Емтихан - Тарих - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 04.12.2016

Бұрыннан ағалы-інідей аралас-құралас болып келе жатқан Тоқтар Әубәкіров көкеммен Павлодардың «Мойылды» шипажайында кездесем, бірге демалам деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмеген. Кездейсоқтық па, жоқ әлде бір тылсым күш бізді әдейі жолықтырып тұр ма, біле алмадым. Әйтеуір, жақсылыққа жорыдым. Әншейінде бір-екі сағатын әзер бөлетін Батыр ағатайым тура бір апта қолыма еркін тиді. Велосипедпен серуендедік, шар көздеп атып, бильярд ойнадық. Осы шипажайда Қазақстанның түкпір-түкпірінен демалуға келген халық қоғадай жапырылды. Батыр бауырларының қолын алып, сәлемдескендеріне мәз. Қазағы бар, орысы бар, басқа ұлт өкілдері бар ғарышкер жерлестерін болмай қолқалап, ашық аспан астында жақын тұрып, жамырай сұрақтың астына алды. Тоқтар ағатайым өзіне ғана тән әскери мінезбен жауаптарын нақпа-нақ, қысқа да нұсқа, төтеден турасын айтып, елін разы етті. Соңына қарай жауабы әрі оңай, әрі қиын сауал көлденеңнен қойылды.

– Тоқтар аға, бүгінгі жастарға көңіліңіз тола ма? – деп төтеден сауал жолдады бір жас жігіт.

– Бәріміз жас болдық. Қазір «ол заман басқа, бүгінгі заман басқа» деген бір сылтау тауып алдық. Жастарды жаман бір тенденция еңсеріп бара жатыр. Ол – баю. Қымбат көлік міну, қос қабатты үйде тұру, үлде мен бүлдеге бөлену және басқа материалдық игіліктерге тұншыққанша рахаттану. Бұл жақсылыққа апармайды. Әкем мен еңбектеп жүргенде қайтыс болып, хат танымайтын анам өсірді. «Бар байлығың, игілігің, жақсылық атаулы білімде» деп құлағыма құйды бала күнімнен. Ауылдың кітапханасындағы бүкіл кітапты білте шамның жарығымен оқып, тауысқан едім. Бүгінге дейін, кітап оқуды доғарғам жоқ. Жастар байлықты емес, білімді игерсін. Сонда нағыз ел азаматы бола алады, – деп қайырды Батыр ағамыз жауабын. Жұрт жамырай қол соқты. Көбі ойланды. Толғанғандар да аз болмады.

Ойды ой қозғайды. Жастар туралы әңгіме айтылып қалған соң еріксіз пәлсапалық аңыз тіл ұшына оралды. Алла жұмақта жүріп жазықты болып қалған Адам Атамыз бен Хауа анамызды Жерге сынаққа түсірген дейді. Содан бері жұмыр жерде жүрген бүкіл пенде атаулы көзі жұмылғанша сынақ тапсырады. Қайыра жұмаққа оралу үшін. Сынақ көп-ақ. Бүгінгі ұғыммен қарабайырландырып «емтихан» деп алайық. Мектеп бітіргендегі емтихан, оқуға түскендегі, бітіргендегі емтихандар, ғылыми атақ қорғағандағы, ғылыми атақ алардағы емтихандар, бұған қазіргі елу жасты алқымдасаң да қызметке тұрар алдындағы тест-емтиханды қосыңыз. Біршама. Ал, мұнан да қиын емтихандар бар ғой. Шыр етіп жұмыр Жерге түсіп, қаз тұрып, қаздаңдай басып, ес жиып, етек жауып, ат жалын тартып мінген сәттен бастап ата-ана алдындағы сынақ, кір жуып кіндік кескен туған жер мен халық алдындағы сынақ ше? Ең қиыны, ауыры Ар алдындағы, өз арыңның алдындағы сынақ болса керек. Талай жампоз деп жүрген азаматтарымыздың осы сынақтан сүрінгендерін көргенде көк бөрідей көкке қарап ұлығымыз келген талай рет. Аттарын атап, түстерін түстемей-ақ қояйын. Бірі – келместің кемесіне мініп кетсе, бірі – арамызда жүр.

