Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 13.12.2018

Күшікбай  батыр
Аталарымыз бен әжелеріміз заманында елі  мен жерінің бостандығы үшін күрескен хандар мен билер, ақындар мен шешен, батырлар туралы әңгімелерді құлағымызға құйып бақты. Аралбай, Нияз, Байғозы, Бәйтелі, Еркебұлан, Нұржан Шолақ, Сеңгірбек батырлар туралы ауыл ақсақалдарынан естіп, көңілге түйген деректерім біраз шығармаларыма арқау болды.
Ендігі сөз Күшікбай Мырзамбетұлы туралы. Батырдың тегін шежірелей таратсақ: Орта жүз, Арғын, Қотан, Дайырқожа (Ақжол би), Қарақожа батыр, Мейрамсопы, Қуандық, Қарпық, Көзей, Тоқа, Бесім, Сарықожа, Жасыбай батыр, Мырзамбет, Күшікбай батыр болып келеді.
Күшікбай – XVIII ғасырда өмір сүрген, бойына ерекше қасиет дарыған, қалмақтармен соғыста үш жүзге ерен ерлігімен танылған қазақтың біртуар баһадүрі. Оның төртінші бабасы Бесім Тоқаұлы – Есім ханның әйгілі батырларының бірі. 1623 жылы Ташкент ханы Тұрсынның көтерілісін Есім хан аяусыз басып, Тұрсынның басын алып, бүліктің негізгі күші болған қатаған тайпасының бойы арбаның дөңгелегінің ортасынан асатын еркек кіндіктілерінің бәрін қырып, қалғанын әр руға таратып жібергені, қатаған руының қырық сұлуын таңдаулы қырық батырына үлестіргені тарихтан мәлім. Бесімге қатағанның Дәулетбике сұлуы олжаға берілген. Ол сұлу болуымен қатар, даналығы, мейірімділігі, имандылығы, тапқырлығы, ділмарлығымен ел құрметіне бөленген. Бесім батырдың Дәулетбикеден туған ұрпақтары аналарының атымен «Дәулетбике тоқалары» деп аталады. Бұл тұқымнан 27 мың жылқы біткен Сапақ Тәңірбергенұлы мен атақты би Телғозының Шоңы шыққан.
Бесімнің бәйбішесі Бөтейден – Сарықожа, Қарашора, Есенаман туады. Бөтейден туған ұрпақтарды «Енең тоқасы» дейді. Бұл тұқымның басым дені Жаңаарқа, Шет аудандарын мекендейді, Өспен мен Ортаудың терістігінен басқа жерлерінің бәріне қоныстанған. XIX ғасырдың бірінші жартысында «Енең тоқалары» Ақмола уезінің құрамында үш болыс, «Дәулетбике тоқалары»  Құлымбетті қосқанда тоғыз болыс болған.
Бесім батырдың  бәйбішесі Бөтейден туған тұңғышы Сарықожадан Жасыбай батыр туады. Жасыбай батырдың сүйегі Баянауылдағы Жасыбай көлінің жағасына жерленген. Содан, бұрын Шойынкөл аталған көл Жасыбай аталып кеткен. Жасыбай батырды ұрыстарда жеңе алмай әбден өшіккен қалмақтың Құбамерген деген батыры аңдып жүріп, қапыда атып өлтірген. Жасыбай батыр мен Сүйіндік Олжабай батыр екеуі дос әрі жаумен  бірге шайқасқан үзеңгілес болыпты. Жасыбайдың қазасы  жанына қатты батқан Сүйіндік Олжабай батыр қайтсе де Құбамергеннен кек алуға ант беріп, «Сиректас» деген жерде болған соғыста оны жеңіп, тірідей қолға түсіріп, асаудың құйрығына байлап, сүйретіп өлтіреді. Жасыбай батыр қаза болған тау асуы «Жасыбай асуы» аталып кеткен.
Жасыбай батырдан Қалмамбет, Мырзамбет туады. Мырзамбет екі әйел алған. Бәйбішесінен – Күшікбай, Ескене, Досқана, Естемес, Балапан; тоқалынан – Дулат, Таймас, Тәстен, бұларды «Үшқоңыр» дейді. Мырзамбет 120 жасында дүниеден озған. Сүйегі Нұра өзенінің бойына жерленген, бірақ, дәл қай жерге қойылғаны белгісіз. Мырзамбеттің ағасы Қалмамбет өз кіндігінен бала болмағандықтан, Күшікбай мен Ескенені асырап алған. Қалмамбет Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің маңына жерленген.
Ел аралап жүрген бір көріпкел Мырзамбет балалары туралы: «Күшікбайдың басының бағы артық, Ескене ел билейді, Естемес  ер көңіл, Досқана есепке мығым» деген екен. Ел аузындағы сөзге қарағанда  көріпкелдің айтқаны тура келген.
