Қаз дауысты Қазыбек кімнен кем? - Тарих - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Кейбір деректерде бұл жер қара Сеңкібай бидің қыстауы еді деседі. Бұл аса анықталмаған сөз. Сол кездегі салт бойынша әкесін киелі Түркістанға апармақ болған Бекболат би кең алқапқа төрт тас қойғызып үстіне керегеден сөре жасап, баба мәйітін орналастырған. Мәйіт қойылған жерге сөре үстіне қосарланған екі үй тігілген. Бабаны Түркістанға тез арада жеткізу үшін алдын ала Арқаның суық бұлақтарының картасын жасап, қыс бойы дайындалса керек. Бұл жерде әлдекімдер айтып жүргендей балға салу (бальзамдау) деген болмаған. Бабаның денесіне қол тигізбей асты-үстіне суық су толтырылған мес қойып төрт күнде Түркістанға жеткізіпті. Ұлы биді соңғы сапарға шығарып салмаққа алдын ала құлақтанып отырған жол бойындағы ел суық су толтырылған местері мен ауыстырар аттарын дайындап, күтіп алып, әр ауыл өз жерінен ұзатып салып отырған. Және, бір айта кететін жайт қазақ халқының қайтқан кісіні жөнелту салтында жаназасы оқылғаннан кейін, мәйіт тек қабір басында ғана жерге қойылған. Сол себепті де, баба сүйегі салынған көлік ауыспай тек жеккен аттар ауысып отырған. Атақты ағамыз Ақыжан Машанидің атасы Машан би өзін Қарақуысқа жерлеуін өсиеттеген екен. Діттеген жерге жетпей бидің сүйегін апара жатқан сүйреткінің тәртесі сынып, жаназасын басқарып жүрген Жамантай хан (Тұрсын) топырақ бұйырған жер деп сол маңға жерлетіпті. Ел шетінен ұзаған кезде бабаға арнаған жүз жылқыны беймәлім бір ұрылар қуып кетіпті. Ертеден келе жатқан салт бойынша киелі Түркістанға, Құл Қожа Ахмет бабаның сағанасына кісі жерлеу үшін Яссауи бабаның мүриттеріне тартар сый жүз жылқы болған. Бабаны барар жеріне тезірек жеткізуге асыққан жолаушылар ұрылардың соңына да түспеген. Бірақ, жылқыны ұрлаған ұрылар үш қайтара қуып әкетсе де, адасып мәйіт апара жатқан керуеннің үстінен шығады. Бұған таң қалған жол торушылар үшінші рет қайта келгенде мәнісін сұрапты. Кім екендерін білген соң ұлы биге құрмет қылып, Түркістанға дейін өздері қорғап жеткізсе керек.

