Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 17.06.2019

Хабиба Елебекова



(Монолог)





Сөз басы

Қасиетті аруақтар, сендермен тілдескім келеді.

Мен бір кезде осы қара шаңыраққа 17 жасымда келіп едім. Енді, міне, театр тарихымен бірге жасасқан қария қарт ана болдым. Мен тек бір ғана театрдың тарихымен жасасқаным жоқ, бүтіндей бір ғасырдың тарихын арқалап келемін. Сол ғасырдың талай ауыр күндерін басымнан өткердім. Енді сол ғасыр аяқталғанда не көрдім, не білдім. Соны айтқым келеді.

Аруақ: – Айт. Айтқаның жақсы. Өткенін білмей болашақ өркендей алмайды. Көргеніңнің барлығын жасырмай айт. Айт, кәне, баста.

Иә. Қазақ халқына жақсылық пен жамандықты басынан кезек өт­кізу дағдыға айналғандай. Міне, сол күндердің бірі болатын. Жері шұ­рай­лы, шөбі құнарлы, өрісі малға толы, қонысы елге толы жайбарақат жатқан шақ еді ғой. Кенет Кеңес өкіметі келді. Елді колхоздастыру, малды ортаға салу, әлді шаруалардың көзін құрту бұлардың негізгі ұстаған жолы болатын. Ауыл белсенділері шаш ал десе бас алып, жай тұрғындарға айт­паған сөзін «айттың деп», істемеген нәрсесін «істедің деп» еріксіз мойындатып, қырғидай тиді. Кімде-кім безбүйрек, жаны ашымайтын болса, соның айтқаны сөз, істегенін заң көрді. Әлді шаруаларға адам естіп-білмеген неше түрлі салықтарды салды

«Байларды қойдай қу қамшымен» деп, өздері «байшыкеш» деп ат қойып алған адамдарды ұрып-соғып, ойына келгенін істеуші еді. Бұл өңірдің белсенділерінің басшысы Күсен деген болды.

Күсен анадайдан айғайлап келе жатты.

Ей,Саппас,қайда жүрсің, мәңгіріп. Тісің барда шайнап қал. Баспайсың ба тақымға. Додаға түскен көкпардай. Ес жиғызбай дүрелеп, түтпейсің бе оларды.

Саппас: – Ағатай, мен сіздің сөзіңізге түсіне алмай қалдым. Маған біреуді әкел дедіңіз бе?

Өзің-ақ білмейсің бе, есуас. Ауызға үлкен шортан түссе, қалғаны түк емес. Әкел.Бар.

Саппас: – Ағатай, Шортан. Ол не? Ол балық қой, ағатай. Мен оны қайтіп ұстаймын. Ағатай, мен оны ұстай алмаймын. Одан да мені өзіңіз сияқты адамға жұмсасаңызшы. Адамға жұм­саңызшы.

Күсен: –Түсінгеніңе болайын, жануарым.

Саппас: – Жануар. Ағатай, мен жануар емеспін. Жануар деп кімді айтушы еді. Жануар. Ә, ат қой. Ағатай, мен ат бола алмаймын. Неге мені ат дейсіз. Ат бола алмаймын. Ағатай, басқа біреуді жұмсаңызшы. Мені босатыңызшы, ағатай, осы бас­тықтықтан.

Күсен: – Бар. Алып кел алдыма, Қарақбайды. Үлкен Шортан деп мен соны айтамын. Ұқтың ба?

Саппас: – Ұқтым, ағатай, ұқтым. Аға­тай-ау, оны елдің бәрі қадір­лейді, ғой. Жақсы аға, деп ат қойып алған. Ешқандай жазықсыз оны мен қалай жұлқылап алып келемін. Басқа біреуді жұмсаңызшы,ағатай. Менің батылым бармайды.

Күсен: – Жарайды. Бар.

