Азап құрсауында (Әкем Иманғали Жұмыштың әңгімесі) - Тарих - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Сол жылдары еліміздің басшысы Сталин және оның қолшоқпарлары темір тәртіп орнатып, басшылықты мәңгілік сақтау мақсатымен оның орнына сәл «көзалартушы» болса, дереу тұтқындап, саяси тұтқындар лагеріне жөнелтуді талап етті. Олардың бұл талабы бұлжытпай орындалып отырды. Және сондай ойы бар «жат пікірлі» деушілер интеллигенция арасынан іздестірілді. Бұл операцияны сталиншілдер әуелде «партия қатарын тазарту» деп атаған. Қазақстанда ондай қазақ интеллигенциясының арасына феодал-бай сарқыншақтары – алашордашылар еніп кетті деп танылды. Кейіннен бұл күрделі операцияға «Халық жауымен күрес» деген айдар тағылды. Біздің жерде ол Ежов дегеннің тікелей басқаруымен өтті. Қандыбалақ Ежовтың бес саусақты қолғабының әр саусағынан қан тамып тұрған суреті «Ежов қолғабы» деп аталып, ел арасында үрей тудырды. Бұл жоғарыда атап өткен халық арасында «ойы бөтен, жат пікірлерді» жөнге салып қорқыту және ондайларға еліктеушілер қатарын кеміту немесе болдырмау мақсатындағы насихат болатын. Сондай «халық жауларын» анықтайтын Ежовтың жер-жерде «сенімді» адамдары болды. Олар иіс ізімен іздеуші иттерге ұқсап, тіміскілеп жүріп «сезікті» деген адамдарды іздейтін. Күдікті деген кісілерінің істеген ісі, қызметтері, үйдегі жағдайын, кіммен қарым-қатынаста және басқа да ұсақ-түйек бүкпентайына дейін қадағалап, жүріс-тұрысы, іс-қимылын, басқан ізіне дейін аңдып жүретін. Сондай әдіспен қажетті деген мәліметтерді жинап алып, ішкі істердің халық комиссарына хабарлап отыратын. Содан кейін күдікті деген адамы қамауға алынып, оның үстінен іс қозғалатын. Ондай адам еш уақытта ақтала алмайды. Міндетті түрде қылмысты деп табылып, еңбекпен түзеу лагеріне жөнелтіледі. Осындай астыртын құпия хабарлаушылардың бірі облыстық сауда басқармасының өзім меңгерушілік ететін сауда бөлімінің атқорасында болды. Ол – Сағат Әубәкіров дейтін осында істейтін экспедитор еді. Біздің отбасыларымыз онымен жақсы қарым-қатынаста болатын. Өзім табиғатымнан аңқаумын. Еш уақытта ешкімге арамдық жасаған емеспін. Ал, Сағат дегеніңіз бізбен жиі араласып жүргені – менің жаңсақ іздерімді байқау үшін, теріс жолға түскен адамдармен байланысым бар ма екен, соны анықтау үшін үйімізде жүріп, ақ көңіл, ақ жүрекпен берген дәмімізді татып жүріп кілемімізді тіліп жүрген. Менің қаперімде жоқ, одан ештеңе жасырмаймыз, үйге келген қонақтармен бірге шақырамыз, бірге шығарып саламыз. Қойнына тас тығып жүргенін қайдан білейін.

Сөйтіп жүргенде 1937 жылдың жаймашуақ шілде күндерінің бірінде біздің үйге Рахымжан Әлсенов деген партия мүшесі, Нұра ауданының сауда ұйымының жауапты қызметкерлерінің бірі: «Мен Алматыда өткен сауда қызметкерлерінің жиналысынан бәленбай уақытта, түгенбай пойызбен келе жатырмын, қарсы ал», – деп вагон нөміріне дейін айтып, маған телефон соғады. Ол 1917 жылы жеті орысты өлтіргені үшін жоғарғы соттың үкімімен жазаланған Нұраның Көнек тауының етегіндегі шағын ауылда тұратын Әлсен дегеннің баласы болатын. Әкесі Тоқа руын басқарған, белгілі Шоң болысының үш биінің бірі болған. Мен онымен ауылда қызметтес болғанмын, сондықтан жақсы білетінмін. Әлбетте ойымда ешқандай бүкпесі жоқ өз көшірім Асқар Бәтеновті пәуескесімен жіберіп, Рақымжанды пойыздан үйіме алдыртып, қонақасын беріп, ертеңіне елге шығарып салдым.

Көп ұзамай бір күні кешкілік, сол жылдың қыркүйек айында болса керек, ішкі істердің халық комиссарының сарыала киінген үш қызметкері кіріп келді үйге. Оның егделеу біреуі: «Иманғали Жұмышев деген азамат сіз боласыз ба?» деді. «Иә, менмін», – дедім.

– Ендеше, қаруыңызды тапсырып, бізбен жүріңіз. Біз НКВД органының адамдарымыз. Сіз қамауға алынсын деген санкциямыз бар, – деді. Не үшін деп сұрауға да мұрша бермеді. Революцияшылар қатарында жүргенімде ерекше өжеттігім үшін отряд командирінің сыйға тартқан тапаншасын алып, үшеуі жетелеп үйден шығарып, көлікке отырғызып алып кетті.

