Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 17.06.2019


Жанат ЖАҢҚАШҰЛЫ,

«Орталық Қазақстан»


Біздің сұрап тұрғанымыз – сырттан ит­тің күшіктері. Қасекеңе бетпе-бет келіп, жекпе-жек айқаса беретін кешегі тұйғынның тұқымы. Кәдімгі атам за­маннан бергі сал-серінің соңына ерген қазақы тазы. Қазіргі жұрт тазы десе еті жеңіл, жүні тықыр, қоян-түлкіге қо­сатынын айтады. Жоқ, бұның заты бөлек. Оның үстіне құрып бара жатқан тұқым. Кезінде бай-бағлан арқадан ауғанда қоса ауып шет ел асып кеткен. Одан кейінгі ақсүйек жұтта қырылған. Содан қалған сарқынды. Сары алтынға тең. Себебі, түркімендер өзінің алабай иті мен ақалтеке атын ұлттық мақтанышқа айналдырды. Арғымақтан тұрқы ала­са тұлпармен әлемді таң қалдыра қой­маспыз. Бірақ, сырттан тазымен елдің көзін баданадай етуге болады.

Бұл иттің нақты суреттемесін Мұх­тар Әуезовтің «Көксерек» әңгімесінен кезіктіресіз. Сондағы аққасқа сырттан­ның бар болмысы – бұл күнде аңшы Әділ­дің босағасына байланған таймас­тың тап өзі. Немесе «бес қазына» де­ген суреттегі (суретшісін ұмыттым) сирақ­тары сидиған, шашақ құлақты, аршын төс ақ тазыда таймас суреттелген деу­ге болады. Біздің жолға шыққан мақ­сатымыз да сол. Жойылуға шақ қалған қазақтың сырттан тазысынан күшік алу.

