Құқығыңды қорғай біл! - Құқық - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 10.12.2016

Құқығыңды қорғай біл!
Рауан ҚАБИДОЛДИН,
«Орталық Қазақстан»

Бейсенбі күні ҚР Президенті жанындағы Аймақтық орталық коммуникациялар алаңында Ұлттық  кәсіпкерлер палатасының Қарағанды филиалы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Геннадий ЖМУК және Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының жобаларды сүйемелдеу бөлімінің басшысы Жанаргүл КҮЛМАҒАМБЕТОВАНЫҢ қатысуымен Қарағанды облысындағы бизнесті дамытудың негізгі мәселелеріне қатысты бейнемәслихат өтті.

Ұлттық  кәсіпкерлер палатасы 2013 жылы 9 қыркүйекте, ал Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасы қазан айында құрылған болатын. Екі жарым жылдан бері қызмет етіп келе жатқан Кәсіпкерлер палатасының негізгі мақсаты – отандық бизнестің өркендеуіне қолдау көрсете отырып, кәсіпкерлердің құқығын қорғау. Бүгінгі күні палатада 8 комитет, кәсіпкерлер құқығын қорғау кеңесі құрылған. Оған мемлекеттік органдардың өкілдері, облыстық мәслихаттың депутаттары, кәсіпкерлер қауымдастығының, бизнестің өкілдері енген.
– Өткен жылы палатаға өз құқықтарын қорғау бойынша кәсіпкерлер тарапынан 289 өтініш келіп түскен. Соның 153-і қарастырылды. Кәсіпкерлерге салынған 1 млрд. теңге көлеміндегі айыппұл өз күшін жойды, – дейді Геннадий Жмук.
Сонымен қатар, биылғы жылдың 1 қаңтарында Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік Кодексі қабылданып, күшіне енгізілді. Жаңартылған Кодекс Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік еркіндігін қамтамасыз ететін құқықтық, экономикалық және әлеуметтік жағдайлар мен кепілдіктерді айқындайды. Кәсіпкерлік субъектілері мен мемлекеттің өзара іс-қимылына, оның ішінде, кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеуге және қолдауға байланысты туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейтін болады. 7 бөлімнен, 31 тараудан және 324 баптан құралған Кодексте кәсіпкерлік субъектілердің құқықтарын қорғаудың нысандары мен тәсілдері, соның ішінде, қорғаудың соттағы және соттан тыс нысандары жүйеленген.
Қарағанды облысының қалалары мен аудандарында Кәсіпкерлер палатасының 18 филиалы бар. Бұл мекемелерде кәсіпкерлерге қажетті ақыл-кеңестер, көмектер көрсетіледі.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 267
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1095
count 88x31px