Күшікбай батыр екі әйел алған. Бәйбішесі – Сайдалы Аталық Нияз батырдың қызы – Берсұлу. Берсұлудан – Өтебай, Айдарбек, Сәмек, Темірбек, Шыныбек; тоқалынан (Тарақты Жаманәлі деген кісінің қызы) – Сеңгір, Орақ, Бұлғақ (бұларды «Үшқара бала» дейді) туады.                                                                                                                            Батыр туралы әңгімелер көп. Сайдалы Аталық Нияз батырдың қызына үйленуінің өзі оның жеке басының қадірінің айғағы. Күшікбай батыр мен тарақты Байғозы батыр замандас, қатарлас, майдандас, үзеңгілес, бірін-бірі қатты сыйлайтын тұлғалар екен. Бірде екеуі жауға бірге аттанады. Жорық жолы көлденең биік кезеңге тірелгенде Күшікбай батыр Байғозы батырға «Мен білсем, қалмақтар осы кезеңнің арғы тұсында жатыр. Сен атымды ұстай тұр, барып біліп келейін», – дейді. Кезеңнен жаяу асып кеткен Күшікбай сүт пісірім уақыт өте қайта оралып, «Қалмақтар кезеңнің етек тұсында екен, қара тұман қаптатып, есі шыққан немелерді бір-бірімен қырқыстырып қойдым. Бірін-бірі аяусыз жусатып жатыр. Мен атқа мінбей қимылдамаңдар, әбден қырылып бітсін» – дейді. Әлден уақытта Күшікбай батыр атына қарғып мініп, ілгері шаба жөнеледі. Кезеңнен асқанда Байғозы батыр етекте жайрап жатқан қалмақтарды көріп «Аруағыңнан айналайын!» – деген екен.
Тағы бір әңгіме былай өрбиді. Қазақ пен қалмақ әскерлері бетпе-бет келіп, шеп құрып тұрады. Біраз уақыт өткенде Күшікбай батыр ұзақ аңдысқа шыдай алмай, делебесі қозып, «Ия, аруақ!» деп жауға жалғыз шабады. Сол-ақ екен қалмақ қолы бей-берекет, тым-тырақай қаша жөнеледі. Қазақтар қашқан қалмақтардың соңына түсіп, ойсырата жеңіп, талайын тұтқындайды. Тұтқын қалмақтардан «Жалғыз шапқан батырдан неге қаштыңдар?!» – деп сұрағанда, олар «Жалғыз батыры несі? Аспанмен тілдескен қалың өрт қаптап келе жатса, қашпағанда қайтеміз?!» – деп жауап беріпті.
Байғозы батыр ауылдастарымен үйінде әңгіме-сұхбат құрып отырғанда бір жігіт Күшікбай батырдың келгенін хабарлайды. Байғозы «Күшікбай кіргенде тырп етпеңдер, әуселесін көрейін, – дейді. Сөйткенше, «Ассалаумағалейкум!» – деп Күшікбай батыр кіріп келеді. «Уағалейкумассалам, Күшеке, жоғарыда болыңыз!» – деп Байғозы батыр елпілдеп сәлем беріп, батырды төрге отырғызып, барынша құрметтеп, шығарып салады. Күшекең аттанып кеткен соң, ауылдастары Байғозы батырға «Батыреке, өзіңіз емес пе «Күшекең үйге енгенде тырп етпе» деген, мына қылығыңызға не жорық? – деп сұрайды. Сонда Байғозы батыр «Әй, жігіттер-ай, мен Күшекеңмен соғыста сынастым, аса алмадым, енді, бейбіт күнде бір сынасайын деп едім, оным да болмады. Менің жолбарыс кием Күшекеңнің арыстан киесі ақыра ұмтылғанда түлкіге айналып, өзім жерге кіріп кете жаздаған жоқпын ба?» – деген екен.
Мұнымен қоймай, Күшікбай батырға қыр көрсетпек ниетпен Байғозы батыр жігіттеріне «Жақын маңда Күшекеңнің бір үйір жылқысы жүр, әкеліп, байлап, қымызын іше беріңдер» - дейді. Жігіттері оның айтқанын орындап, қымызға қарық болады. Арада бір жұма өткенде Күшікбай батыр келіп, желідегі өз жылқысын, Байғозы батырдың сауын үйірімен қосып айдап кетеді. Куайық деп желіккен жігіттерге Байғозы батыр «Қимылдамаңдар, бүкіл тау-тас, сай-сала, бар бұта, көденің әр сабағына дейін «Күшікбайлап!» құлағымды тұндыра ұрандап тұрған жоқ па?! Алса алсын,  енді, батырдың алдынан көлденең шықпаспын, өле-өлгенше көңілін жықпаспын!» – деген екен.