***

Ақсу-Аюлы кентінен күн батысты бет­ке алып жолға шықтық. Оң жақ бо­сағадағы тауды нұсқап: « – Мына таудың басында үңгір бар. Кезінде осы жерге баспа машинкасын тыққанбыз. «ЕСЕП» партиясының көп жұмыстары осы жерде атқарылды. Кеңес үкіметіне қарсы үгіт парақшаларын осында бастық. Бұдан арғы тауда тағы бір үңгір бар. Іші кең болғанмен сырты жалаңдау. Сырт көзге тез түсіп қаласың. Алда-жалда қуғыншы келіп қалса, қашып құтылу мүмкін емес» деп оң жағымызда төбесі ғана мұнартқан тауды иегімен нұсқады. Үлкен бір әңгіменің тиегі ағытылғалы тұрғанын ішіміз сезеді. Іштегі қыжылдың өзегі кө­рінді. Енді майдан қыл суырғандай ақырындап суыртпақтау керек. « – Сонда сіздер қандай мақсатпен Кеңес үкіметіне қарсы шықтыңыздар? Алып империяны қалай құлатамыз деп ойладыңыздар?» – деп сауал тастадық. Бұл шынымен де көкейдегі таңданыс, көңілдегі сұрақ. Кә­мекең тамағын бір кенеп алып, әде­тінше баяу үнмен: « – Біз әуелде жергілікті биліктегі ағаларымызды жағаладық. «Неге қазақтың мүддесі қорғалмайды?» «Неге біздің ұлтты кемсітеді?» деген өкпе-назымызды соларға айттық. Әбден қызыл империяның қанды қылышынан зәре-зәп болған олар «Бәрі тамаша емес пе? Қайдағы кемсіту» деп өзімізді келекелей бастады. Сонда барып ойландық. «Ә, бұл қуыршақтардан ештеңе шықпас. Өзіміз әрекет етейік» деп. Осыдан кейін «ЕСЕП» партиясын құрдық. Елін Сүйген Ерлердің Партиясы деген сөздердің бас әріптерінен алынған». « – Бұл өзі бұ­рындары құрылған партия емес пе?» Әңгімені құйындай үйіре түсу үшін қойылған құйтырқы сұрақ. «– Иә, бұрын Бүркіт Ысқақов бастаған 11-ші сыныптың оқушылары құрған ғой. Кейіннен Бүркіт ағамызбен танысып, дәмдес болдық. Сонда ол кісінің айтуынша олар құр­ған партия он бес күн ғана ғұмыр кешіп­ті. Жамбыл Жабаев атындағы №7 мек­теп жатақханасының шатырына шы­ғып алып, Мағжан, Сәкендердің өлең­дерін оқыпты. Бұл – дайындық бары­сы. Осы тұста араларынан сатқын шы­ғып түгелдей қолға түскен. Ал біз бақандай екі жыл жұмыс жүргіздік. Екі жыл бойы тау тасалап үгіт қағаздарын та­раттық. Ұйымдасуымызда жік жоқ. Кім­нің қайдан кіргені, кім арқылы кір­гені біздерге ғана аян. Ал жаңадан кіргендер бұның басшысы кім, кімнің бұйрығымен жүргенінен бейхабар. Мысалы, екеуміз қатар отырып, екеуміз де «ЕСЕП» партиясының мүшесі екенімізді білмейтін едік. Оның үстіне біз Қарағанды аумағында ешқандай әрекет жүргізген жоқпыз. Үгіт парақшалары Алматы, Павлодар, Семей сияқты басқа облыстарда тарап жатады. Сондықтан, көбіне «үш әріптің» іздеу жұмыстары бізден шетін жерлерде жүрді. Манағы көрсеткен тауда парақшаларды басамыз. Тау бөктерінде сақшыларымыз бар. Етекте бір ат байлаулы тұрады. Үңгірге тікелей беттеген біреу болса сақшы белгі береді. Заттарымызды тыға салып, жылға-жылғамен бой тасалап етекке түсіп, атымызға мініп көзден ғайып боламыз.» Бізді әуестік жеңіп барады. Әуелдегі қанға сіңген шыдамсыздық же­ңіп тынды. «Сонда қалай ұсталып қалдыңыздар?» дедік төтесінен. «Ұс­та­лардан біраз ай бұрын сенімді се­ріктеріміздің бірі Ақшатаудың жігітін мүше етіп қабылдаған еді. Бәрін сол бүлдірді. Үгіт парақшаларын тура өзінің аулының почтасынан салып жіберіпті. Естіген бетте жігіттерге «біттік» дедім. Байланыстың барлығын үзіңдер. Сен мені таныма, мен сені танымайын деп жан-жаққа тарай бастадық. Көп ұзамай қылышын қынабынан суырып КГБ да жетті. Бірімізден соң бірімізді құрықтады. Шамамыз келгенше мойындамауға, өз­ге мүшелерге кесірімізді тигізбеуге ты­рыстық. Мені құртқан бір парақ хат болды. Өз ниеттесіміздің біріне хат жазып, оқып болған соң өртеп жібе­рерсің деген ем. Ол аңғалақ үйінде сақ­тап қойыпты. Тінту барысында хат табылып, тұтқын болып кете бардық қой...» деп жазушы бір күрсініп алды. Ты­ныштықты бұзуға біздің де батыл жетер емес. Осы кермек ойдың сүрлеу соқпағына түсірген тағы өзіміз. «ЕСЕП» партиясы туралы, жазушы әрі этнограф Кәмекең туралы да білетінім жеткілікті. Естігенім мен оқығанымды көңілге тоқып-ақ алғам. Тек, осы білетіндерімді өз аузынан естіп, нақтылап, буынын бекітіп алу еді мақсат. Арасында қатарласа отырған жазушыға көздің қиығымен бір қарап қоямыз. Тұнжырап отыр. Шамасы сол бір жылдарды қайта еске түсірген болар. Өкініш өзегін өртеді ме екен, әлде азапты күндер арқасын аяздай қарыды ма, әйтеуір қабағы қатулы. Су толқыны жағасын мүжіп жар қылса, ой толқыны жанын мүжіп зар қылатыны бар. Өткен күннің саяхаты бір нүктеде тұралап қалғандай. Күн күркіреп, Ай тұтылып, бұл тұтқын болған күн. Тағы тыныштықты бұздық. «Одан кейінгі күніңіз не болды?». «Одан кейінгі күн не болушы еді? Азаптау, ұрып-соғу. Бәлен екеніңді мойында, түген екеніңді мойында. Қасыңдағыларды айт деп қинайды. Қос бүйірден соққылай берген соң қалжырап жүруге жарамай қаласың. Сүйреп камераңа әкеліп тастайды. Аздан соң тағы тергеу. Ақыры не керек, саяси тұтқындарға арналған Потьма лагеріне айдалып кете бардық.» Әңгіме тығырыққа тірелген сияқты. Ол жақтағы күні бізге аян. Оны сұрап жатудың өзі – әбес. Оның үстіне межелі жерге де жақындап қалған екенбіз. Жолдың тақтайдай асфальті таусылып, тасы шодырайған грейдерге түстік. Сұқ саусағын шошайтып, «Мына бұрылыстан оңға» деді. Ұялы күшік жатқан қыстауға да жеттік. «Мынау Иманжүсіптің әнінде айтылатын Тағылы тауы. Кезінде сай-сайы ит тұмсығы батпайтын талды тоғай болатын. Өртеніп, түгі қалмады. Қайта мына жас өскіндер енді көгеріп келеді» деп тағы бір күрсініп алды.

