Дәстүрге –адал, іске – мығым - Құқық - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 04.12.2016

Дәстүрге –адал, іске – мығым
Данияр Ескермесұлы МҮСІЛІМОВ құқық қорғау органдарында 2002 жылдан бастап қызмет атқарады. Халықтың сенімін ақтап, оның мүддесін қорғау жолында шынайы пейілмен әрі адал қызмет ету – сол әулеттің айнымас дәстүрі және ғұмырлық мақсаты.
Осылай деуге толық негіз бар. Өйткені, әкесі Ескермес Зарирұлы Мүсілімов құқық қорғау органдарының құрметті зейнеткері, 42 жыл ішкі істер органдарында, мемлекеттік тергеу комитетінде, прокуратура органдарында, Ұлттық қауіпсіздік комитетінде, қаржы полициясы органдарында қызмет еткен. Анасы Қарлығаш Серікқызы Мүсілімова ҚарМУ-дің доценті, заң ғылымдарының кандидаты, профессор, 35 жыл оқытушы болып істеген. 2016 жылы зейнеткерлікке шыққан, алайда, өзінің білімін жас буынға беруді жалғастырып келеді.
Д.Мүсілімов Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін «құқықтану» мамандығы бойынша үздік тәмамдап, кейін Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетінде экономикалық білім алған. Сонымен қатар, 2008 жылы «Жергілікті атқару билігі органдарының құқықтық актілерінің заңдылығын қамтамасыз ету» тақырыбында диссертация қорғап, оған заң ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесі берілді.
Өзінің қызмет жолын Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы аудан прокуратурасының прокуроры міндетін атқарушы лауазымынан бастап, онда 2002 жылдан 2007 жылға дейін қызмет атқарды. Одан әрі 2007 жылы қаржы полициясы органдарына ауысып, 2012 жылға дейін қатардағы қызметкерден басқарма бастығына дейінгі түрлі лауазымдарда қызмет етті.
2013 жылдан 2015 жылға дейін Данияр Ескермесұлы – мемлекеттік қызметте. Шахтинск қаласы әкімінің кеңесшісі, Қарағанды облысы Тексеру комиссиясының бас тексерушісі болып істеп, кейіннен кәсіпкерлікпен айналысқан. Ол 2015 жылғы маусымда құқық қорғау органдарының қатарына қайтып оралды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшылығы Д.Мүсілімовтің тәжірибесі мен білімін ескеріп, оған басқарма басшысы қызметін сеніп тапсырды. Осы лауазымда жас мамандарға үлгі болып, тәжірибесімен бөлісуде.
– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жемқорлыққа қарсы күресуде құқық қорғау функциялары ғана берілгеніне қарамастан, біз мемлекеттік органдардағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасау мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмысын да жүргіземіз. Құқықтық статистика бойынша ондағы жемқорлықтың деңгейі жоғары. Біздің күтетін нәтижеміз – мемлекеттік органдардағы сыбайлас жемқорлықтың көріністеріне төзбеушілікті қалыптастыру және бірінші басшылардың тарапынан оның кез келген алғышарттарының алдын алу бойынша батыл әрекеттердің жасалуы. Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа саясатты іске асыру міндетін алға қойды. Бұл саясат бүгінгі күннің талабына сай және еліміздің одан әрі жаңа форматта – жемқорлықсыз даму бағытын анықтауы тиіс, – дейді Данияр Ескермесұлы аз-кем әңгіме барысында.
Кейіпкеріміз қызмет жетістіктері үшін тиісті сала басшылығы тарапынан бірнеше рет марапатталған. Бұлардан тысқары, 2015 жылы Қарағанды облысы әкімінің Құрмет грамотасын иеленген.
Уақытының басым бөлігін алатын қауырт жұмысына қарамастан, Данияр Ескермесұлы адамның шынайы байлығы – отбасының бақыты екенін естен шығармай, бала-шағасына да көңіл бөледі. Қазір зайыбы екеуі 4 бала тәрбиелеуде. Олар да Қазақстанның нағыз азаматтары болып, отбасының дәстүрін жалғастыратынына сенімді.

Әсел МЕДЕУБАЕВА,
Сыбайлас жемқорлыққа
қарсы іс-қимыл ұлттық
бюросы Қарағанды облысы бойынша департаментінің аса маңызды істер жөніндегі офицері.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 174
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px