Ал, Тоқтар ағамыз қай сынақтан, қай емтиханымыздан болсын сүрінбек түгілі, жүрегі бүлк етпеген азамат. Он жасында анасынан жасырынып барып теміржолда жұмыс істеп, он бес жасында аты Құрмет тақтасына жазылып, отбасын асыраған. Бүгінгі жастарыңыздың ішінде отызда орда бұзбақ түгілі, әлі ата-анасының мойнына ерттеп мініп алғандар көбейіп барады.

Тоқтар ағамыз өмір алға тартатын сынақ-емтихандарыңызды осылай үздік тапсыруды Теміртауда бала күнінен жеткіншек кезінен бастаған.

– Армавир ұшқыштар даярлайтын училищесін бітіріп, біршама уақыт қиыр Шығыста әскери ұшқыш, сынақшы-ұшқыш болғаннан кейін білімімді көтеру үшін Мәскеудің авиация институтына оқуға түстім. Ұмытпасам, үшінші курс болу керек. Аэродинамика сабағынан бойы екі метрге жуық алпамсадай Л.А.Бедержицкий деген профессор лекция оқып жатыр. Амфитеатр тәрізді кең аудиторияда шыбын ызыңы естілердей тыныштық. Тақтаға аэродинамикаға байланысты чертежді сызып тастады. Бір сызығы қате. Шыдай алмай атып тұрып, «Мына чертеж күйінде жасалған ұшақ құлайды» деп қаттырақ айтып қалдым, – деп еске алады Тоқаң сол бір сынға түскен сәтін.

Леонид Аскольдович осы аэродинамиканың жілігін шағып, майын ішкен СССР-дегі бірден-бір білгір ғалым екен. Өзі «Аэродинамиканы мен ғана беске білемін» дейтін көрінеді. Студенттерге қатал. Матанализ пәні математиктерге қалай қиын болса, аэродинамика ұшқыштарға сондай ауыр сабақ екен. Емтиханнан үш алып құламай шықса, қуанады екен кәнігі ұшқыштардың өзі. Аэродинамика ауаның және газдың қозғалысын, сондай-ақ сонда қозғалатын денелерді зерттейтін ғылым.

– Бұл қайсың, білгішсініп тұрған? – деп профессор гүр ете қалады.

– Аубакиров, жолдас профессор, – дейді Тоқаң.

– Мен тақтаға чертежді әдейі қате сыздым. Қайсың аңғарады деп. Ешқайсың үндемейсің. Жарайды, лейтенант, емтиханды тек қана маған тапсырасың, – деп профессор Тоқаңның әуселесін көрмек болады.

Қиқар профессорға қарсы келіп қалған Тоқтар үшін бүкіл деканат уайымдайды. Бәрі қазақтың жас ұшқышын жақсы көреді екен. Әсіресе, деканы әбігер болады. «Ол қатал, сені емтиханда қайтсе де құлатады. Сондықтан Бедержицкий емтихан кезінде шығып кеткенде, тез кіріп, билетіңе дайындалмай-ақ жауап бер» деп Тоқаңды әзірлеп қояды. Солай болады да. Билетті алып, жауап беруге әзір екенін айтқанда ту сыртынан профессор гүж ете қалады.

– Ал, Аубакиров мықтысың ғой. Даярлықсыз жауап бер, – деп қарап тұр екен. Тоқаң саспайды. «Келсең кел» дегендей отыра қалып, жауап бере бастайды. Батыр ағамыз өзі айтқандай аэродинамиканы жасынан, тіпті, Қарағандыдағы аэроклубта жүргенде, ұшқыштар училищесінде оқығанда жанына жақын тартқан, жақсы көретін пәні екен. Сонымен не керек профессор Тоқаңды әбден тексереді. Оқу бағдарламасында барын да, жоғын да сұрап, аэродинамиканың бүкіл ұңғыл-шұңғылын зерделетеді. Ақыры, әбден көңілі толған қатал профессор зачет кітапшасына «бесті» қонжитып, келесі екі бетіне де алда оқитын екі курс үшін де, үздік бағаны қойып береді.

– Аубакиров, қалған екі курста аэродинамика сабағына келмей-ақ қой. Бәрін біліп тұрсың. Студенттерге қазір сабақ беруге білімің жетеді, – деп арқасынан қағып, қатты риза болыпты.

