Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 15.11.2018

Аппараттан аулақ бол, Алаш ұлы!
«Әкесін сабағанды көргенмін, бірақ, әкесін арбаға байлап сабағанды бірінші көруім» деген екен. Ойын аппаратына жүз мың теңгеден ұтылғандар жайлы естігенде селт етпейтін едім. Ал, өткенде пәтерін кепілге қойып, алған несиесін құрылғының құлқынына тыққан қазақ туралы құлағдар болғанда жағамды ұстадым.  
Нұрқанат ҚАНАФИН,
«Орталық Қазақстан»


Қазақтың қабырғасына батқан проблема жетеді ғой. Мемлекеттік, халықаралық деңгейдегі мәселелерді ысырып қойып, күнделікті тұрмыстық тұрпаттағы күйбеңдерді алсақ та, болады. Қасымның қолы жетпеген баспанадан бастап, кезекпен келетін балабақшадағы баланың орнына дейін әрқайсымыз үшін арманға айналуда. Енді, міне, «жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықтының» кері. Ойын аппараттары қазіргі қоғамның дертіне айналуда.
Елімізде құмар ойындарын ойнауға рұқсат етілген екі жер ғана бар. Бірі – Ақмола облысындағы Щучье болса, екіншісі – Алматы облысындағы Қапшағай қаласы. Заң бойынша осы қос шаһарда ғана казино ашуға құқыңыз бар. Десек те, қазір Қазақстанның кез келген мекенінде астыртын казинолар жұмыс істей ме дерсіз... Бұл сөзімізге ай сайын бір жасырын ойынхананы құрықтап жүрген құқық қорғау органдарының жұмысы дәлел. Көкелері бүркеп отырған әлі қаншасы бар десеңізші?! Хош.
Заң бойынша жоғарыда аталған екі қалада ғана казино ұстауға болады дедік. Бірақ, біздің Қарағандыдағы кез келген дүкен-дүңгіршек, кафе-мейрамхана, теміржол вокзалы мен автовокзал сияқты қоғамдық орындар сол казиноларыңыздан асып түспесе, мысқал да кем емес. Тәуліктің қай бөлігінде барсаңыз да аппараттардың маңайында шыбындай үймелеген жандарды көресіз. Кілең өзіміздің қаракөздер. Және жас деңгейлері де әртүрлі. Негізі, ата-әжелеріміз (бәрі емес, әрине) «жастар – жалқау, жастар – білімсіз» деп, жас ұрпаққа мін таққыш қой. Өткенде автовокзалдағы асханаға шай ішуге кіргенде көрдім. Кіреберіске қойылған аппараттың маңайындағы топтың арасында өндірдей жасөспірімдермен бірге жігіт ағасы атанар жасты еңсергендер де жүр. Бір азамат құрылғының қалтасына айналасы он минутта бес мыңдықтан жетпіс мыңдай ақша салып кетті сонда көзімше. Ауру ма дерсің...
Ауру емей, немене?! Қазақ «Асық ойнаған азар...» дейді ғой. Әрине, бұл мақалда үштабан, шеңбер ойындары туралы емес, дәл құмар ойындары туралы айтылып тұрғанын екінің бірі біле бермейді. Ертеде бабаларымыз осы асықтармен құмар ойындарын ойнаған екен. Бәс тігіп, асықты шашып жіберіп, алшы, тәйкісінің түсуіне қарай ұтысқа ие болған. Сол кезде құмар ойындарының қасіреті жайлы жете білген қазақтың бүгінгі ұрпағы аппараттардың құлақкесті құлына айналып жатыр.
Құл демей ше?! Айлығын шайлығына жеткізе алмай жүрген қандастарымыз аппараттың алдына келгенде үйіндегі шиеттей балаларының қамын ұмытып кетеді-ау деймін. Темір құрылғы үнсіз арбап, қалтадағысының барын қағып алғанша жіпсіз байланып тұрғаны.
Құмарлық – бұл дерт. Осындай ойын аппараттарының шырмауына оралып, басындағы баспанасынан, астындағы көлігінен, ең соңында құшағындағы әйелі мен бауырындағы балаларынан айырылған жандар бар. Анау бір жылы ақпарат құралдарынан сондай халге түскен бір азаматты туған-туыстары оңтүстіктегі әулие-әмбиелердің басына түнетіп, емшілерге үшкіртіп алыпты дегенді естігенмін. Қарап отырсаңыз, демографияның әлсіреуіне де әсер етіп жатыр бұл аппараттар.
Құмар ойындары – жеңіл жолмен көл-көсір байлық табамын деген жалқаулардың ермегі. Ұтыс – сағым сияқты, жеткізбейді. Сол жердегі базбіреулер ұтыстың түсу-түспеуін тағдырға да балайды екен. «Не судьба» деп басын түсіріп, кетіп бара жатқандарды көрдім. Олардың ойынша, әлдебіреулер ақша табу үшін құрастырып қойған аппараттың ұтысы –  тағдырдың жазуы болғаны.
Студент кезімізде жатақханадағы бір жігіт «оқуға төлейсің» деп, әкесі берген ақшаны осындай аппаратқа салып жібергені жадымда. Әлгі жігіт бізден көмек сұрағанда, барлық курстастар «питакта» жұмыс істеп, бір аптада ақшасын жиып бергеніміз бар-тұғын. Сонда жаңағы досымыз «егер, өзіміз тырысып, жұмыс істесек, оқудың да ақшасын өзіміз таба алады екенбіз» деп еді. Бұл оқиға оған сабақ болды. Бүгінде елордадағы ұлттық компаниялардың бірінде менеджер болып қызмет етеді. Басында үйі бар «армансыз» отбасылардың бірінің отағасы.
Ойын аппараттарын жою туралы заң қашан шығары белгісіз. Бірақ, заңды күтіп, Мәжіліске қарап отыра беруге тағы болмайды. Әр адам өзінен бастауы қажет. Арзан пайда іздемей, тер төгіп, адал мал табуға ғадеттенейік. Аппараттан аулақ бол, Алаш ұлы!

 

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 591
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1261
count 88x31px