Бөгенбай батыр - Тарих - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Бөгенбай батыр
Итальяндық философ Джованни ВИКО (XVII-XVIII ғғ.) «Әр халықтың  тарихында  үш кезең – құдайлар кезеңі, геройлар-батырлар кезеңі және адамдық кезең бар» дегені белгілі. Қалай болғанда, қазақ тарихында 1399 жылдан 1754 жылға дейін жоңғарлармен күрес заманасы «батырлар заманасы» болғаны хақ (М.ҚОЗЫБАЕВ. Тұлғалар тұғыры. А., 2009. 43 б.). Қазақ халқы осы бір жаугершілік заманда  батырлар шоғырын дүниеге әкеліп, ұлан-байтақ жерді жан-жақтан анталаған жаудан қорғады.
Әз Тәуке, Абылай заманында қазақ қоғамында батырлар өте көп болды. Солардың қатарын Беріш Ағатай, Тама Есет, Табын Бөкенбай, Албаннан Райымбек, Көкжарлы Барақ, Тобықты Көкенай, Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Ошақты Саурық, Бәсентиін Малайсары, Шанышқылы Бердіқожа, Керейт Тайлақ, Сіргелі Тілеуке, Шапырашты Қарасай, Шапырашты Нау­рызбай, Өтеген Өтеғұлұлы, Қыпшақ Деріпсалы, Уақ Баян, Шақшақ Жәнібек, Керей Жәнібек Ердәулетұлы, Олжабай Толыбайұлы тәрізді батырлар құрайды. Ұлт мүддесіне өмірін арнаған жандар – батырлар А.Байтұрсыновтың айтуынша, «батырлар турасындағы әңгіме – халықтың жаны, рухы турасындағы  әңгіме. Батырлары қандай болса, халықтың рух жағы да солай болған» (А.Байтұрсынов, Шығармалары. А., 1989. 236 б.).
Негізі, ұлттық деңгейге көтерілген үш батырды білеміз. Олар – Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай және Шақшақ Жәнібек. «Ақтабан шұбырындыдан» кейін халықтың жойылып кету қаупінен құтқарған Бөгенбай, ханның дарабоз батыры Қабанбай, бір өзі бір тайпа елдің ауыртпалығын көтерген Шақшақ Жәнібек – тек қана, қол бастар емес,  ғасырлардың біртуар перзенттері, мемлекеттік дәрежеге көтерілген қайраткерлер. Ендеше, бұлардың мәртебесі батыр мәртебесінен жоғары болса керек.
Қанжығалы Бөгенбай – қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық күресі тарихында ерекше орны бар батыр, қолбасшы. ХVІІІ ғасырдағы қазақ батырларының жасы үлкен ақсақалы. Сондықтан да, оны халық аңыздарында ардақтап «Қанжығалы қарт Бөгенбай» деп атап кеткен. 1757 жылы Абылай ханның қырғызға қарсы жорығына қатысқанда Бөгенбай батыр 77 жаста болған. Арғынның Қанжығалы руынан. Батырлар әулетінен шыққан. Атасы Әлдеуін батыр (шамамен 1609-1670 жж.) Есім хан әскерінің  қолбасшысы болған. Есім ханның өзбектің Тұрсын ханына қарсы жорығында ерекше көзге  түскен. Ойрат билеушісі Батур қоңтайшының 1643 жылы 50 мың қолмен Қазақ хандығына жасаған шабуылына Жәңгір хан, Жалаңтөс баһадүрмен бірге  тойтарыс берген.  Бұл шайқаста Әлдеуін батыр арғын тайпасы жасағына ағалық етті (Қазақстан Ұлттық энциклопедиясы.     І т.). Әкесі Ақша батыр әз Тәуке хан­ның 80 мың қолын басқарған сардар болған. Бөгенбай 1680 жылы Қаратау өңіріндегі Бөген өзенінің бойында Ақша батырдың шаңырағында үшінші ұл болып дүниеге келді. Осы өзеннің бойында дүниеге келуіне байланысты азан шақырып, есімін Бөгенбай қойған. Сондай-ақ, «Бөгенбай дүниеге шыр етіп келгенде желкесінен құйымшағына дейін созылған дала арланына бітетін жалы болған» дейді.
