Төлеген тәуіп ұрпақтары - Тарих - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Төлеген атаның әкесі – Дәуітбай елге сыйлы, белгілі адам. Тоқырауын өзені бойында бір ғасырдан аса уақыт өтсе де, сілемі білініп жатқан «Дәуітбай тоғаны» деген жер бар. Кезінде бұл – «Дәуітбай ауылы» атанған, өскен тұқым. Дәуітбайдың әкесі Қойкелді Абылай ханның жүректі сарбазы,  қару-жарақ жасайтын, шыңдайтын ұстасы болған.

Төлеген Көсілбайұлы емшілігімен танылған, бүкіл Қарқаралы өңіріне «Төлеген тәуіп» атанған. Аса қайырымды, көпшіл, бауырмал адам болыпты. Ұлы Отан соғысы жылдарында шайдан тарыққан Қусақ төңірегіндегі ауылдастарына шығымдылық қасиеті бар шөптерді тергізіп, шай орнына шығарып ішкізген. Тоқырауын бойында өсетін шөптерді өте жақсы білген және шөптен дәрі жасап, халықты емдеуге пайдаланған.

Тәуіптен он ұл туған. Төртеуі Ұлы Отан соғысына аттанған. Тұрғанбай, Тұрсынбайдан ұрпақ бар. Ұстаздық қызмет атқарып, үйленбей кеткен Үкібай, Қалқаманнан ұрпақ жоқ. Тұрсынбай соғысқа дейін Береке ауылында басқарма болып жұмыс істеген. 1942 жылы төртеуі де Шет ауданынан Ұлы Отан соғысына алынып, атқыштар полкінде міндетін атқарған. Соғыста хабарсыз кетіп, қайтыс болған.

Төлеген тәуіп атаның бірінші баласы – Байтұрсында ұрпақ жоқ. Екінші баласы – Тұрсын (1890-1959) Береке ауылында еңбек еткен. Ел қамқоры атанған адам. Тоқырауын өзенінің суын пайдаланып, Дуан маңында егін салып, халықтың жағдайын ойлап, ақбидай мен тары егіп, елін нанмен қамтамасыз еткен. Ұлы Отан соғысы жылдарында бесбас бидайды бірінші өсірген. Ұлы Отан соғысы жылдарында әскерге алынғандардың отбасына ерекше қамқорлық жасаған. 1930 жылдан егіншілікпен айналысып, өмірінің соңына дейін егіс бригадирі болған.

Өз қолжазбаларынан, өмір тарихынан үзінділер келтірейік: «Мен, Төлегенов Тұрсын 1890 жылы Қарқаралы оязы, Қотанбұлақ болысы, №3 ауылда тудым. Әкем Төлегеннің кәсібі – егіншілік, қосымша балық аулау болған. 17 жасымнан 30 жасыма дейін мал бағып, егін салдым. 1930 жылдан бастап 1934 жылға дейін колхозшы, 1934 жылдан қазірге дейін «Береке» колхозында егіс бригадирі болып істеймін. Егіс өнімін жыл сайын кемітпей, орта есеппен гектарынан 12 центнерден астық алып келдім. Осы еңбегімнің арқасында 1940 жылы ноябрь айында Москваға ауыл шаруашылық көрмесіне барып қатыстым. 1939 жылы үлкендер мектебінен оқып, сауатсыздығымды жойдым. ВКП(б)-ның уставымен таныстым. Газет алып оқимын. 8.ІІІ.1942 жылдан бастап партия мүшесімін. 1930-1931 жылдары Қоңырат ауданы, Қусақ ауылсоветінде болған бай-кулактардың көтерілісіне қарсы ауылдық үкіметпен қолұстаса отырып күрестім. Қазір де 4 інім Қызыл Армияның қатарында Герман басқыншыларын талқандау жолында қызмет етіп жүр. Өміртарихым осы. 8.ІІІ.1942».

Төлегеннің үшінші баласы – Берікбол (1898-1965). Тұрсын ағасының тәлімді тәрбиесін көріп, аялы алақанының жылуын сезініп, бірге өсіп, біте қайнасқан өкшелес інісі. Тоқырауын өзенінің суын пайдаланып, егін салып, бидай еккен еңбекқор адам. Ағасының оң қолы, жанашыры.

Тұрсын ата бригадир бола отырып, бар әулетін, немерелерін, әйелі (көп балалы) Дәрбибіні де егін жинауға салған.

1947 жылы тамыз айында жарық көрген Қоңырат аудандық «Қызыл ту» газетінен «Он жастағы орақшы» деген мақаладан шағын суреттеме: «Торсықтай боп, дәні қауызына сыймай толықсып тұрған бидай еңбек адамдарын қарсы алғандай бас иеді», – делінген. «Ауыр еңбектің мәйекті дәмі» Ермағанбет Лұқпан, Орталық Қазақстан, 2006 жыл 9 мамыр.

Төкеңнің бесінші баласы – Серікбол (1906-1964). 1929 жылға дейін Қусақ елді мекенін көркейту жолында бауырластарымен бірігіп жұмыс жасаған. 1929 жылы Балқаш төңірегіндегі «Қызыл Октябрь» балық аулау артелінде балықшы болған. 1949 жылы  стахановшы ретінде Ленинград қаласындағы көрмеге барды.

Бәрі қолмен жасалатын Ұлы Отан соғысына дейін де, одан кейін де қиыншылық кездегі бабалардан қалған елге, ауылға деген жанқиярлық еңбектері Қусақ елді мекеніне аян. «Дәуітбайдың бірлігін берсін», – деген қағиданы ұстанып, елді, жерді қорғау, қастерлеу парыз екендігін мойындаған ұрпақтары бүгінде бақытты да, баянды ғұмыр кешуде.

 

 

Манат Әбенова,

ардагер ұстаз.

Нұртас Тұрсынов,

«Алтын дәрігер» атағының иегері.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 761
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1094
count 88x31px