***

Қыстаудан еншіленген күшіктерімізді алып шыққаннан кейінгі әңгіме ауаны аңшылық жайына ойысты. «– Осы бір таудың қасқыры қалың. Өткен қыс­та тік ұшақпен келіп тұрып түк ала ал­май кетті. Бір алсаң таймас сияқты ит­­термен аласың. Жарықтық, биыл он үш қар басты» деп аз кідірді де: « –Ел­­ге келгеннен кейін де «үш әріптің» адам­­дары қарауылдағанын қоймады. Одан да сорақысы халықты теріс қа­ра­тып қойғаны болды. Сыртыңнан ті­лін шығарып, аузынан шыққан ала итін ай­тақтап жатады. «Халық жауы», «Ком­му­нистік идеяның жауы» дегендей, небір қы­зыл жала. Бұдан гөрі лагерьдегі күнім жақсы ма еді деп те ойлайтынмын. Еш­теңе жаза алмайсың. Жазғаныңды ешбір газет, ешбір журнал баспайды. Тіпті, кейбір жігіттердің өздері істі екеніңді ес­тіген соң қарасын көрсетпей кетті. Бірде Жазушылар одағына барып өлең­дерімді тастап кеттім. Қадыр Мыр­за-Әлі «Қымыз» деген өлеңімді бір­неше рет қайталап, қадала оқыған соң: «Осы өлеңнен бір иіс шығады, ол не?» деп таңдана қарайды. Арғысын жа­сыра алмайсың. Амалсыз: «Қадеке, орыстың орманын еріксіз аралап қайт­қан жайым бар» дедім. Сәл үнсіз оты­р­ды да: «– Ештеңе етпейді. Орыстың орманын біздің бабаларымыз басқаша аралаған» деп жұбатқан болды қайран Қадағаң. Меңзегені Батудан бастап, Тоқтамыстан тоқтаған хандарымыздың орысқа жасаған жорығы. Бір-бірімізді түйін сөзден түсіндік. Бірде КГБ-нің жендеттері келіп, бала-шағасы бар-ау деместен үйдің астаң-кестеңін шығарып тінтіп кетті. Олардан көрген қорлығым аз ба? Менің аңшылыққа келуімнің өзіне қуғынға түсуім себеп болды. Үйде жатсаң ішқұсадан өлесің. Еріксіз тазы ертіп, аңға шықтым. Қасыма көрші ауылдың бір жігіті еріп жүретін. Кейіннен естідім. Сөйтсем «үш әріптің» кісілері оны да тергеп анау не айтты деп қыспаққа алатын көрінеді. Ол кез менің де аузымды абайлап ашып, саяқ жүретін кезім еді...» Таңдап алған тақырыбымыз ауыр ма, әлде Кәмекеңнің ішкі азабын ауырлатпайық дегеннен бе, әңгімеміз үзік-үзік боп шықты. Ертеде бір данышпан: «Тарих дегеніміз белгілі бір тұлғалардың өмірінен тұрады» деген екен. Жазушының ғұмырнамасымен таныса отырып алпысыншы жылдардағы болмысты, құлдық сананы тап басып танисың. Ширек ғасырдың суреті көз алдымызға келді. Бұл бір ғана адамның ғұмырнамасы емес, тұтас бір ұлттың тарихы. Кәмекеңнің тартқаны – Алаштың азабы, көргені – қазақтың қасіреті. Әулие-әмбие мен сәуегей-абыз қожалардың ұрпағына Құдайсыз атеизм заманында ғұмыр кешуді жазған соң, өмірі ащы болмай қайтсін.