Кетеді бұлар. Біраздан соң Қа­рақбайды алдына салып, айдап алып келе жатады. Қарақбайдың қасында жас қыз бала бар.

Қарақбай: – Ей, Күсен,бұл қай жолсыздық, мені еріксіз айдап алып келетіндей. Мен не қылмыс істедім. Айтып өлтірсейші, жарығым-ау.

Күсен: – Немене, қылмысыңды біл­мейсің бе? Салған салықты неге тө­лемейсің?

Қарақбай: – Салықты. Бар нәрсені төлеуге болады, әрине. Жоқ нәрсені қайдан төлейін. Сен маған, бидай салығын салдың. Елде бір түйір астық жоқ екенін өзің жақсы білесің. Қазір ел қолдағы барменен, етпенен ғана күнкөріп отыр. Тіпті, бидай өз алдына, малдың тұяғын салық қылып салдың. Итті салық қылып салдың. Сүйекті салық қылып салдың. Мен оларды қайдан табамын.

Күсен: – Табасың. Табаныңның ас­тынан қазсаң да табасың. Егер де сүйекті таба алмасаң, өзіңнің сүйегіңді сал.

Қарақбай: – Менің сүйегім сенің жауыздық дертіңе ем болатынын білемін. Ол тілегіңе де жетерсің.

Күсен: – Ей, Саппас. Апар. Апар мы­наны. Абақтыға апарып жап. Апар мынаны. Дереу абақтыға апарып жап. Бұл үкіметке қарсылық істеп отыр. Салған салықты төлемей. Бар дереу апар.

Саппас: – Жүр. Аттар дайын тұр.

Қарақбай: – Үй ішіммен қоштас­паймын ба?

Күсен: – Үйіңнен жаңа ғана шық­тың ғой. Сағынып тұрсың ба?. Қызың жаныңда тұр.

Қарақбай: – Жарайды, жарайды. Со­лай-ақ болсын. Кішкентай кідіре тұр. Баламмен қоштасайын. «Қарағым, еркетайым, Хабибашым. Әкеден қалған дүние-мүлік мұра болмайтынын көріп отырсың. Адамшылық мұра қалдыра алдым ба, жоқ па, оны өмір көрсетер. Мына заманда адамның басына талай қиындық түсетінін білемін. Ол қиындық көп ұзамас, өзім де сеземін. Сондай қиындық бола қалса, жалғыз қалған күн болса,панасыз қалған күнің болса, өзіңе-өзің сүйеу бол, өзіңе өзің ақылшы бол,өзіңді-өзің түзу жолға сал, мықты бол, қарағым. Мықты бол.Менің саған айтарым соңғы сөзім де осы болар.

Ей, қайран елім,ел-жұртым. Жүген, құрық тимеген асаудай еркін өскен ел едің. Енді, міне, басыңа ноқта түсіп отыр. Ендігі күнің не болар?! Тек Алла ақырын түзесін де.. Қош болыңдар, қош болыңдар, ел-жұртым. Шамам келгенше әділ болуға тырысып едім.Мен сендердің сол тілектеріңді ор­ын­дай алдым ба, жоқ па? Білмес­тігім болса кешіріңіздер. Қателігім болса, кешіріңдер. Қош болыңдар».


Ашаршылық апаты

Біздің басымызға қасіретті күн туды. Ата-қоныс жерімізді, өз жерімізді, туып-өскен ауылымызды, үстіміздегі үйімізді тастап күнкөрістің қамымен бет-бе­тімізбен қаңғырып кеттік. Әкемді 1 жыл абақтыда ұстады да, Гурьевке жер аударды. Бұл 1930 жыл болатын. Мен ағайынымыз Әшірбек деген ағайдың үйінде болдым. Халықтың күйі күн санап төмендей берді. Ақыры шыдамы таусылған халық көтеріліс шығарды. Бұл көтеріліс әр жерден бас көтерді. Көтерілісті басу үшін Шупин деген баскесерді елге шығарды. Шупин көтеріліс жасамаған елдерден жас жігіттерді жинап алды. Әскеріне қосып алды.

