Кандидаттарды іріктеудің жаңа әдісі - Құқық - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 08.12.2016

Жуырда ҚР Бас прокуроры Жақып АСАНОВ прокуратура қызметіне кандидаттарды іріктеудің жаңа әдістерін таныстыруға арналған «Прокуратураға – үздік кадрлар!» тақырыбында прокуратура қызметкерлерімен бейнеконференция өткізді.

Облыстық прокуратурада бейнебаянды тыңдауға Қарағанды облысының прокуроры Асқар Секішев, оның бірінші орынбасары Рашид Дубаев пен орынбасары Нұркен Жанахметов, облыстық прокуратура аппаратының басшысы Нариман Кервенов, Қарағанды облысы прокуратурасы органдары ардагерлерінің қоғамдық бірлестігінің облыстық кеңесі төрағасының орынбасары Рәбиға Мұстафина қатысты.

Елордада өткен іс-шара серіктестерінің қатарында «Назарбаев Университеті», сонымен қатар «Deloitte» және «PricewaterhouseCoopers» компаниялары болды.

Бейнеконференцияға Бас Прокурор, Президент Әкімшілігі, Премьер-Министр Кеңсесінің өкілдері, Парламент депутаттары, білім және ғылым, мемлекеттік қызмет істері жөніндегі министрліктердің, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының басшылары, мемлекеттік қызмет саласындағы аймақтық хаб басқарушы комитетінің төрағасы, Бас прокуратураның Консультативтік кеңес мүшелері, жетекші рекрутингтік компаниялардың, халықаралық консалтингтік ұйымдардың, үкіметтік емес сектордың және БАҚ өкілдері, сонымен қатар ғылыми-сарапшылар, жоғары оқу орындарының студенттері, бейнеконференция байланысы арқылы – облыстық жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.

Әңгіменің ауанын әріден бастаған ҚР Бас прокуроры кадр мәселесіне қатысты қатаң сын айтты. Әсіресе, осы салаға қызметкерлерді қабылдау кезінде орын алатын кемшіліктерге ерекше тоқталып өтті.

– Жыл сайын прокуратура органдары шамамен 300 жас маманды қабылдайды. Жоғары оқу орындарын жылына 3 мың заңгер бітіріп шығады. Жүргізілген сауалнама олардың шамамен 60 пайызы бізде жұмыс істегісі келетіндігін көрсетті. Демек, 1 орынға 60 адамнан келеді. Бұл басқа да үміткерлерді қоспағандағы дерек. Осыған қарағанда бізге үздіктердің үздігі ғана ілігуі тиіс. Алайда, шынайы өмірде бұлай емес. Әрине, біздің қызметкерлердің көпшілігі кәсібилер. Дегенмен, дайын емес, пайдакүнем, әкесінің айтуымен прокурор кәсібін таңдаған адамдар да болып жатады. Мұндайлар нағыз прокурор бола алмайды және олардың қызметі қысқа ғана, – деді Жақып Асанов.

Бұл қызметке тағайындалғанына небары екі айдың жүзі болған Жақып Асанов осы мерзім аралығында оған «байланыс» арқылы кандидаттарды жұмысқа орналастыруын сұрайтындар күн сайын хабарласатынын алға тартты.

– Мен осы қызметте екі ай істеп келем және менен әрдайым біреуді жұмысқа алуды сұрайды. Күнде бір түйіндемені «сыйлауға» тырысады. Басында түсіндіруге тырысатынмын, қазір түсіндірмеймін. Көптеген жастарда көкелері мен тәтелері бар – олар үшін бұл қалыпты. Менің жеке пікірім – бұған көп жағдайда олар емес, біз өзіміз – прокуратура басшылығы кінәліміз, – деді енді бір сөзінде ҚР Бас прокуроры.

Осындай жағдайға тап болған Жақып Асанов тіпті прокуратура саласына жұмысқа тұруға тыйым салатын мораторий де жариялаған еді. Ақыры, бұл мәселенің шешімі ретінде кандидаттарды іріктеудің жаңа жүйесі ұсынылды. Жаңа жүйе бойынша кандидаттарды іріктеу кезінде үздік HR-технологияларды қолдану көзделген. Бұл технология бойынша жұмысқа орналасуға үміткер тұлға өзінің өмірлік тәжірибесін баяндап, эссе жазып, кейстік тапсырмаларды орындап, психологиялық зерттеуден өту сынды негізгі төрт тапсырма орындайтын болады. Сөйтіп, жаңа жүйенің енгізілуімен 1 шілдеден бастап тыйым салынған мораторий өз күшін жояды.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 717
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px