Түпкі меже – бұқара мүддесі - Құқық - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Түпкі меже – бұқара мүддесі
Қазіргі уақытта Азаматтық іс жүргізу кодексі бұқара халықтың назарына алынып, қоғамдық талқылауға түсуде. Бұл әлі де қоғамның белсене атсалысуын қажет етеді. Өйткені, азаматтардың, мемлекеттің және ұйымдардың бұзылған немесе дау­лы құқықтарының, бостандықтары мен заңмен қорғалатын мүдделерінің сақталуы, құқықтық қорғалуы адамдардың жеке құқықтық сауаты мен заман талабына сай қуатты заңның көмегімен атқарылатыны белгілі.

Сондықтан, ел азаматтары заң­дылық пен құқық тәртібін ны­ғайтудың, мемлекетті құқықтық ор­нықтырудың, әрбір тұлғаның құқықтары мен мүдделерінің әді­летті қорғалуын және құқықтық қатынастарды реттеуге зор ықпал ететін Конституциялық құжат болуына ат салысуы қажет.
Мемлекет басшысы судья­лардың VI съезінде азаматтық іс жүргізу заңнамасын жаңғыртудың, медиация институтын дамытудың басым бағыттарын белгілеп берді. Съезде Елбасы: «Азаматтық сот ісін жүргізуді жаңғырту қажет. Азаматтық істерді қарау тәртібі процестің тараптары үшін ыңғайлы және тез, оларды бітістіруге және заманауи технологияны кең қолдануға бағытталуы тиіс. Сот шешімдерін қайта қарауды талап ететін жағдайларды тоқтатып, шектейтін заңмен негізделген әдістемені дайындап, енгізген жөн. Барлық соттар жаңа заңнама жағдайындағы жұмысқа дайын болуға, істі жедел, заңды және әділ қарауды қамтамасыз етуге тиіс» деген болатын. Азаматтық іс жүргізу кодексін бүгінгі жаһандық ахуалға сай жаңғыртудың тұжырымдамасы ел Президентінің 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге негізделген құқықтық саясат тұжырымдамасында  көзделген. Осыдан 15 жыл бұрын қабылданған Азаматтық іс жүргізу кодексін құқықтық жаңғыртудың уақыты келді. Ел экономикасының іргелі дамуы, индустриялық инновацияның мемлекетте қарқын алуы, Қазақстанның әлемдік экономикаға ықпалдасуы, елдегі инвестициялық ахуалдың жандануы – Азаматтық іс жүргізудің құқықтық тетіктерін жетілдіріп, қоғамдық қатынастарды реттеудің құқықтық қуатын арттырудың маңы­зын көрсетті. Азаматтық іс жүргізу құқығы сот төрелігіне қол­жетім­ділікті, азаматтық сот ісін жүргізуге қатысушылардың құқықтарын барынша іске асыруды қамтамасыз етуді қарастырады. Заң жобасы әділдік, заңдылық, бейтараптық принциптерін нормативтік-құқықтық орнықтыруға, жарыспалық ұста­нымдардың қолданысын ұлғайтуға және азаматтық істер бойынша сотта істі қараудың үзіліссіз принципін қалыптастыруға бағытталған.
Азаматтық заңдар өздерi рет­тейтiн қатынастарға қатысу­шылардың теңдiгiн, меншiкке қол сұқ­паушылықты, шарт еркiн­дiгiн, жеке iстерге кiмнiң болса да озбырлықпен араласуына жол беруге болмайтындығын, азаматтық құқықтардың кедергiсiз жүзеге асырылуын, нұқсан кел­тiрiлген құқықтардың қалпына кел­тiрiлуiн, оларды соттың қорғауын қамтамасыз ету қажеттiгiн тануға негiзделген. Азаматтарға сот қор­ғауында өз құқықтарын неғұрлым толық жүзеге асыруға мүмкіндік беретін сот төрелігін қамтамасыз етудің жолдары мен тәсілдері айқындалған.
Жеке құқықтық жанжалдар тарап­тар арасындағы бітімге қол жеткізудің сот тәртібімен, сон­дай-ақ, соттан тыс азаматтық құқық­тарды қорғаудың нысандарын қарастырады. Соттық медиация тәсілі – қолданыста. Мәселен, медиациялық жолмен 49 азаматтық іс аяқталып, 66 іс бейбіт келісіммен тоқтатылған. Бұл адамдарды ізгілікке тәрбиелейтін, екі тарапты бейбіт келісіммен татуластырудың айқын жолы болмақ. Заң жобасында «Татуластыру рәсімдері» деген бөлек тарауда медиация тәртібімен дауды шешуге бағытталған бітімгершілік келісімдер мен шарттар жасаудың рәсімдері мен салдарын құқықтық реттеу қарастырылған.
Ақпараттық ашықтыққа да мән берілген. Бұдан былай, азаматтық істер бойынша сот отырысын кез келген азамат судьяның рұқсатымен бейнетаспаға түсіре алады. Жалпы, аталған кодекс алғаш рет дәл осындай ауқымды өзгеріске түскен. Мамандар оны қазірдің өзінде «революциялық құжат» деп отыр.

Мартбек ЕСҚАЗИНОВ,
Қарағанды облысы прокуратурасы 4-ші басқармасының аға прокуроры, кіші әділет кеңесшісі.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 250
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px