Міне, Шупин жанындағы солдат­тарға алдындағы елді көрсетіп: – Мынау көтеріліс жасаған елдердің, ауыл­дарының біреуі, бұларға ешқандай аяушылық болмасын. Алдарыңнан кімді көрсеңдер де ата беріңдер. Үріп шыққан итіне шейін қалдырмаңдар. Қазақтарға ешқандай аяушылық болмасын,– деді.

Қарсы тұра алмаған көтерілісшілер бет-бетімен тау арасында тығылып, кей­біреулері басқа жерге өтіп кетіп, әбден қаусап біткен еді. Күн санап, заман өзгере берді. Хал азая берді. Ашаршылық басталды. Ақыры 1931 жылдың ашаршылығы 1932 жылғы қырғын ашаршылыққа барып соқты. Топалаң тиген қойдай домалап өліп жатқан адамдар.Тірі адамдарға мұның ешқандай жаңалығы жоқ. Ертең өз бас­тарына келетінін білген болуы керек. Бірақ оны ойлауға да шамасы жоқ еді.

Иә, Жасаған Ием-ау, Қазақ халқының ешкімге жазығы жоқ. Өк­темдігі жоқ. Астамдығы жоқ. Өзімен өзі күнкөріп, барына қанағат етіп жатқан ел еді-ғой. Осыншама неге қырғынға ұшырады? Жасаған-ау.

Аруақ: – Иә. Кейде тым момындық та адамға, осындай бейшаралық кел­тіреді. Білемін. Енді, бірақ сен өз жайыңды айтшы. Өз жайыңды. Өзің не болдың!

Өз жайым ба! Өз жайым. Ел көшкенде жаңа туған жас күшік енесіне ере алмай жұртта қалмаушы ма еді. Менің жайым тура сол еді. Кімге паналарымды, неден қорек аларымды білмей, қаңғырып қалмап па едім. Өз жайым. Менде қандай жай болушы еді. 17 жаннан жалғыз мен қалдым. Менің Жаңабай дейтін шөберелес інім бір әулеттен 32 жаннан жалғыз өзі қалды. Бұл тек екеуіміздің басымыздағы дү­ние емес еді, біз сияқты өмір сүрген талайлардың басынан өткен болатын. Міне, ғасырдың алғашқы жартысында замана тарихының ең ауыр жылын, балалық балғын шағымды осылай өткердім.

Уақыт емші дейді. Қанша жыл өт­се де, осы мәселе көз алдымнан кетпейді. Ескіргенімен тозбайтын, кө­мескіленгенімен жоғалып кетпейтін, қайталап соға беретін дерт қой бұл. 31 мамыр күнін 1931-32 жылғы аштан өлгендерді, жазықсыз жапа шеккендерді, саяси қуғын-сүргін көріп, қыр­ғынға ұшырағандарды еске алатын күн деп Қаулы шығарды, деп естіген күні есім кете жыладым. Менің аяулыларымды, жаңа ғана қадірлеп, естіртіп отырғандай сезіндім. Тым болмаса, бүкіл ел болып, аза тұтып, барлығы еске алатындарына қуандым. Ғасыр қасіретінен қорлық пен қырғынға ұшы­рағандарға арнайы күн белгілегенде тәубе еттім.

Міне, өткен ғасырдың алғашқы жар­­тысы осылай болған-ды.



Қызыл қасап

Халық лезде ес жия бастады. Жақсылық өмір кіргендей болды. Осылай мәз-мейрам болып жаңа ғана өмір сүріп келе жатқанда халықтың басына тағы да қасіретті күн туды. 1937 жылдан бастап халықтың бетке ұстар азаматтарын, бір туар бірегейлерін, жампоздарын баудай түсіріп, түрмеге жапты. Қырғынға ұшыратты.