Аңыз бойынша бабамыз қарашаның аяғына қарай, Арқаға қар беки дүниеден қайтқан. Кей деректе төрт жарым ай сөреде тұрған деседі. Осыған сенсек, бабамызды наурыз айы туып, жер аяғы кеңісімен Түркістанға жеткізсе керек. Қарқаралы дуанын.да хан сайланған Бөкей хан қайтыс болғанда да, қыс бойы Кент тауының бауырындағы Қожамберлі қойтасы маңында сақтап, ақпан айының аяғында Түркістанға жеткізген деседі. 2014 жылы Қаз дауысты Қазыбек бабаның дүниеден қайтқанына 250 жыл болды. Келер жылы Құдай қаласа ұлы бабаның дүние есігін ашқанына 350 жыл толады. Киелі Түркістан шаһарында, Яссауи сағанасының маңында исі қазақ елінің небір марқасқалары жерленген. Дерек бойынша белгілісі 300-ден асады. Белгісізі қаншама? Оны тек Аллам біледі. Кезінде баба басына Бекболат би қойған құлпытасы қазірде Ақсарайдың төрінен орын тепкен. Киелі Түркістанға барған адам Әзіреті Сұлтанға зиярат қылмай кетпек емес. Әулие сағанасына кірген адамға ішіндегі молдалар Яссауи бабаға арнап дұға бағыштап берері һақ. Егер өзіңіз біліп, өтініш қылмасаңыз басқа еш аруаққа дұға бағышталмайды. Ойына алып, ізденген кісі болмаса Қазыбек би бабаның жатқан жері түгілі, құлпытасының қайда тұрғанын да ешкім айтпайды. Мен өз басым Түркістанға үш мәрте зияратқа бардым. Алғашқы барғанымда сұрастырып жүріп, баба құлпытасына арнайы ақтық жауып, дұға бағыштадым. Келесі сапарларымда сол жерге зияраттап барған адамдардың басын қосып, Ақсарайға ертіп апарып бабама дұға бағыштатып, садақа бердім. Ал, зияратқа барып жатқан адамдардың бәрі бірдей бабаның құлпытасы бар екенін де біле бермейді. Еліміз тәуелсіздік алған жылдары Елбасының айтуымен сол жерде жерленген аруақты бабалардың сүйектері бір орынға жерленген. Мұның өзі дұрыс болды да, әйтпесе, мен сияқтылар әркім өз әкесін іздеп, көктас қоямын, тіпті, жеке мазар тұрғызамын деушілер көбейіп, алауыздық туар еді-ау. Қазірде сақталып қалған құлпытастардан тек бірнеше хандар мен бабамыздың тасы бар. Төле би Тәшкен шаһарында жерленген, мазары бар. Әйтеке баба да Өзбек жерінде Нұратада жерленген, мазары бар. Жергілікті халық та, бабалар ұрпақтары да басына барып ас беріп, мазар күтіміне атсалысады.

Исі қазақ баласы ғана емес, алты Алаш құрмет тұтып, Қаз дауысты Қазыбек би атаған асыл бабамыздың осы қатарластарынан не кемдігі бар? Айтпақшы, осы бабамызды неліктен Қаз дауысты деп атаған? Қалмақ ханы Цеван Рабтанның он төрт жасар бабамыздың даусына қарап: “дауысың қаздың дауысындай екен!” енді, сенің атың “Қаз дауысты Қазыбек” дегеніне бола – солай аталды деу қисынға келмейді. Менің ойымша басқа қисын бар. Әуелі, біз әр сөздің шығу тарихын басқалардан іздемей, өзімізден іздеуіміз керек. Атам қазақта “Аға өлсе – іні мұра” деген сөз бар. Тіке түсінген адамға “ағаң өлсе, жеңгеңді өзің ал” деп ұғылады. Расында, бұл сөз негізі хан тұқымына арналған. Қазақ салтында хан өлгенде оның орнына баласы емес інісі отыруы керек. Мысал үшін, күні кеше 550 жылдығын тойлаған қазақ хандығының басында Керей хан тұрды. Керейден кейін оның немере інісі Жәнібек таққа отырған. Әз Жәнібек дүниеден өткенде Жәнібектің баласы емес, Керей баласы Бұрындық отырды. Одан кейін, кезек бойынша Жәнібек баласы Қасым хан болды. Анығына келсек, бұл дәстүр кейде бұзылып, аяғы қантөгіс болғанын да тарих айтады. Атақты,Темуджин–Шығыс елінің қаһаны, (Батый–батыстың қаһаны) Шыңғыс хан баба не себепті бауыры Жамұқаны төрт мәрте өлімнен алып қалды, соны ойладыңыз ба? Анда –тамыр болғаны үшін бе? Қисынға салсақ, негізі үлкен таққа отырар жол Шыңғыстікі емес Жамұқа шешендікі еді. Егер, Шыңғыс хан Жамұқаны өлтірер болса, ол қазақ ұлысының ата салтын бұзып, ел сенімінен айрылар еді. Ата-бабаларымыз шектен шығып, ата салтын бұзғанға аяушылық көрсетпеген. Естеріңізде болар, Еңсегей бойлы Есім ханның Тұрсын хан мен Қатаған елін қалай жазалағаны. Арқада “Арғын аға баласы, Тарақты ноқта ағасы” деген де сөз бар. Кіші жүзде “ноқта аға Табын, ұлы жүзде Жалайыр” руы. Бұл аталған үш рудың және төрелердің рулық таңбасы “тарақ” таңба. Басқаның бәрі өзгерсе де рулық таңба ешқашан өзгермеген.