Бөгенбай 1708 жылы 28 жасында әз Тәуке ханның бұйрығымен 30 мың қолды бастап, Дон өзені бойынан ығысып, Жайықтың бергі бетіне өткен орыс-казактарды Еділден ары асырып қуып тастайды. Сөйтіп, алғашқы ерлігімен көзге  түседі (Айбын. Энциклопедия. А., 2011. 207 б.). Үмбетей жыраудың:
Балдырғаны білектей,
Бүлдіргені бүйректей.
Бөденесі үйректей,
Шортаны тайдай тулаған.
Маралы қойдай шулаған,
Ұзыны шексіз, ені алыс,
Еділден өттің, Бөгенбай! – деп жырлауы осыдан.
Жалпы, дерек көздеріне сүйенсек, Қанжығалы Бөгенбай елу жыл қол басқарып, 103 рет  майдан даласына кірген. Міне, сондықтан да, баһадүр Бөгенбай қазақ халқының  бостандық үшін ұзақ жылдар күресінің ұйытқысындай көрінеді. Тарихта 1710 жылы Қарақұмда бүкіл қазақтың Құрылтайы өткені мәлім. Бұл тарихта Қарақұм съезі ретінде  белгілі. Оны Қаракесек (Әлімұлы) руының  жерінде  өткендіктен, кейде Қаракесек жиыны деп те атайды. Осы жиын туралы алғаш рет 1803 жылы орыс офицері  Я.Гавердовский  жазып алған. Құрылтайға қатысушы кейбір билер жоңғарларға бағынуды ұсынса, енді біреулері өз мекендерін тастап, Еділден өтіп, бас сауғалауды жөн көрді. Жан-жаққа тарап, бытырап қашуды ұсынғандар да болды. «Талайы толқып жүрді, – деп жазады  Я.Гавердовский, – бірақ, сол кезде ерлігімен әйгілі болған рубасы Бөгенбай мұндай әрекеттердің бәрін тыйды».  Құрылтайда Бөгенбайдың батырлығы да, шешендігі де айқын көрінеді. Ол ортаға шығып, семсерін аяғының астына тастап, кеудесін ашып жіберіп: «Жаудан есемізді қайтарамыз! Тоналған жайлауымызды, тұтқындалған балаларымызды көріп, қарап отыра алмаймыз. Өлсек, қолымызға қару алып өлеміз. Қыпшақ даласының батырлары қай кезеңде бастарын төмен түсірген!... Қазіргі келімсектердің зорлығына қалай шыдаймыз?! Біз әлі жүйрік аттардан кенде емеспіз. Әлі қорамсақта өткір ұшты садағымыз бар!» деген екен. Батырдың осы сөзінен кейін жоңғарларға қарсы тұру жөнінде шешім қабылданады. Осы құрылтайда Бөгенбай батыр үш жүздің бас сардары болып сайланды. Жиында отыз жасар Қанжығалы Бөгенбайдай шәкіртін бүкілқазақ  қосынының сардарбегіне ұсынған әйгілі батыр-жырау Қожаберген делінеді. Ол – 1688-1710 жылдары қазақ, ноғай, қарақалпақ халықтарының біріккен жасағына қолбасшылық жасаған  сардарбек, Орта Азия деңгейіндегі әскери қайраткер. Қожаберген бабамыз, осымен қатар, атақты ақын-жырау еді. Ол, тек қана, бір «Елім-айда» бір ғасырдың сырын, мұңын ашты.  Қожаберген жырау – ұлы ұстаз. Көмекей әулие атанған Бұқар ата – оның сүйікті шәкірті. Ол болса, ұлы ханымыз Абылайдың ақылгөй данасы болды. XVIII ғ. қазақ елінің тәуелсіздігін қорғап қалған батырлар – Қожабергеннің, оның шәкірті Бөгенбайдың, Бұқардың шәкірттері. Абылай ханның мектебінен өткені хақ. (Тұлғалар тұғыры. А., 2009. 121 б.).
