Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 17.06.2019
Қазақстан Республикасы Пре­­зиденті Елбасының Жар­лы­ғы бойынша құқық қорғау органдарының қыз­меткерлері сапа мен санат сынағынан өтіп, кәсіптік біліктіліктері мен рухани тазалығының әділ бағасын алмақшы. Сынақтың да сынағы бар. Әйтеуір өтсек деу, қате. Замана сынақтарына төтеп берер сапа мен санатқа ие сарбаздар мен сардарларды айқындау мұрат.
Кешегі кеңестік заманда біз үшін қылмыстылықтың не екені түсінікті, жарқын келешекте құритыны, қыл­мыскерлердің жойылатындығы ай­қын да нақты білім, берік сенім саналатын. Ал бүгінгі қылмыстаным ғылымы сансыз сұрақтың алдында. Жалпы қылмыскерлік болмыснамасы, себептері туралы бірегей теория да негізделмеген, қылмыстылықтың қоғамдағы қауіптілік дәрежесі, шынайы мөлшері, әлеуметтік салдарлары жөніндегі деректер де нақ­ты емес. Зерттеушілердің бір тобы әлемде жылына 100 млн-нан астам, екінші бірі 400 млн-дай, ал үшіншілері 1,7 млрд-тай қыл­мыс жасалады дейді. ХХ ғ. 70-жж. американдықтар өз қоғамын «қылмыстық қоғам» десе, бүгін баршамыз қылмыстылық – ғаламдық мәселе, ал Жер шары – қылмысты планета дейміз. Бұған керісінше, бүгінгі күні бірқатар ірі, оның ішінде дамыған елдерде қылмыс азайып келеді деген пайымдаулар да жеткілікті. Статистика 1994-2003 жж. ішінде АҚШ-та жалпы қылмыстың 54 %-ға қысқарғанын, 1995-2005 жж. зорлықшыл қылмыс 33,4 %, соның ішінде кісі өлтіру – 36,7 %, тонау – 40,2 %, зорлау – 18,2 % азайғанын көрсетеді. Әлемнің 155 елін қамтыған Интерпол статистикасы бойынша 9 млн. халқы бар, экономикасы жоғары дамыған Швецияда 2001 жылы 900 кісі өлтіру болған (Жапониямен салыстырғанда 10 есе көп).  Сол жылы кісі өлтіру Данияда 200-ден аз, Норвегияда – 120, Финляндияда – 50-ден аз болған.
Осындай жетістіктерге біз қалай, қашан жетеміз? Қылмыстылықпен күрес тек жоғары кәсіптік біліктілікке, интеллектуалдық жігерге, жетілген икемді әдіснамаға, шебер үйлескен стратегия мен тактикаға ғана сүйенбейді. Қызметкердің де, тұтастай алғанда бүкіл құқық­қорғау институтының да рухани-гуманитарлық әлеуетін ашу ма­ңызды. Бұл сала қоғамның тәрбие, білім, ғылым, денсаулық сақтау, іскерлік, т.б. азаматтық институттарымен үнемі өзара әрекеттестікте, қоян-қолтық бірлестікте дамуы тиіс. Сонда қоғам институттары мен мемлекеттік органдар арасында риясыз сенім орнауға алғышарттар жасалады. Дамыған елдердің құқық қорғау органдары табысының іргетасы жоғары кәсіптілік пен қоғамның оларға деген сеніміне негізделеді.
Мәселен, Болгарияда осы үшін полиграфтан өткізеді. Мұны ең әуелі құқық қорғау органдарының биік лауазымды қызметкерлерінен бастап, ылғи жүргізілетін үрдіске айналдырған. Қоғам полиграфтан өткен сарбаздарын таза, адал деп мойындаған. Өзара сенім мен құқық қорғау саласының тиімділігі арт­қан. Келешекте біз де соған келеміз. Біздің бәріміз – қай салада қызмет істесек те, тіпті жеке өмірімізде де рухани тазалықтың, имандылықтың абстрактілі емес, нақты құндылық екенін ұғынуымыз керек. Тек кеш болмаса екен. Өмір диалектикасы осыған жіпсіз жетелеп келе жатыр.
Құқықтық реформалар аясында жап-жақсы заңдар қабылданды. Солар қолданыста неге қожырайды? Олардың тиімділігі неге төмен?
