Артұр - Сармат тұяғы - Тарих - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 08.12.2016

Артұр - Сармат тұяғы
Мағауия СЕМБАЙ,
«Орталық Қазақстан»


Өміріңді кітап оқумен өткізу керек екен. Біздің ұрпақ аз оқыды деп айта алмаймын. Бірақ, СССР деген державаның идеологтары басқаны, атап айтсам, социализм мен коммунизмді, анығында бір тілде сөйлейтін, тегі тентіреп кеткен, түп тамыры суалып қалған кәрі емендей елге айналасыңдар деп оқытты. Буыны бекіп, миы толмаған жас бәрін сиясорғыш сияқты бойына жұта береді. Кейін барып кеш болса да әлем тарихына, әдебиетіне, әдет-ғұрпына, салт-санасына ден қойсаң, басқа дүние, басқа әлем ашылып қоя береді екен. Ең ауыры –  санаңа салмақ, жүйкеңе жүк болып түсе береді.
Оқымаған дүниең кейін алдыңнан шыққанда, «Қап, әттеген-ай» деп опық жейтінің де бар. Кезінде әлемнің әрбір төртінші пендесіне әмірі жүрген, капитализм алғаш өркен жайған, демократияны Римнен кейін осы өмірімізге қайта енгізген, алақандай аралда ғұмыр кешіп жатқан Англияңызды біздің бабамыз ел қатарына қосқан, жеке мемлекет құрған, тұңғыш королі болған. Сол Британияңызда осыдан он жылдай бұрын болған едім. Мұның бірін де білмеппін.
«Король Артур» деген Голливудтың фильмін көріңіз. Тарихи талай тұлғалар туралы тамаша кинофильмдері бар. «Александр Македонский», «Троя», «300 спартандық», «Гладиатор» және басқа. Осы фильмдерді қарап отырып, көшпенділер туралы бір мысқал сөз шығып қала ма деп отыратыным бар. «Король Артур» фильмінен көшпенділер атойлап шыға келді. Рим империясы мен Сарматтар талай тайталасып, итжығыс соғыс болыпты дейді көне тарих. Содан бітімге келіп, Сармат ханы Римге өз баласы бастаған жасөспірім жеті жігітін сарбаздарымен  берген. Кигіз үйден жылап шығарып салады аналары. Он бес жылға аманатқа. Бертіндегі Абылай хан тұсында да Жоңғармен бітімге келгенде,  қазақ пен қалмақ өзегін жарып шыққан баласын, болмаса ет бауыр інісін аманатқа берген. Жоңғардың Әмірсанасын Абылайдың Қытайға да, Ресейге де ұстап бермеуі содан болар.
Әлқисса, Рим империясының ең шалғай колониясы Британ аралдары екен. Содан Артур бастаған Сармат атты әскері Рим Папасының, императорының әмірімен Англияға кемемен түседі. Екі арада құрлық жоқ, көпір жоқ, бүгінгідей тоннель жоқ. Биттің қабығындай Британияңызға бәрі қызығыпты. Саксондар, шотландтар. Әйтеуір ағылшындар бүгін варварлар дейтін жабайылар. Ең тәуірі – бәрі жаяу-жалпылы екен. Сарматтың атты әскері соғысқа кіргенде жолындағының бәрін жайпап, ту-талақайын шығарып, тапап өтеді екен. Атқа мінгендері, найза ұстағандары, әсіресе садақ тартқандағы мергендіктері тура өзіміздің көшпенділердікі, қазақтікі.
Қыл қысқасы, Рим империя­сының колониясын, сол жерге Папаның мұрагері болатын жас жеткіншекті қан кешіп жүріп қорғап қалған Артур Англияның тұңғыш королі болыпты дейді. Бүгінгі Ұлыбританияңызды Сармат бабаларымыздың асыл қанынан, текті тұяғынан жаралған Артур аман алып қалған. Бәлкім Артұр шығар (Арын, антын сатпайтын деген мағына бере ме?). Сарматтар (Ғұн дәуірінде) осы өзіміздің Арал мен Каспий теңіздерінің арасын мекендеген. Қымыз ішкен, жылқы етін жеген, тұлпарына үзеңгі таққан, шалбар киген, былғарыдан сауыт киген, садақ тартқан, жебесін жауына жеткізіп атқан, қайқы қылыш, көк сүңгі ұстаған, атойлап шапқан, антын, халқын сатпаған.
Сақ пен Сарматтан тамыр тартатын Шыңғысханның қосын­дары Қытайды қаңғыртады, Еуро­паңызды еңіретеді. Ұлы қағанның Батуханын айтпағанда бір ғана Байдар немересі Еуропаның бүкіл крест жорықшылары бас біріктірген, темір құрсанған 60 мың қолын 10 мың ғана жасақпен Легница түбінде жайпап өтіп, Бату ағасына жаудың тоғыз қап құлағын кесіп әкелген.
Олжас ағамыз мен бүгін білген тарихты баяғыда білген. Содан «АзиЯ» кітабын жазған. Ақын өлең, жазушы роман жазу керек қой. Олжас Сүлейменов пен Мұхтар Мағауин ағамыз тарих жазған. Не үшін? Осы қазақ тегін, батыр, бай, бағылан ата-бабасын ұмытпасын деп. Ұмытпасам, Олжас ағамның «АзиЯ» кітабын Алматыда оқып жүргенде (1975 жылы) кітап дүкенінен сатып алып үлгердім. Ертеңіне кәмпескелепті. Сол кітап әлі бар менде. Кітап тағдыры ЦК-да қаралды.