Тоқтар ағамыздың емтиханы мұнымен біте қоймайды. Докторлық диссертациясын Мәскеуде қорғағанда да Батыр қазаққа тән қайсарлығы мен тектілігін көрсетеді. Өзі еске алғандай диссертация әуелі Ресей Ғылым академиясында қорғалуға тиіс екен. Аяқ астынан өзгеріп, Ресей Қорғаныс министрлігінің Бас штабында сынақ алынатын болады. Белгілі жағдай. Тақырыбы – әскери құпия. Қазақстан Тәуелсіздік алған алғашқы жылдар. Кезек күтіп өзімен бірге орыстың екі генералы тұр екен. Тоқтарды көздеріне ілмейді. Ақыры екеуі де мемлекеттік комиссиядан пұшайман болып, қара терге түсіп, нарттай қызарып шығады. Тоқаң кіреді. Комиссия төрағасы: «Иә, генерал Аубакиров, жаңағылардай сіздің диссертацияңызды кім жазып берді?» – деп кекетеді.

– Что вы себе позволяете, – деп Тоқаң найзағайдың отындай жанарын әлгіге қадап, қатты ашуланады.

Астамсыған комиссия төрағасы Тоқаңды тақтаға шақырады. Тақта төрт метрдей болса керек. Бізге беймағұлым тек осы екі саланың мамандары ғана білетін теңдеулер, формулалар, чертеждер, жыпырлай толады тақтаға. Ұшатын-қонатын, бір сөзбен айтқанда көкте самғайтын техниканың білгірлері, генералитет, ғұлама ғалымдар қол шапалақтайды.

Шоферлердің арасында әзіл-шыны аралас бір әңгіме бар. Автомашинаны жүргізгенмен карданы мен карбюраторының қайда екенінен бейхабар, өз машинасын жөндеп алуды білмейтін жүргізушілерді «летчик» деп қағытатын. Тоқаң дыбыстан жылдам ұшатын жойғыш ұшағыңның әр деталінің дірілін, моторының үнін бүкіл оркестрінің төгілткен әуенін қателеспей айырып тұратын әйгілі дирижердей жазбай танып қана қоймай теориясын жіліктеп, ғылыми тұрғыда мүшелеп берген. Ұшақты зеңгір көкте армансыз қалықтатып, қажетінде заулатып жерге шүйілтетін, аспанға самғататын қырандай қанатымен ұшырып, құйрығымен қондыратын қабілеті қандай екенін осылай дәлелдеген. Бұл да оңай сынақ емес.

Ал жұмыр басты пенденің екінің бірінің, егіздің сыңарының алдына көлденеңінен жолыға қоймайтын ең қиын сынақ, ең ауыр емтихан бар. Тоқаң оған қарсы өзі бел буып талай рет барған. Ол – аранын апандай ашқан ажал сынағы. Жанында жүргенімде сөз арасында өзімен қатар ұшып, бірге жүрген жиырма шақты сынақшы-ұшқыштың қаза тапқанын айтып қалғаны бар. Өндіріске берілуге тиіс және конструкциясы мүлде жаңартылған жойғыш ұшақтардың 50 типін майлап, сайлап дегендей сынақтан өткізіп берген. Талай рет құлап келе жатқан ұшақты тастап, катапультпен секіріп кетуге болатын жағдайда басын өлімге байлап, техниканы аман алып қалған. Тіпті, жерден бұйрық берілсе де Тоқтар ағамыз жанкештілікпен ақаулы ұшақты аман қондырған. Өзі ғұмыры тіс жармайды бұл туралы. «Шыбын жанын шүберекке түю» деген осындай-ақ болар. Бейбіт заманда СССР жайдан-жай «Совет Одағының Батыры» атағын бермейді. Оның үстіне қазақ жазықсыз қараланған Желтоқсан көтерілісінен кейін.

Тоқтар ағамыздың бүкіл өмірі емтихан.

Жетпіске жеткенше ешқайсынан сүрінбепті қазағының бағына қарай.

Қыранмен бірге қияға қарайтын Тоқтар Әубәкіровтің есімі әлемдегі қас (Ас) ұшқыштардың алдыңғы қатарында Вашингтонда тасқа қашалып жазылған. Енді Алашының маңдайына, жастарының таңдайына, найзадай намыстарының ұшына, жүректерінің түбіне үлкен әріптермен жазылатын уақыты болды. Тоқаң соны көрсе екен деп тілеймін.

24.V.2016 ж.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 5542
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px