Күшікбай батыр – 12 мың жылқы біткен аса дәулетті әрі мырза, қиянатқа, арамдыққа төзбейтін, ары таза, мәрттікпен қатар дінді берік ұстанған адам. ХІХ ғасырдың орта кезінде әкесі Қалмамбетті өсиеті бойынша Түркістанға жерлеуге апарған сапарында Айнақожа есімді аса білімді қожаны кездестіріп: «Біздің елде дін әлсіз, елге келіп, дін үйретіңіз» – деп қолқа салады. Айнақожа келісімін береді. Келесі жылы көктемде батыр елін жайлауға көшірмей, қожаларды күтеді. Көп күткен батыр тағаты таусылып, қожалардан күдер үзіп, көшуге ыңғайланып, киіз үйлерді жыққыза бастағанда Ебентай ашасы жағынан ауылға беттеп келе жатқан үш салт атты көзіне шалынады. Бұлар Айнақожа мен баласы Зейне, інісі Мойнақ еді.
Айнақожа халық арасында ислам дінін уағыздап, бала оқытады, елді мұсылмандықтың тура жолына салады. Шариғат заңына, адалдыққа тәрбиелейді, Алланың алдындағы парызын орындамағандардың күнәһар болатынына жұртты сендіреді. Ұрлық-қорлық, зорлық бүтіндей тиылып, пейіл түзеліп, татулық пен мейірім салтанат құрады. Тіпті, тоқаның атақты байы әрі беделдісі Қорысбай өлгенде оның ислам дінінің бес парызын орындамағанын алға тартып, намазын шығаруға рұқсат бермей отырып алады. Ақыры, ел ақсақалдарының өтінішіне көніп, рауаятқа екі адамды куә қылып, малынан зекет бергізіп барып, жаназасын шығартады. Кейіннен «елдің сауатын ашып, сәждеге жықтым, қалғаны – сендерге аманат» деп Зейне мен Мойнақты қалдырып, өзі Түркістанға қайтады. Тағы бірер жыл өткенде Енең Тоқасы еліне Айнақожаның інісі Күзгібай мен Ермек қожалар келіп, оның сауапты ісін жалғастырған.
Күшікбай батыр қожа әулетін қатты құрметтеген, мал мен жер бөліп беріп, қажеттерін өтеп, барынша қамқорлық жасаған. Ел ішінде қожалар уағыздаған ислам дінінің амалдарының мүлтіксіз орындалуын, ұлдың да қыздың да сауат ашуын қатаң қадағалаған. Дүниеден қайтарда «Қожалардың көңіліне қаяу түсірсеңдер, көрімде тыныш жатпаймын» деген екен.
Батырдың ұрпақтарынан бүкіл қазаққа белгілі өнер иелері – ақындар мен ділмар шешендер, жазушылар мен ғалымдар, мәдениет және қоғам қайраткерлері, халыққа қадірменді жақсылар мен жайсаңдар шықты. Тұңғыш ұлы Өтебай сал-серілік құрған, әнші, күйші, тапқыр шешен әрі мырза, мәрт, бай адам болған. Ол туралы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, академик Әлкей Марғұлан еңбек жазған. Бәйбішесі – қыпшақ Алданазар ханның қызы.
Елге әйгілі Нұрмағамбетұлы Әміреш шешен, физика-математика ғылымының докторы Қордабай Оспанов, қоғам қайраткерлері Гүлнәзия Әбутәліпқызы, Қылыш Ыбыкенұлы, Қадыр Иманбаев, Жаңаарқа ауданынан шыққан тұңғыш Қазақстан Республикасының Халық мұғалімі Мэлс Ахмедин, атақты домбырашы Сарбас Бақмағамбетұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Мұхамеджан Тілеуханов, Астанадағы Қаржы полициясы академиясының ректоры Рамазан Тілеухан, атақты әнші, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, белгілі қоғам және мәдениет қайраткері Бекболат Тілеуханов және тағы да басқа таланттылар мен дарындылар – Күшекеңнің ұрпақтары.
Қазақтың біртуар сұңғыла Сәкені шыққан Енең Тоқасының ғана емес, бүкіл ұлтымыздың аруақ тұтқан қаһарман да киелі батыры Күшікбай бабамыздың сүйегі Нұра ауданындағы Құндызды өзенінің оң жағасына жерленген, бейіті бүгінге дейін сақталған. Үлкендердің айтуына қарағанда, баласы Темірбекті де жанына қойған.
2002 жылы 21 шілдеде Қарағанды облысы, Шет ауданына қарасты Нілді-Өспен ауылында Қалмамбет-Мырзамбет ұрпақтары бабаларына арнап үлкен ас берді. Аста салтанатты жиын өткізіліп, бабаларға құран бағышталды. Өспен тауының басына ескерткіш тас қойылып, Сәкен Сейфуллинге ескерткіш орнатылды, мұражай ашылды. Мерекелік іс-шаралар жоғары деңгейде өткізілді.
Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толған биылғы жылы Күшікбай батыр ұрпақтары тағы бір игілікті де сауапты іске кірісті. «Күшікбай батыр» қорын құрып, батыр бабаның басына мазар көтеру шарасын қолға алды.

Қалкен СМАЙЫЛ,
Қазақстан Журналистер одағы және Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 1004
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1267
count 88x31px