Түрме. Түрмеде жатып,әлсіреп есі­нен айрылып жатқан тұтқынды кө­реміз. Тұтқын көпке дейін есін жия алмады.Біраздан кейін есін жиып,әрең дегенде басын көтерді. Басын көтеріп отырып,өлең шумақтарын айтты.

Барады, күннен-күнге азап асып,

Ажал тұр анадайдан қойнын ашып.

Қинала түсе тұрсын дегендей-ақ,

Аяғын келеді санап басып.

Жа­­­са­ған тез өлетін, тез алатын ажал жоқ па! Қинама. Тез өлейін. Ұшыр оққа. Шы­рылдап дене, шырқырап жан берейін, Жанымды көкке ұшқан түсір отқа.

Тұтқын басын сүйеп, отырып қа­лады. Күш сарқылды. Тыныс тарылды. Үміт үзілді. Қайран елім, қазағым. Қараңғылықта қалармысың, тұншы­ғып. Бір ауыз сөз айтуға шамаң жоқ, қаласың ба, тұтығып. Әлде бо­лашақта, ұрпақтан, елін жарыққа сүй­реп шығарар туар ма екен жас Ұлан. Туады, Туады жастар. Өлмейді. Өмір келеді. Өмір жаңғырып туады.

Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты –

Қырандай күшті қанатты.

Мен жастарға сенемін!

Көздерінде от ойнар,

Сөздерінде жалын бар,

Жаннан қымбат оларға ар,

Мен жастарға сенемін!

Жарық сөнеді. Енді тергеушінің үйі көрінеді. Тергеуші милицияны шақы­рып алып.

Әкел алдыма тұтқынды. – Екі милиция екі қолынан дырылдатып сүйретіп алып келіп тастай салады.

Тергеуші: – Ей,соншалық не іс­тедіңдер. Мынаның жаны бар ма? Тірі ме?

Милиция: – Тірі. Қазір тіріледі. Өзі де бір ит екен. Айтқанынан қайтпайды. Қанша қинасаң да.

Тергеуші: – Бұларға ешқандай аяушылық болмасын. Бірақ өліп кетіп жүрмесін. Біздің мақсатымыз бұларды қорлап отырып қол қойғызып алып қалу. Сендер беталды тепкілеп, соға бересіңдер. Басына,миына зақым беретін бір әдісті тауып алу керек. Сонда олар не айтсаң соған көніп, қол қоя береді. Жарайды.Барыңдар.

Тұтқын есін жия алмай біраз жатып қалды. Енді бірде, көзін ашып, жан жағына қарап, тергеушінің алдында жатқанын біліп, бойындағы барлық күшін жинап, басын көтерді.

Тергеуші: – Иә, тірілдің бе? Енді жөніңді айт, маған. Болмаса тағы да.

Тұтқын: Бұдан артық не істейсің. Өлтіру ме? Мен өлтіргеніңнен қо­рықпаймын. Адам мың рет өлмейді, бір-ақ рет өледі. Өлтір. Мен өлсем адалдық үшін, елім үшін, Отаным үшін өлемін. Менің моламды іздеп келешек ұрпақ таба алмаса да, не үшін өлгенімді біліп, сыртымнан құран оқып жүрсе, арманым жоқ. Ал сен кім үшін өлесің? Ал сен кімсің? Сен кім үшін өсесің, не үшін өлесің? Оны өзің де білмейсің. Сенің білетінің тек қана басыңның қамы. Жұтқыншағыңның құлысың. Ондай өлім – ит өлім. Ит өлімі. Тергеуші сен оны да біліп қой. Болашақ ұрпақ саған лағынет айтады. Сенің бетіңе күйе жағады. Сорлы болып өлесің.

Тергеуші айғайлап милицияны шақырады.

Әкет мынаны. Мынаған ең ауыр жазаны қолдан.Тілі сөйлеуге келмейтін болсын. Алып жөнеледі.Тарс еткен мылтық дауысы шығады.

