Құрыш десе, құрыш еді - Тарих - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 10.12.2016

Құрыш ауыл молдасынан хат таныды. Кеңестік сауат ашушылар мектебінен өтті. Қазақ халқын қынадай қырған Голощекин тұсында 1932-1933 жылдары Қызылқазақта жетім балалар үйінің директоры болды. Аш-жалаңаш жетімдерге пана бола білді. 1935 жылы Қызылжардағы педтехникумды бітіріп, 1936 жылы Алматыдағы Қазақ педагогикалық институтына түседі. 1938 жылы «Сәкен Сейфуллиннің шәкірті, байдың баласы» деген жаламен НКВД-ның түрмесінен бір-ақ шығады. Жастығы ескерілді ме, әлде, Құдай қақты ма, бұл зауалдан да аман өтеді.

Ұлы Отан соғысы басталған 1941 жылы өзі сұранып, майданға аттанады. Алдымен Қиыр Шығыста соғыс ісіне машықтанып, арнайы дайындықтан өтеді. Минометтің «тілін» осы жерде үйренеді. Соғысқа сол жылдың желтоқсан айында кіреді. Бұл – Мәскеу үшін жан алысып, жан берісіп жатқан кез. Неміс армиясының «Центр» тобы аты-шулы «Тайфун» операциясын жеріне жеткіземіз, қалайда большевиктер астанасын аламыз деп өлермен болуы сәтсіздікке ұшырады. Мәскеуге шабуыл тоқталғанмен, ұрыс толастамады. Жау жүздеген километр шегіндіріліп, жарты миллион адамынан өлідей айрылып, 1300 танкісі мен 15 мың техникасын қираған күйінде қалдырды. Неміс генералы Вестфальдің сөзімен айтқанда «бұрындары «жеңілмейтін» деп жүрген неміс армиясы жойылудың аз-ақ алдында қалды».

Ржев түбіндегі шайқаста Құрыш ауыр жараланады. Әскери госпитальде айдан астам емделгеннен кейін, денсаулығын түзеуге туған ауылына жібереді. Мұнда да ол «жараланып келіп едім» деп бос отырмады, ауылдық кеңеске көмегін көрсетті. Жарақаты жазылмаса да әскери комиссариатқа рапорт жазып, тағы да майданға сұранады. 1942 жылы қазан айында оны 84-ші гвардиялық миномет батальонының бір бөлімшесіне командир етіп жібереді...

1943 жылы 4 шілдеде батальон командирі Л.Смирнов барлық командирлерді штабқа шақырып алып, келесі күні таң ата болатын шабуыл туралы хабарлады. Бұл атышулы Курск шайқасы («Огненная дуга») болатын. Жау Ольховатка, Малоархангельск бағытына өршелене ұмтылып, енді бір тобы Белгородтан шығады. Іштерінде «жолбарыстары» бар, 70-тен, 200-ден топ-топқа бөлінген жау танкілері, арттарынан жаяу әскерін ілестіріп, алғы шепке лап қояды. Немістердің «Цитадель» аталған бұл операциясына 900 мың солдат-офицері мен 2700 танкі, 2 мың әскери ұшақтары қатыстырылды. Кеңес әскері оларға 2 млн. 337 мың жауынгері мен 3300 танкіні, 2650 әскери ұшағын қарсы қойған еді. Күніне 4-5 рет жаудың жойқын шабуылдарына төтеп беруге тура келді.

Сұрқия жау кеңес бекіністеріне бірден 500-ден танкі лектерін шығарды. Сержант Құрыш Біргебаев бөлімшесі орналасқан кеңес дивизияларының қорғаныс шептеріне гитлершілер 5 жаяу әскер, 3 танк дивизиясын шоғырландырды.

Қас дұшпан Кашара, Кутырка, Погорельцов, Самодуровка елді мекендерін алғанмен, үлкен шығынға ұшырады. Қанішер жауыздардың «Адольф Гитлер», «Мертвая голова», «Рейх СС» танкі және моторландырылған дивизиялары талқан болды. Келесі күні 700 танкісін алдына салған жау біздің жауынгерлерге психологиялық шабуыл жасайды. Сержант Құрыш Біргебаев өз бөлімшесімен бірнеше танкіні қиратып, өртеп жібереді. Автоматтан оқты қарша боратып, фашист сілімтіктерін жайратып салады. Әрине, жау да осал емес. Аспан мен жер қара түтінмен тұтасқан бұл шайқас 50 күнге созылды. Дала төсі қасапханаға айналды. Құрыштай жігіттерге жаудың құрыш танкілері де төтеп бере алмады. Олар нағыз ерлік үлгісін көрсетті, жан аямай шайқасты. Осы ұрыста Құрекең бір қолынан жараланып, бір аяғынан айырылды. Бірнеше айға созылған госпитальдағы емдеуден соң аға сержант Біргебаевқа кіші лейтенант әскери атағы және үшінші дәрежелі Даңқ ордені табыс етілді. Осындай тарихи ірі шайқастарда аяқтары мен қолын, денесін снарядтар жарқыншақтары мен оғы тескен кіші лейтенант Біргебаев еліне қайтарылды. Майданға одан әрі қалуға денсаулығы жарамсыз еді.

Жаудың өз ұясында талқандалғанын туған ауылында естіп, Ұлы Жеңістің қасиетті шапағын жары Гүлжәмила, тұңғыш қызы Бақтылымен бірге қарсы алды.

Ал, майданға бірге кеткен ағасы Қылыштан хабар-ошар болмады. Не өлі, не тірі екенін бертінге дейін туған-туысқандары да, жалғыз ұлы Зәкен марқұм да білмеді. Тек 1994 жылы шыққан «Боздақтар» кітабынан Қылыш Біргебайұлы жөнінде мынадай мәліметтер табылды: «24.11.1942 ж. қаза тапты. Ростов облысы, Чернышев ауданының Ржановка деревнясында жерленді».

Майдангердің еңбек жолы 16 жасынан басталғанын айттық. МТС-те, Қызылтал ауылдық кеңесінде хатшы, 1947 жылы Ынтымақ колхозында бас есепші, 1950 жылы Нұра аудандық партия комитетінің келісімімен Ворошилов атындағы колхозда бас есепші, 1957 жылы «Париж Коммунасы» атындағы совхозда бас есепші (қазіргі Киевка кенті), 1963 жылдан 1975 жылға, яғни, өмірінің соңына дейін Кертіндіде (Казгородок селосы) аға есепші қызметтерін атқарды.

Өмір қиындықтарына төселіп өскен Құрекеңнің мына фәни өмірден озғанына да 40 жылдан асты. Соғыс жарасы 58 жасында алып тынды. Ортамызда жүрсе, ұрпағы бүгіндері 100 жасын тойлар еді. Жары Гүлжәмила Мұқышқызы екеуі төрт қыз, бір ұл тәрбиеледі. Бүгінде ол кісінің соңында қалған ұрпағы майдангердің мағыналы ғұмырын лайықты жалғастыруда.

Нұра ауданының орталығындағы соғыс ардагерлері мұражайында, өзі мәңгілік тұрақ тепкен Кертіндідегі соғыс ардагерлеріне орнатылған ескерткіште есімі жазылды. Иә, ерлік ешқашан ұмытылмақ емес. Құрыш Біргебайұлының өмірі – жас буынға үлгі.

 

Орынбасар МЕЙІРМАН.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 388
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1095
count 88x31px