Зұлмат жылдар жаңғырығы - Тарих - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Қазақстан Кеңестік өзгерістерден тыс қалған деп санаған әпербақан Ф.Голощекин «Кіші Қазан» төңкерісін жүргізу саясатын ұстанды. Саяси қуғын-сүргін Қазақстанда 1928 жылы басталып, Алаш қозғалысы қайраткерлерін тұтқындау өріс алды. Оларға «буржуазиялық-ұлтшыл» деген айып тағылып, әртүрлі мерзімге түрмеге қамалды, ату жазасына кесілді, еріксіз жер аударылды. Алаш арыстарымен қоса елдің бас көтерер ер-азаматтарын атып қырғын қылды. Ал 1937-1938 жылы жұрт артық сөз айтудан қалды. Елді үрей биледі. Сонымен қатар, молдалар мен діндарларды «басқаша, бөтен ойлайтындар» деп айыптап, қудалады. 1932 жылы ақсирақ аштыққа ұшырап, қынадай қырылған халықты көрген Маясар ақын «бір тайпа елден бір бала қалғанын», «түтіні тұман болған елден бір үй қалмағанын» ашына отырып өлеңінде айтып кеткен. Біз 31 мамырда Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске аламыз. Биыл да аштық құрбандары жерленген жерде аудан тұрғындары бас қосты. Зобалаң жылдар құрбандарына кезінде орнатылған ескерткіш уақыт тезіне төзе алмай қирағандықтан, орнына жаңа ескерткіш орнату қажеттігі жөнінде ауыл ақсақалдары ұсыныс білдірген. Аудан әкімі М.Жандәулетовтің қолдауымен жаңа монумент орнату ұйғарылып, жиналған жұртшылыққа макеті көрсетілді. Оған ақсақалдар ұсыныстарын білдіріп белсене атсалысқан болатын. Монумент – кісендеулі екі қолын жоғары көтеріп, білегімен қысқан күйінде шаңырағын құлатпай ұстаған бейнені білдіреді. Болашақта бой көтерер монумент идеясын жиналған көпшілік бір ауыздан мақұлдады. Қорым маңайына қоршау орнатылады. Осы жұмыстарды тендерден жеңіп алған «Ассар KZ» ЖШС жетекшісі Е.Исенов те көпшілік қатарынан табылды. Аудан әкімі монументтің 15-20 күнде бой көтеретінін айтты.

Ескерткіш бой көтеретін жерге аудан әкімі М.Жандәулетов пен аудандық мәслихат хатшысы Б.Төлеуқұлов және ауыл ақсақалдары қада қағып, құрбандық шалып, ауданымыздың бас имамы Б.Махамбетшин ашаршылық құрбандарына құран бағыштады.

Мұнан соң аудандық орталықтандырылған кітапхананың көпшілік залында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Жазушы К.Жүністегі ғасыр нәубәті жайында жан толқынысымен тебірене айтып, аудан орталығындағы асқан қатыгездік уақиғаларды баяндап берді. Зейнеткер Ж.Сүлейменов өз ойын ортаға салды. Жұртшылыққа слайд арқылы «Зұлмат жылдар зобалаңы» атты бейнефильм көрсетіліп, зұлмат жайында жазылған әдебиеттерге шолу жасалды. Отырыста осыншама азап пен қорлық көрген халқымыздың енді ешкімнің боданы болмай, биыл Тәуелсіздігінің 25 жылдығында ел еркіндігін көзінің қарашығындай сақтауға толық қақысы бар екендігі айтылды. Орталық мешітте ашаршылық, қуғын-сүргін құрбандарына арналып құран оқылып, ас берілді.

М.СӘДУАҚАСОВ.

ШЕТ ауданы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 393
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px