Халықтың рухани тағдыры бұ­рынғы өткен ауыр күндердің бәрінен жаман болды. Өз баласын өзінің туған әкесіне қарсы қойған саясатты басымыздан өткізіп жаттық. Еркіндік деген мүлдем ұмытылды. Бір ауыз сөз үшін ел айдалып кетіп жатты. Бас жібін ұстап алып малдай қалай жетелесең солай, бір ауыз сөзге қарсылықсыз жүре беретіндей халге жеттік. Тұт­қында жатқан азаматтардың әйел­дерін еріксіз айдап апарып ең ауыр қара жұмысқа салды.



От кешу

Осындай күндер өтіп жатқанда 1941 жылдың Ұлы Отан соғысы бас­талды. Ел қасірет үстіне қасірет жамылды. Сең соққан балықтай мәңгірді. Соғыс жүріп жатқан жақтағы күйзелген әр ­түрлі ұлттарды Қазақстанға әкеліп төкті. Қазақ халқы өздері әлсіреп отырса да, оларды ешқандай қарсылықсыз құшақ жая қарсы алды. Бұл біздің қазақтың ежелден келе жатқан на­шарға жаны ашитын, қолындағысын бөліп беретін ең бір қасиетті, дәстүрлі әдеті еді.

Аруақ: – Иә. Ал осы кезде, соғыс жүріп жатқан кезде өнердің, әдебиеттің халі не болды? Соны айтшы.

Өнер де, әдебиет те бұл кез­де өсіп кетті. Әсіресе, театр өнері ай­тарлықтай өрістеді. Бір ғажабы ел, өздері шала құрсақ болып жүр­гендеріне қарамай театрға үзбей келуші еді. Студенттер ше. Студенттер өздеріне берілген 600 гр. нанын сатып, соның ақшасына театрға келетінін жақсы білетінбіз. Көрермен қауым, халық сол кезде театрға киелі, аруақты үйдей қарайтын. Халықтың өздеріне деген осындай ықыласын білетін өнерпаздар қанаттанып кеткендей болды. Майданда жүріп жатқан соғысқа, азаматтарға үзбей барып, концерттер беріп қайтты. Арттағы елдегі ауыр жұмыстарда істеген әйел­дер, көпшілігі әйелдер болды. Ауыл шаруашылығы түгелдей әйелдерге қарады.

Міне, 2 әйел сөйлесіп тұр. Өте көңілді, ақжарқын түрде, бір қуа­ныш­пен тұрған сияқты.

1-ші әйел: – Ей, біздің ауылға тағы да жаңадан қонақтар келген бе? Олардың кім екенін сен білесің бе?

2-ші әйел: – Сен білмеуші ме едің? Олар Мұқаң, Сапекең. Мұхтар Әуезов пен Сапарғали Бегалин.

Олар бұл маңда қонып шыға­тындай ел жоқ еді ғой. Қалай келген екен?

Бәлі, қызықты қара. Мұқаң Абай атамыз жүрген жерлерін, жайлауын, күзеулерін көремін деп, әдейі атпенен шығыпты. Сонымен барлығын аралап көріп, қызығып жүріп кештің қалай болғанын білмей қалса керек. Жанындағы атқосшылары жол сорабынан айрылып қалыпты.

Сонымен бұлар далада қонады. Атқа мініп, таңертең ерте келе жатса, біздің ауылдың әйелдері ән шырқап, күздік егісте жүргенде жөн сұрайды:

Иә, ағалар, азаматтарымыз кет­келі барлық ауыртпалық басымызда. Қысы-жазы жұмыстан әбден қажып, шаршап жүрген кезімізде астанадан Жүсіпбек бастаған өнерпаздар, әнші, биші-күйшілер келіп түніменен концерт беріп, шаршаған-шалдыққан өмірімізден айыққандай болдық. Бір жақсы өмірге кенелдік. Міне, со­ның арқасында біз де қазір ән салып, түндегі естіген әнімізді ұмытып қалмайық деп шырқап жүргеніміз сол,– депті.