НКВД-да үш-төрт ай тергеуде жүрдім. Жанымда тағы да осылай қамауға алынған облыстық сауда басқармасының сегіз қызметкері болды. Бізді жұма сайын шомылуға моншаға апаратын. Сол кезде әйелім солардың сақшыларының (конвойдың) соңынан еріп отырып, мен тастаған сіріңке қорабын алады. Мен оның ішіне арабша қолхат жазып салдым. Онда Сағаттың: «Иманғали орыстарды өлтірген, Әлсеннің Балтабайының Рақымжанымен ауыз жаласып жүр» деп көрсеткенін жазғанмын. Оның үстіне үлгілі қызметкер ретінде сауда басқармасынан бір бұзау, бір бие алғанмын. Оларды әйелім баға алмайтын болғандықтан ауылдағы Шалғымбай, Әбіл деген туыстарыма бергенмін. Бірақ, осының өзін С.Әубәкіров «қазынаның малын жеке меншігіне пайдаланды» деп жала жапқан. Осындай «бұлтартпас» айып тағылды деп жала жапқан НКВД үштігінің шешімімен мен он жыл еркімнен айрылып, Сібірдің Лена өзенінің Селенга деген тармағының жағасындағы еңбекпен түзеу лагеріне, Тайгадан халық шаруашылығына ағаш дайындау жұмыстарына аттандырылдым.

Сонымен, 1937 жылдың қараша айының соңғы жұлдызынан мен үшін азап күндер басталды. Сібір лагері шын мәнінде азап құрсауы еді. Бәрінен бұрын еңбек азабы адам төзгісіз болды. Азамат соғысынан кейін Кеңес үкіметінің ел болып, жаңа қалыптасып келе жатқан шағы ғой. Патшалық Ресейден жер жыртатын соқадан басқа ештеңе қалған жоқ. Ал, Қиыр Шығыс пен Сібірді алатын болсақ, мұнда сол кезге дейін тіпті адам аяғы баспаған жерлер де бар еді. Мені тағдыр айдап келген жер де осындай мекендердің бірі болатын. Электр қуаты жоқ. Ағаш дайындаудың кейбір механикаландырылған түрі болмаса, өзгесінің бәрі қол жұмысы.

Лагерьдің нақ ортасында орнатылған бағанадағы шойын темірді таяқпен ұрғылап, шақылдатып, надзиратель таң сәріден оятады. Содан тұрып алып, асханадан бір кесек қара бидайдың наны мен сұйық көже (баланда) ішіп тұтқындар конвойдың бастауымен орманға шығады. Сібірдің сақылдаған аязы кейде 50 градусқа дейін жетеді. Мұндайда мақталы шалбар мен фуфайканың өзі пана бола алмайды. Бет қарытқан үсіктен алғашқы күндері тері домбығушы еді. Кейіннен ол тек қабыршақтанып түсіп қалатын. Аяқта керзі етік. Әрбір он шақты адамға бір-бір конвой, құлқын сәріден ағаш кесуге орманға шығамыз.

Алғашқы бейімделу (адаптация) кезінде, тіпті, қиын болды. Тұтқындар арасында еліміздің жылы аймағынан айдалған адамдар да бар еді. Қазақстандықтардың ішінде Солтүстік, Орталық Қазақстан адамдары Сібірдің сақылдаған сары аязына біршама шыдады. Өйткені, біздің аймақтың қысы ит жеккен жерден сәл ғана жылылау. Соның өзінде көбісінің денесіне шиқандар шығып мазалады. Оңтүстік Қазақстан, Орта Азияның басқа республикаларынан барғандар аяз бен бет қаратпайтын боранға төтеп бере алмай алғашқы айлардың өзінде-ақ түрлі ауруларға (цынга, безгек, туберкулез, т.с.) шалдығып өліп қалды.

Медициналық көмек дегеніңіз жоқтың қасы. Тұтқындар ақырғы демі біткенге дейін жұмыс істеуі тиіс. Таңның атысынан күннің батысына дейін бір дамыл жоқ. Ауыр жұмыс пен нашар тамақтан көбі әлсіреп, көтерем болып қалды. Әлжуаз сіңір аяқ біреулер бөрененің бір жағын көтеруге шамасы келмей мықшыңдап жатса, надзиратель-бақылаушы винтовканың дүмімен өлім халіне жеткенше соғады. Егер осындай соққыдан ол адам тұра алмай сол қалпында өліп кетсе, оны бақылаушы аяғынан сүйрелеп жұмыс алаңынан шеткерірек арнайы шығарып тастайды. Мұндайларды жинап жүретін арнайы шанасы бар санитар оны шананың қорабына салып, алып кетеді. Қайда апаратынын Құдай білсін, әйтеуір, ешкімге көрсетпей көзін құртады.

Кейбіреулердің айтуына қарағанда лагерьдің сыртында ұзыннан ұзақ созылған жер бар деседі. Өліктерді соған тастайды екен. Ал, енді біреулер: «ешқандай арнайы қазылған жер жоқ, мәйіттерді орманның арасына апарып тастайды, оларды ит-құс жеп сүйегін ғана қалдырады», – дегенді айтып жүрді.

Жұмыс азабынан, аурудан, аштықтан күн сайын немесе күнара, екі-үш күнде бір, бір адам өледі. Тұтқынның қалай, неден қайтыс болғаны лагерь басшыларын ойландырмайды. «Өлсе, өрем қапсын» деп олар қолды бір сілтеп жүре береді. Өйткені, тұтқындарды адам деп есептемейтін. Өлгендердің орнын жаңадан келгендер толтырды. Осындай адам айтқысыз азапты бастан кешірдік.

 

Хатқа түсірген Қадыр ЖҰМЫШ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 386
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1094
count 88x31px