Яғни, осы рулардың Шыңғыс тұқымына тікелей жақындығы бар деген сөз. Ноқта ағасы хан жоқ жерде билік айтуға, көш бастауға құқылы болған. Арғында “көз таңба” яғни, Арғын тайпасының “бәйібше және тоқал арғын” деген екі үлкен бірліктен тұратынын көрсетеді. Және қазақ ортасында “қыпшақ бұзады, арғын түзейді” деген де сөз бар.

Тағы да, қазақ хандығынан мысал келтірейік. Жалайыр Әбілхайыр хан ұлысынан Керей мен Жәнібек сұлтанның бөлінуінің басты себебі, қарақыпшақ Қобланды батырдың Ханның аяр саясатымен өз бауыры “арғын Ақжол биді” аңда жүргенде өлтіруі. Онсыз да сылтау іздеген сұлтандар бұл жағдайды шебер пайдаланып, арғын руын Әбілхайыр ханнан бөліп әкетіп, дербес қазақ хандығын құрды. Хан ойлағандай азулы рулар бір-бірімен жауласпады, бөліне көшкен арғын бауырының артынан найманы ерді, соңынан қыпшақтары барды. Қыпшақ бүлдірді, арғын түзеді. Кешегі, батыр Амангелдіні “орысқа сатылдың” деп арғындар өлтірді. Айыпқа ханның құны үш жүз жылқы салынды. Жүзі Қыпшақтың аруағына, жүзі Арғынның аруағына кешіріліп, жүзі төленді. Тағы да, біреуі бүлдірді, екіншісі түзеді. Және, бір айта кетері қазақ хандарының қай-қайсында болмасын, оң қолында арғын, сол қолында қыпшақ адамы отырған. Оң қолды– тардуш, сол қолды – төлес деп айтады. Р. Қаренов ағамыздың жазуынша оң қол маймене, сол қол майсара аталыпты. Кешегі Әз Тәуке ханның (Мұхамед Батырхан) ақылшысы тегі Арғын-Қуандық Барқы батыр аталықтың болуы да, осыған бір дәлел. Осы айтылғандарды жүйелей келе, бабамыздың Қаз дауысты аталуын да, қазақ сөзінен іздегеніміз дұрыс. Қазақта,Тәшкен түбіндегі «Күлтөбеде күнде жиын өтті» деген сөз бар. Мұндай келелі жиынға барған ел иелері өздерімен қоса қарулы қол ерте жүрген. Соңынан ертер қалың қолы бар, сөзін тыңдар елі бар адамның даусы да өтімді болған. Қолы жоқ, яғни, елі жоқ адамның даусы да жоқ. Қазақ арасында «арғын – аға баласы» деп құрметтелген. Бұл, арғын руының тек жолының үлкендігіне ғана емес, санының көптігіне де байланысты айтылған. Сол себепті, арғын руының қала берді орта жүздің биі Қазыбекке берілген «қаз дауысты» немесе «екі дауысқа ие» деген атақ болар. Сонымен, бір өзі екі дауысқа ие болған, әз Тәукенің заманында қазақтың Жеті Жарғысын жасасқан, орта жүздің аға биі, он төрт жасынан ел билігіне араласқан, аруақты бабамыз Қазыбек би қандай құрметке болса да лайық жан.