Мұқаңдар, ойбой, Жүсіпбектер ос­ында екен ғой, оларды кетпей тұр­ғанда орнынан басайық деп жедел жүріп келіп, Жүсіпбекке айтыпты:

Сендер бізді аяңдар, біз далада қонып шықтық. Бүгінде осында болыңдар, тағы да концерт беріңдер деп тілегін айтыпты. Сонымен Жү­сіпбектер қалатын болады.

1-ші әйел: – Ойбай-ау, мынау пәле өрт қой.

2-ші әйел: – Қайдағы өрт? Немене өрт? Не айтып тұрсың?

Ана Мырзашоқының иығынан шығып жатқан түтінді көрмейсің бе? Будақтап барады ғой.

Ойбай, мынау өрт қой. Енді қайттік. Ауыл совет бастығы қайда жүр, білмей жүр ме?

1-ші әйел: – Әне, өзі де келе жатыр. Барлық киімін киіп, шалбарланып алыпты. Жеңіне дейін түрініп алыпты. Келе жатыр. Ендігі тілсіз жау – отпенен алысамыз. Шамамыз келсе, сөндіреміз. Шамамыз келмесе, бізді үйтіп кетеді.

Мәженов келіп: – Ей, бауырларым, әйелдер, бізге енді жетпегені өрт сөндіру еді. Ендеше соған да қарсы тұрамыз. Сөндіруіміз керек. Өрттің жолында мына жайқалып өсіп тұрған пішеніміз, егініміз, маялап үйіп қойған шөбіміз, барлық малымыз, қыстауымыз тұр. Бұдан айрылғанша өлгеніміз артық. Дереу бір-бір атқа мініңдер, кеттік.

Бұлар өрт сөндіруге кетті. Ауылда қарт әже мен бір-екі бала қалды.

Қарт әже: – Балалар-ау, ана жақтағы қонақтар, не болып жатыр, барып білсеңдерші, күтусіз қалды ғой, мынадай күнде.

Балалар: – Әже-ау, өрт сөндіруге жазушылар да, әртістер де кетті.

А, Мұхтар балам да кетті ме? Иә, құдай, Ақ сарбас. О, Жасаған Ием, аман қалдыра гөр. Жасаған-ау. Жұт жеті ағайынды деген екен ғой. Иә, аруақ, өзің қолдай ғой.

Ән шырқап келе жатқан әйелдер: – Әже, жеңіспен оралдық.

Қонақтар өздері түскен үйде. Күтуші бәрі сонда. Жақсы, барлығы да.

Жалыны бет шарпитын, мынадай жалыны өткір өртке Мұхаң бастаған топ қаймықпай ұмтылғанда біздің не жанымыз қалушы еді. Ол өз алдына, әже-ау. Бүгін бізді батыр ғып жіберген не дейсіз ғой. Ол – ән. Дүниеде әнге жететін ешнәрсе жоқ, әже. Ол қайғының мұңын сейілтеді. Жауынгерлерге айбынды сұс, қажымас күш береді. Ол сені әсемдікке бөлейді. Еркіндікке шақырады. Сырбаз әнші­нің шырқаған әніне қалай елтіп кет­кеніңізді білмей қаласыз. Дүниеде әнге жететін ешнәрсе жоқ.

