қайсар рух - Тарих - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 05.12.2016

Адамзат табиғатында сирек кездесетін, дара тұлғаның қалыптасуына қандай жағдайлар әсер етті. Әлекемнің жүріп өткен жолдарын тағы да бір көрсек... Мүмкін жақсылығы, даналығы бізге де қонар деген ырыммен сіздің туған жеріңізге келдік.

Таң қылаң бере ұрпақтарыңыз дала төскейіне бет алды. Осы идеямызға негізгі ұйытқы болған нағыз Әлекемнің ұрпағы, Ақтоғай ауданының азаматы – Қазбек Ғалиханов жанына үлкен ағамыз Ортай Абдрахманұлы мен Ғайныкен Абдрахманұлын ертіп, машинаға отырып, жолға шықтық. Тақтатастар шашылған даланың сүрлеу жолымен бір сағаттай жүріп келеміз. Кенет иен даланың көкжиегінде ерекше ноқат көріне кетті, оған тақалған сайын бәрімізді баурай бастаған бұлыңғыр көңіл толқуы одан сайын үдей түскен. Машина бізді шағын қырат иығына орналасқан жерге жеткізіп, тақап келіп тоқтай қалды.

Әлиханның кіндік қаны тамған туған жерін көрдік. Жердің шаңын көтеріп жүгіре басып, асық ойнап, балалық шағы өткен жерді тамашаладық. Желтау бауырында орналасқан Жекежал қыстағы шынында тамаша жер екен! Айнала көркем!

Жол көрсетіп жүрген Қазбек аға «Сіздерге бір кереметті көрсетейін» деп алға қарай жүрді. Келе жатып «Қаратастың» тарихы туралы білгенін әңгімелей бастады. «Қаратастың» орналасқан жері де өзгеше екен. Әлекеңді соңғы рет 1922 жылы осы жерден ұстап алып кетіпті. Ә.Бөкейханның өмірі мен шығармашылығын зерттеп жүрген ағаларымыз бірнеше рет іздеп келіп, бұл жерді таба алмаған. Қаратас кейінде ғана Әлекемнің ұрпақтарының бірі – Қазбек Ғалихан мен Ердос Абдрахмановтардың іздеуімен табылған екен. Қаратас! Қасиетті Қаратас! Қандай құпиясы бар екен?

Теңіз деңгейімен салыстырғанда 10 метрдей биіктікте орналасқан. Қарағанда аспанмен тіресіп тұрған Қаратас жақын көрінгенімен әжептәуір екен. Шаршағанымызды ұмытып, ентіге жанына келдік. Жол бастаушымыз Қазбек аға, үстіне көтерілуді ұсынды. «Әлекең отырған жерге бізде отырып көрейік, шапағаты тисін» деген соң, үстіне көтеріле бастадық. Басына да шықтық Қаратастың. Шынымен де ғажайып. Үстінде отырған адамға шауып келе жатқан салт атты да, жаяу адам да анық көрінеді. Қаратастың үстінде отырған әрқайсымыз терең ойға шомып кеттік. Біраз уақыт үнсіздік орнады. Сондағы бәріміздің ойлағанымыз Әлекең еді. Табиғатында сирек кездесетін дара тұлға нені ойлады? Рухың қандай күшті еді, Әлекем! Осы жерде отырып қаншама жарқын идеяларды өмірге әкелдің. Кеңінен тыныстап, Ұлы даланың рухын сезіндің! Сондағы ойларыңыздың жемісі қазақ елінің Тәуелсіздігі! Халқыңды дамыған елдер қатарына қосу. Елдің келешегі, жарқын болашағы! Алаш арысының ұлттық идеяларға толы қанатты сөздері бірінен соң бірі келе берді.

«Қазақ сияқты іргелі жұрт жасырынып жүріп күн көре алмайды. Енді бұрынғы қате ізді баспалық, үлгілі жолға түселік, мынау ұлы дүбірге қосылайық!» деген ойларыңды осы жерде ойладың ба, ата?!

«Тарих – түзу жөнді үйретуші. Тарих – түзушіліктің кітабы. Тарих тіршілікте жол басшы дейтініміз осы...» деп едіңіз, ата!

Ұрпақтарыңыз тарихты тағы да еске түсіру үшін келді. Сіздің жүріп өткен жолдарыңызды тағы да көзбен көру үшін келді. Қалдырған мұраларыңыз болашақ үшін аса құнды дүние болды.

Осы саясаттың жүзеге асуына тікелей әсер еткен әулетіміздің ақсақалы, Әлекеңнің мұраларын жинап, мақала жазып жүрген құрметті ағамыз Ортай Абдрахманұлына алғысымыз шексіз еді.

Бұл да тәрбиенің бір түрі, тарихқа деген, тегімізге деген құрмет болар.

 

 

Кәмшат АБДРАХМАНОВА,

Қарағанды мемлекеттік

медицина университетінің

оқытушысы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 391
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1089
count 88x31px