Бөгенбай 1726 жылы Бұланты, Бөленді өзендері бойында қазақ қолын жеңіске бастап,  қалмақтарға қарсы күйрете соққы берді. «Қалмақ қырылған». Осыдан кейін Бөгенбай батырдың беделі, тек қана, Орта жүз көлемінде емес, бүкіл қазақ елі аумағында асқақтайды. 1727 жылы қазақ-татар-қарақалпақ жасағымен тізе қосып, Нияз, Аюлы тауларының етегінде жоңғарлармен болған шайқаста жеңіске жетті. 1725-1727 жылдары қазақ халқының астанасы Түркістан қаласын қорғауда қайрат көрсеткен Қабанбай, Қойкелді батырлармен бірге қазақ әскерінің бір құрамын соғысқа бастады, кейіннен  Түркістан, Ташкент, Саураннан жоңғарларды қуып шығысты (Аманжолов, А.Тасболатов. Қазақстанның әскери тарихы. А., 1999. 157 б.). Осы сәтте Бөгенбай үйсін Төле бимен қосылып, қазақ даласының кіндігі Арғанаты тауына (Ұлытау) 1730 жылдың көктемінде  – «Ит жылының көктемінде Арғанатыға жинал» деген ұран тастады. Көктемде үш жүзден  40 мың қол жиналды. Орта жүздің 15 мың қолын Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек, Керей Жәнібек, Қаракерей Қабанбай, Абақ Керей Жауғаш бастап келеді. Әскер басқару үшін хан тұқымынан Әбілқайыр, қолбасшыға Қанжығалы Бөгенбай батыр сайланды. Шайқас қырық күнге созылды. 1730 жылы тамыз айының аяғында Іле өзенінің Аңырақай ағысының тұсында қазақ жасағы жауды жеңіп, ұлы жеңіске жетеді. «Аңырақай шайқасы» (М.Қозыбаев. Жауды шаптым ту байлап. А., 1994. 68 б.). Бөгенбайдың соңғы үлкен жорығының бірі – 1750 жылдары Аягөз, Көкпекті, Бұқтырма, Ертіс өзені бойындағы болған соғыс. Осы шайқастарда Бөгенбай бастаған қазақ әскерлері жоңғарларға күйрете соққы беріп, ойсырата жеңді. Бөгенбай батыр қартайғанына қарамастан, 1756-1758 жылдары Талқы түбінде Шығыс Түркістанға алғаш рет аяқ басқан қытай әскерімен қиян-кескі шайқасқа қатысады. Бұл ұрыста қытай әскеріне қатты соққы беріп, оларды Үрімшіге дейін қуып барған. Бөгенбайдың ерекшелігі сол – соғыс өнерінің қыр-сырын жетік білген, көреген қолбасшы  болған.
Бөгенбай батырдың алыптығын ақын М.Жұмабаев «Батыр Баян» поэмасында былай деп жырлайды:
Ашуы – жауған қардай,
                                 шөккен нардай,
Қарт қыран Қанжығалы
                                    қарт Бөгенбай.
Болмаса Олжабай ақын:
Ақшадан  асып туған ер Бөгенбай,
Ел қамын Едігедей жер Бөгенбай.
Қалмақты қысқа күнде
                                    қырық шауып,
Орнатқан  тыныштықты
                                  сол Бөгенбай.
Осы екі ауыз өлеңнен-ақ Бөгенбай батырдың халқына адал патриот, қамқоршы, қайыспайтын ер екені аңғарылса керек.
