Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 18.01.2018

Еріндегі насыбай ермек емес
«Достың көңілі бір атым насыбайдан қалады». Мәтелдің астары түсінікті. Бірақ, бір қызық болды. Көшеде қазақтың жігіті насыбай сұрады. «Жоқ» дедім. Кетіп бара жатып «ренжіп қалмады ма екен?» деген қисынсыз ой келді (қазақтың насыбай үшін өкпелейтін дәуірі кетті ғой келмеске).


Насыбай. Құрамы нас, яғни, лас қоспаларға бай дүние. Есірткінің жеңілдетілген түрі. Баяғыда аталарымыз үй жағдайында жасаған. Ол заман да кеткелі насыбай жасау кәдімгідей өндіріске қойылған жасырын кәсіпорын-сымақтармен. Құрамына темекі, әк, тауық саңғырығы, қой құмалағы немесе түйе тезегі, арша, сексеуіл, қайың, тобылғы күлі, желім, май қосылады. Арасында ауыр металдар – қорғасын, сынап­, кадмий, мышьяк та бар. Тіпті, кейбір «шеберлер» әртүрлі «дәмдеуіштерді» де аралас­тырады.
Мұндай лас заттың түрлі дертке жол салатыны белгілі. Ақ халатты мамандардың айтуынша, насыбай – ерін-ауыз қуысы, көмей, асқазан ісігінің бірден бір себепкері. Онкологиялық аурулардың қозуына арақ, темекі, насыбай себепші десек, насыбай – осының ішіндегі ең қауіптісі екен. Уыты бірден миға әсер ететіндіктен, ми тамырларының қысылуынан инсульт пен инфаркт болу қаупі басым. Ішек инфекциясы туындап, құрамындағы ауыр металдардан бауыр мен бүйрек уланады. Есте сақтау қабілетін нашарлатады. Әрине, мұның бәрі бірден байқалмауы мүмкін, десе де, араға жылдар салып, көрініс берері анық.  Және насыбай есірткіге тәуелділікке әкеледі. Жастайынан насыбайға әуес болған жанның ағзасы өсе келе одан да жоғары құмарлықты қандырар зат іздейді екен.
Тағы бір айтары, базардағы баға көтерілгелі насыбайшылар саны күн санап өсуде. Бұрын темекі тартып келгендер енді насыбайға ауысып, «жол тапқанына» мәз. Шылым – қымбат, насыбай – арзан. Темекі қорабының құны – 200 теңгенің мұғдарында болса, бір қалта насыбай – 50-80 теңге тұрады. Сондықтан, әлеуметтік ас – нанмен қатар, насыбайдың да саудасы қызу қазір (бұл тақырыптың өзі бір мақалаға сұранып тұр). Ал, әзірге – осы.


Қазақ та ренжитін затты тапқан екен десем қалай?


Нұрқанат НҰРМҰХАМБЕТҰЛЫ.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 559
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1206
count 88x31px