Орыстың Лихачев бастаған «ғұламалары» Олжас ағама арадай жабылды. Ұлтшылдан басталатын КПСС-тың қара таңбасы. Әйтеуір Д.Қонаев ағамыз аман алып қалыпты дейді білетіндер. Политбюро мүшесі, Брежневпен дос Димаш ағамыз. Әйтпесе Олжас ағамыздың тағдырын болжау қиын ол заманда.
Әлі есімде, Қазақстан Ком­партиясы Орталық Комитетінің пленумында Олжас ағамыз қатты сыналды. Партиядан шығарған жоқ әйтеуір. Сондағы тапқан кінәлары – қазақ пен Америкадағы үндістер қандас деген тұжырымы. Басқасы есімде қалмапты. Олжас ағамыз бәрін тіл арқылы дәлелдепті. Америка құрлығындағы үндістер (лақап аттары) суда жүзетін көліктерін «қаяқ» дейді екен. Қазақ та «қайық» дейді. Біздің тіліміз мұхит асып, Америкаға қалай барған? Білгені бар, білмегені бар, ешкім мойындамады. Тоңмойын саясат қазақты сол заманда тұқыртқан осылай.
Бүкіл әлем ғалымдары көне дәуірде мамонтпен қатар өмір сүрген түйеміз Азияға Канададан асып келген деп тұжырымдайды. Азия мен Америка құрлығы баяғыда тар қолтықты, бүгінгі Беринг бұғазы арқылы жалғасып жатыпты. Кейін су басқан дейді. Біздің көшпенді ата-бабаларымыз Америкаға сол қысаң қылта арқылы өткен болар. Оқысаңыз, тоқысаңыз әйтеуір мұхитта кеме жүздіре алатын Португалия, Испания, Франция, Голландия, Англиясы бар Азияны бітіріп, Америка құрлығын жаулаған. Мәдениеті мен әдебі, тектілігі мен тегеуіріні ешбір халыққа тең келмейтін Мая, Ацтек және басқа «абориген» ұлттар табан тіреп тұрып, басқыншыларды басындырмай шайқасыпты. Біздің қазақтардай отты қаруға жалаң қылышпен жалаңтөс қарсы шауыпты. Қырылған, жазаланған. Дінсіздер, Тәңірге табынған деген желеумен қасапқа салыпты еуропалықтар. Инкивизация. Сонда да берілмепті. Соңғы ұлы, ақырғы қызы қалғанша қидаласыпты. Рухы мықты ерлері бар ел беріле ме? Тау мен тас, өзен мен көл өзінікі. Әбден мысы құрыған еуропалықтарға орыстың Ломоносовындай бір ғұлама ақыл айтыпты. «Мына жабайылар нені қорек етеді, немен ауырады?» – деп сұрапты.
– Атқа мінеді, бизонның етін жейді. Немен ауыратынын білме­дік, – депті әскер басы.
– Ендеше ол жабайылардың өздерін емес, бизондарын қырып тастаңдар. Еуропадан оба (чума) ауруына шалдыққан бір-екі міскінді апарып тастаңдар. Аштан өлмегендері жұқпалы дерттен қынадай қырылады, – депті әлгі алхимик.
Американың жергілікті тұр­ғындары обаға ем тапқанмен, бизонсыз өмір сүре алмапты. Бүкіл Еуропаның оқымыстылары обаға ем таба алмағанда үндістер кәдімгі жуамен жуынып, асын пиязбен дәмдеп, азын-аулағы аман қалыпты. Еуропада 6-7 миллион адам обадан қырылған дейді тарих. 32-дегі зұлматта да қазақтың малын тартып алған. Жұқпалы дерттен емес, қазақтың 70% аштықтан қырылған дейді архив. Қырылмасақ, қазір 20-40 миллион болып отырар едік. Көп болсаң, көршің көзін алартпайды.
Қабанбай батырымыздың саптама етігіндей ғана түбекте отырған бір Корея АҚШ-ты қорқытады, бір Корея әлемді технологиясымен таңқалдырады. «Самсунг», «Хундай», LG деген компанияларымен әлем санасады. 13 ғасырға шейін сол Корея елінде өз алфавиті болмаған. Қытайдың иероглифін пайдаланған. Седжон деген ханы көкке қарап, қаріп жасапты. Бар жоғы 24 қаріп. 14 дауыссыз, 10 дауысты. Бүгінге шейін корейлер осы ханын аспанға көтереді, аса ардақтайды. Бізде кириллицамен 42 әріп, А.Байтұрсыновтың төте жазуымен 32 әріп. Ал, біздің дәуірімізге дейінгі Орхон-Енисейде тасқа басылған көк түркінің сына (руника) жазуында  35 әріп. Латында  – 27  әріп,  арабта  – 28   әріп. Бұл басқа тараптағы әңгіме болғанымен, Корей түбегін Шыңғысхан бабамыздың баласы Үгідей басып алған.  Содан кейін олар ел болған, өз алфавиттерін жасаған. Күні бүгінге дейін басқа діндермен бірге Көк Тәңірі дінін де ұстанады. Ең қызығы – біздің Ұлы Даламызда тұрған балбал тастар Кореяда да тұр. Бүгіндегі бір қалжақта «Корейлер керей шығар» деп қақпайлады. Шынында да солай шығар. Олжас ағам айтқандай Азиядан Америкаға атпен аттай салған көшпенділер үшін Корея мына тұрған жер емес пе?!

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 172
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px