Осының бәрін тізбелеп отырғандағы айтар ойым, Семізбұғы тауының бауырындағы бабаның сүйегі жүз күннен артық сақталған қасиетті сөре үстіне, бабаның атақ беделіне лайық мазар тұрғызылса екен. Ішінде ешкім жатпаса да, мазар тұрғызып, құрмет көрсету қазақ салтында бұрыннан бар. Тіпті, кейінгі кездің өзінде жатқан жері Арқада болса да, оңтүстікте Қарасай батырға, Арқа төсінде атақты Қаракерей Қабанбай батырға тұрғызылған мазарларды айтсақ та болады. Ал, бұл жерде бабаның сүйегі сақталған, рухы қалған. Келер жылы, құдай қаласа қазақ елінде әлемдік ЭКСПО көрмесі өтпек. Осы көрмеге келген туристер қазақ әулиелерінің Бұқар жырау баба мен Мәшһүр Жүсіп атаның жатқан жерін тамашаласа. Солармен бірге, Қаз дауысты Қазыбек бабаның да мазары тұрса бір ғанибет емес пе? Ол үшін, Шалқар ауылынан тіке он бес шақырымға көтерме жол тартылып, баба сөресінің үстіне күмбездеп мазар тұрғызылса! Мазары бұрын мүрде үстіне тігілген екі үй тәрізді қос күмбезді болса? Баба сөресі тұрған төрт тастың қазірде екеуі ғана қалған. Сол тасты тайқазанды қоршағандай, адам қолы жетпестей қоршаса. Қазақ салтымен есігін шығысқа қаратып,екі босағасына екі ұстын орнатса. Біреуіне, Бегімысық әулие, екіншісіне Бекболат би деп қашап жазса деген ұсыныс. Баба сөресінен бес шақырымдай жердегі Мұрынтал ауылынан электр тоғын тартып жарық әкелсе. Тура жанынан ағып жатқан өзенге бергісіз бұлақ үстінен көпір салса. Мешіт, тілеуханасы болса. Айтпақшы,баба сөресі тұрған жердің табиғатын көрсеңіз, ертегі әлеміне кіргендей сезімде боларсыз. Мен өзім Қарқаралы өңірінде туып, Кент тауын аралап өсіп, сұлу Көкшеде, Алтайда, Алатауда болсам да мұндай жердегі жәннәтті көрген емеспін. Ал, келген туристер қазақ әулиесінің жатқан жерін көргенде аузынан суы ағары сөзсіз. Осы айтылған шаралардың барлығын осы жылы қолға алып, келер жылға дейін бітірсе сауап болар. Және бітуіне орай ұлы бабаның туғанына 350 жылдық ас берсе, нұр үстіне нұр болар еді. Қарағанды қаласынан арнайы көлік бөлініп, зиярат жасаушыларға жағдай жасалса. Аралары таяу орналасқан Бұқар бабамен Мәшекең басына одан, Қазекеңе соғып қайтар жолда Тіленші би мен Алшынбай биге зиярат жасап оралатын маршрут болар еді. Әрине, мұндай шаруа бір адамға қол емес. Тіпті, бір ғана Қаракесек елінің ғана емес «исі қазақ баласы» болып қолға алып, мемлекет тарапынан да қолдау керек. Өйткені, Қазыбек би баба барша қазақтың әулиесі. Айтпақшы, бабамыз дүниеден өтер шақта баласы Бекболат: – Әке, жаназаңды кімге шығартам, – десе керек. Сонда баба: – Балам, сен ешкімді іздеме, Ол өзі келеді, – депті. Баба қайтқан кезде, аса қатты боран болып тұрса керек. Сол боранның арасынан қайдан келгені белгісіз бір адам баба үстіне тіккен үйге: – Қазекем, Қазекем қайдасың? – деп дауыстай кіріпті. Кірген бойда, сөреге қойылған бабаны қолындағы қамшысымен төрт рет тартып үлгереді. Одан ары әкесін ұрғызып қойып, қарап тұра алмаған Бекболат ара түсіпті. Сөйтсе, әлгі адам: – Балам-ай, қолымды бекер қақтың, енді мұның бар қасиеті төрт атасына ғана жетер, – деген екен. Сөйтсе, бұл борандатып жүрген атақты Бегімысық әулие екен. Бекболат-Тіленші-Алшынбай-Мәди. Солай десек те, бұл сөз маған тек бабаның тіке ұрпағына ғана емес, бар қазаққа айтылғандай естіледі. Шынымен де солай ма, оны мақала жарыққа шықса білерміз. Әрине, бабамызға ауданның атын бердік, бірнеше ескерткіш орнаттық қой дерсіздер. Мазар салынып, ас берсек, дұға бағыштап басына арнайы зиярат жасасақ, артық бола ма? Зиярат – өсіп келе жатқан жастарға тәрбиесі мол тағлым. Бабалар басына зиярат жасау арқылы, ол кісілерді халық не үшін ұмытпай, құрмет тұтатынын білеміз. Сол арқылы елін-жерін, тілі мен ділін сыйлауды, керек кезінде Отанын қалай қорғауды үйренеміз. Бабаның он төрт жасында қалмақ ханының алдында тайсалмай айтқан сөздері жас ұрпаққа ой салары анық.