***

Өткен шаққа саяхат жасап болған соң, осы шаққа қайтып оралдық.

«...Бұрынғы кезде алысатын жа­уың белгілі. Ал қазір ше? Оғыңды кімге атасың? Дүмше болған өз қа­зағың. Мәңгүрт болған тағы өз бауы­рың. «Қарғайын десем жалғызым, қар­ғамайын десем жалмауызым» де­гендей. Өткен жылдары қожалардың шежіресін жаздым. Сонда кейбір ақ са­қалды ағаларымыз өздерінің жеті атасын білмейді. Не деген сұмдық? Бұл кеселден тездетіп арылмасақ, жа­һандану кезеңінде ұлт ретінде жойылып кетуіміз кәдік. Ұлың ұлағатсыз өссе, қызыңды қырық үйден тыймасаң ел­дің азғаны емей не? Тәуелсіздік ал­дық деп ұрандағанымызбен әлі ру­хани тәуелсіздік ала алмай келеміз. Мына жабайы мәдениеттен құтылып, өл­генімізді тірілтіп, өшкенімізді жандырып, өз дәстүрімізді жаңғыртпасақ ұлт болып ұюымыз екіталай. Соған алаңмын» дейді Кәмекең. Шынымен де, осы шақтың күрескеріне қиын. Бетпе-бет келген жауың жоқ. Қотыры қоғам ара­сында. Көпшілік арасынан зомби қа­зақты тауып алып, оны жөнге салам деу – бекершілік. Сен оны мәңгүрт десең, ол сені мәмбет дейді. Байқап отырсақ, Кәмекең бұл күрестің де оңды жолын тапқан сияқты. Үйінде қазақтың әр түрлі домбырасынан коллекция жасап қойыпты дегенді естігенбіз. Құрып кетуге шақ қалған сырттан итті өсіріп отырғаны тағы бар. Бір ауданның абыз ақсақалына айналды. Осы шақтың тірлігін тындырып-ақ келеді. Ал келер шақ біздің мойында. Жас өскіннің қолында. Жоғарыда айтқан Тағылының талды тоғайы сияқты аға буынды өрт шалған. Қалың тоғай сиреді. Қарағайдың қарсы біткен бұтағы Кәмекең. Біз өртеңге өстік...

***

Қарағандыға құстай ұшып келеміз. «Мына ақсақал мықты екен, ә?» дей­ді қасымызда күнұзақ үнсіз жүрген жол­серігім.


Қарағанды – Шет – Қарағанды.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 769
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1287
count 88x31px