Қылмыскерлікке әсер етуге қа­тысты әлеуметтік тәжірибенің аясы құқыққолдану тәжірибесінен кең. Сон­дықтан, криминалистикалық заң­намамен қатар қылмыстанымдық заң­наманы қалыптастыру қажет. Яғни, позитивтік құқықпен қатар қоғамда «жанды құқықтың» да өмір сүріп, жағымды функциялар атқаратынына мән беру керек. Адам санасына, бейсанасына әсер ететін миф, дәстүр, дін, имандылық, фольклор, әдебиет, өнер және сол сияқты т. б. маңызды құралдар мен тетіктер орасан зор позитивті әлеуетке ие. «Жанды құқықтың» осы тетіктерін пайдалана білу мамандардан кәсіптік біліктіліктен де артық қасиеттерді талап етеді.
Құқық қорғау қызметкерлерінен не күтеміз? Алдымен дұрыс сә­лемдессе, риясыз қабылдаса, тың­даса, түсіндірсе. Қағазбастылық пен сөзбұйдалыққа салынып, сарсылтпаса. Ресми қабылдау болсын, бейресми жағдай болсын, лауазымды тұлғалар қазақы ділді ескерсе. Тіпті халықаралық дипломатиядағы протоколдар әр елдің діліне сай жасалады. Кім-кімді қабылдаса да, қазақы ділге сай белгілі бір заң мен әдептен аттамаса.
Құқық қорғаушы қызметкерге заң­ды білу аз, ардан аттамау – абыройлы міндет. Заң мен арға бірдей арқа сүйеу қажеттілігі барша заңда тайға таңба басқандай бекітілген. Мысалы, ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 25-бабында судья, прокурор, тергеуші, анықтаушы дәлелдемелерді өзінің ішкі сеніміне сүйеніп бағалайды, бұл орайда заң мен ар-ожданды басшылыққа алады делінген.
Бәрі сәлемнен басталады. Жа­сыратыны жоқ, құқық қорғау орган­дарының қызметкерлері қатынас тілін таңдауда мүлт кетіп жатады. Ол тіпті дөрекілікке орын береді. Кімге қай тілде үн қатсаң да, абай болу ләзім. Абайласаң аю да арынын басады. Ресмилік деп, қатты кеткеніңді аңғармасаң, ажалыңнан бұрын өлгенің. Жасы да, жасамысы да, орысшаға жүйрігі де, шабаны да тап келгеннен шап беріп орысша өңмеңдей жөнелетін кадр­лар бар. Қазақша біліп тұрса да, сөйтеді. Ал кейбіреулер қазақша сөйлей қалса, тым қатты сызданады. Мемлекеттік қызметкер бола тұра, қазақтың өзі өз мемлекетінің тілінде сөйлемесе, ол қалайша мемлекет мүддесін қорғамақ? Діліміздің өзегі, Тәуелсіздігіміздің тірегі «Тіл туралы» заңды түсінбейтін, ұғынбайтын, дұрыс қолданбайтын қызметкер басқа заңды қайтіп жетістірмек? Тәуелсіздіктің нәтижесінде, сарабдал саясаттың арқасында, қазақшаға қазақтың да, басқаның да бейілі артқанын ескермесек, не болғаны?
Бұл міне, бір ғана заңға қатысты пайымдаулар. Ал құқық қорғаушы қызметкер бұдан басқа қаншама заңды ұғына, түсіндіре, қолдана білуі керек?
Тәжірибе қызметкерлерінің ішінде қылмыстылықпен күрестің қыры мен сырын бекем игерген небір майталман жүр. Олар заңнаманы меңгерген, әрі өмірлік тәжірибесімен, адаммен дұрыс қатынас жасай алады. Олармен жүздескен жан тәртіп пен заңдылыққа ұйып, әділдікке сеніп шығады.
Солардың қатары нығайсын, са­паның артуы санаттың өсуіне алып келсін. Сынақтан адал өтейік, тазарып өтейік. Сайып келгенде, сынақтан ер өтсін, ел ұтсын!
Болат СЫЗДЫҚ, 
заң ғылымдарының кандидаты, доцент, Қарағанды «Болашақ» университетінің  профессоры, «Руханият» қылмыстанымдық зерттеулер орталығының 
жетекшісі.
 Пікірлер: 0
 Оқылған: 717
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1287
count 88x31px