Бөгенбай батыр туралы сөз  қозғасақ, ол, тек, қызыл шоқпар батыр емес, сонымен қатар, саналы, ойлы, айлалы ел басшысы және дипломат. Шежірешілер батыр бастаған делегация генерал-губернатор Татищевпен, Еділ қалмақтарымен, қырғыздармен, Қытай мемлекетімен келіссөздер жүргізгенін аңыз етіп қалдырған. Қаздауысты Қазыбек би мен  Бөгенбай, Жәнібек батырлар Бұқара әмірінің қолынан Бұқар жырауды Абылай ордасына әкелді. Абылай ханның оны 1761 жылы өзінің ұлы Әділді қосып, Қытай мемлекетіне  бейбітшілік келісім-шартын жасауға жібергені және қазақ жерінің шығыс жақ шекарасына ел басқарушы етіп Қаракерей Қабанбай батырды, батыс шекарасына Жәнібек бастаған батырларды, ал, солтүстік Сібір шекарасына Бөгенбай батырды тағайындауы – оның шын мәнінде қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілгендігінің белгісі (Қазақстанның әскери тарихы. 1999. 158 б.). Абыз батыр жас батырларға ақыл-кеңес беріп, тәрбиелеп отырған.  1760 жылғы қырғыздармен шайқаста Бөгенбай тәрбиелеген жас батырлардан Әлеке Алтын садақ, Серке, Әлібек, Наурызбай, Жаманқара, Абай сияқты ерлердің аты шыққан.  Бөгенбай батырдың образы сомдалғанда оның ғажайып адамгершілік қасиетін де айту керек. Батыр туралы ел аузындағы аңыз-жырлардың бірінде «қан төгілген соғыста жаяу қалып, жолдасына беріпті атын» деп тегін айтылмаса керек (Қазақ хандығының XVIII ғ. І  жартысындағы өз бостандығы мен тәуелсіздігі үшін азаттық күресі. Ақмола. 1991. 12 б.).
«Ормандай көп Орта жүзден» шыққан «төрт тіректің» бірі, «қазақтың қамал-қорғаны» атанған батыр баба 1775 жылы 95 жастан асқан шағында дүниеден өтеді. Бөгенбай батырдың денесін балалары – Тұраналы, Тұрым­бет, Арғынбай, Жылқыбай, батыр­дың інісі Адай, қанжығалы Айтбай Аткелтірұлы бастаған қырыққа тарта елдің игі жақсылары  Түркістанға жеткізіп, Қожа Ахмет Иассауи мешітіне жерлеген. Қожаберген жырау «Елім-ай» дастанында Бөгенбай батырға «Ер Бөгенбай» атты қисса арнаған. Оның ерлігін Бұқар, Сегіз сері Шақшақұлы, Керей Жанкісі және басқалары жырға қосты (Айбын. Энциклопедия. 2011. 208 б.).
Бөгенбай батырдың кейінгі ұрпақ­тарының арасынан да өзі сияқты батыр, басшы, қоғам қайраткерлері шыққан. Олар – Орта жүз Арғынның әйгілі ақсақалы Саққұлақ би, Тұраналы би, Бапан би, Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигельдинов, қоғам қайраткері Даниал Ахметов және тағы басқалары.
Батыр – ел қорғаны. XVIII ғ. 20-жылдарынан XVIII ғ. ІІ жартысына дейінгі аралықта қазақтың көптеген батырлары елін, жерін қорғауда жан аямай соғысып, есімдерін халық жадында мәңгі өшпестей етіп қалдырды. Қанжығалы Бөгенбай – сондай  батырлардың бірі. Бүгінгі таңда жеке мемлекет болып өмір сүріп отырғанымыз – осы батырлардың ерен ерліктері мен қажырлы еңбек­терінің арқасы. Сондықтан да, Бөгенбай сияқты батырлардың есімін ұрпақ жүрегіне ұялату – біздің парызымыз.
Ерғазы ҚАДАШҰЛЫ,
тарихшы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 367
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px