Біз қазақ деген мал баққан елміз,

Ешкімге соқтықпай, жай жатқан елміз.

Елімізден құт-береке қашпасын деп,

Жеріміздің шетін жау баспасын деп,

Найзаға үкі таққан елміз,

Ешбір дұшпан басынбаған елміз,

Басымыздан сөз асырмаған елміз,

Досымызды сақтай білген елміз,

Дәм-тұзды ақтай білген елміз,

Асқақтаған хан болса – ордасын таптай білген елміз.

Осы арада сөз кезегіне орай ойыма алған тағы бір тілегімді қоссам артық болмас. Өткен жылы Ұлы Жеңістің 70 жылдығын тойладық. Тағы да тойлармыз, бірақ, сол соғыстың куәгерлері азайып қалды ғой. Мына көршілес орыс халқында «Родительский день» деген бір тамаша салт бар. Сонау Алманияға көшіп кеткен орыс сол күні әке-шешесі жатқан Қарағандыға келіп, зиратқа барады. Оның маңын тазалап, гүл қойып, тағзым етеді. Әрине, бізге жат болса да, салттары бойынша «ақмағанбет» те ішіледі. Ал, бізде ше? Ойбай бейіт басына барған ширк, өлген адам аруақ деушілер көбейді. Өздері мың жасайтындай-ақ. Дүниеден өткен ата-бабаңды сыйласаң, құрметтесең ол да ширк болып па? Ертең бәріміздің де барар жеріміз емес пе? Сонда бізді де ешкім есіне алмасын ба? Онда мына дүниеде не үшін жақсылық жасау керек?

Қысқасы, айтар ойым, әр жылы осы тоғызыншы мамыр келгенде, барша туыстар жиылып әке-шешелеріміз жатқан жерге барып, дұға бағыштап отырсақ. Бұл, бір есеппен заман ыңғайына қарай даладан қалаға көшкен ағайын бір мезгілде ауылға барып, басымызды қосып бейіт басында арқа-жарқа болсақ. Ағайын-туғанмен көрісіп, балалар бір-бірімен танысып, біліссе, ағайын арасы алыстамас еді-ау. Қасиетті Құран Кәрімде: “жақсылыққа бастаған істің алдынан шықпа “ деген. Ойлану – оңай, ойдың сөзге айналуы қиын демекші, егер сөзімді жүректеріңізге жеткізе алмасам, кешіріңіздер. Адам айтқан сөзінің құлы, айтпаған сөзінің патшасы демекші, мен бәрібір өз ойымда қалармын. Бұл тілек маған келген Қазыбек би бабамның ұрпағыма жеткіз деген аманаты еді. Сол аманаттан арылайын деген ниетпен орталарыңызға ой тастадым.

 

Жұмажан НҰРТАЙҰЛЫ,

Сеңкібай - Биата мазарының

шырақшысы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 324
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px