Ұлтсыздандыру

ұйығы

Сонымен 5 жылға созылған, қан­ға оранған, қайғылы соғыс та аяқ­талды. Жоғалтқанымыз орны толмас олқылықта болса да, лезде ел ес жия бастады. Экономика жағы де­реу көтерілді. Бірақ адамның рухани тұрмысы баяғы қалпында. Ешкім, ешбірі өз бетімен сөз айтуға батылы келмейді. Не айтса дұрыс деп, бүрсең қағып жүре берді. Бұл өз алдына. Қазақ халқына қайғылы қасірет үстемелеп келуден тайынбады. Қазақтың иен даласының ең шұрайлы дариясында, өнер, әдебиет отаны болған Абай, Шәкәрім туып-өскен жерлерде атом жарылыстары болды. Кең жайлаған ел жоқ, халық әр түрлі аурумен тез арада өліп жатты. Кейбір жастар өмірден сонша түңіліп, өзіне өзі қол жұмсап, буынып өліп жатты. Жаңа туған жас нәрестелер адам қарауға батылы бармайтын, теріс айналып кететіндей түрмен туып жатты. Құлақ естіп, көз көрмеген осындай сұмдық­ты өз басымыздан өткізіп жатсақ та, бір ауыз сөз айтуға шамамыз болмады. Адамгершілік құқығымызды біржолата жоғалтып, мәңгүрттік халге апарып қосқандай еді. Халықтың ар-намысын қорлау еді. Қорлау өз алдына, ұлттық намысты біржолата көзін жойып, біржола тұралатып, құртқысы келетіні айдан айқын еді.

Аруақ, өзен тоқтамай аға бермей ме? Өмір де солай. Тарих та солай. 70 жыл бойы ұлттық тілде сөйлеуден қалдық. Ұлттық тіл тек қана отбасында ғана қалды қамалып. Ұлт тіліндегі мектептер жабыла бас­тады. Республикада шығып жатқан кендердің, миллиардтаған ақшадан мұқтажымызға мардымды ешнәрсе тимейтін болды. Республика басшылары осы ізбен жүруге мәжбүр болды. Ақыры келіп Республиканы ширек ғасыр басқарып келген Қонаевты тез арада орнынан алып, орнына Кол­бинді қойды. Мынау сұмдық бәрінен де басым болды. Республика жастары мынадай қорлыққа шыдамай, ереуіл жасады. Бұл ереуілдің көзін біржолата құрту үшін арнайы қаруланған солдаттардан әскер алғызды. Солдаттың қолында қысқа сапты күрек, қатты ағаштан істелген шоқпар, алдына жақындап келгендердің барлығын басынан ұрып, құлатып, қан жоса етіп, машинаға апарып тықты. Түсі суық әскер: «Барлық тұтқынды ма­шинаға тиеп, аяқ-киімдерін шешіп алыңдар, мыналарға қаншалықты ауыр жаза қолдансаң да, тіпті, тыйылар емес өздері. Ендігі бұларға өрт сөндіретін машинадан су шашу керек. Қаңбақтай ұшырып, үйіру керек бір жерге. Мынадай қара суықта үсіп өлетін болсын. Еркіндікті, о дүниеден тапсын, бәлемдер».

Мен Сталин өлгенде өлердей жыладым. Неге жыладым. Өзім де білмеймін. Кешегі қанқұйлы заманда менің ата-анамды, туған-туысқанымды қыр­ғынға ұшыратқан осы Сталиннің саясаты емес пе еді. 37-ші жылы қазақ халқының бетке ұстар азаматтарының барлығын түрмеге жауып, ақыры қор­лап, неше түрлі сұмдық азаппен өлтірген осы Сталиннің саясаты емес пе? Біз бұны білеміз ғой. Ендеше Сталин менің ата жауым, қас жауым емес пе? Неге жыладым? Осы саясат дұрыс деген ұғымға әбден сендік. Көндірген. Иландырған. Барлық өн бойымызды бағындырып алған осы саясат. Әйтпесе мен жылар ма едім.Мен немене өзім көріп отырып, өмірді әлі түсініп болмаған жас ұрпақ мы­надай қорлыққа шыдамай ереуіл­ге шығып отыр. Ана қыздарды шы­рылдатып,сүйретіп соғып жатыр. Ал біз көр соқыр, тас керең болып қоз­ғалмай мелшиіп отырмыз.

