Сыбайлас жемқорлыққа төзімсіздік - Құқық - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Сыбайлас жемқорлыққа төзімсіздік
Қызғалдақ АЙТЖАНОВА,
«Орталық Қазақстан»


Мемлекет басшысы ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, жаңа заңнамалар әзірлеуге  қатысты тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң қабылданғаны мәлім. Бұдан бұрын сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүйесі жемқорлықтың салдарымен ғана күресуге және кінәлі адамдарды жазалауға бағытталған еді. Енді жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы басты назар оның алдын алуға, мемлекет пен қоғамның күшін сыбайлас жемқорлықты барынша азайтуға бағытталған. Бір сөзбен айтқанда, сыбайлас жемқорлыққа төзімсіздік. Қарағанды облыстық мемлекеттік қызмет істер және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінде өткен дөңгелек үстелге қатысушылар осы тақырыпта ой өрбітті.

Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы қызметтер арқылы 5 айда 142 қылмыстық заң бұзушылық тіркелсе, оның 75-і – сыбайлас жемқорлық. Ал, 35 лауазымды тұлға 44 қылмыс негізінде жауаптылыққа тартылған.
Қарағанды облысының  сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі ұлттық бюро департаменті басқармасының басшысы Эльдар Қалымбетовтің айтуынша, қазіргі жаңа заң бойынша сыбайлас жемқорлықпен күресте әрбір тұлға лауазымына қарамастан жауапкершілікке тартылып, заң алдында жауап беруі тиіс.
Эльдар ҚАЛЫМБЕТОВ, Қа­рағанды облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі ұлттық бюро департаменті басқармасының басшысы:
– Басшылық құрам күн сайын таза, әділ қызметтің үлгісін көрсетіп, сыбайлас жемқорлықпен күрес қатал,  мақсатты болуы тиіс. Ішкі істер органдары жаңа заңда көрсетілгендей сыбайлас жемқорлықпен күресте дербес, әрі тиімді әрекет етуі керек.
Бүгінде заң аясында жазасыз қалдырмау қағидатына сүйеніп, жемқорлық қылмыс жасағаны үшін атағы мен лауазымына қарамастан кез келген адам жауапкершілікке тартылады. Сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адам мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойы айырылады. Мамандардың айтуынша, Қазақстанда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мен оның жолын кесуге бағытталған заңнамалық шаралар нақты жетілдірілген.
«Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Заңға сай мемлекеттік органдар мемлекеттік қызметтердің бизнес пен халық қамын бағытталуын қамтамасыз етіп, қызмет көрсету стандарттары бекітілген.
Облыстық кәсіпкерлер палатасы да кәсіпкерлікке тұсау салатын жемқорлықтың жолын кесуде бірқатар шараларды қолға алғанын айтады. Палата басшысы М.Божбановтың мәлімдеуінше, кәсіпкерлер палатасында жемқорлыққа карсы кеңес құрылған. Жемқорлықты болдырмау үшін кәсіпкерлер түрлі комиссиялардың құрамында бар. Осы бағытта арнайы хартия қабылдағандарын да жеткізді.
Қазіргі кезде жемқорлықтың алдын алу, оған мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру ісі – мектеп қабыр­ғасындағы оқушылардан бас­тау алған. Айталық, бастауыш сынып оқушылары бұл бағытта түрлі суреттер салса, жоғары сынып оқушылары арасында тренингтер ұйымдастырылатын көрінеді. Студенттер арасында да осындай шаралар жиі болып тұрады екен. Бұл болса, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру.  Мамандар бұл ұғым заңға алғаш рет енгізіліп отыр дейді. Ал, мұны іске асыру тетігі сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәрбие мен білім беруді үздіксіз жүзеге асырудан көрініс табады.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 797
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1094
count 88x31px