Жасаған-ау, мына саясаттан құ­тылатын күніміз бола ма, біздің.


Азаттық таңы

Жастардың бұл қозғалысы барлық елдің еңсесіне қуат бергендей болды. Табанға түсіп, тапталып жатқан жансыз адамдай болған адамдарға жан бітті. Басын көтерді. Арлы-намысты азаматтар орнынан сілкініп тұрғандай болды. 1989 жылы Олжастың бастауымен Невада-Семей қозғалысы өріс алды. Осыдан кейін әр жерден еркіндік аңсаған ұйымдар көбейді. Ақыры келіп армандаған, өмір бойы армандаған еркіндікке жеттік. Құран Кәрімнің Мәсүр сүресінің 10 аятындағы жәрдемді тек Алла ғана береді деген. Бүкіл әлемді Жаратушы Алла. Біздің халықтың соншалықты қорлықта өткенін аяп, тіпті ұлттық қалпымыздан айрылып бара жатқанымызды аяп, еш қиындықсыз бізді Егеменді елге жеткізді. 1991 жылы Н.Назарбаевқа ел тізгінін, ел тірегін басқаруға бердік.

Ей, аруақты ағаларым, сендер көре алмай армандап кеткен Егемен­дікке, Еркіндікке мына мен жеттім. Мен көріп отырмын. Осы 20 жыл ішін­де бұрын талай армандап жете алмаған, аңсаған талай жақсылыққа жеттік. Бұрын біздің қазақ деген елдің барын сырт елдер білуші ме еді? Білмейтін. Енді барлық ел біледі. Бізбен достасуға ынтығып ұмтылуда. Барлық жер жүзіне Нұрсұлтан Әбішұлы өзін де, елін де танытты. Бұған қалай кеуде кере мақтанып қуанбайсың. Ал, бұрын табанға түсіп тапталып жатсақ та, бір ауыз сөз айтуға қақымыз жоқ еді ғой. Енді, міне, еркіндікке айналған жарқын ел қатарына қосылдық. Қуаныштың ең үлкені осы шығар.

Бұрын айтуға қорқатын Ислам діні қазір етек жайып өркендеп кетті. Ислам діні адамзатты адалдыққа, әділдікке, бауырмалдыққа, тазалыққа тәрбиелейді Ол сарқылмас кең, түбі терең мұхит деп айтуға болады. Міне, осындай жақсылықтар толып жатыр. Елордамыз – астанамыз ай санап емес күн санап көркейіп, көр­кем үйлер салынып жатыр. Қазақ халқының Ақордасы – Астана, бас қа­лам дүние жүзінің әсем қалаларымен салыстырғанда иығы биік тұрса екен деп тілеймін. Осылардың барлығын көріп, жанарыма толтыра көріп сендерге ала барсам ба екен деп ойлаймын.


Ақ бата

Құран Кәрімнің Шарх сүресінің 6-шы аятында әрбір ауыртпалықтың бір жеңілдігі болады деп еді. Халыққа сол жеңілдігіңді бере гөр, Алла. Әмин. Халықтың сана-сезімін, ой-өрісін, адал­­дығын, әділдігін, бауырмалдығын, бір­лігін молайта гөр, Алла. Еліңе еңбек ету­ге жанын ортаға салар, елімен бірге күліп, елімен бірге күйінетін, арлы-намысты, ұлтжанды азаматтарды молайта гөр, жасаған Ием.

Ел бастап отырған Еріме бастаған істі абыроймен орындап шығу үшін зор денсаулық, ұзақ өмір бере гөр. Жаратушы Алла. Жасаған тілегімді бере гөр. Бұл аналық ақ тілегім, зор тілегім. Бере гөр!

Бейнетаспадан алып,

баспаға әзірлеген Мағауия Сембай.

Қарағанды – Алматы – Қарағанды.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 1076
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1287
count 88x31px